Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және көптомдық «Отан тарихы» жобасының тұсаукесері


2012 жылдың 19 сәуірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы «Ғылым ордасының» Кіші залында «Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және көптомдық «Отан тарихы» жобасының тұсаукесері» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Қазақстан тарихының өзекті мәселелері мен оны зерттеу нәтижелерін жан-жақты қарастыру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетістіктерді кеңінен насихаттау және көптомдық «Отан тарихы» жобасын ғылыми-көпшілік назарына ұсыну мақсатында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Астанадан, Мәскеуден, Стерлитамактан, Бішкектен, Тараздан, т.б. қалалардан келген ғалымдар 82 ғалым қатысты.
Конференция жұмысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, қатысушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі М. Орынхановтың құттықтау сөзімен танысты. Вице министр қазіргі таңда еліміз әлемдік шеңберде түркі халықтарының ата жұрты ретінде танылып, тарихымыз бен мәдениетімізге шет мемлекеттер тарапынан үлкен қызығушылықтың барлығын, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, шындықты халқымызға жеткізу ұлт алдындағы парызымыз екендігін, жаңа жазылатын бұл 10 томдық ұлт бірлігін нығайтуда, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуде ұлттық идеямыздың құрамдас бөлігіне айналу керектігін алға тартты.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институты (В.В. Трепавлов) арасындағы Келісімшартына қол қою рәсімі өткізіліп, институт директоры Х.М. Әбжанов институт ұжымы Ресей ғалымдарымен қызу қарым-қатынас орнатып отырғандығын, Ресейге қазақстандық, ал республикамызға ресейлік ғалымдар жиі келіп, ғылыми іс-шараларға қатысатындығын атап өтті.
Конференция жұмыс тәрібіне орай пленарлық мәжіліске 15 ғалым қатысып, баяндамашылар жаңа жазылатын Қазақстан тарихындағы көптеген өзекті мәселелерді қайтадан зерттеу және бағамдау, жаңаша көзқарастар мен бағыттар бойынша жүргізу мәселесін қозғады.
Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы В.В. Трепавлов, Қырғыз Республикасы Президент Әкімшілігінің этникалық даму және діни саясат бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы А.А. Асанканов, Башқұртстанның Зайнаб Биишева атындағы Серлитамак мемлекеттік педагогикалық академиясының мәдениет тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты С.У. Таймасовтар көптомдықты жазуға байланысты ұсыныстарын бөлісті.
Конференция барысында профессорлар М.Х. Асылбеков, Қ.Т. Жұмағұлов, М.Х. Әбусейітова, К.М. Байпақов, Б.Е. Көмеков, Б. Аяған және тағы басқа ғалымдар тарихи кезеңдерде Қазақстан тарихында орын алған оқиғалар мен құбылыстарды зерттеудің нәтижелерін және көптомдық «Отан тарихы» жобасын сәтті түрде жүзеге асырудың мәселелерін ортаға салды.
Конференцияға қатысушылар көптомдық «Отан тарихын» шығаруды бірауыздан қолдай отырып, мынандай қарар қабылдау жөніндегі ұйғарымға келді:
– Көпшілік пікірлердің негізінде көптомдық «Қазақстан тарихы» деп аталсын;
– 20 кітаптан тұратын 10 томдық «Қазақстан тарихы» басылымы жөнінде Білім және ғылым Министрінің арнайы бұйрығы шығарылсын;
– көптомдықты даярлау бойынша Бас ұйым ретінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тағайындалатыны осы бұйрықпен айқындалсын;
– «Қазақстан тарихы» басылымын жазуға тартылған ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының бірлескен жоспары жасалсын;
– көптомдық «Қазақстан тарихының» авторларына мұрағаттардағы құпияландырылған құжаттармен жұмыс істеуге толық мүмкіндік беретін шаралар жүзеге асырылсын;
– Мәдениет және Ақпарат министрлігінің көптомдық «Қазақстан тарихы» басылымын насихаттауға қолдау танытуы өте маңызды;
– Қазақстан тарихшыларының ұлттық Конгресі көптомдық басылымының сапасын арттыруға атсалыссын;
– «Қазақстан тарихы» басылымының бас редакциялық алқасы құрамы бекітілсін;
– «Қазақстан тарихы» басылымының әрбір жеке томының редакциялық алқасы белгіленсін;
– Қазақстан тарихының пікірталас тудыратын мәселелерін талқылауды бір ретке келтіретін іс-шаралар жүзеге асырылсын;
– «Қазақстан тарихы» басылымына енетін материалдар ауқымына мониторинг өткізу жолға қойылсын;
– «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жинастырылған материалдар көптомдық «Қазақстан тарихы» басылымына барынша енгізілсін.

Фотоархив

Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку