Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Әуезхан Қадіржанұлы Шашаев аталған институт директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты. 1958 жылдың 22 тамызында Алматы облысы, Кеген ауданы, Кеген селосында дүниеге келген. C.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетін бітірген (1988 ж). Оқу бітірген соң мектепте, одан кейін ҚР ҒА Тарих, археология және этнография институтында, кіші ғылыми қызметкер, кейіннен отряд бастығы қызметтерін атқарып, Отырар, Түркістан, Шавгар археологиялық экспедициясының қазба жұмыстарына қатысып, жетекшілік еткен. 1992 жылдан 2002 жылға дейін ҚазМУ-дың (әл-Фараби атындағы), тарих факультетінің «Ежелгі дүние мен орта ғасырлар» тарихы кафедрасында аға оқытушылық қызмет атқарған.

2002 жылы ҚР БҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазақстанның жаңа заман тарихы» бөліміне қызметке қабылданды. 2004 жылы «Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстандағы полицейлік қадағалау жүйесі: құрылуы мен қызметінің тарихы (1867-1917 жж.)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Институт қабырғасында жоспарлы тақырыптардан бөлек, төмендегідей қосымша қызметтер атқарды:

ҚР Үкіметі жанындағы Мемтерминкомның шешімімен 2004 жылы 16 қарашасында тарихи терминдер тізбесін жасауға қатысқан. (Терминологиялық Хабаршы № 2 (8), 2004);

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының ҚР орта мектептеріне арналған оқулықтарға мониторинг пен сараптама жүргізуге қатысты, (эксперт);

ҚР Әділет министрлігінің ұсынысымен дінтану саласы бойынша жобалар бағдарламасына эксперттік қорытынды жасады (Барлығы 10 жоба);

Әр түрлі іргелі жобаларды жасау мен жүзеге асыруға белсене қатысты.

Қазақстан тарихына қатысты жасалған тест сұрақтарын сараптаушылау комиссияның құрамында болды (2005 ж. ҚР ҰБТ-бірыңғай ұлттық тестілеу орталығының тапсырмасымен). Қызылорда қаласында ҚР ҰБТ қабылдау комиссиясы құрамында іс сапарда болды (2006 ж).

Бұқаралық ақпарат құралдарында, радио, теледидардағы бағдарламаларға қатысып, ғылыми журналдар мен халықаралық конференциялар шығарылымдарында өз еңбектерін жариялап отырады. Жүзден аса ғылыми зерттеу мақалалары жарық көрген, ҚР Елбасшысының қолға алуымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Әлемдік тарихи ой» сериясындағы «Антикалық авторлардың шығармаларындағы Қазақстан тарихы деректері» кітабының бірінші, екінші томына және кейінгі бірнешеуіне құрастырушы, редактор және аудармашы болған (Астана: Фолиант” 2006).

2010-2013 жылдары, аталған институттың, «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы» бөлімінің меңгерушісі ретінде бірнеше ғылыми жобалармен жұмыс жасады.

2013-2014 жылдары Қазақстан инженерлік технологиялық университетінде, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректор қызметін атқарды.

2014 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер» бөліміне меңгеруші қызметке қабылданды.

2015 жылдың 20-шы қазанынан бастап Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тарих және әлеуметтік педагогика факультетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметіне қабылданып, қосымша 0,5 жүктемемен Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер міндетін атқарды. 2015 жылы «Түркістан өлкесіндегі империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы (1867 – 1917 ж.ж.)» (Тараз: Жүсіп Баласағұн атындығы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы, «BIG NEO SERVICE» баспасы, 2017 – 204 бет. ISBN 978-601-7211-55-4) атты монографиясын шығарды.

2017 жылдың қазан айынан бері, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Тарихнама, деректану және заманауи методология» бөліміне меңгеруші қызметіне қабылданып, ғылыми жобаларды дайындау, жүзеге асыру ісімен айналысуда.

2018 жылдың 3 қаңтарынан бастап, институт директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы қызметіне ауыстырылды.