Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Институт ардагерлері


СӘБИТОВ Нығмет Сәбитұлы


СӘБИТОВ Нығмет Сәбитұлы – (20.01.189512.08.1955) – шығыстанушы ғалым, библиограф, этнограф, филология ғылымдарының кандидаты, тарих, этнография және археология институтының этнография секторының (бұдан әрі-бөлім) бірінші меңгерушісі.

1895 жылы 20 қаңтарда Ресей империясының Астрахан губерниясының Красноярск уезінің Баклано-Лопатино селосында дүниеге келген. ІІ-Николай патшаның 1916 жылы 25-маусымда шыққан жарлығынан кейін, ол Мәскеу теміржолында Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясына дейін жұмыс істеді. Содан кейін туған жерлеріне оралды, ал Қазан төңкерісінен кейін большевиктердің идеяларын қабылдап, РСДРП(б) қатарына өтті.

1918-23 жылдары ауыл кеңесінің хатшысы, төрағасы, халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі, Шаган-Кондаков ауданы атқару комитетінің төрағасы, кейін сауатсыздыққа қарсы күрес кезінде нұсқаушы болып жұмыс істеді. 1924-29 жылдары Астраханьда қазақша шығатын «Кедей тілі» («голос бедняка») газетінің редакторы. Білім беру мен Кеңестік құрылыс саласындағы басшылық қызметтің сипатын насихаттау, сондай-ақ білімге деген құштарлық Н. Сәбитовты өзінің білім деңгейін арттыруға, шығыс тілдерін үйреніп, қазақ тарихы мен фольклорын зерттеуге итермеледі. Мұғалім кадрларының тапшылығы оны Астраханның педагогикалық курстарына алып келді, кейін ол Астрахан және Саратов колледждерінде география, тарих және араб тілі пәндерінен сабақ берді.

Н. Сәбитов 1935 ж. КСРО ОАК жанындағы Н.Н. Нариманов атындағы Мәскеудің Шығыстану институтын бітірген. 1935–36 жж. Сталинабад қаласында (қазіргі Душанбе) Тәжік КСР Халық ағарту комиссариатының әдебиет және баспа ісі жұмыстары бойынша бас басқармасында орынбасар және әскери цензор. 1936 ж. Главлит қызметкері ретінде Сталинбадтағы көптеген кітапханалардан троцкийшілдік әдебиеттерді уақытылы алып тастамағандықтан партиядан шығарылып, қудаланған.

1938–42 жж. Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасында (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы) ғылыми қызметкер болып, аса құнды әрі ғылыми ортада сұранысқа ие бірқатар библиографиялық көрсеткіштерді құрастырады. Атап айтқанда: «Қазақстан тарихы бойынша материалдардың библиографиялық көрсеткіші: 1917 ж. дейін жарияланған шығыс деректері»;  «Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші (1862–1917)»; «Абай. Абайдың 1889–1945 жж. басылған шығармалары мен ол туралы жазылған әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіші» және т.б. Сонымен қатар, ол «Қазақстан қайраткерлерінің өмірбаяны» атты картотекасын құрастырып, оған қазақ хандары (Жәнібек, Есім, Тәуке және т.б.), билері (Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би және т. б.), атақты жыраулар мен Ұлы даланың өзге де ұлы қайраткерлері туралы материалдар енді. 

1942 жылдың мамырынан өмірінің соңына дейін Н. Сәбитов Ғылым Академиясы жүйесінде, алдымен КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының тіл, әдебиет және тарих институтында жұмыс істеді, ал 1945 жылдан бастап аға ғылыми қызметкер, этнография бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР тарих, археология және этнография институтының ғылым жөніндегі директорының орынбасары қызметтерін атқарды. «Қазақ тіліндегі араб және парсы сөздері (сөздікпен қоса)» тақырыбында кандидаттық диссертацияны сәтті қорғады. Шығыстанушы ретінде ол өңірдегі Ислам тарихы мен ислам білімін зерттеуге зор үлес қосып, «Қазақтардағы мектептер мен медреселер (тарихи-педагогикалық очерк)» монографиясын шығарды.

Сонымен қатар, 1945 жылдан 1952 жылға дейін Қазақ КСР министрлігі Кеңесі жанындағы Діни істер жөніндегі кеңестің уәкілі болды. Сонымен қатар Н.Сәбитов С. М. Киров атындағы атындағы ҚазМУ-да араб тілінен сабақ берді. А.С. Пушкин атындағы көпшілік кітапханаға кеңесші ретінде тартылды. Орталық мемлекеттік мұражай кітапхана комиссиясының мүшесі болды. 

Н. Сәбитов тарих институтының этнография бөлімінің бірінші меңгерушісі (1945-55) болып, Қазақстанның этнографиялық мәселелерін терең зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның ғылыми жетекшілігімен 1940-жылдардың аяғы мен 1950-жылдардың ортасында республиканың оңтүстік-шығыс аймақтарына «қазақ колхоздық ауылының мәдениеті мен тұрмысы» атты этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды.

Н. Сәбитов 1955 жылы 12 тамызда 60 жасында қайтыс болды.

Н. Сәбитов, оның ізашарлары сияқты, энциклопедиялық білімі бар, кемінде жеті тілді, оның ішінде араб, парсы, түрік және ағылшын тілдерін меңгерген, XX ғ. басындағы қазақ зиялылары буынының замандасы болған зерттеушілердің бірі болды. Сондай-ақ ол тарих жөнінде ғылыми-анықтамалық және әдістемелік құралдардың авторы ретінде өзінің ғылыми ізденістерін өзіне жүктелген әкімшілік міндеттермен ұштастыра білді.

Негізгіғылымиеңбектері:

Некоторые итоги этнографического изучения восточных и юго-восточных областей Казахстана // Вестник АН КазССР. 1949. № 8. – С. 67–75.

Мектебы и медресе у казахов (историко-педагогический очерк). – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1950. – 44 с.

Работа по изучению культуры и быта казахского колхозного аула (обзор материалов этнографических экспедиций за 1946–1951 гг.) // Вестник АН КазССР. – 1952. – № 3. – С. 89–94.

Этнографическая экспедиция в Меркенский район Джамбулской области // СЭ. – 1953. – № 3. – С. 196–200.

Әдебиет:

Аджигалиев С.Е. Востоковед Нигмет Сабитов // Культура кочевников на рубеже веков (XIX–XX, XX–XXI вв.). Проблемы генезиса и трансформации: Материалы международ.конф. – Алматы, 1995. – С. 20–26. 

Бегманова М. М. Ученый-библиограф Сабитов Нигмет Сабитович // Библиотеки национальных академий наук: проблемы функционирования, тенденции развития. – 2003. – Вып. 2. – С. 345–349. – URL: http: // nbuv.gov.ua / UJRN/bnan_2003_2_35.

Шашаев Ә.К., Бегманова М.М. Нығмет Сәбитов: шығыстанушы, тарихшы- этнограф, библиограф. – Алматы, 2020.

Автор: Абдулина А.Т., к.и.н.