Этнология және антропология бөлімі туралы
Бөлімнің тарихы
1945 ж. Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының құрылуымен бірге Этнография бөлімі де (сектор ретінде) ашылды. Оның алғашқы бөлім меңгерушісі шығыстанушы, этнограф Н. Сәбитов болды. 1940 ж. соңы – 1950 ж. басында республиканың оңтүстік-шығыс өңірлерінде бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, «Қазақ колхозды ауылының мәдениеті мен тұрмысы» («Культура и быт казахского колхозного аула») атты тақырыпта зерттеу жұмыстары басталды. Бұл кезеңдерде Қазақстанның алғашқы кәсіби этнографтары даярланды, олар ғылым кандидаттары: И.В. Захарова, Г.Н. Валиханов, В.В. Востров, Р.Д. Ходжаева. 1950 жж. ортасында Этнография бөліміне жас мамандар – Е. Масанов, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, О. Смағұловтардың келуімен этнографиялық зерттеулер кең түрде жүргізіліп, нәтижесінде ғылыми жұмыстар сәтті қорғалды. Бұл кезде Бөлім меңгерушісі И.В. Захарова болды. 1980 ж. басына дейін бөлім мамандарының ерен еңбектерінің арқасында Қазақстанның барлық өңірлерінде аймақтық Тарихи-этнографиялық атластың бағдарламасы бойынша жоспарлы түрде далалық зерттеулер жүргізілді.
Сонымен қатар, бұл кезеңдерде бөлімдегі қызметкерлердің көптеген ұжымдық ғылыми еңбектері де шықты. Мәселен, «Труды Института истории, археологии и этнографии АН КазССР» этнографиялық томдары (3, 6, 12 – жарым-жартылай, 16, 18-томдар), «Культура и быт казахского колхозного аула», «Хозяйство казахов на рубеже XIX–XX вв.»; сондай-ақ жекелеген монографиялар: «Казахская национальная одежда», «Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР», «Қазақ халқындағы отбасымен мен неке», «Родоплеменной состав и расселение казахов», «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» және т. б. Ұзақ жылдар бөлімді академик Ә.Х. Марғұланның (1957–1976) басқаруымен арнайы топ жұмысы құрылып, «Шоқан Уәлихановтың еңбектері» жарыққа шығарылды. 1980 ж. соңына дейін республиканың белгілі этнографы, т.ғ.д. Х.А. Арғынбаев бөлім меңгерушісі болды. Осы жылдар «қазақ этнография мектебінің» қалыптасу кезеңі сәтті аяқталды: далалық зерттеулер тыңғылықты түрде жалғасып отырды, қазақтардың жалпылама тарихи этнографиялық материалдары бойынша арнайы бағытта жұмыстар атқарылды, антропологиялық және жаңа этносоциологиялық бағыттар дамыды, Ү. Қыдыралин, Ә. Төлеубаев, Н. Масанов, Ш. Тоқтабаева, С. Әжіғали, А. Тоқтабай, А. Қалышев, К. Сихымбаева және т.б. ғылыми дәрежелі этнолог мамандар даярланды.
1989–1999 жж. аралығында Этнография/этнология бөлімін т.ғ.к. Х.А. Кауанова, т.ғ.д. М.С. Мұқанов және т.ғ.д. О.И. Смағұловтар басқарды. Бұл кезеңдерде жоспарлы тақырыптар бойынша мынадай жұмыстар атқарылды: «Современная сельская семья народов Казахстана», «Культура жизнеобеспечения казахского этноса», «Казахское шежире» және бірқатар кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды, жекелеген монографиялық еңбектер шықты, ертеректе зерттелген «Казахи» атты басылым (қысқартылған нұсқасы түрде) жарық көрді. Алайда, 90-жж. академиялық этнография кадрлық-ұйымдастырушылық жағынан бірнеше жылдарға созылған дағдарысқа түсті. Бірақ, бұл жағдайларға қарамастан 1998 ж. Этнология бөлімінің жетекшілігімен алғаш рет республиканың 14 облысы қамтылған Жаппай этномәдени зерттеу жұмыстары іске асырылды. Мұндай ауқымды әрі кешенді зерттеулердің нәтижесінде ауыл мәдениеті, тарихы жайында бөлім қызметкерлерімен дайындалған «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні» атты көлемді ғылыми мақалалар жинағы шықты (Алматы, 2001). 1990 жж. соңы – 2000 жж. Тарих және этнология институтының Этнология бөлімінде бірте-бірте жаңа кадрларды дайындау жұмыстары жандана бастады. Мәселен, осы жылдары бөлімде 40-қа жуық кандидаттық және докторлық диссертациялар сыннан өтіп, қорғалды; далалық зерттеулер қайта кеңейе түсті.
Бұл кезеңде бөлімде бірнеше маңызды тақырыптар зерттелді: «Народное искусство казахов: генезис, синкретизм, многообразие (этнологическое исследование)», «Искусство кочевников – как историко-культурный феномен», «Этническая антропология казахов Алтая». Бұл зерттеулердің нәтижесінде көлемді еңбектер жарияланды: С.Е. Әжіғалидің іргелі монографиясы «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии» (Алматы, 2002), С.Е. Әжіғалидің жалпы редакциясымен «История и культура Арало-Каспия» ғылыми мақалалар жинағы (Мәдениет және өнертану институтымен бірге, Алматы, 2001), О. Смағұлов, К. Бекетайқызы және А. Оразаққызының ұжымдық монографиясы «Алтай қазақтары» (Алматы, 2003).
Соңғы кезеңдері далалық этнографиялық (және этноархеологиялық) зерттеу жұмыстарының тәжірибесі қайта жаңғырды. 2001 ж. бастап екі үлкен аймақта жүйелі түрде кешенді экспедиция ұйымдастырылып келеді (жетекшісі С.Е. Әжіғали): Арал-Каспий және Орталық Азия (Моңғолия, Қытай) региондары. Сондай-ақ, басқа да өңірлерде жекелеген зерттеулер жүрді: 2007 ж. және 2019 ж. Сарыарқа этнографиялық экспедициясын атауға болады.
Ғылыми жобалар
Қазақ диаспорасының зерттелуі
Қазақ диаспорасын кешенді этномәдени зерттеу, қазіргі кездегі отандық этнология ғылымының өзекті және перспективалық мақсаты болып табылады. Осыған сәйкес 2000 ж. басында Бөлімнің қатысуымен «Қытай қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» және «Қазіргі кезеңдегі қазақ диаспорасының мәдениеті: Қытай және Моңғолиядағы этникалық топтары көрінісінде дәстүрлі негіздер мен болып жатқан жаңарулар» атты тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстары жүрді. Әсіресе, далалық зерттеу жұмыстары Моңғолия кешенді этнографиялық-этноархеологиялық экспедициясына (МоңғКЭ) басымдық берілді, онда көп жылдар бойы (2001–2008, 2010, 2013, 2018 жж.) қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы, тарихы мен мәдениеті, ескерткіштері жан-жақты қамтылып, зерттеулер жүргізілді. Моңғолия қазақтарының ортасында сақталған дәстүрлі этникалық мәдениет, өзіндік этноәлеуметтік үрдістер, этноархитектура материалдары толық қамтылған жалпылама еңбектер басып шығаруға негіз болып отыр; «Моңғолия қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» монографияның қорытынды жобасы әзірленді, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген ғылыми мақалалар шықты және әр-түрлі презентациялар дайындалды.
2012–2014 жж. Этнология бөлімі қазақ диаспорасына қатысты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар топтамасын және 2014 жылы «Орталық Азияның қазақ диаспорасы: тарих – мәдениет – ескерткіштер» атты ауқымды форумды ұйымдастыру мен өткізу жұмыстарына (Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығымен бірлесіп; материалдар жинағы жарияланды) белсенді қатысты. Соңғы аталған конференция және 2012 жылы өткен «Қазақстан және шетел қазақтары» конференциясы шеңберінде «Моңғолия қазақтары» атты екі симпозиум өтті. Сонымен қатар, бөлім қызыметкерлері 2012 жылы Қытайда өткен «Степной Шелковый путь и перспективы международного экономического сотрудничества в Транс-Алтайском регионе» атты Халықаралық конференцияға қатысты. Осылайша, қазақ диаспорасын жан-жақты зерттеу Этнология және антропология бөлімінің маңызды стратегиялық мақсаты болып қала береді.
Қазақ ескерткіштануы
Этнология бөлімінің кешенді ірі зерттеулері Арал-Каспий аймағы болып табылады. Оның бай тарихи-мәдени мұрасын 1990 жж. бері Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы (БҚКЭАЭ) зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспедиция құрамында этноархеологтар, этнографтар, архитекторлар, арабисттер және табиғат-ғылымы мамандарының қатысуымен – Ақтөбе, Атырау, Маңқыстау және Батыс Қазақстан облыстарында шоғырланған архитектуралық ескерткіштерін, тарихы мен мәдениетін және этномәдени бағыттарында жан-жақты ізденіс жұмыстарын жүргізді. Осының нәтижесінде шалғай аудандардағы ескерткіштер зерттелді (Доңызтау, Нарынқұм, Солтүстік Арал маңы және басқада көптеген), аса ірі кешендер зерделенді (Қарашұңғыл, Қайнар, Сұлтан-ақын, Сисем-ата және т.б.), далалық аймақтардағы мемориалды-культтік ескерткіштерді зерттеудің этноархеологиялық (этноархитектуралық) методикасы қалыптасты. Керемет нәтижеге Хан моласы қорымын кешенді зерттеу барысында қол жеткізілді, яғни Әбілқайыр ханның жерленген орны анықталып, оның бет келбеті қалпына келтірілді. Бұл зерттеу жұмыстарына әртүрлі саладағы мамандар тартылды, оның ішінде топырақтанушылар, геофизиктер, антропологтар және генетиктер болды.
Осылайша академиялық Этнология бөлімінде жаңа этноархеологиялық бағыт дамып келеді. Бұл бұрынғы палеоэтнографиямен тығыз байланысты. Этнологтар Қазақстанда этнография, археология және этноархитектураны байланыстыра отырып маңызды ғылыми пәннің қалыптасуына мол үлес қосты. Мемориалды-культтік, қоныстық (қыстау т. б.), эпиграфикалық және басқа да ескерткіштерді, мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде зерттеу, бөлім мамандарының алдында кешенді этнографиялық-этноархеологиялық ізденістер жүргізудің маңызды міндеті болып табылады.
Қазақ этноархеологтары мен ТМД-ғы әріптестердің бастамасымен «Археологиялық және этнографиялық зерттеулердің интеграциясы» (Алматы, 2004) атты XII Халықаралық семинар өткізді. Қазіргі кезде «қазақ (этнографиялық) ескерткіштануы» өзекті ғылыми-тәжірибелік бағыты мақсатты түрде қалыптасуда. Бұл бағыт бойынша үш Симпозиум (Ақтөбе, 2011; Атырау, 2012, Алматы, 2020) өтті. Сонымен қатар 2015 ж. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Халықаралық конференция аясында «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» атты фотокөрмесі өтті. Бұл көрмеде С. Әжіғалидің авторлығымен 140-қа жуық қазақ халқының көрнекті архитектуралық ескерткіштерінің суреттері тамашаланды. Аталған конференция соңында Хан моласында Әбілқайыр хан кешенінің ашылуы Этнология бөлімінің этноархеология (ескерткіштану) бағытындағы зерттеу жұмыстарының ең тамаша жаңалығы деуге болады.
Бөлім қызметкерлерінің күшімен «Қазақ ескерткіштану» мәселелері бойынша мақсатты түрде басқа аймақтарда да зерттеулер жүргізіліп келеді. 2005 жылдан бастап Өзбекстан қазақтарының ежелгі ата-мекендерінде Ташкент қаласындағы Төле би жерленген ортағасырлық көне мазардың кімге арнап салынғаны жөнінде, сондай-ақ Бұқара облысы Нұрата қаласындағы Сейтқұл әулие мемориалдық кешеніне байланысты тыңғылықты зерттемелер жүргізілді. Бұл ізденістер ғылыми көпшілік тарапынан оң бағасын алды.
2018–2020 жж. Бөлімде «Қазақ (этнографиялық) ескерткіштануы: теориялық, ғылыми-әдістемелік және қолданбалы мәселелері» атты ғылыми жобасы орындалды (жетекшісі – т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали). Жобаның аясында екі экспедиция ұйымдастырылды: Алтай-Моңғолия кешенді этнографиялық-этноархеологиялық экспедициясы (2018 ж.) және Сарыарқа кешенді этноархеологиялық экспедициясы (2019 ж.). Нәтижесінде «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» (барлығы 200 нысан), «Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы қазақтарының тарихи-мәдени ескерткіштері» (барлығы 126 нысан), «Қарағанды облысы Қарқаралы және Ақтоғай аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштері» (барлығы 68 нысан) Картасының алғашқы нұсқасы әзірленді; «Вопросы методики полевых этноархеологических исследований» (авт. Ажигали С.Е., Бекназаров Р.А.) брошюрасының қолжазбасы дайындалды.
2019–2020 жж. Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Ақтөбе облысының тарихи-мәдени мұраларын насихаттау және зерттеу бағдарламасы» аясында Доңызтау-Үстірт өңірінде және Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өзендерінің бойында «Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы» зерттеу жүргізді. Экспедицияның жетекшісі – профессор С.Е. Әжіғали болды. Сонымен қатар Бөлімнің ғылыми қызметкері Б.Ә. Әшімде қатысты (отряд басшысы).
2021 ж. Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Едіге әмірдің және Исатай Тайманұлының жерленген орындарын анықтау» мақсатында Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедицияның жетекшісі – профессор С.Е. Әжіғали болды және Бөлімнің ғылыми қызметкері Б.Ә. Әшім қатысты. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасуда.
Орта Азия елдеріндегі қазақтардың тарихи және киелі жерлердің зерттелуі
2018–2020 жж. Бөлімде «Өзбекстан қазақтарының киелі жерлері (Жалаңтөс батырдың, Төле және Әйтеке билердің қабірлері және т.б.): генезисі, зерттелу тарихы, қазіргі жағдайы» атты ғылыми жобасы орындалды (жетекшісі – т.ғ.д. А.У. Тоқтабай). Бұл жоба Өзбекстан территориясында тұратын қазақтардың тарихи-мәдени мұрасын жедел түрде зерттеу қажеттілігінен іске асырылды. Себебі бұл ескерткіштер қараусыз қалып, қирап немесе өзбек халқының мұрасы ретінде жазыла бастады. Жоба аясында Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Науаи облыстары және Ташкент қаласы зерттелді. Қазақ тарихында ерекше маңызы бар Әйтеке бидің туған жері, Төле бимен байланысты жер-су атаулары, Төле бидің шынар ағашы, ат байлаған аршасы т.б. нысандар табылды. Тұңғыш рет Абылай ханның жоңғарға қарсы ұлт-азаттық соғыстарды 1744 ж. Ташкент түбіндегі Азатбасы деген жерден басталғаны анықталды. ҚР Түркістан облысындағы далалық жұмыстары барысында Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары зерттеліп, Өзбекстан қазақтарының қасиетті орындарымен ұқсас жергілікті қазақтардың киелі орындары анықталып, олардың шығу тарихының ұқсастықтары мен айырмашылықтары сипатталды. Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданының кітапханаларының қорында Қарақалпақстан қазақтарының қасиетті орындарын зерттеу бойынша жұмыс жүргізілді («Қырық қыз» деген киелі орын туралы 6 аңыз анықталды). Өзбекстанға жасалған экспедициялар нәтижелері бойынша 75 атаудан тұратын қасиетті орындардың толық тізімі жасалып, олардың барлығы жан-жақты зерттелді.
2020–2022 жж. Бөлімде «Орта Азия қазақтарының қасиетті жерлері (Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қарақалпақстан): анықтау, жіктеу және зерттеу» атты ғылыми жобасы орындалу үстінде (жетекшісі – т.ғ.д. А.У. Тоқтабай). Бұл жоба алдыңғы зерттеудің жалғасы болып табылады. Ендігі кезекте қазақ халқы тұрып жатқан Орта Азияның қалған елдері зерттелуде. 2021 жылы Қырғызстан мен Тәжікстанға ұйымдастырылған іссапарлар барысында А.У. Тоқтабай қазақ халқының тарихына қатысты киелі жерлерді зерттеді. Қазақ ханы Тахирдің 1536 ж. қырғыздарға келіп, хан болған жері анықталды. Сантас – қазақ ханы Есімнің қазақ пен қырғыздың ханы болып тұрып, жоңғарларды жеңу құрметіне үйілген оба. Үйгізгені белгілі болды. Қазақ батырлары Қабанбай, Көкжал Барақ, Саурық т.б. қырғыз жеріндегі жорықтарының белгілері табылды. Ш. Уәлихановпен кездескен Боранбай, Сартай билердің зираттары мен қыстаулары зерттелді. М. Әуезовтың музей-саяжайы туралы жан-жақты зерттеулер жасалды. Тәжікстанда М.Х. Дулатидің туған жері, атасы Махмуд сұлтан мен балаларының өлген жері анықталды. Тәжік өкіметінің алғашқы мүшесі А. Жармұхамедовтың өмірі мен қызметі зерттелді. Қазақ мазарлары мен медреселері есепке алынды. Қырғызстан және Тәжікстанға жасалған экспедициялар нәтижелері бойынша 45 атаудан тұратын қасиетті орындардың тізімі жасалды.
Қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы жәнеқазақ қауымы өзгерістерінің зерттелуі
2018–2020 жж. Бөлімде «Қазақтың көшпелі қауымы: контекст, құрылымы, функциясы (ХVІІІ – ХХ ғ. басы)» атты ғылыми жобасы орындалды (жетекшісі – т.ғ.к. Н. Әлімбай). Зерттеулердің нәтижесінде «жетіата» (жетіаталық экзогамиялық құрылымы) түрінде қалыптасқан дәстүрлі көшпелі қауым қайта жаңғырды. Сонымен қатар зерттеу барысында Қазақ даласындағы Ресей империясының отарлық тәртіптері контекстінде көшпелі қауымды социум ретінде этносоциологиялық қайта құру жүргізілді; ұжымдық монографияның қолжазбасы әзірленді; Scopus базасына кіретін басылымдарда 3 мақала шықты.
2020–2022 жж. Бөлімде «Кеңес үкіметінің алғашқы ширегіндегі қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы мен мәдениеті: инерциялық дамуы, күйреуі және салдары (тарихи-этнологиялық зерттеу)» атты ғылыми жобасы орындалу үстінде (жетекшісі – т.ғ.к. Г.Ү. Орынбаева). Бұл тақырып, жоғарыда айтылған тақырып секілді, пәнаралық сипатқа ие және этнологтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, сонымен қатар басқа да ғылыми салалардың өкілдері үшін қызығушылық тудырады.Жобаның мақсаты Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдықтарында (1920–1930 жж.) қазақтың дәстүрлі мәдениетінің даму процесін зерттеу болып табылады. Ұлттық мәдениетті артта қалған деп оны жоюға тырысқан волюнтаризм модернисттік ұмтылыстар жеңіске жетті. Соның нәтижесінде қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы, содан кейін мәдениеті күйреді, жаңа тоталитарлық режимнің жүйесіне бейімделуге мәжбүр болды. Жобаның осы тарихи-этнологиялық мақсатына сүйене отырып, 1920 жж. Кеңес өкіметінің алғашқы реформалары қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы мен мәдениетін дамытуды, содан кейін шаруашылық пен мәдениеттің күйреу кезеңін және шаруашылық пен мәдениеттің жаңа түріне (1920 жж. соңы – 1930 жж. басы) көшуін зерттеуді, сонымен қатар колхоз-совхоз жүйесі орнағаннан кейін қазақ этносының мәжбүрлі түрде мәдени бейімделуіне талдау жасауды жүргізу көзделіп отыр.
Баспа қызметі
Соңғы жылдары академиялық этнографтардың баспа қызметі белсенділік танытып келеді. Оның дәлелі – көптеген ірі еңбектер жарыққа шықты: жоғарыда айтылған көрнекті мақалалар жинақтары: «Обычаи и обряды казахов», «История и культура Арало-Каспия. Вып. 1» (ред.-құраст. С.Е. Әжіғали), жалпылама еңбектер «Алтай қазақтары», «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии»; сонымен қатар монографиялар: Ш.Ж. Тохтабаеваның «Серебряный путь казахских мастеров» (Алматы, 2005), Р.А. Бекназаровтың «Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері» (Алматы, 2005), О. Смағұлов, К. Сихымбаева, А. Смағұлованың «Этническая дерматоглифика казахов» (Алматы, 2007), А.У. Тоқтабайдың «Түркі халықтарының этномәдениеті» (Алматы, 2006), «Қазақ жылқысының тарихы» (Алматы, 2010) және «Қазақ тазысы» (Алматы, 2013), С.Е. Әжіғалидің «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» (Алматы, 2014), «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері: фотокөрме. Ғылыми-ақпараттық басылым» (Алматы, 2015), Г.М. Төлеубаеваның «Қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасылық салт-дәстүрлер» (Алматы, 2012), Тоқтабая А.У. «Жәди Шәкен. Қожаберген батыр Жәнібек ұлы» (Алматы, 2020, телеавт. Борбасов С.Н.), «Қазақтың киелі жерлері (тарихи-архитектуралық, этнографиялық зерттеулер, мақалалар, фольклорлық деректер)» (Алматы, 2021) және т. б.
Қазақ этнологтарының қатысуымен «Қазақтың киіз үйі» (Атырау–Лондон, 2005. Ғыл. ред. С. Әжіғали) атты үлкен кітап-альбомы жарияланды, бұл кітап ғалымдар мен қоғам тарапынан жоғары баға алды. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы негізінде Этнология бөлімінде дәстүрлі қазақ мәдениетіне арналған 2 томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабы (Алматы, 2005, 2006) жарыққа шықты. Бөлімнің бас ғылыми қызметкері С.Е. Әжіғали және Ресей ғылым академиясы Этнология және антропология институтының қызметкерлерімен бірлесіп 2020–2021 жж. «Народы и культуры» сериясы аясында «Казахи» (Қазақтар) томын баспаға дайындауға кеңесшілік және редактор жұмыстарын атқарды (иллюстрацияға аннотациясын жазу, библиографиялық тізімін анықтау, мәтіндерді редакциялау және т.б.).
Сонымен қатар Этнология бөлімінде соңғы жылдары өткізілген конференциялардың жинақтары жарияланды: «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы. I және II Халықаралық конференцияның материалдары» (Алматы–Актобе, 2006, 2011), «Қазақ ескерткіштану мәселелерінің 1 және 2 Симпозиум материалдары» (Алматы–Атырау, 2012), «Орталық Азияның қазақ диаспорасы: тарих – мәдениет – ескерткіштер» атты Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары (Алматы, 2014); Көрнекті антрополог Оразақ Смағұловтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Оразақ Смағұлов – Қазақстан антропология ғылымының негізін қалаушы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Алматы, 2020). Бөлім қызметкерлері «Қазақ этнографиялық мектебі («Алғашқылар» топтамасы): көрнекті этнограф М.С. Мұқановтың туғанына 90 жыл толуына арналған 1-ші Халықаралық ғылыми конференция» (Алматы, 2019 ж. 12 желтоқсан) жинағын баспаға дайындау жұмыстарын жүргізді.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған үш томдық «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» (Алматы, 2019–2020) кітабына бөлім қызметкерлерінің этнологиялық тақырыптардағы мақалалары енді. Сонымен қатар «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» ғылыми-техникалық бағдарламасын орындау аясында «Инкорпорированные и внежузовые группы в составе казахов (XVIII – начало XX вв.)» (Алматы, 2020) ұжымдық монографиясы жарияланды. Жалпы академиялық этнография/этнология бөлімінің қалыптасқанынан бері оның қызметкерлерінің, ізденушілерінің 100-ден астам іргелі монографиялары мен ұжымдық еңбектері жарыққа шықты.
Ғылыми-ұйымдастырушылық және методикалық жұмыстар
Институттың Этнология және антропология бөлімі үлкен ғылыми-ұйымдастырушылық, методикалық жұмыстарды да атқарып келеді. Бөлім базасы аясында «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының Қоғамдық кеңесінде көп жылдар бойы «Этнография және антропология» секциясы жұмыс істеді. Этнология бөлімінің бастамасымен және Ақтөбе облысы әкімшілігінің қолдауымен екі ірі Халықаралық конференция өтті «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» (Актобе, 2006, 2011), онда 150-ге жуық шетелдік және қазақстандық ғалымдар қатысты. 2009 жылы Орынборда Ресей этнографтары мен антропологтарының VIII Конгресінде «Этнографическое памятниковедение» атты секция/симпозиум ұйымдастырды. ҚР Мемлекеттік Орталық музеймен бірлесіп Халықаралық «Арғынбаев оқулары» конференциясын өткізіп келеді (2009, 2014, 2018). 2011, 2012 және 2020 жж. бөлімнің бастамасымен «Қазақ ескерткіштануы» мәселесіне арналған үш Симпозиум (Ақтөбе, Атырау, Алматы) және 2012–2014 жж. қазақ диаспорасының тарихы мен мәдениетіне арналған үш ірі Халықаралық ғылыми конференция өтті. Осы диаспора конференциясының аясында «Моңғолия қазақтары» атты екі симпозиум ұйымдастырылды (қара: жоғарыда).
Этнология және қосымша, шектес ғылымдар саласында ғалымдардың интеграциясы академиялық Этнология және антропология бөлімінің негізгі міндеті болып табылады. 2019 жылдан бастап «Қазақ этнографиялық мектебі» атты тақырыпта Қазақстандағы этнография ғылымының тарихына және отандық этнологияның өзекті мәселелеріне арналған бірқатар халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырылып келеді. Ғылымның тарихы мен дамуына байланысты негізгі тақырыптармен бірге форумдар барысында, Қазақстанда ғылыми этнографиялық мектеп қалыптастырудағы жетекші ғалымдардың рөліне ерекше назар аудару жоспарлануда. Бірінші ғылыми конференция (2019 ж. 12 желтоқсан) Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының академиялық этнография бөлімінде көп жылдар еңбек еткен қазақтың көрнекті ғалым-этнографы, тарих ғылымдарының докторы М.С. Мұқановтың өмірі мен қызметіне арналды. 2021 ж. «Қазақтардың дәстүрлі мәдениеті мен этноәлеуметтік құрылымын зерттеу контекстіндегі Оңтүстік Қазақстанның этникалық тарихының мәселелері» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Сонымен қатар Бөлімде белгілі этнолог және антропологтардың құрметіне жеке мерейтойлық конференциялар да ұйымдастырып келеді: 2020 ж. – «Оразақ Смағұлов – Қазақстан антропология ғылымының негізін қалаушы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция (90 жылдық мерейтойына арналған); «Нығмет Сәбитовтың ғылыми мұрасы мен қоғамдық-ағартушылық қызметі» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция (125 жылдық мерейтойына арналған); 2021 ж. – Бөлім және Маңқыстау облысы Мәдениет басқармасының Мемориалдық музейімен бірлесіп мифолог-ғалым, мәдениеттанушы, этнолингвист және аудармашы Серікбол Әділбекұлы Қондыбайды еске алуға арналған «С.Ә. Қондыбайдың ғылыми және мәдениеттанулық мұрасы: түркілер мен қазақтардың миф философиясын жаңаша тұрғыдан зерттеу» атты Республикалық дөңгелек үстел; ҚР Ұлттық ғылым академиясы төралқасымен бірлесіп Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстандағы антропологиялық зерттеулердің негізін салушы ғалым Оразақ Смағұловты және белгілі антрополог Айнагүл Смағұлованы марапаттау салтананатты іс-шара болды.Осылайша, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімі аз құрамдық қызметкерлерімен бұрынғыша республика бойынша этнология-этнографиялық саласында жетекшілік етеді. Сонымен қатар этнологтар мен этноархеологтарды даярлау және консультативтік-кеңес беру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мақсатты бағыты бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 6М041900 «Мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау» магистратурасын мамандығы бойынша В.С. Зикирбаева бітірген, 2022 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 6D0208 «Археология және этнология» докторантурасын мамандығы – Әшім Б.А бітіреді.