Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

К.Т Сантаева Елбасының Ұлытаудағы Сұхбаты: Елдің Бүгіні мен Ертеңі


Таяуда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жезқазған өңірінде болып қайтқаны белгілі. Осы сапарында  Ұлытауға қатысты тарихи жайларды алға тарта келіп, ұлт мәселесі жөнінде де көп ойларын ортаға салған еді. Әсіресе, мұнда айтылған мемлекеттік тіл, ата дін, елдің бүгіні мен ертеңі, Еуразиялық одақ жайындағы мәселелер ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Және ең бастысы, Елбасымыз осы сұхбатында өзін тек Президент қана емес, елін сүйген ер, ұлты үшін қам жеген ұлт перзенті ретінде де танытқандай.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ халқының ерекше ықыласына бөленген сұхбатының Ұлытау төрінде ұйымдастырылуының да өзіндік сыры бар. Ұлытау көшпенді тайпа хандарының сүйікті мекені болған. Дәл осы Ұлытау жерінде Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханның ордасы орналасқан. Батый хан өзінің шығысқа жасаған жаугершілік жорығын да осы киелі мекеннен бастаған. Ұлытау жерінде Жошы хан мен Алаша ханға кесенелер қойылған. Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, Ордалық ұлы қолбасшы, әмір Едігенің де денесі Ұлытауда жер қойнына тапсырылған. Елбасының Ұлытау төріндегі сұхбаты – үлкен тарихи оқиға. Ұлытаудың баурайында орын алған тарихи оқиғалар қазақ тарихында аз емес. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар деп атап көрсетті» [1].  Себебі  Қазақтар орталық Қазақстанның орасан зор аумағын Сарыарқа деп атаған. Өз кезегінде, Сарыарқа – тарихи символ. Мұнда қазақтардың материалдық және рухани мәдениетінің өзіндік дәстүрі бар. Ұлытау Сарыарқаның інжу-маржаны болып табылады. Айтар болсақ, Ұлытау ұғымына таулардың, өзен-көлдердің тұтас жүйесі кіреді. Оған оннан астам таулар енеді, олардың арасында Кішітау, Арғанаты, Желдіадыр (Желтау), Қуадыр, Ұлытаудың өзі және басқалар бар. Жезді, Жыланды, Сары Кеңгір, Қара Кеңгір, Бұланты өзендерімен, Сарысу ағысының едәуір бөлігімен, Терісаққан, Керей, Қыпшақ, Жақсы қон, Қара Торғай, Сары Торғай өзендерінің жоғарғы ағыстарын қоса алғанда, осы бүкіл таулар жүйесі орасан зор аумақты алып жатыр[2].

Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Ұлытаудың таулар жүйесіне иелік ету соғыс барысында маңызды кезең болған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» (1723-1730 жылдардағы Отан соғысы) барысындағы аса маңызды шайқастардың бірі Ұлытау етегінде өткен[2,140б.].  Ал Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа.

Ұлытау толғауы осыған дейін сан мәрте айтылып келген Елбасының тіл мен дін, тарих пен мәдениет, ұрпақ пен ұлт мәңгілігін қамтамасыз ету хақындағы толғауы тоқсан ой-пікірдің заңды, жүйелі жалғасы. Сұхбатта ұлтты ұйыту мен мемлекет іргесін бекіте түсудің алғы шарттары барынша қамтылып, ұрпақ санасын тәрбиелеу мен ұлт бойындағы күрескерлік рухты қалыптастырудың жолдары қайсы деген сұрақтарға мейлінше қадау-қадау, кең, тынысты жауап берілген. Ұлт тарихында орны айрықша Ұлытау іспетті киелі де қасиетті ұлы төрлеріміздің бірінде Әулиеата биігінде отырып, өткен тарихымызды қозғап, Алаш дейтін әруақты жұрттың елдік өткеніне, мемлекет болып іргесін бекітуіне қатысты дәуірлер мен кезеңдер, тұғыры биік тұлғаларды тілге тиек ету арқылы Қазақ Президенті қабырғалы жұртымыздың тарихы мен тамыры тереңде жатқанын ашып айтады.

Бұл дегеніміз деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Біздің ең жоғары байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз», –деген кесімді сөз соның айғағы[1].  Қазақ қазақ болғалы басынан нендей күндерді кешпеді? Бүгінгі ұрпақтың пешенесіне толыққанды қызығын көру бақыты бұйырған Тәуелсіздікті Өткен – Бүгін – Болашақ дейтін Уақыт кеңістігінің аясында қарастыра отырып, сол Тәуелсіздікке қызмет етудің, замана талабына сай күресе білудің жолдары да сұхбат барысында анық-қанық айтылған.  Қазақстан тәуелсіздігінің қадыр –  қасиетін түсіну үшін тарихқа көз жүгіртейік. Бір ақиқаттың басы ашық. Ол- Қазақ даласында ежелгі заманнан бастап, бүгінгі күнге дейін ұрпақтар сабақтастығының үзілмей жалғасып келе жатқаны. Қазақ даласында миллион жыл бұрын белгі қалдырған адамдар тіршілігі бір сәт үзілместен бүгінгі өмірмен жалғасып жатыр.

Ұлы дала көшпелілері өзін қоршаған экожүйемен үйлесімді өмір салтын құрып, бақи мен фәни туралы ой-жосық қалыптастырып  қана қойған жоқ, сонымен бірге олар орнықты әлеуметтік- саяси институттар да қалыптастыра алды. Мұның өзі өмір ағымында шыңдала келе Ұлы дала төсінде, соның ішінде Қазақ даласында іргелі мемлекеттердің бой көтеруіне себепші болды. Бұл ретте б.з. дейін-ақ ірге бекітіп, қуатты мемлекетке айналып үлгерген Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, елдері, ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы Түркі, Түркеш, Қарлұқ қағанаттары, ҮІІІ-ХІ ғасырлардағы Оғыз, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттері, кейінгі монғол шапқыншылығының нәтижесінде пайда болған қазақ даласындағы ұлыстар,  Алтын Орда ұлысы, сондай-ақ осынау мемлекеттік құрылымдардың тікелей жалғасы болып табылатын Ақ орда, Көк Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы және Қазақ хандығы, түптеп келгенде, Ұлы дала төсіндегі мемлекеттік құрылымдардың үзілмей сабақтасқан 3 мыңжылдық шежіресін зерделетеді.

Тарих саханасында 3 мың жылдай өмір сүрген салт атты көшпелілер өркениеті жалпы адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі болып табылады.

Тарих ғылымындағы уақыт межесі бойынша орта ғасыр Ү ғасырдан басталып, ХҮІІ ғасырмен аяқталады. Ал ХҮІІІ ғасырдан бастап жаңа заман басталады. Қазақстан үшін жаңа заман межесі Ресей империясының отаршылдық үстемдігін құрған уақытына сай келеді.

Екі ғасырға созылған қазақ-жоңғар соғысы Жоңғар хандығының жер бетінен жойылып кетуімен аяқталды. Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі қазақ халқының тағдырындағы өте қиын кезеңде дипломатиялық жолмен басталып, ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында әскери күш қолдану арқылы аяқталды. Бұл Қазақстанды өз тәуелсіздігінен, мемлекеттігінен айырылуына әкеп соқтырып, шын мәнінде отарға айналдырды. Ресей билігін мойындауға мәжбүр болған алғашқы күндерден бастап-ақ қазақ халқының бұрынғы тәуелсіздігін, мемлекеттігін қалпына келтіру жолындағы ұлт-азаттық соғыстар кезеңі басталды. Белгілі тарихшы М.Қойгелдиев қазақ елінің Ресей империясының құрамына енгеннен бергі уақытта отарлық тәуелділікке қарсы жүргізген күресін екі кезеңге бөледі[3]. Бірінші кезең ХҮІІІ ғасырдың соңы және ХІХ ғасырдың ортасы аралығын қамтиды. Қазақ қоғамындағы қалың бұқара атсалысқан азаттық қозғалыстың бұл алғашқы кезеңі С.Датұлы, И.Тайманұлы, М.Өтемісұлы, Жоламан Тіленшіұлы, К.Қасымұлы, Жанқожа батыр, Есет батыр  бастаған ұлт-азаттық көтерілістер. Бұл көтерілістер ең алдымен отарлық езгіге қарсы наразылықтың көрнісі болатын. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Ресейдің Қазақстанды отарлау процесі бұрын болмаған мүлдем жаңа сатыға көтерілді.1867-1868 жылғы әкімшілік реформасы сол кезеңге дейінгі қазақ қоғамына тән болымсыз дербестіктің ізін де қалдырмай жойды. Қазақ даласы темір құрсаудай әскери феодалдық басқару жүйесі орнаған евразиялық империяның шет аймағына айналды. 1868,1886 ( Түркістан уалаятындағы қазақтар үшін) және 1891жылғы қазақ елін басқаруға арналған заңдар қазақ жерін орыс мемлекеттілігінің меншігі жариялап, оған ішкі Ресейден келіп қоныстанушыларға кең жол ашып берді. Кең қоныстандыру саясатымен бір мезгілде қазақтарды христиан дініне шоқындыру, орыс оқу орындары, әкімшілік жүйесі арқылы пәрменді түрде орыстандыру саясаты жүргізілді[3,48б.].

Міне, осы айтылған жағдайлар ұлттық тәуелсідік үшін  күрес жүгін ауырлата түсіп, оның алдына жаңа талаптар қойды. Ендігі уақытта батырлар бастаған қол түзіп, көтеріліске шығу өз мәнін жоғалтты. Қалыптасқан жаңа саяси жағдайға лайық жаңа күрес құралдары,жаңа әдіс-айла, ең негізгі халықты осылармен қаруландырып, қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын саяси әлеуметтік күш керек болды. Қазақ қоғамында ондай күштің қалыптасып келе жатқанын ХХ ғасыр басындағы саяси оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш – патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке  даярлаған, сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция еді[3,49б.].

Сонымен 1905-1907 жылдардағы орыс революциялық қозғалысының ықпалымен басталған жаңа сападағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылы ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау биігіне көтерілді. Осы жылдың ортасында Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясының (Қоқанда), оның артын ала Алашорда өкіметінің (Орынборда) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері еді. Жоғарыда аталған 1917 жылы пайда болған саяси құрылымдар 1918-1919 жылдары большевиктер тарапынан күшпен таратылғанымен, ұлт-азаттық қозғалыс күштері саяси күрес саханасынан бірден кете қойған жоқ. Алаш қайраткерлері ұлт мүдесі үшін күресін мүлдем жаңа саяси жағдайда,  яғни өздері тұтқынға алынып, сотталған 20-шы жылдардың соңына дейінгі уақытта да жалғастырды.

Объективті түрде алаштық интеллигенция (Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы т.б) күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси мәселелер, кеңестік партиялық қайраткерлердің (С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов т.б.) қызметінде де  өз көрнісін тауып жатты. Егер алдымен патшалық билік, соңынан кеңестік үкіметке қарсы күрескен алаштық интеллигенция «сеператистер», «буржуазиялық ұлтшылдар» атанса, отаршылдықтың жаңа кеңестік түріне қарсы шыққан ұлттық интеллигенцияның жаңа, жас буыны, яғни кеңестік партиялық қайраткерлер «ұлтшыл-уклонистер» жарияланды[4].

Сонымен, ғасыр басында басталған жаңа ұлт-азаттық өрлеу 20-шы жылдардың соңы 30-шы жылдардың басына дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Ол «алаштық» атанған ескі буын интеллигенцияның ең белсенді бөлігін репрессиялаумен, сондай-ақ олардың кеңестік – партиялық  қызметтегі ізбасарларын қызметтен аластатумен және оларды қудалаумен аяқталды. Күштеп ұжымдастыру мен зорлап отырықшыландыруға қарсы бағытталған Қазақстандағы 372 шаруалар көтерілісі баспанасыз қалған халықтың зорлықшыл саяси жүйеге көрсеткен ең соңғы наразылығы еді[5].

Бүгінде белгілі тарихшы Т. Омарбеков 1929-1931 жылдардағы қазақ шаруаларының наразылықтары мен көтерілістері кеңес империясы өктемдігіне қарсы ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс деп баға беруде. Осы соңғы, 1929-1930 жылдардағы сталиндік империяның бас көтертпес ауыр соққысынан кейін идеологиялық арбаудың шырмауына түскен, ұлттық санасы біржақты большевиктер идеяларымен уланған қазақ халқы орталықтың империялық өктемдігіне қарсы тәуелсіздік үшін бас көтеруден қалды. Мұндай ұлттық мойынсұну, дәрменсіз де, мүләйім күй кешу 1986 жылдың желтоқсан оқиғасына дейін яғни 55 жыл бойы созылып келді. Осы оқиғада қайта дүр сілкіндірген осыншама жыл құлдық психологиямен күн кешсе де орталыққа бәрібір жақпаған қазақ халқы тағы да «ұлтшыл» атанды. Осылайша ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің жаңа кезеңі басталды. Бұл кезең ХХ ғасыр аяғында 1986 жылдың желтоқсан оқиғасымен тарихқа енді. Әр ғасырда 4-5 ұрпақ дүниеге келетінін ескерсек, қазақ халқының 10 буын ұрпағы азаттық үшін күрес туын биік көтеріп келген екен. Желтоқсан қозғалысы қазақ елі үшін Мемлекеттік тәуелсіздіктен биік құндылықтың болуы мүкін емес екендігі көрсетіп берді. Қайрат 86 –ның суық желтоқсанында алаңға шыққан қазақ жастарының жинақы көрнісі, қазақ халқының мәңгі мұқалмас азаттыққа ұмтылысының символдық бейнесі. Желтоқсан қозғалысы Қазақстанды жаңа әлемдік кеңестікке алып шықты. Қазақ елі кеңестік идеологияның алдамшы, жалған сипатын түсіне бастады. Тоталитаризмді тітіркентіп, қоғамның көбесін сөгуді әлемде алғаш рет қазақ халқы бастап бергенін біз әрқашанда мақтан тұтуға тиіспіз[6].

Ендеше 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланған Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі әділеттің, ақиқаттың, имандылықтың салтанаты.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы-әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі. Қазақ мемлекеті жүздеген жылдарға созылған отаршылдық құрсауынан арылып, тәуелсіздіктің арқасында қайта жаңғырды. Ұлытау сұхбатында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын»[1] деген ой түйді.Сұхбат барысында қазақтың бүгіні мен болашағы сабақтастырылды. Ұлытау сұхбаты – Бүгіннің Сөзі, Болашақтың кепілі.

 

          Пайдаланған әдебиеттер тізімі. 

  1. Ұлытау төріндегі толғаныс. // Егемен Қазақстан 26 тамыз  2014 жыл
  2. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том.Алматы,2002.-768 б.
  3. Қойгелдиев М.Қ. Отаршылдыққа қарсы күрес кезеңдері.// Қазақ тарихы.№1.1993.47-52б.
  4. Махат Д.А. Қазақ зиялыларының қасіреті. Алматы:2001.291 б.
  5. Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті.Алматы:1997.-320 бет.
  6. Қойгелдиев М.Қ. Тоталитаризмді тұңғыш рет тітіркенткен. //Егемен Қазақстан. 2001.17-желтоқсан

К.Т Сантаева

І. Жансүгіров атындағы ЖМУ, Талдықорған қ.

 samgat_aneka@mail.ru

ӘОЖ 9(571) 333.16