Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ішкі әдістемелік семинарлар


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсититутыны 2022 жылы өткізілген ғылыми-методологиялық семинарлар туралы қорытынды

Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің ұйымдастыруымен 2022 жылы бекітілген жоспарға сәйкес, әр тоқсанда ғылыми-әдіснамалық семинар ұйымдастырылып, өткізілді.

I. 2022 жылғы 24 ақпанда «Қазақ халқының этногенезін зерттеудегі шежіре деректері мен рулық-тайпалық жүйесін талдаудың әдіснамалық принциптері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдіснамалық семинар офлайн және «ZOOM» платформасында онлайн форматта өткізілді. Семинарға отандық тарихшылар, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, жас ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты.

Ғылыми-әдіснамалық семинардың мақсаты – қазақ халқының шығу тегін зерттеудің дереккөзі ретінде ауызша тарих, оның ішінде шежіре мәліметтерін пайдаланудың ерекшеліктері мен әдіснамасын талқылау.

Ғылыми-әдіснамалық семинар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдиновтің алғысөзімен ашылды. Ол алғысөзінде ғылыми-әдіснамалық семинарда талқыланатын мәселелердің институтымыздағы «Шетелдік аудитория үшін Қазақстанның қысқаша тарихын әзірлеу» және «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымын жеті томдық етіп әзірлеу» жобаларын жүзеге асырылуда маңызы зор екентігін атап өтті.

Ғылыми-әдіснамалық семинар барысында институтымыздың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатова «Шежіре – қазақ халқының шығу тегін зерттеудің дереккөзі ретінде» тақырыбында баяндама жасады. ПрофессорО.Х. Мұхатова шежіре халықтың этногенезін, этномәдениетін, тарихи өткенін, ұлттық басымдық және қоғамдық өмірін көрсетудегі бірегей дерек көзі болып табылатындығы туралы ғылыми көзқарасымен бөлісті. Шежірені дерек ретінде талдауда оның әдеби, фольлорлық, тарихи ерекшеліктерінің бар екендігін ескеру қажеттігін атап өтті. Шежіре деректерінің тұлғалық, оқиға, кеңістік, уақыт категорияларымен жүзеге асырылатындығы жөнінде, шежірені алдымен деректанулық талдаудан өткізу керектігін; шежірелер көп болғандықтан олардың репрезентативтілігіне назар аудару керектігін, бұл мәселені зерттеуде өркениеттік теорияның атқаратын рөлі зор екендігін; ауызша тарих айту тұрғысынан талдайтын болсақ, шежірелерде айтылатын жекелеген тарихи тұлғалардың есімдерімен байланысты феноменологиялық бағыттың да атқаратын орны зор екендігін, сонымен бірге жадты жаңғырту әдісі, эволюционизм бағыты, яғни, шежірелер әуел бастан қалыптасып дамығанда үнемі толықтырылып, даму үстінде болғандығын зерттеу; әлем жүйелік тұжырымының бағытында, сондай-ақ пәнаралық бағыттың маңызы өте зор екендігі жөніндегі ғылыми ойларын айтты.

Институтымыздың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Ж.Ж. Жеңіс «Қазақ шежіресінің саяси және рухани аспектілері» тақырыбындағы өз баяндамасын жасап, қазақ шежіресі туралы өз көзқарасын жеткізді. Ол қазақ халқының тарихын зерттеуде басқа да деректердің ішінде шежірелік мәліметтердің алатын орыны, ерекшелігін, дегенмен, қазақ халқының қалыптасуы барысында түрлі саяси, әлеуметтік және рухани-мәдени себептерге байланысты өзгеріске түсіп отыратын мәліметтердің шынайылығы күмән тудыратыны да жасырын еместігін, сондықтан да, шежіре деректерін археологиялық, жазба және басқа да деректермен салыстыра отырып пайдаланып, шежіре мәліметтерін талдап зерттеу елеулі нәтиже беретіні туралы ойларымен бөлісті. Ғылыми-әдіснамалық семинар барысында баяндамалар қызу талқыланып, қатысушылар: Шығыстанушы ғалым, т.ғ.д., К.Ш. Хафизова шежіре, дерек, тарихнама негізінде толығырақ зерттеулер жүргізілсе, бүгінде осы мәселеге жастардың да келуі қуантарлық жағдай, енді жастар, әсіресе көне ғасыр, орта ғасырды зертейтіндері араб әрпін, латын графикасын үйренсе, сосын әдістемесін жетілдіріп  осы мәселені әрі қарай көтеру керек, тұлғаларымыз туралы деректер жинап, өмір сүру уақытын дәлелдейік деген ұсынысын білдірді;  Қазақ Ұлттық педагогикалық қыздар университетінің профессоры, п.ғ.д., К.Н. Сариева арқылы әдеби, мәдени, тарихи жаңалықтарды мектеп мұғалімдеріне насихаттау мақсатында  «Қазақ тілі және этнология» журналы шығарылатындығын хабарлап, ғылыми жаңалықтарды ақысыз жариялауға шақырды; т.ғ.д., Г.Жүгенбаева шежіренің еуразиялық көшпенділердің тарихи жады немесе тарихи паспорты ретінде және қан араласпау мақсатында қалыптасып, халықтың өзін айқындайтын ең басты негізге айналғандығы туралы өз ойларымен бөлісті; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Ә. Дәулетхан сөз сөйлеп, тарихты зерттеуде әдіснамасын білу өте маңызды, рулық тұрғыдан ғана емес, мемлекеттілік тұрғысынан зерттейтін үлкен әдіснаманы қолданғанда ғана шежіре өзінің мәнін арттырады деген пікірін білдірді; Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ «Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер Орталығының» аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент М.С. Жакин презентация арқылы қосымша баяндама жасады, сондай-ақ осындай семинарларға философ, мәдениеттанушы, ойшыл ғалымдарды шақыруды ұсынды; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к., А.Қ.Жұмаділ қазақ тарихын зерттеуде еуроцентристік көзқарастан арылып зерттеуді, адамдардың дүниетанымын, ұстанымдарын да ескеруді ұсынып, дүниетанымдық құндылықтарымыздың мемлекеттілікті құруда маңызды болғандығын атап өтті; институтымыздың ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Б.Ә. Әшім эпиграфикалық ескерткіштердегі мәліметтерді шежірелік деректер ретінде пайдалануға болатындығы туралы ұсынысын білдірді.

Сонымен қатар Ж. Жеңістің «Түркі дүниетанымы және мемлекеттілік: тарихи сабақтастық пен өзгерістер (VI-XIII ғғ.)» атты монографиясының тұсаукесері жасалынды, қатысушылар құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

Республикалық ғылыми семинар соңында келесідей қарар қабылданды:

  1. Шежірені зерттеу тақырыбын басқа да ғылыми-зерттеу орталықтарында, жоғары оқу орындары шеңберінде дөңгелек үстел барысында талқылау;
  2. Осы тақырыпты кең ауқымда талқылау үшін халықаралық немесе республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу;
  3. Осы мәселені зерттеуге магистранттарды, докторанттарды тарту;
  4. Шежірені зерттеу тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін «Отан тарихы» ғылыми журналында «e-edu-history.kz» халықаралық ғылыми электрондық журналдарында жариялау.

1-сурет. 2022 жылғы 24 ақпандағы ғылыми-методологиялық семинарға қатысушылар. Сол жақтан екінші баяндамашы т.ғ.к. Ж.Ж. Жеңіс

II. 2022 жылдың 12 сәуірінде «Батыс әлеуметтік-мәдени антропологиясындағы этнографиялық зерттеулердің тәжірибелік қағидаттары» тақырыбында методологиялық семинар өткізілді. Семинар мақсаты – батыс елдерінде бір мезгілде әдіс, жанр және пән ретінде танылған этнография ғылымының методологиясы, ғылыми ізденістер жүргізу тәсілдері, алынған мәліметтерді өңдеу және талдау, репрезентация тәсілдері, кәсіби этика және т.б. қағидаларының ерекшеліктерін талқылау болып табылды.

Семинар жұмысы институттың ғылыми істер жөніндегі директордың орынбасары, т.ғ.к. Ш.Б. Тлеубаевтың кіріспе сөзімен ашылды. Іс-шара модераторы институттың Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатова.

https://iie.kz/wp-content/uploads/2022/04/%D0%91%D0%B5%D0%B7%D1%8B%D0%BC%D1%8F%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D0%B9-1.png

Баяндамашы Г.Ү. Орынбаева Қазақстан ғылымының маңызды міндеттерінің бірі оның әлемдік кеңістікке табысты кірігуі болып табылатындығына тоқтала келе, батыс елдерінде кең таралған эмпирикалық-теориялық ғылыми бағыт – әлеуметтік-мәдени антропология кеңестік кезеңде қалыптасқан және ТМД елдеріндегі этнология/этнографияның аналогы болып табылатындығын және далалық зерттеу әдісіне сүйенетіндігін баяндады. Батыстық мағынадағы этнография әлеуметтік зерттеулерде қолданылатын және қоғам түйткілдерін далалық әдістер көмегімен пайдалануды мақсат ететін, әртүрлі әлеуметтік топтар мен субмәдениеттерді зерттеуге бағытталған пән және методологиялық бағыт болып табылатындығын жеткізді.

Бұдан өзге, семинарда батыстық этнографияның ерекшеліктері, оның мазмұны мен сатылары, зерттеу әдістері мен принциптері, алынған мәліметтерді, нәтижелерді талдау тәсілдері қарастырылды. Далалық зерттеулер жүргізудің қағидаларын меңгерудің маңызы ақпаратты алу тәсілінің ерекшеліктерін, сондай-ақ қазіргі уақытта оларды қоғамдық ғылымдардағы қолданыс аясын кеңейтудегі маңызын ашты. Батыстық этнографияның жетістіктерімен танысу, оны тәжірибеде қолдану отандық ғылымның дамуына септігін тигізетіндігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыратындығын айшықтады.

2-сурет. 2022 жылдың 12 сәуіріндегі ғылыми-методологиялық семинарға қатысушылар

Семинарға республикамыздағы этнология, тарих, әлеуметтік және мәдени антропология және басқа да қоғамдық және гуманитарлық пәндер саласындағы мамандар, ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали семинар соңында сөз алып, баяндама өте өзекті тақырыпқа арналғандығын айтып өтті. Жалпы, ғылымның дамуына қатысты өз тұжырымдарын жеткізе келе, кеңестік мектеп пен батыстық, американдық, еуропалық мектептер сияқты әлеуметті зерттейтін түрлі мектептер болғандығына, оның ішінде кеңестік мектеп халықтанудан дамыса, батыстағы антропология өзгешелеу даму жолында еді деген пікірлерімен бөлісті.Осы орайда, ғалым азиялық этнография отарлаушылық сипатта болғандығына, яғни империялық экспедициялар әскери, отарлық бағытта жүргендігіне тоқталды. Сонымен қатар, кеңестік этнография методологиялық жағынан өз заманында нәтижелі дамығандығын, кеңестік мектеп жетістіктерін жоққа шығаруға болмайтындығын да айта келе, көрнекті зерттеушілердің бірқатары С. Толстов, С. Иванов т.с.с. ғылыми ізденістерін айшықтады. Сонымен қатар, өзіндік тәжірибесі негізінде қазіргі зерттеушілердің назарына ұсыныстарын жеткізді әрі осы саладағы зерттеу бағыттарымен айналысатын жас мамандар, докторанттардың қажеттілігін алға тартты.

Сонымен бірге, семинарға қатысушы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің оқытушылары: т.ғ.д., профессор, Б.К. Қалшабаева, т.ғ.д.,профессор А.Б. Қалыш, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ЖҒҚ, т.ғ.к. А. Қаипбаева т.б. баяндамашыға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.

Семинар соңында қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып, баяндамашыға ризашылықтарын білдірді.

3-сурет. Ортада 2022 жылдың 12 сәуіріндегі ғылыми-методологиялық семинар баяндамашысы т.ғ.к. Г.Ү.Орынбаева

III. 2022 жылдың 10 маусымда «Жетісу өңіріндегі босқыншылық; тарихы мен методологиялық мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Семинардың мақсаты – Жетісудағы босқындар тарихына шолу жасау және осы мәселеге әдіснамалық тұрғыдан қарау.

Семинар жұмысы институттың директоры т.ғ.д. ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі З.Е. Қабылдиновтың кіріспе сөзімен ашылды. Іс-шара модераторы институттың Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор

О.Х. Мұхатова.

Баяндамашы Ш.Б. Тлеубаев Қазақстан тарихындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – босқындар. Мәселенің жекелеген аспектілері ғылыми әдебиеттерде тек тәуелсіздік жылдарында ғана көрініс тапты. Алайда Жетісудағы босқындар тарихында зерттелмеген аспектілер бар, оларды қарастыру қажет. Оны зерттеудің әдіснамалық тәсілдері ең күрделі ғылыми проблемалардың бірі болып табылады. Осыған байланысты семинарда Ресей империясының отаршылдық кезеңіндегі және Кеңес өкіметі кезіндегі Жетісудағы босқындардың тарихына шолу (XIX ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың 30-жылдарының басы), ғылыми айналымға қайта енгізілген деректер мен материалдардың негізінде ұқсастықтар мен жалпы проблемалар, ерекшеліктері жаңа көзқарастар тұрғысынан талданатын болады.

Жетісу өңіріндегі босқыншылықтың себептерін, барысы мен салдарын объективті зерттеу Қазақстанның көп томдық тарихын дайындау үшін маңызды мәнге ие. Жетісудағы босқындардың өткенін зерттеудің әдіснамалық бағыттарын анықтау отандық тарих ғылымының дамуына ықпал ететінін жеткізді.

Семинарға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің және Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жетекші ғалымдары, институттың ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Институттың бас ғылыми қызметкері тарих ғылымының кандидаты, профессор Қ.С. Алдажұманов семинар соңында сөз алып, босқыншылар мәселесі жайлы өз ойларымен бөлісті. Сөз барысында өзінің архивтерде отырып, босқыншыларға қатысты тың әрі өзекті құжаттармен танысқанын және бұл тақырыптың Қазақстан тарихындағы маңыздылығын атап өтті.

 

4-сурет. Сол жақтан екінші 2022 жылдың 10 маусымдағы ғылыми-методологиялық семинар баяндамашысы т.ғ.к. Ш.Б. Тлеубаев

Сонымен қатар семинарға қатысушы Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары т.ғ.к. Меңлібаев Ғ. Мен Ермұқанов Е. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ЖҒҚ, т.ғ.к. А. Қаипбаева т.б. баяндамашыға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.

Семинар соңында қатысушылар тарапынан ұсыныстарайтылып, баяндамашыға ризашылықтарын білдірді.

5-сурет. 2022 жылдың 10 маусымдағы ғылыми-методологиялық семинарға қатысушылар

IV. 2022 жылғы 13 желтоқсанда «Жас ғалымдар» кеңесінің мүшелерінің қатысуымен «Қазақ тарихын зерттеуде проблемалық тарихнаманы және компаративтік деректануды қолдану әдісі» атты республикалық методологиялық семинар өткізілді. Семинарға қатысуға этнология, тарих, әлеуметтік және мәдени антропология және басқа да қоғамдық және гуманитарлық пәндер саласындағы ғылыми қызметкерлер – мамандар, магистранттар мен докторанттар шақырылып, ғалымдарымыз офлайн және онлайн форматта қатысты.

2022 жылдың басынан бері Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхатова Оразгүл Хасеновнаның жетекшілігімен жүргізіліп келетін методологиялық семинарлардың қорытынды шарасы жас ғалымдарға арналды. Семинардың мақсаты – Қазақ тарихын зерттеуде проблемалық тарихнаманы және компаративтік деректануды қолдану әдісін жас ғалымдарымыздың өз ғылыми зерттеулерінде пайдалану жолдарын айқындау.

Семинардың алғашқы баяндамашысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, докторант Морякова Малика Темірхановна «Орталық Азиядағы түркітілдес көшпелілердің түрік тарихнамасындағы мәдени дәстүрлері» диссертация тақырыбын зерттеуде проблемалық тарихнаманы және компаративтік деректануды қолдану әдісін пайдалану бойынша ғылыми көзқарасымен бөлісті.

Келесі спикер институттың ғылыми қызметкері Қуаныш Мәдиевич Мурзаходжаев:

ҚАЗАҚ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕ ПРОБЛЕМАЛЫҚ ТАРИХНАМАНЫ ЖӘНЕ КОМПАРАТИВТІ ДЕРЕКТАНУДЫ ҚОЛДАНУ ӘДІСТЕРІ («ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖӘДИДТЕРДІҢ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ (ХІХ Ғ. АЯҒЫ – ХХ Ғ. БАСЫ» атты диссертациялық жұмыстың негізінде) тақырыбында баяндады.

6-сурет. 2022 жылдың 13 желтоқсандағы ғылыми-методологиялық семинарға қатысушылар

Семинардың екінші баяндамашысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Қуаныш Мәдиевич Мурзаходжаев «ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. бас. Қазақстанда жәдидтердің мәдени-ағартушылық қызметі» атты диссертация тақырыбы аясында проблемалық тарихнама мен салыстырмалы деректану ғылымының әдістерін қолдану мәселесі бойынша баяндама жасап, «Қазақстан тарих ғылымында өзінің өзектілігін жоймаған, ғалымдар арасында ортақ бір пікірге тоқтай алмаған көкейтесті мәселелер көп. Соның бірі Қазақстан территориясында орын алған жәдидтік қозғалыс. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бас кезінде қазақ жеріне жәдидтік идеялар мен көзқарастар ене бастады. Оның негізін қалаған қырымдық татар Исмаил Гаспринский болған. Қозғалыстың мақсаты ислам діні шеңберінде түркі-мұсылман халықтарының арасында жаңа оқыту жүйесі негізінде орта ғасырлық схоластикалық санаға жаңашылдық сәулесін түсіру, мектеп-медреселер көмегімен халықты қайта ұйыстыру, газет-журналдар мен кітаптар арқылы қоғамның интеллектуалдық әлеуетін көтеріп, жаһандық көштен кейін қалмау, оқу-ағарту жүйесіне өзгерістер енгізіп, реформалар жасау. Осы әрекеттер ең алдымен ұйықтап жатқан қалың бұқараның санасын оятуға бағытталды. Бұл тақырыпқа қатысты жарияланған еңбектер алуан түрлі. Оларды революцияға дейінгі, кеңестік және тәуелсіздік уақыттағы деп бөліп қарастырған жөн. Қазақстан аумағындағы жаңа әдісті мектептердің ерекшелігін талқылау барысында Оңтүстік Қазақстанға Орта Азиялық ислам білімі үлкен әсер еткендігін, Солтүстік Батыс Қазақстанға Татарстан арқылы келген сопылық бағыт үлкен әсер еткен» деген өзінің ғылыми көзқарасын жеткізді.

Семинар жұмысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Г.Т. Мусабалина, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., доцент А.И. Құдайбергенова, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к. Ш.Б.Тлеубаев, PhD доктор А.М.Әбікей, докторант А.А. Оралова, магистр Б.Б. Бурханов, тарих магистрі А.А. Бекенова, магистр А.А. Доскараева өздерінің сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Аталған іс-шара қазіргі уақытта еліміздің ғалымдары бірлесіп, деректану бойынша жаңа оқулық жазу қажеттігі туындап отыр деген өзекті пікірмен қорытындыланды.

8-сурет. Сол жақтан екінші 2022 жылдың 13 желтоқсандағы ғылыми-методологиялық семинар баяндамашысы Қ.М. Мурзаходжаев