Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Жұмыр басты пендеге ауа, су, күн қандай қажет болса, әркімнің және баршаның шыққан тегінен, табиғи қалпынан, салт-дәстүрінен, тілінен көз жазып қалмауы үшін төл тарихын білуі де соншалықты маңызды. Өткеніңді білмеу өзгенің сойылын соғуға, өзіңдікін өзектен тебуге, бөтеннің туының астына кіруге әкелетінін адамзат тәжірибесі мен тағылымы, оның ішінде кеңестік дәуірдегі қазақ халқының тағдыры әлденеше рет дәлелдеген аксиома.

 

Арғы бабаларымыздың көрегендігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Олар тарихқа ықыласпен ден қоюдың маңыздылығын сөзімен де, ісімен де өсиеттеп кеткен екен. 5 мың жылдық өткені бар Арқайым қаласы, одан берідегі Есік, Берел қорғандары, сармат жауынгері, байырғы түркі жазулары, «Қыз Жібек», «Ер Едіге», «Қобыланды батыр» жырлары – бәрі Ұлы даланың адамзат өркениетіне қосқан мәңгі құндылықтарын әрі кемел даналығын айғақтап тұрғаны өз алдына, осынау асыл мұралар тарихты тануға, құрметтеуге, қайдан, қашан шыққанымызды ұмытпауға, сана мен жадымызға зорлықпен таңылған жалған ұғым-түсініктерден тезірек арылуға сенім ұялатып, міндет артуда.
Қазақстандық кәсіби тарих ғылымы кеңестік дәуірде қалыптасты. Бірақ ұлттық тарихнама КОКП идеологиясының шылауына байланғандықтан ақиқатты айта алмады. Біз бұл жерде өткенді ғайбаттауды, кінәліні іздеуді мақсат тұтып отырған жоқпыз. Жақсы болсын, жаман болсын, өткеннің бәрі, кеткеннің бәрі өзіміздің тарихымыз. Әңгіме бастан кешкеннің болмыс-бітімін, тапқанымыз бен жоғалқанымыздың парқы мен нарқын ақиқат биігінен тануға жеткізетін методологиялық ұстанымдарды дөп басып анықтауда жатыр. Ұстаным ақиқат мүддесіне жүгінбесе, ұлттық даралық пен оны паш етуші төл деректерді қастерлемесе, обал мен сауаптың аражігін межелемесе, ұлт тарихы кемел түзілмейді.
Ұстаным мен танымның ықпалдастығына күн өткен сайын көзіміз жете түсуде. Ұлт тарихын «ақтаңдақтардан» арылтып, әлемдік үдерістермен байланыстыра ұлықтауға Елбасымыз Н.Назарбаевтың ат салысқаны тамаша нәтижелер әкелді. «Тарих толқынында» кітабы Қазақстандағы тарих философиясы мен методологиясын асқаралы биікке шығарды. Мұндағы «ғалымдардан асырып ой өрбіту саясаткер үшін абырой әпере қоятын іс емес» деген жолдар тарихшылардың шығармашылық ізденісіне серпін берді. Әйтпесе, Бас хатшының айтқанын қайталауға машықтанған, әр сөзін ақиқаттың соңғы нүктесіне айналдыруға бейім тұрған қауым баршылық қой.
Бүгінгі ұлттық тарихнамаға дағдарыс пен іркілістен гөрі ізденіс, теориялық-методологиялық жаңару, қайта өрлеу тән. Ежелгі дәуірден тартып Астананың ауысуына дейінгі үдерістер жаңаша зерттелуде, бұрын-соңды қолға түспей келген дереккөздер жарияланды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы тарихи таным көкжиегін мейлінше кеңейткенін айтпай кету мүмкін емес. Жарияланып жатқан зерттеулердің көптігі соншалық, ғылыми-ақпараттық тасқынға ілесе алмаудамыз. Бұл үдеріс алдағы уақытта артпаса, бәсеңдемейтіні айдан анық. Демек, Отан тарихынан, тарихнамасы мен деректанудан, археологиясы мен этнологиясынан жазылған (жазылмақ) еңбектердің методологиясын қарабайырлықтан, эклектикадан, еліктегіштіктен қорғап, басты назарды тарихи заңдылықтарды дәйектеуші өреге аударатын уақыт келді.
Басқаша айтсақ, демократиялы, зайырлы, құқықты елде ғылыми танымның методологиялық ұстанымдары мемлекет мүддесіне, мемлекетқұраушы байырғы халық мүддесіне сай келуі объективті қажеттілік әрі басқалардың ренішін туғызбаса керек. Мәселенің мәнісі мынада: Қазақстан тарихының мазмұны мен ерекшелігін әу бастан автохтонды тұрғындары, олардың мемлекеті, ХҮ ғасырдың ортасынан беріде қазақтар мен төл мемлекеті анықтады. Отарлық және кеңестік қыспақта да осы факторлар, әлсірегеніне қарамастан, Отан тарихының өзегінде тұрды. Үш ғасырға жуық өктемдігін жүргізгендер онымен есептесті. Байырғы халық пен мемлекеттің тарихын бұрмалаусыз, кемел, адал ашатын методология тап осы екеуін бірінші орынға қоюы керек. Бұл қағидатқа жығылмаған зерттеудің, біріншіден, түбі шикі, авторының пиғылы теріс, екіншіден, ғылыми нәтижелері сыни тұрғыдан елеусіз, ескерусіз қалмағаны жөн.
Тарихтағы адам, ұлт және мемлекет факторын оң пайымдау өркениеттік ілгерілеу мен іркілістегі Қазақстан орнын лайықты анықтауға шылбыр ұстатады. Басқалар емес, өзіміздің профессорымыз: «В середине XVІІІ века Казахстан был политически раздробленной страной…. Казахские ханства представляли собой слабые феодальные государственные образования. Государственная власть и ее проявления имели незрелые, несовершенные формы, что соответствовало низкому уровню развития производительных сил казахского общества…. Эти обстоятельства послужили основной причиной того, что казахи не могли организовать эффективного отпора нашествию чужеземцев, а в своей внешней политике поневоле проявляли двойственность…. Султан Аблай возвысился над Абулмамбетом благодаря своим активным внешнеполитическим связям с Джунгарией, Россией, Китаем, Кокандом, Бухарой, Киргизией, Афганистаном и Восточным Туркестаном….» деген ой-пайымнан аспаса, бүгінгі қазақтың жер басып жүргені кездейсоқтықтың нағыз өзі ғой. Адамзат баласының тәжірибесі тарихи ахуалға қарай аз халықтан да әлемдік тұлға шығатынын, көп халықтың да жаңсақ басуға баратынын айғақтап отыр. Интеллектуалдық ізденісті серік еткен, бәсекеге қабілетті қоғамның тарихқа қосары да, тарихтан алары да мол болмақ.
Кез келген дамудың мазмұны мен нәтижесі жалғастық пен сабақтастықта жатыр. Бұл қағида бұзылған жерде ілгерілеу болмайды. Мыңдаған жылдар бойы желісі үзілмеген сабақтастық қара шаңырақты ұстап қалған қазақтарға ақыл мен қайратты, ыстық жүрек пен сабырды молынан дарытып, жүз жыл жоңғарлармен соғысқанда, 260 жыл отарлау мен тоталитаризмнің қыспағында қалғанда дұшпанына жер бетінен жойып жіберуге мүмкіндік бергізбеді. Қазақ мың өліп, мың тірілді, ХХІ ғасыр қарсаңында азаттыққа қол жеткізді. Ұрпақ сабақтастығын, яғни ұлы дала тарихына тән бірегейлікті сақтап қалған құдірет не десек, ол – ғасырлар бойы үздіксіз түзілген рухани-мәдени байлық, ол – қазақ әйелінің демографиялық тасқынды бәсеңдетпеген ерлігі. Бұлар қазақ этногенезі мен мемлекеттілігінің іргетасын қалады, қуатын арттырды. Тарих – бәсекеге, сұрапыл сынаққа төтеп бергендердің алатын еншісі.
Қазақтың қонақжайлығы, дархандығы, аңғалдығы, бейғамдығы төл тарихының өн бойындағы гуманизмінен, оптимизмінен, сенімінен анық көрінеді. Ұлт тарихын зерттегенде осы методологиялық ұстанымды кәдеге жарата білсек, толымды нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Сонда оқулықтарымыздағы соғыстар, таптық қырқысулар, революциялар бөтеннің экспанциясы, экспорты екенін ұғына түсеміз. Таптық рухта ойлаудан арылмағандықтан 2010 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» кітабының 3 томында 1723-1725 жылдарғы «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі ахуал мемлекеттік билік мүлде жоғалғандай суреттеледі. «Сөйтіп, – делінген онда, – халықтың қырып-жойылуына жол бермеу үшін, енді сұлтандар мен рубасыларынан үмітін үзген халық өзін-өзі құтқаруға кірісті». Мемлекеттік биліксіз қалған халық – тобыр ғана. Жеңіс те, тарих та – бірауыздылық, бауырмалдық бар жерге қонатын бақ.
Отан тарихын зерттегенде әсте ұмытуға болмайтын методологиялық ұстаным адамдар іс-әрекетімен жасалатын тарихтың екі-ақ негізде өрбитініне қатысты. Бірі – табиғи-ырғақты тарихи үдеріс, екіншісі – отарлаған немесе өктем сырт күштің тегеурінімен жасалатын тарих. Ұлы дала екеуін де бастан кешті. ХҮІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жеріне келген қытай, араб, моңғол, жоңғар басқыншылары – бәрі сайын даланың табиғи-ырғақты тарихи үрдісін бұза алмады, қайта өздері қазақтанып кетті. Орыс отарлауы да табиғи-ырғақты дамуды шайқалтқанмен, тамырын қиюға ғұмыры жетпеді. Ұлттың табиғи-ырғақты дамуын күйреткен алапат кеңестік тоталитаризм еді. 70 жыл ішінде жердің біраз бөлігі талан-таражға түсті, елі үшін еңіреген зиялылар атылды, қуғындалды, қазақ тілі бейшара халге ұрынды, аштық миллиондаған қандастарымыздың басын жұтты, демография бұзылды. Ең ауыры – ұлттық жөргегінен жеріген, бөтеннің құндылықтарын қастерлеген, аты қазақ, заты бөлек ұрпақ өсіп шықты. Ұлттың тұтастығына, болашағына, мемлекет тағдырына төнген қатердің жиынтық көрінісі осы еді. Демек, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстандағы халықтар бірлігін нығайту үшін қолға алған жасампаз іс-әрекеті мен ғылыми-танымдық ізденістері – тарих тағылымын кемел игерудің нәтижесі.
Табиғи-ырғақты даму тек азаттықпен қамтамасыз етіледі. Оған сырттан таңылған революция да, шетелдік инвестиция да негіз бола алмайды. Азаттық халық пен биліктің бірлік-тұтастығымен, Елбасы мен топбасыларының көрегендігімен, әділеттің ақ жолынан заңның, соттың таймауымен мығым. Азаттығынан айрылған ел соқпақты, зорлықшыл тарих сүрлеуіне түседі. Ендеше, ұлт тарихын зерттеудің өзекті ұстанымы азаттықтың қай сатысында тұрғанымызды анықтай білуінде. Біздің ойымызша, тәуелсіз Қазақстан әзірше өтпелі кезеңді бастан өткеруде. Оның төртінші сатысына аттап өттік.
Бірінші саты 1991-1995 жылдарды қамтып жатыр. Бұл – кеңестік саяси жүйе мен экономикалық қатынастардан арылу сатысы. Мейлінше ауыр жылдар. Жетістіктері де аз емес: мемлекеттік рәміздер, ұлттық валюта өмірге келді, БҰҰ-ға қабылдандық, жаңа астана анықталды. Бірақ советизммен ат құйрығын шорт кеспей алысқа ұзамайтынымыз белгілі болды.
Екінші саты – 1995-2007 жылдар. Елдің екінші Конституциясын қабылдаумен бұрынғы кеңестік атавизммен біржолата қоштасқан Қазақстан президенттік басқару жүйесіне көшіп, түбегейлі нарықтық реформалар жолына түсті. Ғасырлар тоғысында сол реформалар өз жемісін бере бастады.
2007 жылғы конституциялық реформа Қазақстанның нарық еліне айналғанын дәйектеп, үшінші сатыға қадам басқанымызды паш етті. Үшінші сатының өзегін әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұру, президенттік-парламенттік басқару жүйесіне қадам басу, демократияны тереңдету құрады. 2011 жылы басталған төртінші сатыны «Дағдарыстан кейінгі Қазақстан» деп атағанымыз жөн болар. Әрине, әр сатының өзіндік ішкі баспалдақтары бар. Айталық, бірінші сатының 1991-1993 жылдарғы, 1993-1995 жылдарғы баспалдақтарын, екінші сатының 1995-1998 жылдарғы, 1998-2007 жылдарғы баспалдақтарын бөліп көрсеткен жөн. Бұлай межелеуге конституциялық реформалар негіз қалады. Қысқасы, өтпелі кезеңдегі Қазақстан табиғи-ырғақты даму жолын таңдаған ел.
Мәселені осылайша қоюдың бір себебі әлемдік жаһандану үрдісіне келіп тіреледі. Егер кешегі отарлау мен тоталитаризм бір мемлекеттің ғана күшімен жүзеге асса, жаһанданудың артында әлемдік әлденеше алпауыт мемлекеттер тұрғанын бір сәтке қаперден шығармау керек. Жаһандануға төтеп бере алмау Қазақстанды жат мемлекеттер жаулап алады деген сөз емес. Басқыншылықпен басып кіру жаулаушыға бүгінде тиімсіз болып қалды: оны әлемдік қауымдастық айыптайды, жаулап алған елінің дертін емдеуді, қажетті-қажетсіз шығынын көтеруді мойнына алады, т.б.с.с. Жаһанданудың жалына қол іліндіре алмасақ, азаттығымызды сөз жүзінде мойындағансыған алыс-жақын алпауыт мемлекеттер терімізді теспестен қанымызды соратыны сөзсіз. Ендеше тарихты зерттеу өткен-кеткенді судай сапырып, құрғақ, желбуаз әңгіме құру емес. Ол бүгінгі өзекжарды міндеттерді оң шешу үшін ауадай қажет шарттылық әрі заңдылық. Тарих – қауіпсіздік пен болашақтың кілтін ұстатушы құдірет.
Азаттық жылдары қазақстандық демократия жолын қалыптастыру бағытымен үндесе шығармашылық еркіндік орнықты, идеологиялық өктемдік жоғалды, пікір алуандығы шындыққа айналды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, ұлт тарихы жылдарын ұлықтау, «Мәдени мұра», индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары – бәрі тарихшы ғалымдар қолынан не келетінін, не келмейтінін паш етті. Жаңадан үш ғылыми-зерттеу институты – Ә.Марғұлан атындағы Археология, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану, Мемлекет тарихы институттары ашылып, тарихшылардың мәртебесі де, жауапкершілігі де арта түсті. Мұншама ғылыми ұжым қазақ тілі мен әдебиеті салаларында да жоқ.
Ақиқатына келсек, қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, т.б. модернизация мен өзгерістер қарқынына ілесу қоғамтанушы ғалымдарға оңай тиіп тұрған жоқ. Мәселен, 2010 жылдың желтоқсанында Н.Ә.Назарбаев бас болып өткізген Астана саммиті әзірге Отан тарихынан жазылған бірде-бір оқулыққа енген емес. Ал Ресей мен АҚШ-та инаугурация өтер-өтпестен жаңа Президент Д. Медведев, Б. Обама жайлы монографиялар оқырман қолына тигені белгілі. Қысқасы, шығармашылық сергектік, мүмкін қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну де шығар, жетіспегендіктен біздің тарихшы ғалымдарға оқушы мен студент жастар, ата-аналар мен қатардағы оқырман орынды ренішін білдіріп жатады.
Сонда не істеу керек?
Біздің ойымызша, ең алдымен Отан тарихын зерттеушілерді ғылыми танымның бұрын-соңды қол жетпеген биігіне бастайтын, яғни жаңа методологиялық негізді, тұжырымдар мен ұстанымдарды түзетін басымдыққа жол ашқан жөн. Методология түзелмей, ғылыми нәтижелер жаңармайды. Әлемдік тарихи ақыл-ойдың үздік жетістіктерімен суғарылған жаңа методология Қазақстан тарихын адамзат өркениетінің құрамдас бөлігі ретінде дәйектей отырып, оның табиғи-географиялық, геосаяси, ұлттық, мемлекеттік, рухани, т.б. өзіндік ерекшеліктері мен болмыс-бітімін зерделейтін әлеуетке ие болғанын қалаймыз.
Қазақстандық мүддеге жүгінген һәм жегілген методология түзілмегендіктен тәуелсіздік тұсында табылған жүздеген, мыңдаған тың деректер, жазба ескерткіштері, тіпті археологиялық артефактілер алғашқыда сенсация түрінде халыққа жеткізілгенімен, уақыт өте келе терең зерделенбей, оқулықтарға енбей, қазақстандық патриотизм мен менталитетті қалыптастыруға болар-болмас септесуде.
Кезінде «Қазақ ССР тарихы», «Қазақстан тарихы» кітаптарын бір том, екі том, бес том көлемінде жазған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы қалыптасқан ахуалды ескере отырып әрі қолда бар мүмкіндіктерді екшей келе, 2012-2016 жылдар ішінде 20 кітаптан тұратын «Отан тарихы» академиялық басылымын жарыққа шығаруды күн тәртібіне қойып отыр. Біздің бұл жобамызды Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Астанадағы мемлекет тарихы институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мақұлдап, өз үлестерін қосуға даярлығын білдірді. Бүгінгі болжам бойынша, 20 кітаптың алғашқы 5-еуі палеолиттен тартып Шыңғыс хан жорығына дейінгі арғықазақтар дәуірін қамтиды, 3 кітап қазақ антропологиясы, этногенезі, хандығы, рухани әлемі жайлы болмақ, 4 кітап отарланған өлке тарихына арналады, 2 кітап кеңестік жылдардағы тарихты ашпақ, 4 кітап тәуелсіздік тағылымын таразылайды. 19-шы және 20-шы кітаптар Қазақстан тарихын зерттеудің методологиясы мен тарихнамасына, деректер көзіне арналмақ.
Дестені «Отан тарихы» деп атауымыз да бекер емес. Ежелгі дүниеде де, орта ғасырларда да қазақтың ата қонысы әлденеше этностарды бауырына басып, Отанына айналғаны ақиқат. Бүгін де солай. Біздің басты байлығымыз, Отанымыз біреу – ол Қазақстан, ол Қазақ елі. Демек, «Отан тарихы» мазмұны жағынан да, ғылыми нәтижелері бойынша да Қазақстан халқын ұйыстыруға қызмет ететін болады. Бұл – бір.
Екіншіден, 20 кітаптан тұратын 10 томдық «Отан тарихын» Астана мен Алматының тарихшы ғалымдары жазады. Бұған аймақтардағы әріптестеріміз ренжімеуі керек. Рас, бүгінгі таңда 5 аймақта да – оңтүстікте, солтүстікте, батыс пен шығыста, орталықта – археология мен этнологияның, деректану мен тарихнаманың, ұлт тарихының білікті мамандары қалыптасқан. Мәселен, Семейдегі мемлекеттік екі жоғары оқу орнында, Қарағанды қаласындағы ЖОО – ларда 20-ға жуық тарих ғылымдарының докторлары еңбек етеді. Осы интеллектуалдық әлеуетті аймақ тарихын жазуға жегетін уақыт келді. Әрине, 20 кітап көлемінде жазу қажет емес. Ғалымдар 2010 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» бестомдығын басшылыққа алып, өз аймағының тарихын сондағы мазмұндық құрылыммен жазып шықса, құба-құп.
Үшіншіден, ұлт тарихының жылнамасындай осынау кітаптар мәтіннен ғана тұрмауы керек. Ол суреттермен, түрлі иллюстрациямен, карталармен, кестелермен, фотолармен бай көркемделуі ләзім. Бұған әр жылдары Пекиннен, Лондоннан, Парижден, басқа да қалалардағы мұрағаттар мен музейлерден табылған қазыналар мүмкіндік береді.
Төртіншіден, «Отан тарихының» Бас редакциялық алқасын Білім және ғылым министрі басқарып, құрамына Жауапты хатшы мен Ғылым комитетінің төрағасы енсе, ал аумақ тарихы бойынша редакциялық алқаны іргелі облыс әкімі басқарса, жұмыстың ұйымдастырылуы мен нәтижесі діттеген мақсатына тез жетер еді.
Ойлағанымыз жүзеге асып жатса, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Отан тарихынан 20 кітап, аймақтар тарихынан 25 кітап қалың көпшілікке жол тартатынына сенімдіміз. Ұлттың ұлық тарихына қызмет ету әрбір кәсіпқой тарихшының мәртебелі борышы.
Көптомдық Отан тарихын түзу практика мен ғылым арасындағы өзара байланысты нығайтуға септеседі. Өйткені бай деректік негізде, көркем тілмен әрі биік өремен жазылған еңбек ғана халықтың тарихи санасын қалыптастыра отырып, қазіргі таңда жиі айтылып жүрген қазақстандық патриотизм әлеуетін арттырады әрі ұлт тарихын ұлықтайды. Бұған қоса, теориялық-методологиялық ұстанымдары берік зерттеу, біріншіден, бәсекеге қабілеттілік кепілі, екіншіден, ақиқатты паш етеді. Әйгілі ғалым А.Эйнштейннің қандай ғана болмасын тиісті үдерістің кемел моделі ретінде физикалық теорияны алға тартқаны әсте кездейсоқтық емес. Тарих теориясы өткеннің тәжірибесі мен тағылымын ұғынуға кілт ұстатса, кеңістік пен уақыт аясындағы адамдар қызметі, яғни практика ғылыми танымның негізін қалайды.