Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялыларының патша үкіметінің отарлық саясаты шарықтау шегіне жеткен кезде, отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің басқы қадамдарын жасап, өздерінің идеологиялық күрестерін баспасөз арқылы бастаған болатын. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы шықпай тұрып, қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтар «Семипалатинский листок», «Вакт» және тағы басқа басылымдар арқылы қоғам өміріндегі саяси ахуал, елдің тыныс-тіршілігі, рухани сала жайынан жазылған мақалаларын жарияласа, ал «Айқап» пен «Қазақ» шығысымен үкіметтің қатаң бақылауына қарамастан шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелерге қатысты ой-пікірлерін батыл түрде білдіріп, осы басылым төңірегінде пікірталастар тудырып, қазақ зиялыларын патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы саяси күреске жұмылдыра білдірді. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, Р. Мәрсеков және тағы басқа зиялылар ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, батыстық өркениет даму жолының бағытын ұстанды.
1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде қазақ зиялылары алғаш рет ұйымдық жағынан бірігуге талпыныс жасап, қазақ комитеттерін құрып, облыстық съездерді өткізе бастады. «Алаш» партиясының мүшелері ұлттық автономияға қол жеткізу мүмкіндігінің тууына байланысты идеологиялық жұмыстар жүргізіп, Құрылтай жиналысының сайлауына белсене кірісті. Қазан төңкерісінен кейін Алашорда үкіметінің құрылғаны жарияланып, мемлекеттік құрылым ретінде қызмет атқарған болатын. Алаш автономиясын мойындатуда ұлт зиялылары дипломатиялық әдісті ұстана отырып, Уақытша үкіметпен, кеңес өкіметімен, Уақытша Сібір үкіметімен, Самардағы Құрылтай Комитетімен, Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізіп, өздерінің демократиялық ұстанымдарының беріктігін айқындап берген еді. Алайда үкімет басына келген кеңестік үкімет Алашорданың билігіне мүмкіндік бермеуге тырысты. Ақыры 1919 жылы Алашорда үкіметінің қызметін тоқтатып, Алаш қозғалысына қатысқандардың барлығына кешірім жарияланып, оның белді мүшелерін жауапты үкімет қызметіне тартылған еді.
20- жылдың басында Қазақстанда түрлі ағымдардың пайда болғандығы жөнінде ақпараттар пайда бола бастады. Осындай бір ақпараттың бірін Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросына партия-кеңес қызметкерлері С. Жақыпов, М. Өтегенов, А. Сейітовтар жазып, олар қазақтардың арасында екі саяси ағымдардың барлығын, оның бірі ұлтшылдық бағытта, ал екіншісі коммунистік рухта екендігін, бұл ағымдар бұрыннан бері келе жатқандығын, ұлтшылдық идеяны қолдаушылар белгілі кадет Әлихан Бөкейхановтың маңайына топтасып, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құрғандығын келтірген болатын.
Бұдан әрі кеңес үкіметі тұсында бұл бағыттағылар ақгвардияшылар жағына шығып, жергілікті тұрғындарды автономияны кеңес үкіметі емес, ақгвардияшылар беретіндігі жөнінде насихат жүргізгендігін, олар кеңес қызметінде жүріп коммунист қызметкерлерге қысым көрсеткендігін айта келе, «егер олар өз әрекеттерін бұл түрде жалғастыра берсе, онда бізге, коммунистерге бұл партиялық ұйымдарда жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ» деп келтірді /1/. Алайда С. Мендешев РКП(б)-нің Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросына қазақ интеллигенттерінің арасында қандайда бір саяси ағымның болмағандығын және болмайтындығын ашып көрсеткен /2/.
Негізінде бұрынғы Алаш қайраткерлерін қудалау барысы 20-шы жылдары партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында да байқалды. Мәселен, 1921 жылы Қазақ Халық ағарту комиссариатының партия ұясы А. Байтұрсыновқа бұрынғы Алашорда мүшесі болғандығы, әрі партия жиналыстарына бармағаны, уақытылы мүшелік жарна төлемегені үшін партия қатарынан шығарылатынын ескерткен /3/. А. Байтұрсынов 1920 жылдың басында В. И. Ленинге жазған хатында кеңес үкіметінің қазақ интеллигенттеріне әлі сенімсіздікпен қарап отырғандығын айтқан болатын /4/.
Үкімет «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің мүшелерінің мемлекеттің жауапты қызметте отыруынан қауіптенді. Оның басты себебі алашордашылардың ықпалының коммунистер арасына жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш еді. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтылмаса да, бірте-бірте жәймен өлкелік партияның конференциялары мен жиналыстарында қозғала бастады. Атап айтсақ, қызметке алынғандардың алашордашыларға қатыстылығын немесе олармен туысқандық байланыстылығы барлығын, жоқтығын тексеру қолға алынып, олар турасында ашық айтыла бастады. 1921 жылы 13 маусымдағы Орынборда өткен РК(б)П-ның I Қазақстандық партия конференциясында Бөкейхановқа қатысты мәселеге тоқталған кезде КАКСР Халкомның төрағасы В.А. Радус-Зеньковичтің соңғы сөзінде БОАК-нің мүшесі Соколовтан Мәскеуде болған кезінде «Қазақ Орталық Атқару Комитетінде отырған «алашордашыл» Бөкейханов па» деген сұрау естігендігін, Қазақстанда екі Бөкейхановтың барлығын және олардың екі шетінде тұратындығын айта отырып, біреудің сыртынан ауыр сөз айтпас бұрын ол туралы анықтама жүргізу қажеттігін ескертеді /5/.
Алаш мүшелерінің көпшілігі мемлекет қызметіне тартылғанмен де, үкімет тарапынан әлі де болса сенімсіздік көрсетіліп, соңдарынан астыртын бақылау орнату, қызметтерін тексеру сияқты тәсілдер кеңінен қолданылды. Оларға «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарап, сенімсіздік білдірген. Бұл турада «Темірқазық» журналына жарияланған «Елдің күйі» деп аталатын мақалада айқын жазылды. «Малай» деген бүркеніш атпен мақала жариялаған автор елдің жалпы жағдайына тоқтала отырып, үкімет басында отырғандардың халыққа жүргізіп отырған қоқаң-лоқысын, ел ішінде жауыздық, тәртіпсіздік, бұзақылық, парақорлық белең алғандығын, қазақтың белді оқыған азаматтарын «ұлтшыл» ретінде қаралап, қызметтен шеттеуге тырысқандығын нақтылай көрсетіп берді. Олардың «ұлтшыл» ретінде айыпталуына коммунистердің бірден-бір кінәлі екендігін айқындай отырып, былай дейді: «Алдымен қазақтың өзінен шыққан шіріктер орын іздеген, шен қуған «коммунистер» біреуді «ұлтшыл» деп айыптап сенімді «коммунист» болмақ. Орын үшін, шен үшін бір тайпа елді сатпақ. Табиғи нәрсе. Қашан да болса әсіресе, коммунист партиясының бұғанасы қатпаған, саңылауы кем, тәжірибесі аз коммунистері бар жерлерде лай судан балық аулаушылар көбеймек. Жаңа өсіп келе жатқан партияда істеп көргенше, анығына қанғанша кім «қызарса», сол бел алмақ. Сондықтан талайлар «қызармақ». «Қызыл коммунист» көрінбек. Төрт жылғы тәжірибе мұны растап отыр, бірақ, мұның бәрі уақытша нәрсе» /6/.
1922 жылы Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) қызметкерлерінің Қазақ Облыстық партия комитетіне жолдаған баяндамаларында Қазақстанда қалыптасқан негізгі үш топ туралы жаза отырып, оның біріне бұрынғы Алашорда үкіметінің мүшелері құрған топты жатқызған. Баяндама барысында бұл топ жөніндегі мәліметтерді Мемлекеттік саяси басқармасы агенттерінің тікелей бақылауынан түскен жазбаларынан, кейбір қызметкерлердің баяндамаларынан, газет материалдарынан, Халық комиссариатының қаулылары мен шешімдерінен алып отырғандықтарын келтірген. Олардың көрсетуінше бірінші топты Әлихан Бөкейханов басқарып, оның құрамында Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Ахметжан Қозыбағаров сияқты мүшелер болып, олар коммунистік партия қатарын әлсіретуге, өздерінің «Алаш» бағдарламасын жүзеге асыру үшін, Ашком құрамына кіріп, қазақ тұрғындарымен тығыз байланыс ұстаған. Бұл топтың базасы Семей губерниясының Қарқаралы уезінде делінген. Бұлардың идеясын Түркістанда ағайынды Досмұхамедов пен Қожанов қолдап, «Ақ жол» газеті арқылы насихаттап отырғандығын баса айтады. Бұл баяндамада осы топтың басты мүшелері туралы қысқаша мәліметтер келтірілді /7/.
Бұдан кейінгі тағы бір Мемлекеттік саяси басқарма қызметкерлерінің алашордашылар туралы мәлімдемеде Ә. Бөкейхановтың Мәскеуге келіп, Халық комиссариатына қызметке кірмектігі, оның М. Дулатов, А. Бірімжанов, А. Кенжин және бірнеше қазақтармен кездескендігі, М. Дулатовтың баспасөз саласының әлсіздігі, Орынборда қазақ тілінде бар-жоғы екі газет пен бір ғана журналдың барлығын, өзінің осы салада қызмет етуді көздеп отырғандығы айтылды /8/.
1922 жылы Семейде қазақ интеллигенттері Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған аудандарына көмек ретінде облыстан мал жинап берген болатын. Алайда 1926 жылы жиналған малдарды талан-таражға түсірді деген желеумен Ж. Аймауытов, Ахметсапа Жүсіпұлы, Ілияс Бәйменұлы, Шайқы Құлжанұлы, Қазгелді Қарпықұлының үстінен 105, 106 және 113 баптар бойынша іс қозғалып, «Торғай ісі» деп аталған сот үрдісі төрт жылдан артық созылып, алашорда зиялылардың ақ-қарасын анықтауға мерзімді баспасөз тартылды. Мәселен, «Еңбекші қазақ» газетіне «Қаралып жатқан ірі жұмыс» деген көлемді мақала жарияланып, онда 13 наурыздан бастап сот үрдісі жүргізіліп жатқандығы, негізінде көмек ретінде жиналған малдың қырылуының басты себептеріне Семейден жылу малдың келіп қалғанын Торғайда білгендігі, тек сол күні ғана хабар алғандығынан, уездік мекемелердің қарсы алуға және бөліп беруге даярлықтарының болмауынан, малды үлестіру барысында жергілікті комиссия тарапынан кемшіліктер жібергендігін айта келе, осының бәріне жоғарыдағы бес азаматты кінәлаудың орынсыз екендігін, сот кеңесі істі ақтара қарап, аудара тексеріп, айыпталушы азаматтардың ақ-қарасын армансыз ашар деп сенетіндіктерін білдіреді /9/.
1926 жылдың 23 наурызында Қызылорда қаласында аштыққа ұшырағандарға жылу малын жинаушы және үлестіруші комиссия мүшелерінің үстінен қозғаған «Торғай ісі» бойынша айыпталған Ж. Аймауытовтың сот мәжілісінде сөйлеген ақтық сөзінде жиналған малдарды ашыққандарға таратудағы қиыншылықтардың туындағандығын «Бір жағынан аштық тізімін алып жатсақ, екінші жағынан мал бер деп жағадан алып жатты. Жалпы қазақтың бұл туралы әдетін алсақ, 8000 малды үлесіп алу түгіл 8 кез сисаны жанжалсыз үлескен емес» дей келе, өзін «неге комиссияға кірдің» деп айыптаудың орынсыз екендігін, «ала жаздай бейнеттеніп келіп, комиссияға кірмей, малдың қалай бөлінгенін білмей кетуім дұрыс па еді» деп жауап берген. Ол Торғайға жеткенше бірде-бір малдың жоғалмай келгендігін, 90 малды ашыққан ел қаптап келіп, малшыларға бой бермей талап әкеткенін, оның 30-ы табылғандығын, өзінің бір малды да ысырап қылмағандықтан өзін кінәлі санамайтындығын, ал «елі үшін құрбан болса, арманы жоқ» екендігін ашық айтқан /10/.
«Еңбекші қазаққа» Ж. Аймауытовты айыптауына қарсылық білдірген көлемді мақала жариялап, оның еш кінәсінің жоқ екендігі дәлелденді. Бұл турада О. Исаевтің Ф. Голощекинге жазған хатында айқын айтылды. Газеттің 26,28 наурыздағы №66, 67 нөмірлерінде он күнге созылған сот үрдісінің үкімі жарияланып, сот үрдісі барысында Ж. Аймауытовқа тағылған айыптың негізсіз екені айқындалып, ақталып шықса, қалған төрт адамның екеуі екі жылға, ал екеуі біржарым жылға бас бостандықтарынан айырды /11/.
Негізінде 20-шы жылдардың басында алашордашылардың «ұлтшылдығын» әшкерелеуге қатысты мақалалар өлкелік партия комитетінің органы болған «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» басылымдарда көптеп жариялана бастады. Мәселен, 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналына М. Атаниязовтың «Алаш партиясының тарихи сыны» атты мақаласы жарық көріп, онда «Алаш» партиясының құрылуы мен партияның тұңғыш съезі туралы жаза келе, автор алашордашылар өз саясатында жаңылыс басты деп тұжырымдады. Алашордашылардың басты кемшілігі әскер жинау мен салғырт салудан, Дутов әскеріне қолдау көрсетуінен, елдегі өзгерісті болжамауынан көрінді делінді /12/.
Алаш зиялыларын сынға алу осы журналдың келесі бір санына жарық көрген С. Мендешұлының «Қазақстан республикасының үш жыл жасауы» деп аталатын мақаласында айқын көрінді. Алашордашылардың бастықтары қазақ елі, тек халық билеуі болса ғана бостандық алады деп ойлап, кеңес үкіметінің билігіне көп кедергілер келтірді, «Алашорда» үкіметінің төңірегінде тек «ұлтшыл», «өзімшілдер» ғана топтасты» деген тұжырым айтты /13/.
Міне осындай мазмұндағы мақалалардан кейін «Алаш» мүшелері М. Дулатов, Ә. Бөкейханов және басқа қайраткерлерінің қызметтері жіті тексеруге алынды. Құпия түрде бұл топтың іс-әрекеті 1923 жылы 1 ақпандағы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің жанындағы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың (БМСБ) РКП(б) Қырғыз (Қазақ) облыстық комитетіне жасаған «Алашорда мен қазақтың ұлтшыл топтарының 1922 жылдың 1 қазанынан 1923 жылдың 1 қаңтары аралығындағы қызметі мен жағдайы» атты баяндамасында Ә. Бөкейханов пен Р. Мәрсеков басқарған қазақ ұлтшылдарының бір тобыны кеңес үкіметіне қарсы келгеніне қоймай сайлау барысында өз қызметтерін одан әрі жандандыра түскендігі келтірілді. Әсіресе бұл топтың ықпалы Қарқаралы уезінде ғана емес, Семей мен Ақмола губернияларында аса күшті болғандығы, Семей губерниялық съезіне Қарқаралы уезінің делегаты ретінде өздерінің адамы Ш. Тоқжігітовты өткізгендігі айтылған болатын /14/.
1923 жылы А. Кенжин «Қызыл Қазақстан» журналына «Алаш партиясы туралы тарихи мағлұмат» атты мақаласын жариялап, онда «Алаш» партиясының бағдарламасына терең талдау жасай келе, өзіндік баға беруге тырысқан болатын. Ол партияның бағдарламасының кемшілікті тұстарының барлығын, оған партия басшыларының саяси тәрбиесінің таяздығы деген тұжырым жасады /15/. Негізінде «Қызыл Қазақстан» журналына жарияланған мақалалар өлкелік партия комитетінің арнайы нұсқауымен жазылған еді.
Алашордашыларға баспасөз арқылы өздерінің үгіт-насихаттарын жүргізді деген де айып тағылды. Алашордашылардың бағытын қолдаушы газеттердің қатарына «Ақ жол», «Бостандық туы», «Қазақ тілі» газеттері жатқызылды. 1925 жылдың 2 наурызындағы БК(б)П Орталық Комитеті Секретариатының қазақ баспасөзіне қатысты қабылдаған қарарында: «Кейбір мерзімді басылымдардың «Ақ жол», «Сана», «Тілші» саяси бағытын анықтауда, ұлтшыл, партияда жоқ интеллигенттердің ықпалы бар екені байқалады», – деп келтірілсе /16/, ал РКП (б) ОК Баспа бөлімінің меңгерушісі И. Варейкустың Қазақ Өлкелік Комитетіне жазған хатында Түркістан облысының органы «Ақ жол» газетін Қазақстандағы ен сенімсіз, кеңес партиясына қарсы интеллигенция топтарының ықпалы үстем басылым санап, Қазақ өлкелік комитетінің Баспа бөліміне «Ақ жол» газетіне Қазақ өлкелік комитетінің партия ұйымының басшылығын күшейту, газеттің редакторын ұстамды, партиялық дайындығы бар қызметкермен алмастыру және оның редакциялық құрамын партияда бар әдеби қызметкерлермен толықтыру немесе жаңарту, сондай-ақ партияда жоқ интеллигенттерді тек партия тарапынан рұқсат еткен кезде ғана қолдану сияқты талаптарын ұсынды /17/.
1925 жылға дейін «Ақ жол» газетінде Алаш қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедов, М. Есболов, Ж. Аймауытов және тағы басқалардың күнделікті өмірге арналған мақалалары, өлең-поэмалары жарияланып тұрған еді. Бұл жайында жазушы С. Мұқанов өз естелігінде: «Түркістан республикасын С. Қожанов басқарған кезде Алашорда партиясының лидерлері: Х. Досмұхамедов, Х. Болғанбаев, М. Есболов, Ж. Аймауытов т.б. Ташкент қаласынан пана тапты да, ондағы «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» және «Сана» журналдарына қарсы шыққан бағытта жазған шығармаларын жариялап тұрды», – деп жазған болатын /18/. Бұдан кейін «Ақ жол» газетінің мазмұны жете тексеріліп, бақылау орнатылды. Сондай-ақ, Орталық Комитеттің бас хатшысы И.В. Сталин «Ақ жол» газетінің саяси бағыты туралы 1925 жылы 29 мамырда Қазақ Өлкелік Комитетінің мүшелеріне жазған арнайы хатында ақгвардияшыл М. Шоқаевтың мақаласы жарияланғанын, бұл мақала коммунистерге қарсы жазылған мақала екендігін атай келе: «Осыған байланысты «Ақ жол» журналын (газетін-С.С.) түбінен жедел түрде қайта ұйымдастырып, одан партия қатарында жоқ интеллигенттерді шығарып, газетті коммунистік насихат басылымы етуге шаралар қолдану» қажет деген ұсыныс жасады /19/. И. Сталин «Ақ жол» газетіне теріс баға бергеннен кейін бірнеше рет өлкелік комитет мәжілістерінде Қазақстанның баспасөз мәселесі қарастырылды.
Асан Сексенбайұлының «Орта Азия республикаларының баспасөзі 15 жыл социализм күресінде» деген кітабында 20-шы жылдарда жарық көрген газет-журналдар, атап айтқанда «Ақ жол», «Шолпан», «Сана» кеңес өкіметінің баспасынан басылып, кеңес үкіметінің ақшасының күшімен шығарылса да, алашордашылардың басылымы болып кеңес үкіметіне қарсы мақалалар жариялап отырғандығын келтірген. «Бұл газет-журналдар аты шулы «алашордашылардың» ардақты ардагерлері Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке, Досмұхамедұлы Халел сияқтылар басқарған», – делінді кітапта /20/.
1926-1932 жылдары қазақ баспасөзінде партия жолынан ауытқыған, кеңестік партияға қарсы топтар мен жікшілдерге қарсы күрес барысы өрістеді. Әсіресе, басылым қазақ әдебиеті саласында әбайшылдықты көздеген» деген желеумен «ұлтшыл-уклонист» атанғандарға қарсы батыл күрес жүргізді.
1929 жылы Қазақстанның барлық аудандарында ауылдық-деревнялық бөлімдерді кеңес үкіметіне дұшпан элементтерден тазарту шарасы жүргізіле бастады. Павлодар уезінде өткен осындай бір тазарту барысында «Тереңкөл ісі», Торғай уезінде «Наурызым ісі» пайда болды. «Наурызым ісінің» шығуының негізгі себебін 1929 жылы 31 наурызда өткен Торғай округтік бюросын мен Президиумының мәжілісінде өлкеде алашордашылардың ықпалы күшті болып, алашордашы Міржақып Дулатовпен Асқар Дулатов, Түйғшыбаев сияқты алашордашылар байланыс орнатып, солар арқылы кеңеске қарсы әрекет етуге алынған нұсқауды орындап отырғандығы баса келтірілді /21/. Наурызым ісіне қатысты қабылдаған қарарларды «Еңбекші қазақ» пен «Советская степь» газеттеріне жариялау мәселесі қойылды.
Идеологиялық айтыс мерзімді басылымда 30 жылдардың аяғында да өршіді. Бірін-біріне айдап салу тәсілімен қаралап жазған материалдар баспасөздің негізгі тақырыбына айналды. «Социалды Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» сияқты газеттерде бұрынғы алашорданың белді мүшелерінің кеңес ісіне жат, «халық жауы» екендіктерін дәлелдей жазған «домалақ арыздар» қаптап кетті. Нәтижесінде қазақ зиялылары арасында өз басын аман алып қалу үшін бірін-бірі қаралағандардың қатары көбейді. Мұның ақыры 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінмен аяқталды.
1 ҚРПМ. 140-қ.,1-т., 11-іс. 9-10-пп.
2 ҚРПМ. 140-қ.,1-т., 88-іс. 4-п.
3 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 жж. Алматы, 2007. 98-101-бб.
4 ҚР ПМ. 811-қ., 20-т., 568- іс. 46-48-пп.
5 ҚР ПМ. 139-қ., 1-т., 2- іс. 47-49-пп.
6 Темірқазық. 1923. № 2-3. -48-б.
7 ҚР ПМ. 718-қ., 1-т., 114- іс. 1-2-пп.
8 ҚР ПМ. 139-қ., 1-т., 488- іс. 183-183 қайырма-пп.
9 Көлденең. Қаралып жатқан ірі жұмыс // Еңбекші қазақ. 1926. №63(500).
10 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 жж. Алматы: «Елшежіре», 2007. Т.3. 1-кітап. –304-б. 208-212-бб.
11 Еңбекші қазақ. 1926. №66, 67.
12 Атаниязов М. Алаш партиясының тарихи сыны // Қызыл Қазақстан. 1922. №13. 10-12-бб.
13 Мендешұлы С. Қазақ республикасының үш жыл жасауы // Қызыл Қазақстан. 1923. №22. 5-12-бб.
14 ҚР ПМ. 139-қ., 1-т., 550- іс. 28-28- қайырма-пп.
15 Кенжин А. Алаш партиясы туралы тарихи мағлұмат // Қызыл Қазақстан. 1923. №15. 9-11-бб.
16 ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 377-іс. 1-п.
17 ҚРПМ. 141-қ.,1-т., 5-іс. 5-п.
18 Мұқанов С. Өмір мектебі. Таңдамалы шығармалар. 11 том. А., 1977. 96-97-б.
19 ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., “479” а-іс.1-2-п. 20 Сексенбайұлы А. Орта Азия республикаларының баспасөзі 15 жыл социализм күресінде. Т., 1932. 4-б.
21 ҚРПМ. 141-қ., 1-т., 2555-іс. 1-2,9-10-пп.