Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Коммунистердiң белсендiлiгiн көтеру жолындағы күресте Коммунистік партияның Орталық Комитеті партиялық билеттердiң бiрыңғай жүйесiн енгiздi. 1921–1937 жылдар аралығында партиялық құжаттарды ауыстыру үш рет жүргiзiлдi, жалпы партиялық және сонымен қатар кейбiр әлеуметтiк категориялар бойынша партия қатарының құрамын тексеру және партиялық есепке алу тұрақты түрде жүргiзiлiп тұрды. Партияның орталық комитетiнiң нұсқауы бойынша жергiлiктi партия ұйымдарында және өңiрлерде жүргiзiлген екi басты тазалау (1921 және 1929–1930 жылдар) партия қатарының тазалығын сақтау iсiнде маңызды орын алды.
Кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдарындағы iшкi жұмыстарын шешу барысында партия қатарының пролетарлық негiзi мен интернационалдық берiктiгiн нығайту және оларды жат элементтерден тазарту мәселелерi бiрiншi кезекке қойылды.
РК (б) П Х съезiнiң шешiмдерiн басшылыққа ала отырып, 1921 жылы 27 шiлдеде РК (б) П ОК барлық партия ұйымдарына партиялық тазалаулар өткiзу туралы хат жолдады. Қазақстандағы тазалау жұмыстары 1921 жылы қыркүйекте басталып 1922 жылдың соңына дейiн созылды. Меньшевиктер, эсерлер, «Алаш» партиясының мүшелерi мұқият тексеруден өткiзiлдi. ҚАКСР партия ұйымдарында партиялық тазалаулар басталғанға дейiн 24 794 адам болды. Тазалау барысында 4855 адам партия қатарынан шығарылды, шығып кеттi немесе кандидат қатарына өткiзiлдi, оның iшiнде 3660 адам партия қатарынан шығарылды [1].
Орынбор облыстық КОКП партия мұрағатының қорының құжаттарында А. Кенжин туралы мынадай деректер сақталған: «1922 жылы қыркүйекте Орынбор губерниялық бақылау комиссиясы А. Кенжиннің жауапты қызметкер И. Маркевичке жала жабуы туралы мәселе қарайды. А. Кенжиннің тәртібі қаралған мәжілістің хаттамасы мұрағатта сақталмағанымен, жала жапқаны үшін айыпталған А. Кенжиннің жеке ісінде: «1922 жылы 6 қыркүйекте жауапты қызметкер И. Маркевичтің беделіне нұқсан келтіргені үшін партиялық билетіне жазылған қатаң сөгіс берілсін», – делінген бұйрық тіркелді. Осы іске қоса тігілген 8 беттен тұратын арызыында И. Маркевич А. Кенжинмен арадағы келіспеушіліктердің болғандығын жазады. 1922 жылы 23 шілдеде демалыста жүрген жерінен А. Кенжин 33 сөзден тұратын көлемді жеделхатын Қырғыз (Қазақ) облыстық партия комитетінің хатшысы А. Асылбековтің, Қырғыз (Қазақ) ОАК төрағасы С. Меңдешевтің, сондай-ақ М. Мырзағалиевтің, А. Байтұрсыновтың атына жолдаған. Онда И. Маркевич мансапқор, пәлеқор, Қырғыз (қазақ) жоғары оқу орындарының жұмысына нұқсан келтіруші деп көрсетіледі. Жеделхаттың толық мазмұны төмендегіше: «Естуімше, Федерациялық Кәсіптік білім басқармасы (Главпрофобр) И. Маркевичті Қырғыз (Қазақ) Кәсіптік білім басқармасының (Кирглавпрофобр) басшылығына, обкомның оны аталған қызметті атқарған екі жарым жылдың ішінде өзін көрсете алмағандығын, кәсіптік білім беру саласындағы қызметкерлермен тіл табыса алмай, соның нәтижесінде қызметкерлер арасында алауыздық туғызғаны үшін, екі рет қарсы болғанына қарамастан, осы қызметке ұсынып жатқан көрінеді Осы айтылғандардың негізінде оның кандидатурасын алып тастауды, Кәсіптік білім басқармасынының бастығы қызметін уақытша Горкинге, бас саяси ағарту комитетін С. Сейфуллинге жүктеуді үзілді-кесілді талап етемін».
И. Маркевич арызының соңында ескерту ретінде: «А. Кенжиннің ағартушы ретіндегі қызметіне Қырғыз (Қазақ) Халық Комиссарлар кеңесінің бұрынғы төрағасы В. Радус-Зеньковичтің «Н. Крупскаяның еске алуынша, 1921 жылы А. Кенжин Қазақстандағы саяси ағарту жұмыстары туралы баяндамасында барлығын айтқанымен, саяси ағарту жұмыстары жөнінде емес, оның баяндамасының негізі Федерацияның А. Кенжинге, Халық ағарту комиссарына, автомобиль алуға көмектеспейтіндігі туралы болатын» деген сөзі еске түседі». И. Маркевич арызында А. Кенжиннің политехникалық инстиутты өз бетінше шешім қабылдап ашқандығын сынға алды. «Аталған жоғары оқу орнында жұмыс істеп жүрген «қоғамға жат элементтерді» өз қолыммен тазалап, жұмысты жолға қойдым, А. Кенжин маған жұмыс істетпеді» деп өзінің әрекеттерін ашып көрсетеді [2].
Қазақ Облыстық РК (б) П бақылау комиссиясының атына 1922 жылы 23 қыркүйекте төтенше құпия айдарымен берілген Бас саяси басқарма қызметкерлерінің баяндамасында өлкедегі топтарды Кенжин, Меңдешев және Бөкейханов топтары деп үшке бөледі де, ол туралы мынадай деректер келтіреді: «А. Кенжин Алашорданың Батыс бөлімінің бұрынғы төрағасы (қазіргі таңда ол Халық ағарту комиссариатында, Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшесі) осы топтың ең белсенді қайраткері, нағыз ұлтшыл. Алашорданың соңғы кезеңдерінде Әскери кеңестің мүшесі болған. М. Дулатовпен бірге «коммунистерге – өлім» ұранымен жұмыс жүргізді. Түркістан майданының қарашадағы кешірімінен кейін 1920 жылғы мамырдан бастап біздің жаққа өткен, қалай екені белгісіз (Мюраттың көмегімен болу керек, өзін ескі коммунистер қатарындамын деп санайды). Бұл топта М Мырзағалиев, С. Арғыншиев, С. Смағұлов, Ш. Дивеев, А. Байтұрсынов, Ғ. Болғанбаев, Ғ. Әлібеков бар». Аталған баяндамада 1 топтың құрамында Ә Бөкейханов, Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов, М. Дулатов, Ж. Ақпаев, А. Қозыбағаров; ал 3 топтың құрамында С. Меңдешев, А. Асылбеков, Ә. Жангелдин, Ә. Әйтиев, М. Саматов, Н. Нұрмақовтарды атайды [3]. Мұрағат құжаттарын талдау барысында бұл топтардың арасында пікір қайшылықтары мен келіспеушіліктердің болғанына қарамастан олардың бір ғана мақсатты – ұлтты ел ретінде ұйыстыруды көздегендігі белгілі болып отыр.
1925 жылы 23 ақпанда Орынбор губерниялық РК (б) П комитетінің Бақылау комиссиясы Қазақ Ішкі сауда халық комиссариатының РК (б) П ұйымының жеке құрамын тексеру барысындағы қорытындыларын қарай келе, «коммунист А. Кенжиннің тексеру барысында коммуниске жат қылықтар көрсеткені, ұстамсыздығы, топшылдықты ұйымдастырып, бүлдіру жұмыстарын жүргізгені үшін ол атқарып отырған жауапты қызметінен босатылып, төменгі жұмыстарға пайдаланылсын» деген қаулы қабылдады. Орынбор губкомының бақылау комиссиясының шешіміне қарсылық ретінде А. Кенжин Өлкелік РК (б) П бақылау комиссиясына аппеляциялық арыз жазып, губкомның қаулысының күшін жоюға қол жеткізеді де оған «поставить на вид» ескертуі беріледі [4].
1925 жылы 14 наурызда А. Кенжин өлкелік бақылау комиссиясына жазған арызында: «менің мәселемнің қаралу қорытындысында түрлі мағына беретін қарама-қайшылыққа толы қаулы қабылданғандықтан, мен бұл қаулыны негізсіз деп есептейтіндігімді білдіремін. Менің тексеру барысындағы сұрақтарға қысқа және қатқыл жауап беруім, әңгімелесу алдында ондағы жолдастарды ескерткенімдей, менің денсаулығымның жайсыздануына байланысты еді. Қаулының мені төменгі органдарға жұмысқа жіберу туралы екінші бөлігін қайта қарауды сұраймын, себебі мен Өлкелік кеңес-партия мектебінде, Кәсіподақ қозғалысының курстарында, № 3 коммунистік ұйымның жанындағы лениндік шақыру мектептерінде саяси сауаттылық туралы дәрістер оқимын. Менің арызды жазуды кешіктіру себебім, ұзақ уақыт іссапарда болуыма байланысты» деп көрсетеді.
Партиялық тазалау жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан кезеңде А. Кенжин Қызылорда қаласын астанаға айналдыру жұмыстарымен жүргендіктен, оның атына Қызылорда уездік партия комитетінен тазалаудан өту туралы ұсыныс келіп түседі. Бұл мәселеге орай А. Кенжин 1925 жылы 28 наурызда төмендегі мазмұнда арыз жазады: «… Мен биылғы жылдың ақпан айында Орынбор қаласындағы № 5 ұйымда тазалаудан өткенмін. Тексеру үштігінің тексеруі барысында мен олардың сұрақтарына қысқа әрі қатқыл жауап беріп, кейбір сұрақтар бойынша тексеру үштігі төрағасымен сөзге келіп қалдым. Бұл жерде менің сол күні денсаулығымның болмай тұрғандығын және тексеру жұмысының кешкі сағат 6-дан түн ортасы ауғанша болғандығын айтып өтуім тиіс, және мен кезектің ең соңынан шақырылдым. (Хаттама бойынша ол оныншы болып тіркелген). Өзімнің ауырып тұрғаныма қарамастан мен өз кезегімді кешкі 6-дан бастап күтіп отырғаныма байланысты өзімнің шыдамсыздығым мен сабырсыздығымды денсаулық жағадйыма байланысты деп түсіндіремін» дей келе, өзінің тексеруден өткендігін, Орынбордағы тексеру комиссиясының оны жұмыстан босату туралы қаулысының күшін Өлкелік Бақылау комиссиясы жойғанын айтып, партиялық билетінің нөмірін хабарлайды [5].
Біршама мерзім өткеннен кейін, 1929 жылы сәуiрдегі ОК және Орталық Бақылау Комиссиясының бiрiккен Пленумында партияны тазалау науқаны жарияланды. Аталған науқан Қазақстанда маусым айында басталып, 1930 жылғы мамырға дейiн жалғасты [6].
1929 жылғы 28 мамырдағы «Партиялық бас тазалау» атты мақаласында Ф. И. Голощекин жауапты қызметкерлердің арасында бұрын алаш қозғалысына, Қоқан автономиясын құруға қатысқандардың кездесетіндігін, егер олар бұрынғы жолынан қайтқандығын, партия жолына адал берілгендігін дәлелдесе олардың кінәсі жеңілдетілетінін айтты. Ол қазақ қайраткерлерінің денін тазалау керек, олардың ішінде көсемдер алты-жеті ғана болуы мүмкін болғанымен жақтастары көп болуы мүмкін дей келе, қасындағы жолдастарының бұрынғы тірліктерін ашып айтуды талап етті. Қазақ Өлкелік партия комитетінің V конференциясынан кейін аталған адамдар партияға адал қызмет етсе, олардың бұрынғы істері беттеріне басылмауы тиіс делінді. Бірақ бұл санаттағылар не болғанын, қалай жұмыс жүргізгендерін және кіммен бірге болғандығын ашып айтуы тиістігі де баса айтылды.
Аталған конференциядан кейін топшылдыққа бой ұрып, ұлтшылдыққа жол бергенімен, кейіннен райынан қайтқандардың кінәсі кешірілетін болады. Оларға да алғашқы санаттағыларға қойылған талаптар қойылады. Олардың алғашқы топтан айырмашылығы, бір жыл төменде жұмыс істеп келуі тиіс болды. Ал үшінші санаттағы тұлғаларға үндемей жүрген, мүддесі екіжүзді болып жүргендер жатқызылып, «Олар көсемдер болуы мүмкін», – делінді. Сондықтан олармен аяусыз күрес жүргізіліп, олар партия қатарынан шығарылуы тиіс деген нұсқау берді. Біз олардың партия қатарынан шығарылуын қатаң талап етеміз. Қайта тәрбиленуіне ықпал жасап, өткеннен түбегейлі бас тартуына қол жеткізуіміз керек деген мақсаттарды қойды [7].
Арада аз ғана уақыт өткен соң 1929 жылғы 13 маусымда Орталық Бақылау Комиссиясының Өлкелік партия комиеті мен Өлкелік Бақылау комиссиясының мүшелерін тексеру жөніндегі комиссиясының мәжілісінде А. Кенжин мен Ә. Байділдиннің мәселелері қаралады. Тазалау жұмыстары елдің барлық өңірлерінде жүргізіліп, халықтық науқанға айналған болатын. Тексеру мәжілістері ашық түрде, клубтарда, театр залдарында көпшіліктің қатысуымен өткізілді. Тексеру қорытындылары, келесі мәжілісте кімнің мәселесі қаралатындығы өлкелік орталық баспасөз беттерінде, «Еңбекші қазақ», «Степная правда» газеттерінде хабарландыру ретінде жарияланып отырды. А. Кенжин Алашорданың кеңестер билігіне қарсы күрескен қарулы жасағының қатарында және 1918–1919 жылдары Алашорданың Торғай бөлімінің әскери кеңесінің мүшесі болғандығы үшін айыпталды. Алашорданың Орталық үкіметінің мүшелігіне кандидат болып сайланды, кеңес билігіне қарсы күресу үшін қазақтан жігіт жинады, Ә. Бөкейханов арқылы А. Колчакқа Торғай өңіріндегі большевиктерге қарсы күрестің барысын баяндау үшін Омбыға барды деп көрсетілді. Газет бетіне жарияланған хабарда оның Алашорданың әскери кеңесінің құрамында болғанын алғашында мойындамағанымен, куәлердің көрсетуінен соң мойнына алғандығы туралы хабарланды. Орталық Бақылау комиссиясы оны 1922 жылы ОАК оның құжаттарын тексеруден өткізгенде бұл деректі жасырып қалды, жеке ісінде көрсетпеді деп айыптады. Мәжіліс «А. Кенжин партия қатарынан шығарылсын» деген қаулы қабылдады.
1929 жылы 30 маусымда А. Кенжин Бүкілресейлік Коммунистік партиясының Орталық комитетіне, Мәскеуге жолдаған жеделхатында бұл істің 1922 жылы қаралғандығын, тиісті шешім қабылданғандығын айтады. Малшы отбасынан шыққандығын, әлеуметтік тегін ескере отырып, өз айыбын қоғамдық жұмыстармен өтеуге мұрсат беруін сұрап, көлемді жазады. Соңында «шешімде менің қазан төңкерісіне дейінгі кеңестік-партия жұмыстарым ескерілмеді. Мені Мәскеу қаласына шақырып, мәселемді жеке шешуді сұраймын» деп жазады [8].
1929 жылғы маусымдағы (газет сапасының нашарлығынан шыққан күнін анықтау мүмкін болмады) «Джетысуйская искра» газетінде «Өлкелік партия басшылығы қызметіндегі кадрларды тазалау аяқталды» тақырыбымен берілген мақалалар топтамасында А. Кенжин мен Ә. Байділдиннің «бұрынғы алашордашы, колчак контрбарлауының қызметкері ретінде кеңес өкіметіне қарсы күресті» деген айыппен партия қатарынан шығарылғандығы айтылды. «Орталық бақылау комиссиясының басшылығымен жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесі туралы комиссия төрағасы Булин баяндама жасап, тексеру жұмысына партия және кәсіподақ өкілдері белсенді түрде қатыстырылды. Өлкелік комитеттің 56 мүшесі мен кандидаттары електен өткізілді. Қазақстан партия ұйымының басшы кадрларын тексеру қорытындысы бойынша 56 адамның 13-і ескертулер мен келешек жұмыстарында ескеруі тиіс нұсқаулар алды. Екеуін тексеру үштігі партия қатарынан шығаруға шешім қабылдады. Бұлар А. Кенжин мен Ә. Байділдин еді. Айыптау қорытындысында «А. Кенжин қалыптасып үлгерген саяси тұлға. 1905 жылдан бастап 1919 жылдың соңына дейін ол меньшевиктер қатарында болды. Алашорданың әскери кеңесінің мүшесі және кеңес өкіметіне қарсы күрескен Алашорданың белсенді мүшесі болды. Ол өзінің өткенін партиядан жасырып қалды. Тіпті тазалау барысында өзінің өткен өмірі туралы әңгімесінде мүлдем аузын ашпағаны былай тұрсын, оны жоққа шығаруға тырысты. Алашорданың әскери кеңесінің мүшесі ретіндегі қол қойған құжаттарды көрсеткен соң ғана тағылған айыпты мойнына алды» деп көрсетілді [9].
Бұлтартпас дәлелдерден кейін А. Кенжин 13 маусымда өзіне қойылған төмендегі айыптарды мойындауға мәжбүр болады. Олар:
«1. 1922 жылы Орталық Бақылау Комиссиясында істі талқылау барысында мен Алашорданың Әскери кеңесінде болғаным жөнінде айтпадым.
2. Омбы қаласына Ә. Бөкейхановқа 1919 жылы Торғай Алашордасының тапсырмасымен баяндама жасау үшін бардым. Ол маған Торғай Алашордасының А. Колчак жағына өткендігі туралы баяндап беруді ұсынды, өз кезегінде Ә. Бөкейханов А. Колчакпен сөйлесті. Менің көзімше Ә. Бөкейханов А. Колчакпен сөйлеспеді. А. Колчактың барлау органдары мені тұтқындамақ болған сәтте мен кетіп қалдым.
3. С. Қадырбаев (Алашорданың белсенді қатысушысы) – менің мектептес жолдасым. Онымен Алашорда мәселесі бойынша Орынборда кездестім, кейіннен ол Әскери кеңестің мүшесі болды.
4. Омбыда болған кезімде мені тұтқынға алды, соңынан Е. Омаровтың араласуымен мені алашордашы ретінде босатты.
5. Отрядты жасақтау алғашында – ұлттық автономияны қорғау ұранымен жүргізілді; нақты айтқанда – егер қазақ халқына шабуыл жасай қалса большевиктерге (Қызыл Әскер) және ақтарға қарсы күресу үшін жүргізілді.
6. Б. Сисекенов отрядты басқарды, вахмистр болды. Ол Могилевтің отрядымен Ырғыз тарапына барып, коммунистерді атуға қатысты. Әскери командир мен Л. Таранды атуға ол қатысты ма, жоқ па дәл есімде жоқ. Оны ату жөніндегі өкімді А. Дулатов берді, ату жазасын Иминов–Ақжолов жүзеге асырды, екіншісінің фамилиясы есімде жоқ.
7. Әскерге алу кеңес өкіметі мен большевиктерге қарсы күрес жүргізу үшін жүзеге асырылды.
Аспандияр Кенжин сонымен қатар Амангелді Имановтың өліміне еш қатысы жоқтығын, бұл Әскери кеңестің шешімі болғандығын айтты. Ақжол ұйымы Батыс Алашордаға оппозиция болды, бір бөлігі Кеңес билігі жағына өтті. Ақжолдың шешімі бойынша: Егер Батыс Алашорда өзінің тактикасын өзгертетін болса, онда Ақжол кеңестер жағына өтіп, соның бағытымен жүретін болады деген болатын деп көрсетті [10].
Алматы округтік партия комитетінің бюросы 1930 жылы 18 мамырда А. Кенжиннің партия мүшелігін қалпына келтіру туралы мәселені қарады. Бұл туралы хаттамада «1) Алматы Шұға фабрикасының партия ұясы А. Кенжиннің партиялылығын қалпына келтіру туралы қаулысында жоғары органдардың қарауына дейін, А. Кенжинді жалпы негізде партия мүшелігіне кандидат етіп қабылдансын; 2) Шұға фабрикасының партия ұясының материалдары мен шешімі А. Кенжиннің партиялылығын қалпына келтіру туралы қатынас хатпен бірге Орталық Атқару комитетіне жіберілсін және Өлкелік Бақылау комиссиясының қарауына берілсін» делінген қаулы қабылданған [11].
1932 жылғы 10 желтоқсанда партия қатарына жаңа мүшелердi қабылдау тоқтатылып, партия қатарын тазалау жоспарланды. Қазақстандағы партиялық тазалау жұмысы енді 1934 жылдың 1 жартысында жүргiзiлуi тиiс болды. Аталған тазалау жұмысы А. Кенжинді сырт айналып өтпеді.
А. Кенжиннің ендігі өмірі Мәскеу мен Алматының, Ашхабадтың ортасында жүрумен өтті. Қолда бар деректер бойынша ол РКФСР Халық комиссарлары кеңесi Дайындау комитетiнiң Түркіменстандағы дайындау өкілдігінің уәкілі қызметінде жүріп те бірнеше мәрте партия қатарынан шығарылғандығы айқындалып отыр. Ашхабад қаласында Түркіменстан Республикасының партиялық тазалау жөніндегі комиссиясының аппеляциялық үштігі мәжілісінің 1935 жылғы 23 наурыздағы хаттамасында А. Кенжин мәселесінің қаралғандығы айтылған. «… 1935 жылғы 11 қаңтарда тазалау жөніндегі бастауыш комиссия 1917–1919 жылдардағы кеңес өкіметіне қарсы жүргізген күресі және контрреволюциялық ұйымға белсене қатысқанын жасырғаны үшін партия қатарынан шығарды». Бастауыш партия комиссиясы А. Кенжинді өз аппаратында орынбасарына жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасамай, осының әсерінен ұрыс-керістер туындауына жол бергендігі үшін айыптайды. Ашхабад қалалық комиссиясы бастауыш партия ұйымы комиссиясыныңың шешімін қуаттайды. Комиссия А. Кенжиннің айыпталып отырған мерзімі Қазақстандағы жұмыс жылдарына тура келетіні және бұл қадамдары үшін бір рет жауап беріп, шын жүрегімен ақтарыла мойнына алғанын ескере отырып оның ісі тексерілді, партияға мүшелігі қалпына келтірілді» – деген қаулы қабылдайды [12]. 1935 жылғы 17 қыркүйектегі Түркімен КСР-і Дайындау комиссариатының уәкілеттігі жанындағы бастауыш партия ұйымдарының партия мүшелерінің партиялық құжаттарын тексеру актісінде көрсетілгендей, оның партиялық билетінің толтырылуындағы кемшіліктер, қателер атап көрсетіледі де, оның осы уақытқа дейін үш рет партия қатарынан шығарылып, төрт рет партиялық сөгіс алғандығы баяндалады. 1935 жылы 26 мамырда партия қатарына қайта қабылданғаннан кейін А. Кенжинге партия жиналысында партия мүшесіне жат қылық көрсеткені үшін Ашхабад қалалық партия комитетінің бюросы сөгіс жариялаған.
1936 жылы 31 наурызда Түркіменстан Коммунистік Пратиясының Орталық комитетінің бюросы Дайындау уәкілеттілігінің іс қағаздарды тек қана орыс тілінде жүргізгендігі туралы мәселе қарайды. «Іс жүргізуді түркімен тілінде жүргізу туралы партия және кеңес шешімдерін елемегендігі үшін А. Кенжин Халық Комиссарлар кеңесі жанындағы Дайындау комиссариатының уәкілі қызметінен босатылсын» деген мәтінде қаулы қабылданды [13]. 1936 жылғы желтоқсан– 1937 жылғы қаңтар аралығында Орынбор қаласы Биржевая көшесiндегi қонақүйде IIХК Орынбор облыстық басқармасы тарапынан ұсталғанға дейiн Елтiрi терi әзiрлеу одағының Орынбор облыстық конторы директорының орынбасары болып жұмыс істеді. Қызы Лия Кенжинаның қолындағы деректер бойынша, оны Мәскеуден Орынборға келе жатқан мезгiлде, жолда тұтқындаған. 1937 жылы қаңтарда ол Алматыға этаппен айдап әкелінiп, 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесiлдi. Тергеу хаттамаларында жазылғандай, А. Кенжин сегiз ай бойы өзiнiң «қылмысын» мойнына алмаған [13].
Алаш автономиясының және Алаш-Орда үкiметiнiң құрылғанына 90 жыл толуына орай «Ана тiлi» газетi ұйымдастырған «Кешегi күн – бүгiнгi күннiң анасы» атты дөңгелек үстел мәжiлiсiне қатысушы ғалымдар Қазақстан тарихының кеңестiк кезеңiнiң өзеккестi мәселелерiн атап өтедi де, құлағы түрiк, көзi қарақты алқалы топқа арнау-үндеу арнайды. «Алаш қозғалысына белсендi қатысқан, кейiн саяси көзқарас айырмашылығына байланысты қозғалыстан ажыраған, соңыра большевиктiк режимдi әлеуметтiк өзгерiстердiң позитивтi кепiлi деп қабылдаған жәдидтердiң (Сәкен Сейфуллин, Сейiтқали Меңдешев, Нәзiр Төреқұлов, Әбдiрахман Әйтиев т. б.) буынын, сондай-ақ соңғы жас буынын (Смағұл Сәдуақасов, Темiрбек Жүргенов, Аспандияр Кенжин т. б.) Алаш-Орда тарихы контексiнде қарастырып зерттеу» және т. б. мәселелердi көтередi. Ресейдегi Биография институты үлгiсiмен Тұлғатану ғылыми-зерттеу орталығын ашу туралы жасаған ұсыныстарын дер кезiнде көтерiлген және пiсуi жетiлiп, бабына келген тақырып деген қорытынды жасауға болады [14].
Алаш қозғалысының шырқау шегi болып есептелетiн 1917 жылғы желтоқсан мен 1920 жылғы мамыр аралығындағы деректердi қамтитын «Алаш қозғалысы» құжаттар мен материалдар жинағында кездесетiн есiмдердiң өзi 763-тi құрайды. Қайталанып келетiнi бар, орыс тiлдi қызметкерлердiң дұрыс жазбауынан бiр адамның аты-жөнi әртүрлi болып жазылатыны бар екендiгiн ескере отырып, бұл тiзiмдi 600-ге қысқартқанның өзiнде, алаш қозғалысына тiкелей қатысқандармен қатар бұл қозғалысқа қарсыластардың, жанама түрде қатысқандардың өмiрбаяндарын нақтылау арқылы тарих бозтаңдақтарын қалпына келтiруге болатындығына көз жеткiземiз [15].
Жеке тұлғалар өмiрбаянын талдап, зерттеу арқылы, ол өмiр сүрген ортаның бар болмысын ашып, айқындап, бағалауға, белгiлi бiр қорытындылар жасауға мүмкiндiк туады. Мемлекет тарихы оның құрамында өмiр сүрген тұлғалардың өмiр жолы арқылы жазылатындығы да мәлiм.
Алаш зиялылары Орталық Азия елдерi iшiндегi ең мықты саяси күш болды. Алаш партиясының төңiрегiне жиналғандар халықтың санасына, мiнезiне, ұстанымына елеулi ықпал ететiн саяси күш ретiнде қабылданып, кеңестiк билiк оларға өз бәсекелесi ретiнде қарады. Тек ХХ ғасырдың өзiнде ғана 1916–1922, 1926–1933, 1937–1938 жылдары репрессиялық iс-шаралар бiрде ашық, бiрде жабық түрде кең ауқымда, үзiлiссiз жүргiзiлiп отырды [16].
Кеңестiк билiк өкiлдерi өз басымдылығын нығайту үшiн ел iшiндегi сауатты жандарды, бұрын большевиктер қозғалысына қарсы шыққандарды да өз қатарына тарта бастады. Бiрақ бұл саясат ұзаққа бармады. Қазан төңкерiсiнен кейiнгi дүниеге келген ұрпақтың өз қолы өз аузына жеткен уақытта, яғни 1937–1938 жылдары елдегi «могиканның соңғы тұяқтарын» жаппай тұтқындау, жазалау қолға алынды. Қазақ зиялыларының тағдыры тығырыққа тірелді.
Партия-кеңес жұмыстарында жүрген А. Кенжин өзінің сан қырлы қасеитін танытты. Ауыл шаруашылығы, ет-мал өнімдерін дайындау, астананы көшіру, абаттандыру, халықаралық және ішкі және сыртқы сауданы дамыту жұмыстарында ерен жетістіктерге жете білді. Мемлекет мүддесі мен қарапайым халықтың қажеттіліктерінің белгілі бір деңгейде тоғысуына ықпалын жасай алуға қол жеткізді.
Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімі:
1. Осипов В. П. Деятельность партийных организаций Казахстана по организационно-политическому укреплению своих рядов (1921–1937 гг.). // Вопросы истории Компартии Казахстана. 19-выпуск. –Алма-Ата: Казахстан, 1988 г. –С.76, 78.
2. ҚР ҰҚК … 3-т. 45–53-б.
3. ҚРПМ. 719-қ. 5-т. 83-іс. 49-б.
4. Сонда. 1-т. 185-іс. 5, 5-қ., 6-б.
5. Сонда. 3, 4-б.
6. ҚР ҰҚК … 3-т. 6-б.
7. // Советская степь. 28 мая 1929 г.
8. ҚР ПМ. 811-қ. 79-б іс. 51–70-б.; 719-қ. 5-т. 83-іс. 21–35-б.
9. Сонда. 1303-іс. 20-б.
10. 719-қ. 5-т. 83-іс. 64-б.
11. ҚРПМ. 141-қ. 1-т. 2397-іс. 1213-б.
12. Сонда. 2-қ. 1-т. 345-іс. 12-б.
13. ҚР ҰҚК … 3-т. 40, 40 қ-б.
14. ҚР ҰҚК … 3-т. 41, 41-қ., 42-б
15. // Ана тiлi. 22 наурыз 2007 ж.; Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы…2-т.
16. Қойгелдиев М. Репрессия құрбаны – қазақ ұлтшылдығы. // Түркiстан. 23 ақпан 2007 ж.