Қ.М. Мурзаходжаев Жарқын болашақ біздің қолымызда


Теңіздегі кемедей шайқалып тұрған мына заман «ойынның ережесін» өзін белгілеп отырады. Алмалы-төкпелі бұ заман әлемді дүр сілкіндірген, күш-қайраты тасыған қаншама қоғамды жердің қойнауына тапсырған. Уақыт өте келе әр ел ішкі және сыртқы өзіндік сынақтарға тап келіп отырады. Осындай «үндеуге» дұрыс «жауап» қайтара алған қоғам ғана дамуға мүмкіндік ала алады. Мұны жақсы түсінетін ұлт көшбасшысы үсітіміздегі жылы халыққа кезекті жолдауды жариялады. Жақсы дәстүрге айналған елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауы бұл жылы 14-қаңтарда орын алды [1]. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталған бұл жолдау халқымызды бір серпілтіп тастағаны анық. Ұзақ мерзімге арналған бұл стратегия жарқын болашаққа, әділ қоғам орнатуға, тұрақты дамуға берік сенім ұялататынына күмән жоқ.

Алған асуларымыз бен еңсерген белестеріміз мол, бірақ бұл көрсеткіштермен шектеліп, стагнация арнасына түсіп кетуге болмайды. Елбасымыз әр Қазақстан азаматының алдына айқын міндеттерді белгілеп, тапсырмалар жүктеді. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы.  Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылады. «Мәңгілік Ел» – ата бабамыздың арманы, Асан Қайғының қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған Жерұйығы, әл-Фарабидің Қайырымды қаласы. Бұл жолдаудың маңызы өте жоғары. Біріншіден, халық көштің қайда бара жатқанын білуге тиіс, жолайрықтан дұрыс жолды таба алуы керек. Алда қандай қиындықтар тұрғанын және оларды қалай еңсеруге болатындығының көрсетілуі. Екіншіден, біздің ортақ үйіміз Қазақстан, мемлекетіміздің болашағы осында тұратын халықтың болашағымен байланысты. Сондықтан баршаға ортақ үлкен мақсат қойылып, міндеттің жүктелуі өте орынды. Үшіншіден, «Мәңгілік Ел» – тек болашаққа жетелейтін жоба ғана емес, сонымен қоса бұл мезгілінде дайындалған ұлттық идеология. Қазақстан елін біріктіретін басты фактор, заман талабына сай келетін ұзақ мерзімді стратегия [2].

Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағы кейіпкерлер ақырында өз мақсатына жете алмағанын бәріміз жақсы білеміз. Әрине біреуі көкке тартса, біреуі артқа суға қарай тартқыласа, енді бірі кері қарай жұлқыласа еш нәтиже бермесі хақ. Елбасымыз алға қойған ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсаты қиял емес, қолдан келетін іс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» емес пе? Ахаңның мысалынан сабақ алуға тиіспіз. Бірімізге-біріміз сүйеніш болсақ төбедегі келеді.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», – демекші, заман бір орында тұрмайды, мәдениет пен экономика, ғылым мен білім, қоғамдық өмірдің барлық салалары күн санап қарыштап ілгері қадам басуда. Бұл сынға төтеп бере алмаған елдер әлемнің картасынан жойылып, құруда. Сыртқы және ішкі үндеуге дұрыс жауап бере алмаған қоғам әлсіреп, басқа күшті қоғамның ықпалында қалуда. Бұл жаһандану үрдісінің ащы көрінісі. КСРО валютасына тәуелді болып келген Қазақстан өзінің төл ақшасын енгізсе құрдымға кетеді деген ойлар айтылды. Ал астананы ауыстырып, орталыққа көшіру кері нәтиже әкеледі делінді. Мүмкін емес, бұл утопия деп көптеген мәселелерге болашағы жоқ тұрғысында қаралды. Қазіргі еліміздің гүлденген келбеті осы күмәндарға сөзсіз толық жауап беріп отырғандай.

Бағытымыз – ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Ал осы дамыған мемлекеттің критерийлері қандай? Дамыған ел ретінде танылу үшін қандай талаптарға сай болу керек? Ең алдымен, мемлекеттің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) әр адамға шаққанда жоғарғы көрсеткішке ие болуы керек. Бұл көрсеткіш бойынша Америка Құрама Штаттары алдыңғы қатарда, ЖІӨ 47 мың долларды құраса, Канада 40 мың, Ұлыбританияда 36 мың шартты бірлікті құрайды. Келесі шарты экономиканың бағытталуы, яғни мемлекет шикізат өндіруші ғана емес, оны өңдеп, бәсекеге қабілетті тауарлар шығаруы қажет. Ең ақырғы талап, өз елімізде және шетелде жұмыс жасайтын Трансұлттық корпорациялардың болуы. Бұл жөнінде Президентіміз Н. Назарбаев жолдауда көрсеткендей, «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» [3].

Осы жолдауда басқа жолдаулар секілді Елбасымыз жастарға үлкен сенім артуда. Жарқын болашақты шындыққа айналдырушы күш те жастар, оның жемісін көруші де жастар. Ата-бабамыздан аманат етіп қалған еліміз бен жеріміз, туған тіліміз, дініміз бен діліміз қол жетпес үлкен сый, ал тәуелсіздігіміз Алладан келген нығмет. Осындай байлықты қолдан шығарып, санымызды «қап» деп ұрып қалмайық десек бір атаның балалары секілді Ұлт көшбасшысы ұсынған «Мәңгілік Ел» жобасы бойынша еңбек етуге тиіспіз. Жарқын болашақ бүгіннен басталады, ол әрқайсымыздың қолымызда!

 

Әдебиеттер

1http://www.akorda.kz

2 http://www.aikyn.kz/news/view/40310

3 http://www.zakon.kz/poslanie_2014

Аннотация

Мақалада ҚР президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа жолдауы талданып, маңызы көрсетіледі. Автор Елбасының халық алдына қойған талаптары мен міндеттеріне тоқталады. Дамыған 30 ел ұғымы мен Президентіміздің халыққа жолдауындағы Қазақстан Республикасының сабақтастығы қарастырылады.

Түйін сөздер: Елбасы жолдауы, дамыған ел, даму векторы, Мәңгілік Ел.

 

Аннотация

В данной статье анализируетсяпослание народу Президента РК Н.А. Назарбаева «Казахстанский путь – 2050: единая цель, единые интересы, единое будущее». Автор особое внимание уделяеттребованиям и задачам,поставленным Президентомперед народом Казахстана и пути ее решения. Также дается определение термину «развитое государство» в контексте современного положения.

Ключевые слова: Послание Президента, развитое государство, вектор развития, Мангилик Ел.

 

Summary

In this article author analyzed the address President of the Republic of Kazakhstan N.Nazarbayev to the nation «Kazakhstan’s way – 2050:common aim, common interests, common future». The author considers the requirements and objectives set by the President to the people. Defines the term «developed countries» in the context of contemporary position.
Key words: Adresses of President, developed countries, directions of development, Mangilik Yel.

 

Қ.М. Мурзаходжаев

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

кіші ғылыми қызметкері

kk