Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Мори қазақтары


Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бір топ ғалымдары Қытайдың Шыңжаң өңірінің Мори Қазақ автономиялық ауданымен мәдени ынтымақтастық пен қарым-қатынас жасау мақсатында аудан әкімі Қайрат мырзаның шақыруы бойынша 2011 жылдың 9-11 шілде аралығында ҚХР Компартиясының 90 жылдығына арналған мерекеге қатысып қайтты.
Мори Қазақ автономиялық ауданының 88 мың тұрғынының 23 мыңы қазақтар және 14 ұлт өкілдері: ханзу, ұйғыр, түнген (дұнғандар), салар, өзбек, татар т.б. Мерекелеу іс-шарасы шабандоздар жарысы (1,5, 10 шақырым, жорға, аралық бәйге т.б.), көкпар, қыз қуу, көш жарысы, қазақша күрес (палуандар жарысы), мойын күшін сынау, түйе жарысы, кесте тігу, дәстүрлі айтыс өнері бойынша өткізілді.
Салтанатты мерекені қазақ тұлпарының кісінеген зор үнімен ашуы бүкіл қазақ қауымын бірлікке шақырған дауыстай әсер қалдырды. Дәстүрлі өнер ойыны – Жанәбіл ақсақалдың (бұрынғы Мори ауданының әкімі, СУАР партком хатшысы) берген:
«Өмірің көктем болсын,
Елің іргелі болсын.
Әрбіріңнің өмірің мерекелі болсын.
Таңымыз нұрлы,
Достығымыз мәңгі болсын!» – батасын алу рәсімімен басталды.
Қазылар алқасы әділ бағалауға ант берді. Қазақ салт-дәстүрінің тірегі – қазақ үйі. Көш жарысындағы негізгі талап оны жылдам әрі сапалы тігіп қана қоймай, үйдің ішкі сәніне оның жиһаздармен, тоқыма өрнектермен, шілтерлермен безендірілуі де қоса алынған. Осы жарыста қарапайым Ғабдолла (отбасы мүшелері: отағасы Ғабдолла, отанасы Назигүл, Сәри – келіні, Ғанибат баласы, немерелері – Ақнар, Ақмина, және туысқан немересі Бауыржан) отбасы жеңіске жетті. Назигул апаймен сөйлескенде: «Киіз үй тігу өте қиын. Бірінші болып үй тігуді аяқтадық. Бәріңізге рахмет айтамын, тілектес болып біз үшін жанашырлық танытып, демеп тұрдыңыздар. Қуанышыма ортақтасқандарыңызға рахмет! Таудан түйені алып келіп, үйді тиедік (негізінде бұл үй жинаулы тұрған), үйге қажетті Сіздер көріп отырған барлық баулар жасауларды жасауға, тоқуға қаншама еңбектенуге тура келді: шымылдық, төсек жапқыш, кебеже, төсеніш т.б. қолдан жасадық. Мұндай жарыстар пайдалы, қазақ дәстүрін жалғастыру үшін пайдалы», деді. Түйе жарысы да өте қызықты болды, осы тұста айта кету керек ұзын кірпік түйелердің санының азайып бара жатқандығы, естуімізше олардың қалған саны – 400-ақ бас.
Кесте өнері – Мори қазақтарын әлемге танытар кәсібі, себебі қолынан өнері тамған он мың шебердің жасап шыққан өрнектері қазақ халқының ақыл-ой жемісі ғана емес, ішкі рухани дүниесінің айнасы тәрізді халық бойындағы жарқын келбетті, талғампаздық пен әсемдікті дәлелдей түскендей 90 метрлік кесте өнері таң қалдырды. Бұл туралы Рахман ақын: «Мориімнің қызы шебер қылықты…Біздің елдің кестесінен жапондар, қазақтардың кім екенін ұғыпты…» десе, Ерғабыл ақын «Мен осы мейіріммен мақтана алам, ұрпақ па ұлт рухын сақтамаған…» , ал Бөкен ақын сыни көзқараспен :
«.: …Айран менен сүтке де сауда жүрген…
Халқым сен, айырылсаң айраныңнан не қалады…
Бір жапырақ нанды да бөліп жейік,
Қазақ деген ұлт сондай дегізбейік….» мазмұндағы ақындар тұжырымы түпкі тарихты да, зарлы заманды да, қуаныш пен сүйінішті де, тіл мен дін мәселелерінің ұлттық қауіпсіздікке байланысты тұстарын ашық көрсете білді, қос тілге байланысты Қанатбек ақын «…Текті атаның баласы зерек болар…Егіз ұлдың еншісі бөлек болар…Ертеңге ел мұрасын жеткізейік…» т.б. ащы болса да сыңар тілдің пайдасыздығын айта келе, шындық ақиқатын көрсете білді. Қазақ дәстүрінің шыңы айтыс өнері Мори елінде 19-рет өткізіліп отыр екен. Ардақтаған ата-салтымыз, азаймасын парқымыз бен нарқымыз екенін еске түсіре жеті жұп (Рамазан мен Нәзи, Тұрыш пен Қағбат, Ерғабыл мен Құндыз, Тұраш пен Адал, Мейрамбек пен Айымгүл, Жәнібек пен 12 жасар Ұран, Бөкен мен Еркежан) және Рахман мен Қанатбек айтысы тамашаланды . «…Ұлы ісін ұлтымның ұлықтаңдар» деп жырлаған Шоқпартас ауылының ақыны Бөкен Жігерұлы Моридегі 19-ақындар айтысының 1-дәрежелі ақыны аталып сый-сияпатпен марапатталды.
Ата-бабаларының басынан өткен тіршілік тауқыметінің, тарих көшінің өлшемін екшей алған, бүгінгі күні әдет-ғұрыптың, салт пен сананың салтанатын сақтай алған, оны келер ұрпаққа дәріптеген қандастарымызға ризашылық білдірдік. Ата-жұртына жетуге ынтық қандастарымыз да «Үлкен үйге» сағынышты сәлемін жолдады.

Фотоархив

Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку