Х. Әбжанов. Тәуелсіздік қарлығашы

Жүздеген ғасырлар мен әлденеше мыңжылдықты қамтып жатқан ұлттық тарихымыздың шежіресінде тымақты алшысынан кигізген салтанатты сәттер де, еске түскенде намыс отын алаулататын оқыс оқиғалар да аз емес. Беріден қайырсақ, 1917 жылы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы, 1920 жылы Қазақ кеңестік социалистік автономиясының жариялануы, 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан әдебиеті мен өнері онкүндігінің өтуі, 50-ші жылдар аяғында Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовтың Лениндік сыйлық лауреаты атағын алуы, 1971 жылы Д.Қонаевтың КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшелігіне сайлануы, 1989 жылы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебенің берілуі ұлттық сананың және мақтаныштың өрлеуіне пәрменді ықпал етсе, 1921,1931-1933 жылдарғы аштық, 1937-1938 жылдарғы «үлкен террор», тың игеру тұсындағы демографиялық қыспақ, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ партия ұйымының басшылығына беймәлім Колбиннің тағайындалуы ұлы даланың тағдырын тәлкекке түсіріп, отансүйгіш әрбір перзентінің жүрегіне жара салғаны сөзсіз.
Шынымен-ақ қазақ мың өліп, мың тірілді. Жат қолына телмірген оның 80-жылдары жақсы мен жаманды, өзінікі мен өзгенікін айыра алу қабілеті әлсірегені де рас еді. Бірақ ұлттық «Мен» біржолата күйреген жоқ болатын. Қазақ ғылымы мен біліміндегі, өнері мен спортындағы, демография мен өмір салтындағы ілгерілеулер жаңа толқын қазақ жастарын сахнаға шығарды. Қуғын-сүргінді естігені болмаса, бастарынан өткермеген бұлар қорқыныш, үрей, сатқындық тәрізді жаман қасиеттерді бойларына сіңіре қоймаған еді.
40 жылдан астам уақыт бойы басшы қызметте, оның соңғы 18 жылын бірінші хатшы орындығында өткізген Д.Қонаевтың Қазақстандағы беделі аспандап тұрған уақыт екенін де қаперден шығармаған жөн. Демек, бес орденді Қазақстанды басқаруға, үш алтын жұлдыз иегерінің орнына араққа қарсы күреспен ғана көзге түскен функционерді жіберу жайлы шешімді қабылдағанда өктем де менмен ресми Мәскеу оңбай қателескен еді. Осындайда «Көрмес-түйені де көрмес» деген нақылдың бекер айтылмағанына көзің жете түседі. Әйтпесе ұлттық намысты елемеу жақсылыққа жеткізбейтінін қазақ азаматтары Сарыарқа төсінде неміс автономиясын құруға қасқая қарсы тұрумен Кремль көсемдеріне 1979 жылы-ақ ескерудей ескерткен болатын. Шексіз биліктің буына піскендер үшін тарих тағылымы зая кетіпті. Әлде «халықтар достығының лабораториясы» атанған Қазақстанда мәңгүрттенбеген қазақ қалған жоқ деп есептеді ме екен?
Сонымен, республика басшылығына Қазақстанды картадан ғана көрген Колбиннің келуі жылдар бойы жинақталған ашу-ызаның бұрқ етіп сыртқа шығуына түрткі болды. Көшеге шыққан жастар ұлт серкесін ұлықтау арқылы ұлт теңдігін іс жүзінде нақты сақтауды талап етті, экономикадағы, кадр саясатындағы, тіл құрылысындағы, әлеуметтік мәселелерді шешудегі отарлық-тоталитарлық өктемдікпен келіспейтінін білдірді. 1986 жылғы желтоқсанның 17-18 күндері Алматыдағы Брежнев алаңы теңіздей толқыды. Кремльдің солақай шешімін қабылдамаған өрімдей қыз-жігіттер желтоқсанның ызғарлы күні мен түнінде республиканың бас алаңын тоталитаризммен шайқастың алдыңғы шебіне айналдырды. 17 желтоқсан түнін белгілі жазушы, марқұм Марат Қабанбай былайша суреттеген екен: «Үкімет үйінің терезелері самаладай. Біз жақтан ракета шұбала шығып, 5 әлде 6-қабатына барып, быт-шыт болып еді, бәлем, жан керек екен, іштегілер зыр жүгірді. Колбиннің өзі безілдеп жүргендей-ақ бақылдап күліп, мәз боламыз әлгі жерде.
Сағат 12-ге таман милиционерлер иттерін абалатып, алаңға лап қойды. Әмбе тоңып, әмбе қарасы азайған халық көп жалындыртпады, бет-бетіне рахаттана-рахаттана тырағайлап қаша жөнелді. Арт жақ-ойбай мен байбай, сатыр-сұтыр бірдеңе…
Ағатайлар-ау, ала кетіңіздерші! Тастамаңыздар! – деген жан дауыс шырқырап шықты желке жақтан. Екі қыз бірін-бірі сүйрелеп томпаңдап келеді. Екеуіміз екеуін алып кеттік. Абай даңғылынан иттер алдымыздан ырылдап шапшыды. Қайрыла қашып, бір түнек үйдің 5-қабатына қарғып шығып кеттік. Түнге дейін сол жерде дірдектедік. Әлгі шымкенттік және қызылордалық қарындастар сурет училищесінен екен».
Алматы мал дәрігерлік институтының студенті Еркін Мұқанұлы деген азамат 18 желтоқсанда қып-қызыл шайқастың ортасында жүрген екен. Естелігіне ден қояиық: «Күні бойы үлкен алаң адамға лық толды. Жастар ғана емес, ересектер мен балалар да көп келіпті. Билік өкілдері мінбеге шығып, жиналған адамдарды тәртіпке шақырды. Сабырға шақырды. Ал, жастар өз талаптарын қойды. Кешке дейін созылған текетірестің арты тағы да күш қолдануға ұласты. Бұл жолғы шабуылға билік қатты дайындалған екен. Менің байқауымша, әскерилерді басқа республикалардан да әкеліпті. Әсіресе, солар бізге аяусыз күш қолданды. Сондай бір шақта мен бір милиционермен жағаласып жатқанымда, артымнан келген бес-алтауы жабылып, мені соққыға жықты. Содан сүйретіп апарып түрменің қараңғы мәшинесіне қамады. Бір-бірімізді көрмейміз. Бірақ қысқа-қысқа тілдесіп отырмыз. Көлік қаладан ұзап шыққан сияқты. Бір кезде әр жерге тоқтап, бізді екі-екіден далаға түсіріп отырды».
Шайқас Арқалық, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған қалаларында, ауыл-селоларда жалғасын тапты.
Желтоқсан күндері Алматыда, ірі қалалар мен ауыл-селолық елді мекендерде қаншама адам ереуілге шыққаны белгісіз. Жазаланғандар, өлгендер туралы мәлімет те қайшылыққа толы. Бір ғана мәселенің басы ашық: миллиондардың қанын судай ағызып, өмірін қиған қатыгез сталиндік жүйенің мұрагерлері мен ізбасарлары баяғы қалпынан қылаудай ауытқымай, сол орындарында отыр екен. Бар айырмашылығы – Лениннің сенімді шәкірті ұнатпағандарды алдымен «халық жауы» атандырып, іле-шала ататын, соттайтын, жер аударатын, мыналар алаңға жиналғандарды ұрып-соғып, итке талатып, қанға бөктіріп алған соң, «бұзақылар» , «ұлтшылдар», «арақ ішіп, есірткі тартқандар» деп айыптады. Жайшылықта гуманист, қамқор, сабырлы көрінетін жүйе жуан шоқпарын ала жүгірді. 18 желтоқсан күні КОКП ОК Саяси бюросының мәжілісінде «Алматыдағы оқиғаға байланысты шаралар» туралы қаулы қабылданды. 23 желтоқсанда Қазақстан компартиясы Орталық Комитеті бюросының мәжілісі болып, онда Мәскеуден келген ұлық – КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, КОКП Орталық Комитеті жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы М.С.Соломенцев сөз сөйледі. Ұйымдық-партиялық және идеологиялық жұмыстағы, кадрларды іріктеу мен орналастырудағы, халыққа, әсіресе жастарға интернационалдық тәрбие берудегі «елеулі кемшіліктер» сыналды. Іле-шала КОКП ОК Саяси бюросында М.С.Соломенцевтің Алматыға сапары, қаланың партия және кеңес активімен, еңбек ұжымдарымен өткізген кездесулері мен әңгімелері туралы хабары тыңдалды.
Партиялық тапсырма алған орталық басылымдар – «Правда», «Известия», «Литературная газета», «Комсомольская правда», «Советская культура», – «ұлтшыл элементтер», «тобыр», «бұзақылар», «арамтамақтар және қоғамға жат адамдар», «қайта құруға қарсы күштер», «маскүнем, нашақор, бұзақылар» қауымын, «шектен шыққан ұлтшылдықты» әшкерелеп, отқа май құя түсті. Қызды-қыздымен, КОКП Орталық комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысымен барша қазақ халқын ұлтшылдар қатарына қоса салғанын да табысқа санады. Кейін, араға жылдар салып , оның өзінде Н.Назарбаевтай тұлғаның табанды түрде талап етуімен ғана қаулыдағы «қазақ ұлтшылдығы» пайым- тұжырымның қате екенін мойындады.
Қазақ жастарының көтерілісі Қазақстанға сырттан әкелінген басшының орыс болғандығы үшін ғана емес, Қазақстанның мемлекеттік, ұлттық мүддесінің ескерілмеуінен туындады. Мұны 17 желтоқсан күні таңертең шеруге шығып, алаңға келген жастардың қолдарына ұстаған «Ешқандай ұлтқа, ешқандай артықшылык болмасын», «Ұлт саясатының лениндік ұстанымын сыйлауды талап етеміз», «Әрбір республикаға – өз көсемі», «Қазақстан жасасын!» деген ұрандары айғақтайды.
Желтоқсан қозғалысы ұлттық мүдде жолында қайсарлық таныт-қан Қ.Рысқұлбеков, Т.Тәшенов, Ж.Тайжұманов, Қ.Күзембаев және басқа да қазақтың жас демократтарын танымал етті. Өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбековтың, Мырзағүл Әбдіқұловтың, түрлі мерзімге кесілген басқа да азаматтардың биік парасаты, ел мен жерге шынайы берілген тұлғалы жандар екені қазақ еліне мәшһүр болды. Мақтанышқа айналды. Олар отаршыл, зымиян, әділетсіз жүйенің рақымсыз құрығына іліккенін бізден бұрын Батыс түсініпті. Қайрат Рысқұлбековтың:
Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы
Бөтен қолда кетпесін.
Абай туған жерінде
Бомбасын атом жармасын.
Құлпытасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Үміт еткен Мәскеуден,
Қарадай көңілің қалмасын,
деген терең ойлы, әсерлі өлеңі халқына кештетіп жетті. 1986 жылдың желтоқсаны барлық қазақ халқын, оның зиялы қауымын да бір сәтте есейтті. Белгілі ақын Абдрахман Асылбек пен әнші-сазгер Әбиірбек Тінәлінің:
Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені,
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырып гүлді,
Оңдырып нұрды,
Көңілде мұңды із қалды, —
деген өлең жолдарында айтылғандай, сол бір күндері ерлік те, өрлік те, әділетсіздік, күйелеу, қудалау, сенімсіздік те тайталасқа түсті.
Тағдыры қыл көпірдің үстінде қылпылдаған қиын сәтте қарапайым қазақ келіншегі Жансая Сәбитованың көрсеткен азаматтық ұстанымына, ұлтжандылығына қайран қаласың. Жастарға таңылған жалған айып оның ашуын туғызып, үндеу жазуға жетелепті. Онда: «Неге құрбандар туралы мәлімет айтылмайды? Неге телебайланыс жоқ? Неге әуежай жабық? Неге бір адам 8 млн. қазаққа қарсы келеді?», деген сұрақтар қойылған еді. Алаңға шықпаса да, көзімен көрмесе де, жастарды ұрып-соғып жатқанына еш күмәнданбаған ол өзінен-өзі ұялып, «болашақ не болады?» деген сауалға мазасыздана жауап іздейді. Жанын қоярға жер таппайды. Қысқасы, құрылыс техникумының жатақханасына барған жерінде ұсталып, «ұйымдастырушы, тәртіпсіздікке белсенді қатысушы» деген айыптаумен бас бостандығынан айырылып кете барды. Ж.Сәбитова абақтыда да қарсылығын тоқтатпады. «Барлығына айтарым бір шындық: – деп еске алады ол сол күндерді – біздің қоғам тығырыққа келе жатқанын, халыққа бұрыс мәлімет беріп, дұрыс мәліметі құпияда сақталады, осы Алматыда өткен оқиға соның бір көрінісі екенін, төменгі орындардағы қызметкерлердің еш принцип сақтамай жоғарылау тұрғандарының алдында жағымпазданып,жарамсақтану қасиеттерін көрсете келіп, бейбіт шеруге шыққан жастарды – маскүнем, нашақор деудің қисыны бар ма еді? «Олай болса, менің кінәм, өкімет басқарып отырған адамдардың кінәсінен асқаны ма?» – деп сұраймын (5 т.91б.).
Желтоқсан қозғалысына қатысқаны үшін 53 адам партия, 758 адам комсомол қатарынан шығарылып, 1164-іне комсомолдық шара қол-данылды. 271 студент оқу орнынан қуылды. Жүздеген адам жұмы-сынан кетуге мәжбүр болды. 12 жоғары оқу орнының ректоры өздерінің қызметтерінен айырылды. 18 профессор мен ғылым докторы ұстаздық қызметінен шеттетілді. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры, академик Өмірбек Жолдасбеков патриоттық және интернационалдық тәрбиені әлсіреткені, оқу-тәрбие ісін нашарлатқаны үшін деген негізсіз айыптаумен қызметінен босатылып, партиядан шығарылды.
Қазақ ақпарат агенттігінің директоры Жұмағали Ысмағүлов, республикалық «Коммунизм туғи» газетінің редакторы Турдахун Назаров, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакторы Мамадияр Жақыпов, «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары С.Скороходов оқиғаға қатысушылардың ісі бойынша өкімет органдары ұйымдастырған сотта түсірілген фотосуретті жариялағандықтан жазаға тартылды.
Желтоқсан қозғалысы — кеңестік Қазақстан тарихында ерекше орын алатын бетбұрысты сәт. Ол ұлттық рухтың жаңғыру, қайта түлеу үдерісінің басы, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілгені. Ол халықтың дүниетанымына, өміріне әсер етіп, ұлттық сананы өсірді, азаттыққа ұмтылысты жандандырды.
Желтоқсан қозғалысы Қазақстанды жаңа әлемдік кеңістікке алып шықты. Батыстың демократиялық күштері кеңестік тоталитаризмнің зорлық-зомбылығын айыптады. Бұл қозғалыс Одақ көлемінде жалғасын тапты. Одақтың құлды-рауына, ыдырауына әкелді. Республикалардың мемлекеттік егемендігін жариялауына мол мүмкіндіктер берді. Қазақ жастарының қаһарлы үні КСРО-дағы ұлттық-демократиялық қозғалысқа серпін бергені ақиқат. Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте, елдің басқа да қалаларында тоталитарлық жүйеге қарсы оқиғалар өрбіді. Сөйтіп, Қазақстан желтоқсаны республика шеңберінен шығып, Еуразиялық сипат алды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың табандылығымен КОКП ОК-нің «қазақ ұлтшылдығын» айыптаған қаулысы 1990 жылы мамыр айында күшін жойды. КОКП ОК Саяси бюросы өз шешімін өзгертті.
Иә, желтоқсан көтерілісі ұлт тарихының қастерлі де қасіретті беттерін жазды. Ол ғасырларға созылған отарлау мен тоталитарлық зорлық зомбылықтан қазақ халқының сүрінсе де жығылмағанын, өршіл рухы азаттықты аңсайтынын барша әлемге паш етті.
Ол кеңестік тоталитарлық жүйенің іріп шірігенін, қоғамның жетекші күші саналатын Коммунистік партия ауыр да айықпас дертке шалдыққанын әшкереледі әрі бес жылдан кейін күйреп түсуіне себеп болған алғашқы соққыны берді.
Ол ұлт мұраты мен мүддесінен, жер мен елді сақтаудан биік ешқандай құндылықтың болуы мүмкін еместігін дәлелдеді. Желтоқсанда мәңгүрттікпен немесе Кремльдің айтақтауымен ғайбат сөйлегендердің қатесі ұрпақтан ұрпаққа сабақ болғаны абзал.
Желтоқсан халықтың ұйытқысы да, қорғаны да өз ортасынан шығатынына, сын сағатында сынбағандар шын асыл екеніне көз жеткізді. Кремль көсемдерінің бұларға сенбеуі бекер емес. Президентіміз Н.Назарбаев кезінде жазғандай, « … оқиғаның басынан бастап, аяғына дейін республиканың жергілікті басшылық өкілдері жағдайдың даму барысына ықпал ету мүмкіндіктерінен айырылды. Шындығына келгенде, барлық шешімдер , оның ішінде демонстранттарды қуып тарқатуға Ішкі істер министрлігі әскерлерін қолдану Г.В.Колбиннің жабық кабинетінде қабылданды. Москва өкілдерінің біздерді алаңда болып жатқан жағдайға бақылау жасаудан толық шеттету себебі көпшіліктің көңіл күйін пайдаланып, оқиғаны өз мүдделеріне пайдалануға әрекет жасайды деген күдіктен болды».
Ол толық азаттықсыз һәм бөтеннің билігі үстемдік құрғанда бек ұлдарымыздың – құл, пәк қыздарымыздың – күң болатынын ескерткен арғы бабаларымыздың дана өсиетін алдымыздан шығарды. Қайрат Рысқұлбековтың, Ләззат Асанованың, Ербол Сыпатаевтың қыршынынан қиылған тағдырлары – осының айғағы.
Ол қазақ халқының болашағы да, болашағына есікті ашқан да жастар екенін мойындатты. Өткен ғасыр басында ұлы ақын М.Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп, сәуегейлікпен жар салған екен. Ғасыр соңында жастар сенім үдесінен шықты.
Желтоқсанда түскен тән жарасы жазылды. Ал жан жарасы мәңгі жазылмақ емес. Сол бір ызғарлы айда мыңдаған қазақ жастары абақтыға қамалды, жауапқа тартылды, жұмыстан қуылды, оқудан шығарылды. Бірақ тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін күрес бір сәтке тоқтамады. 1989 жылғы жазда Қазақстанның бірінші басшысы қызметіне Н.Назарбаевтың сайлануымен бұл үрдіске жол ашыла түсті. Көп ұзамай желтоқсан көтерілісіне байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс істей бастады . 1990 жылғы 24 қыркүйекте комиссия тұжырымдары мен ұсыныстары туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының қаулысы қабылданды. Тәуелсіздік жарияланар қарсаңда, яғни 1991 жылғы 12 желтоқсанда «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18 –індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қол қойған Жарлық жарық көрді. Аумалы-төкпелі кезеңде қабылданғанына қарамастан Жарлықтың күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған қағидаттары мол.
Біріншіден, желтоқсан көтерілісіне қатысқандар «жұмысшы, оқушы және студент жастардың демократиялық ниеттегі бөлігі» екені көрсетілген.
Екіншіден, Мәскеу өктемдігінің мәні – республикаға басшы етіп өз өкілін жібергені азаматтардың ашу – ызасын туғызып, қарсы әрекет жасауға арандатқаны қысқа да нұсқа тиянақталған.
Үшіншіден, осы арандатумен адамдар негізсіз қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылғаны әшкереленген.
Төртіншіден, желтоқсанда жапа шеккендерді ақтау имандылық, обьективтілік және әділеттік принциптеріне құрылатыны бүкпесіз айтылған.
Бесіншіден, Елбасы Жарлығы қабылданғаннан бері желтоқсанның 17-сі Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні ретінде тойланып келеді.
Түйіп айтар болсақ, Президент Жарлығы – бүгінгі тарихымыздағы жұлдызды сәттердің бірі. Ол желтоқсан көтерілісіне түбегейлі оң көзқарас пен бетбұрыстың саяси – құқықтық негізін қалаған басты құжат.
Желтоқсан көтерілісін ұлықтау кейінде де жалғасын тапты. Жазаға тартылғандардың барлығы дерлік ақталды. Кітаптар жарық көрді, кино түсірілді, көшелерге атау берілді, естелік тақтайшалар орнатылды. Ұлы оқиғаның он жылдығына орай желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков «Халық қаһарманы» атағымен марапатталып, осынау үздік белгіні Елбасымыз өз қолымен батырдың анасына табыстады. 2006 жылдың қыркүйегінде, яғни ұлы бетбұрыстың 20 жылдығы қарсаңында Алматы қаласының Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысында «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші ашылды. Президент тапсырмасы бойынша салынған бұл ескерткіш үш бөліктен тұрады. Биіктігі 9 метр қызыл тас пен 11 метрлік ақ тас ұлт санасындағы сілкіністі, мемлекеттік тәуелсіздік салтанатын, композициядағы алға ұмтылған ана мүсіні жасампаздық пен мәңгі өмірді бейнелейді. Ананың оң қолында татулыққа шақырған орамал, сол қолында ұшуға қомданған, қанатын жайған құс. Ескерткіштің үшінші бөлігі- оюлы панно.
«Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің ашылу рәсіміне Елбасы Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. «Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсандағы оқиға еліміздің тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұл оқиғаға ұлтшылдық сипатын беруге талпыныстар жасалды. Саяси бюроға олай емес деп түсіндіруге , соған орай қабылданған арнаулы қаулының күшін жоюға тура келді. Ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттікті, тәуелсіздікті, теңдікті қалады», – деді Елбасы. Ол Қазақстанда 1986 – жылдың желтоқсанында болған оқиғалар Кавказ бен Балтық жағалауы елдеріндегі ұлттық қозғалыстардың өршуіне жол ашканын еске салды. «Өткен 20 жыл халқымыздың бейбітшілікте, өзара түсіністікте өмір сүре алатынын, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық, адамдар арасындағы мейірбан қарым-қатынас қана бізге табыс, бақыт пен гүлдену әкеле алатынын түйсініп пайымдағанын дәлелдеп берді», – деді мемлекет басшысы.
Желтоқсан көтерілісі – тәуелсіздік қарлығашы. Ол біздің мәңгілік мақтанышымыз.