К.М. Еримбетова. Тарих тағлымы – кеңестік тәжірибе

Әрбір халықтың қалыптасуы мен дамуы, оның белгілі бір территорияда орналасуының терең тарихи тамыры бар. Кеңестік жүйе ыдырап, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы кеңес дәуіріндегі тарихи процестерді саралауға, оның ішінде көші-қон мен қоныстандыру мәселелеріне ғылыми тұрғыдан баға беруге жол ашты. Кеңес дәуіріндегі қоныстандыру мен көші-қон үрдістерінің демографиялық қана емес біртұтас мелекеттік билік тарапынан жасалынған іс-шаралар екендігі айқындала түсті. Себебі қоныстандыру үрдісінің жүргізілуі халықтардың көші-қонына әкелетіндігі заңдылық еді. Ал халықтың көші-қон қозғалысы олардың әлеуметтік жағдайының өзгеруіне, психологиялық ахуалына әсері болды.
Соңғы кездері елiмiздiң демографиялық даму үдiстерiн зерттеу, көшi-қон үрдiстерiнiң барысы мен салдарын талдауға көп көңiл бөлiнiп жүр. Себебi ұлттық еркiндiктi сақтап қалу үшiн, тамырымызды тереңге жаю үшiн кең байтақ жеріміз бен халқымыздың тұтастығы мен амандығы маңызды. Сондықтан да ХХ ғасырдың соңына қарай еліміздегі көші-қон, әлеуметтік-демографиялық мәселелер мемлекеттік дәрежеде қарастырыла бастады.
Қазақстандағы тарих ғылымының зерттейтін өзекті мәселелердің бірі – кеңес мемлекеті тұсындағы елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуымен қоса жүргізілген көші-қон және халықтарды қоныстандыруға байланысты нақты тарихи үрдістер. Қоғам заңдылықтарының бірлігі бейбіт қатынастарды туғызады. Ал, қоғам өмiрiн жан-жақты дамыту алдыңғы қатарлы жоспарды жүзеге асыру бейбiт және өркениеттi әдiстердi қолданғанда ғана нәтижеге жеткізеді [1].
Қазақ тарихында Қазақстан территориясындағы патшалық Ресейдiң отаршылдық жүйесі кезеңiндегi қоныстандыру саясатының мәнін жақсы түсіне отырып, ел мүддесіне қарай іс-әрекеттер жасаған Алаш партиясы болды. Ә. Бөкейханов, М. Шоқайұлы және қазақтың ұлттық интеллигенциясының басқа да өкілдері жетекшілік еткен Алаш ұйымы Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәселелерді шешуде большевиктерге қарама-қарсы позицияда болып, қазақ қалқының ұлттық тұтастығы мен оның бірлігінің мүддесін қорғап, Алаш көсемдері таптық жіктелу принципін бүкіл саясатының негізіне алған 1917 жылғы қазан революциясының ұрандары мен Совет өкіметінің нақтылы іс-әрекетін қабылдамады[2]. Мұны оның бағдарлама жобасындағы ең негізгі мәселе — жер мәселесінің қозғалуынан көруге болады. Онда: «Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тоқтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылданып, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, атамекенін әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін жер сыбаға шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер комитеттері анықтайды. Заң жерді сатуға тиым салады. Ертіс бойындағы он шақырымдағы (десятиверстная) қазақ сол жерден үлес алсын. “Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, Законмен аламыз. Қазақ сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына өтіп, оларды земство билейді”делінген (“Қазақ”, 1917, №251).
Бірақ кеңестiк дәуiрдегi қоныстандырудың жалғастырылуы және көшi-қонның басқа да түрлерінің жоспарлы түрде жүргiзiлуі, ондағы iс-шараларының нәтижесі қазақ ұлтының сана-сезiмi мен әлеуметтiк-психологиялық ерекшелігін қалыптаса бастаған социалистік қоғамдағы ортаға бейiмделуге әкелді. Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде елдi индустрияландыруды жүзеге асырудың бiрден бiр көзi ретiнде «көсемiмiз В.И. Ленин» тұрғындары сирек орналасқан, жерлерi шүйгiн шығыс аймақтардың мол табиғи байлығын кешендi пайдалану керек деп есептеп, бұл мiндеттiң шешiмiн тұрғындардың көшi-қонымен ғана байланыстырды.
Кеңес өкiметiнiң алғашқы құжаттарында-ақ тұрғындар көшi-қонының социалистiк принциптерi жасалынды. Кеңес өкiметiнiң көшi-қон саясатының негiзгi ережелерiн В.И. Ленин жер туралы Декретте мазмұндады. Кеңестердiң Жалпыроссиялық II съезi: «Барлық жергiлiктi тұрғындардың сұранысына қарай жергiлiктi жерлердегi қажеттi жер қорлары жеткiлiксiз болған жағдайда тұрғындардың бiр бөлiгi қоныстандырылады, қоныстандыруды ұйымдастыру, шығындар, қажеттi заттармен қамтамасыз ету т.б. жауапкершiлiктердi мемлекет қолына алуы тиiс» [3] деп мәлiмдедi. Сол кезеңдегi шаруашылықтағы күйзелiске, қаржы жүйесiнiң былығына қарамастан, кеңестiк мемлекет халық бұқарасын қоныстандырудың материалдық және қаржылық шығынын көтерудi өз қолына алды.
Көшi-қон саясатының тәсілдері 1918 ж. 27 қаңтарда (9 ақпанда) өткен Кеңестердiң жалпыресейлiк III съезiнде «жердi әлеуметтендiрудiң негiзгi заңы» тарауындағы қоныстандыру туралы шешiмiнде одан әрi жетiлдiрдi. 1924 ж. 2-8 наурызда болған жер мәселесi жұмысшылар органдарының II- Жалпыресейлiк отырысында «қоныстандыру туралы» арнайы резолюциясы қабылданды, онда «игерiлмеген жерлерге жоспарлы қоныстандыру, екiншiден, ауыл шаруашылық жұмысшыларын қозғалыс барысында кооперативтерге т.б. коллективтерге бiрiктiру» шаралары белгіленді. Жоспарлы қоныстандыру арқылы еңбекшi бұқараның экономикалық қана емес, саяси – кооперативтендiру, ұжымдастыру мiндеттерiн толық шешемiз деген сенiмде болды. Жер туралы Лениндiк декрет одақтағы барлық ұлттар еңбекшiлерiне бiрдей жарияланған едi. Қазан төңкерiсiнен кейiн Торғайда өткен шаруа, солдат және жұмысшы қырғыз депутаттарының 1918 жылы 19 наурыздағы облыстық съезiнде қабылданған ауылшаруашылығына пайдаланылатын жердiң барлығы еңбекші халықтың жер қоры болып табылады және « …қырғыз бен орыс тұрғындарына әділетті түрде бөлінеді…» [4] деген шешiмi Қазақстанның барлық жергiлiктi Кеңестер съездерiнде өз жалғасын тапты.
Осы орайда айта кететін жайт-бұл құжатта қазақ ұлтының этникалық шығу тегiне мән берілмей, мемлекеттiк дәрежедегi құжатта «қырғыз» деп көрсете салынғаны, екiншiден жердi иеленудегі орыс ұлтының ерекшеленуi көрiндi.
Ресейден келген қоныстанушылардың саны 1909 жылы 619 мың адам болса, 1916 жылы 800 мыңға адамға жетті. Осы кезеңнен бастап көші-қон үрдістері арқылы иемдену өлкені экономикалық жағынан пайдаланумен ұштасты.1929 жылы 13 ақпанда БКП Қазақ Өлкелiк Комитетiнiң (б) бюросы қоныстандыру және Қазақстанда қоныстандыру Басқармасын ұйымдастыру туралы мәселесiн қарап, республикада қоныстандыру жұмыстарын жүргiзу жоспарын бекiтетiндей шешiм қабылдады [5].
Қазақ АКСР Кеңесiнiң 7 съезiнде (8-15 сәуiр 1929 ж.) Кеңес Одағының аймақтарынан келген қоныстанушыларды республиканың территориясына орналастыру мүмкiндiгi көзделiп, осы жылдан бастап Қазақстанға жоспарлы түрде қоныстандыру жүргiзiле бастады. Міне, осы кезден бастап қоныстандыру және көші-қон жұмыстары Орталықтан басқарылып отырды. 1950 жылға дейiн арнаулы қоныстандыру жүргiзiлгенмен белгiлi бiр жүйелiлiк сақталмады. 1950 жылы республикада көш-қон Басқармасы құрылды, ал 1956 ж. жұмысшыларды ұйымдастырып жинақтау органдары “оргнабор” Басқармасымен бiрiктiрiлдi. Кеңестiк дәуiрдiң көші-қон саясаты және қоныстандыру тұрғындардың санының өзгеруiне, ұлттық құрылым мен мигро- экономикалық әсерлерi болды.
Кеңес мелекетінің Қазақстандағы ұлттық-территориялық межелеудің мемлекеттік құрылымын құру кезіндегі кейбір ауытқушылықтарға (автономиялық республика, округ, облыс) жол беруі, ассимиляциялау үрдісінің жүргізілуі, басқарудың орталықтануы, республикадағы ұлттық ресурстарды бiртұтастандыру, ұлттық шаруашылық дамуын бiржақты етіп шикізат өндіруге ғана бейімдендіруі және іс-шаралар дербестігінен айыруы тұтас кеңестік саясат сипатын айқындайды. Бұл үрдіс 1960-1990 жылдары да жалғастырылды. Мұндай саясаттың нәтижесi – орталықтанған кеңес мемлекетiнiң құлауынан көрiнгенi мәлiм. Ал әлемдiк тәжiрибе жалпы адамзаттық мәселенi шешуде ұлттар бiрлiгiне негізделген саясаттың тиiмдiлiгiн айғақтайды.
Мысалы, 1989 жылы Жаңа Өзенде мұнай өндiретiн орталықта жергілікті ұлт өкілдері мен сырттан, әсіресе Кавказ бойынан келген жұмысшы – вахташылар арасындағы дау /маусым айында/ қанды қақтығысты тудырып, ол қақтығыс iшкi iстер қызметкерлерi мен әскер араласқаннан кейiн ғана тоқтатылды [6]. Ұлтаралық шиеленiстiң күшеюi ұлттық саясатты жедел қарау қажеттiгiн туғызды. Ұлттық саясатты ретке келтiрудiң алғашқы қадамы 1989 жылы қыркүйекте «Тiл туралы» қазақ тiлiн мемлекеттiк, ал орыс тiлiн ұлтаралық қатынас тiл ретiнде жарияланған Заңның қабылдануы болды. Бұл республикадағы қоғамдық саяси жағдайды, этникалық қайшылықтарды реттеп, шешуге әкелетін үрдістің орнығуына әкелді. Ұлтаралық қатынастардың татулық пен өзара келісімге негізделген дамуын қалыпқа түсiрдi.
1960-1990 жылдардағы тұтас саясаттың бір бөлшегі кеңестік көші-қон саясаты және қоныстандыру қоғам заңдылықтарына сәйкес жүргiзiліп, оның қағидалары негізделген демократиялық үрдiстермен ұштасқан болса, онда 1986 жылғы ұлтаралық қақтығыстар шиеленiспеген болар едi. «Ақиқат маңдайыңа тимей, санаңа сiңбейдi» деген сөз бар… халық әрең жеткен өз бостандығын қолдан бермек емес және ешкiмге сыйлай салмайды» тұжырымдарын жасаған Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан халықтарының азаматтық таңдауы-тарихи зерде, ұлттық татулық және демократиялық реформалар» [7], және «Тарих толқынында»: «…Тоталитаризм – өкiнiшке қарай заңдылық. Қоғамдық үрдiстердi тоталитарлық әдiспен реттеу тиiмсiздiгi көрiнiс бердi» [8] деп, кеңес саясатының күйреу салдарын сараласа, «Қазақстан – 2030» (Ел Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы)» еңбегiнде: «…осал жағымыз кез келген тұрғыдан қауiптi-демографиялық өнiмсiздiгiмiзде» деп сипаттап, ұлттық қауіпсіздігіміздің сақталуы – күшті демографиялық және көші-қон саясатында екендігін көрсетті. Мемлекеттік саясат тұрғысында ұлттық татулық – саяси тұрақтылықтың негiзi. Бұдан былай шет елдерге (Америка, Европа елдеріне т.б.) бостан бос еліктемей, олардың ғасырлар бойғы өмірлік тәжірибе сынынан өткен озық үлгілерін өзіміздің табиғи дәстүрлі ерекшеліктерімізбен сабақтастыра отырып қажетті деген дүниелерді ала білу-алдағы міндет.
Бүгінгі Қазақстан азаматы үшiн негiзгi мәселе ұлттық татулық, ұлттық даму, ұлттық сана, ұлтаралық келісім мен ынтымақ қатынас. Ендеше қоғамымыздың болашақтағы тыныштығының бір ұшы республикадағы ұлт қатынастарының дамуына бiр-бiрiнен ажырағысыз этникалық дифференциация және интеграция үрдістеріне байланысты [9].
Тоталитарлық тәртіптің, сол кезеңдегі кеңес үкіметінің көші-қон саясаты мен қоныстандыру үрдістерінің болашақтағы нәтижелерін кешегі алаш азаматтары күні бұрын біліп ұлттық мүдде тұрғысынан іс-қимылдар жүргізді, шындығында жалпы қазақ санасына жарылыс жасағанын мойындауымыз керек. Кеңес өкіметі алашордашыларды Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластату мақсатында алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Идеяларының қауіпті болуына байланысты кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды[10].
Кеңес одағының әміршілдік жүйесі жағдайында көші-қон мәселесін зерттеуге ішінара мүмкіншіліктер беріліп, 1960-жылдары халықтар көші-қоны кешенді зерттеле бастады. Бірақ, 1970 жылдарға дейін Қазақстандағы тарихи демографиялық мәселелер толығымен ашылмады. Тек, 1970-1980 жылдары ХХ ғасыр басындағы Қазақстан халқының демографиялық дамуы мәселелерін арнайы қарастырған зерттеулер жарық көре бастады. Бұл еңбектерде халықтың этнодемографиялық дамуындағы өзгерістердің себебінің бірі көші-қон процесі қарастырылды.
Қазақстандағы ХIХ – ХХ ғғ. жүрген көші-қонның тарихы, оның халықтың әлеуметтік-ұлттық құрамына тигізген әсері, көші-қон үрдісі мен ұлттық құрылым өзгерістерінің өзара байланысы алғаш Е.Н. Гладышева, Н.Е. Бекмаханова, З.Б. Шахаман, В.М. Кабузан мен Н.В. Алексеенко зерттеулерінде сараланды. Мысалы Ф.Н. Базанова еңбектерінде республика халқының көп ұлтты құрамының қалыптасуындағы көші-қон қозғалысының әсерін көрсете отырып, оның күрделі де көп салалы процесс екендігін дәлелдейді. Кеңестік дәуірдегі зерттеулердің негізі идеологиялық ұстанымдарға сай баяндалды.
Сонымен, толықтай кеңестік тәжірибеден өткен көші-қон саясаты бүгінгі күні ғана емес, сонау тарихымыздың қазан төңкерісі кезеңінен қазақ зялыларын толғандырған мәселе. «Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын» деген кешегі арман, бүгінгі ақиқат- Тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағының желбіреуі, бүгінгі ұрпақ үшін бақыт! Бүгінгі қазақ зиялылары алдында өткен тарихи кезеңдер сабақтары бойынша өз қорытындыларын жасап, шынайылық тұрғыда рухани, ғылыми құндылықтарды халықтың болашағы мен игілігі үшін дамыту міндеті тұр.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Турсынов Б.Ж. Нравственно-духовное просвещение. – Алматы: «Фараби-фонд», 1995. – С. 223.
2. Нұрпейісов К. Алаш қозғалысы тарихының деректік негіздері //ҚР ҰҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сриясы.-1995. № 2-71-б.
3. Ленин В.И. Толық шығармалар жинағы. –Алматы, 1962. – Т. 35. – 26-б.
4. Базанова Ф.И. Формирование и развитие структуры населения Казахской ССР. – Алматы: Казахстан, 1987. – С.25-29.
5. Ковальский С. Деятельность партийной организации Казахстана по осуществлению переселенческих мероприятий в 1929-1930 г.г. // Вопросы истории КПСС. -1975. -Вып. IV. – С.45.
6. Күзембайұлы А., Әбiл Е., История Республики Казахстан. – Астана: «Фолиант», 2000. -С. 348.
7. Назарбаев Н. Қазақстан халқының азаматтық таңдауы – тарихи зерде, ұлттық татулық және демократиялық реформалар. («Тоталитаризм сабақтары»). -Ақмола: «Қазақстан», 1997. – 7-б.
8. Назарбаев Н. Тарих толқынында. -Алматы: Қазақстан, 1999. – 253-254-б.
9. Куликов Л.М. Две тенденции в развитии национальных отношений. –М.: «Финансы и статистика», 2001. -С.88.
10. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.-Алматы, 1995