Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Институт ардагерлері


ЗАРДЫХАН Қинаятұлы


ЗАРДЫХАН Қинаятұлы – (30.12.1940, Моңғолияның Қобда өлкесі – 23.11.2016, Қазақстан, Алматы қ.) – көрнекті тарихшы, медиевист, саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Өзінің саналы ғұмырын басшылық қызметтерге, ғылымға арнаған ғалым.

Қазақ, моңғол, орыс, тунгус тілдерін меңгерген. З. өмірдің талай тауқыметін басынан кешірген азамат. Бөгде ортада туып өскен ол бес жасында анасынан, 14 жасында әкесінен айрылып, жетім өскендігіне қарамастан өте қабілетті де қағылез болып қалыптасады. З. еңбекке ерте араласады. Саналы ғұмырының 50 жылын Моңғолияда өткізген ол сол елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласса, соңғы ширек ғасырға жуық өмірін атажұртында өткізіп, тәуелсіздік жылдарындағы отандық тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Сондықтан З-ның өміpi мен еңбек жолы «моңғолдық» және «қазақстандық» деп екі кезеңнен тұрады. З. ерте еңбекке араласа жүріп, орта мектепті үздік бітіріп, 1965 ж. Моңғолияның мемл. ун-тінің қоғамдық ғылымдар ф-тінің тарих бөлімін «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша Д. Сухэбатор атынд. стипендиямен үздік бітіріп, Орт. партия ұйымдарына қызметке жолдама алады. Ол Моңғолиядағы қазақ жастары арасынан шыққан алғашқы стипендиат және филос. ғылымынан канд. дисс. қорғаған алғашқы қазақ. 1972-75 ж. КОКП ОК-тінің жанындағы қоғамдық ғылымдар акад-сының аспирантурасын бітіріп, «Ұлттық сананың қалыптасуының келелі мәселелері» тақырыбында филос. ғыл. канд., ал 1987 ж. осы акад-да «Моңғол халқының патриоттық және интернационалшылдық санасының қалыптасуы (1921-1960 жж.)» тақырыбында тарих ғыл. докт. ғылыми дәрежесін қорғайды. Ұзақ жылдар Моңғолияда ғылыми, көпшілік және Үкімет органдарында қызмет жасады. 1965-72 ж., 1987-91 ж. МХРП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар ин-тында бөлім меңгерушісі, 1975-87 ж. Моңғолия кәсіподақтары Орт. Кеңесінің хатшысы, 1991-92 ж. Моңғолияның Мин. Кеңесі төрағасының орынбасары, 1992-93 ж. Моңғолияның тұрақты Парламентінің Вице-спикері, екі мәрте Моңғолдың Халық Ұлы хуралының депутаты, 1993-94 ж. Моңғолияның Ташкенттегі Бас қонсулы, 1994-97 ж. Алматыдағы Моңғолия елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарады. 1997-2016 ж. қарашасына дейін Ш.Ш. Уәлиханов атынд. Тарих және этнология ин-тында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келген. Моңғолияның саяси және қоғам қайраткері болған З. 1990-91 ж. сонда болған мамық төңкерісінің саяси жетекшілерінің бірі, 1992 ж. демократиялық жаңа Конституциясының авторларының бірі ретінде кеңінен танылды. Ол Моңғолия президенті бастаған Жаңа Конституцияны дайындау комиссиясының орынбасары болды. Қоғамдық және мемл. жұмыстармен қатар ғылыми ізденістерін жалғастырған қайраткер-ғалымның 1990-92 жж. жазған кейбір мақалалары АҚШ, Ресей, Жапония, ҚХР-да жарық көрген. Моңғолиядан ата жұртына біржола оралғаннан кейін ТЭИ қабырғасында ғылыми зерттеу жұмысына түбегейлі бет бұрып, отандық орта ғасыр тарихының күрделі мәселелері, оның ішінде Қазақ мемлекеттігі тарихынан ірі-ірі іргелі зерттеулер жүргізіп, көптеген тарихи кітаптар жазған З. ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Моңғолияда 4 монография, 100-ден аса ғыл. мақалалар жариялаған З. 1995 ж. бергі уақытта 10-ға жуық еңбекке ғылыми жетекшілік, 60-тан астамына ред. жасап, көптеген халықар. және респ. конференциялар мінберінде және БАҚ беттерінде ұлт тарихының өзекті мәселелері бойынша өз ойын ашық білдіріп отырды. Ғалымның артында қалған өшпес мұрасы болып табылатын және ұлттық құндылықтарымызды байыта түсетін 10-нан астам монография, 200-ден аса ғылыми мақалалары мен т.б. ғылыми-зерттеу еңбектері ұлттану және ұлтаралық қатынастар мәселесіне арналған. З. бірнеше жыл қатарынан Ш.Ш. Уәлиханов атынд. Тарих және этнология ин-ты жанындағы Біріккен дисс. кеңес мүшесі, ал 2011 ж. сол кеңестің төрағасы ретінде еліміздегі білікті тарихшы мамандарды дайындауға да үлкен үлесін қосты. Ең бастысы, З. Қазақ мемлекеттілігі тарихы мектебі, оның ішінде Ақ Орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп танитын концептуалдық пікірдің қалыптасуына өз үлесін қосқан ғалым. Осы мәселеге қатысты кейбір мақалалары ҚХР, Моңғолия, Ресейде жарық көрді.

Марапаттары: Моңғолияның «Еңбек Қызыл Ту Ордені» (1991), «Ерен еңбегі үшін медалі» және «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалымен марапатталған. 

Шығ.: Монголын хөдолмөридийн эх орноч, интернационалч ухамсар толовшиж байгаа нь. – Уланбаатар, 1990; Социолизм ба әлде өркениеттің адасуы ма? – УБ., 1991; Жылаған жылдар шежіресі (тарихи көркем публицистика). – Алматы, 1995; Моңғолиядағы қазақтар. – Алматы, 2001; Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасыр. – Астана, 2001; Нулимстай жилүүдийн намтар (моңғол тілінде). – УБ., 2003; Қазақ мемлекеті және Жошы хан (Тарихи сараптамалық зерттеу). – Астана, 2004; Цусгүй хувьсгал. – УБ., 2005; Қазақ тарихы туралы моңғол деректері. (қосалқы автор). – Алматы, 2006; Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (Ежелгі және орта ғасырлар). Монографиялық ұжымдық зерттеу (қазақ және орыс тілдерінде). – Алматы, 2007; Моңғолиядағы қазақтар. 2-кітап. – Алматы, 2007; Көзқарас (ұлт, тарих және адамдар тағдыры жайында. – Павлодар, 2010; Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу (монография). – Алматы, 2010; Көшпенділік ғұмыр. Эссе. – Алматы, 2010; Моңғолиядағы қазақтар. 3-к. Қобдалық қазақтар. – Алматы, 2012; Найман хандығы: тарихы және мәдениеті ХІІ-ХІХ ғғ. – Алматы, 2017; Тарихқа көзқарас. – Алматы, 2017 және т.б.

Әдеб.: Қазақстанның тарих ғылымы: Ш. Уәлиханов атынд. Тарих және этнология ин-ның 60-жылд. арн. – Алматы, 2005; Ғалым. Қайраткер. Тұлға. Зардыхан Қинаятұлы – 75 жаста // Отан тарихы. – 2015. – № 4.

З. Төленова, А. Қали