Әжіғали Серік Ескендірұлы – этнолог, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі. Далалық Еуразия тарихы, мәдениеті мен ескеркіштері, қазақтардың халықтық сәулетшілігі және этнографиясы бойынша маман. Тарихи номадизм, шығыстану мәселелерімен де жүйелі түрде айналысады.
1952 жылы 17 желтоқсанда Алматы қ. ғалым-филологтар отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Талдықорған облысының «Еңбекші қазақ» ауылында өтті, Алматы қ-ның орта мектептерінде білім алды. 1975 ж. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетін бітірді. Еңбек қызметін ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» Бірлестігінде (1975–1981) бастады. 1985 жылдан ҚазССР ҒА Тарих, археология және этнография Институтында (қазіргі: ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты) жұмыс істейді. 1989 ж. КСРО ҒА Этнография институтының Ленинград бөлімшесінде кандидаттық диссертация қорғады; 1997 ж. ҚР ҒА ТЭИ-да «Арал-Каспий аймағы көшпенділерінің б.з. ІІ-мың жылдықтағы мемориалдық-ғұрыптық сәулет өнерінің шығу тегі (ареалы, топталуы, тарихи-мәдени жіктелуі)» атты докторлық диссертациясын «этнология» және «археология» мамандықтары бойынша қорғады. Осы пәндерден ЖАК-тың эксперті болды.
1978–1998 жж. аса ірі Арал-Каспий аймағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді тұңғыш рет жан-жақты ауқымдық зерттеуден өткізді; Маңқыстау, Үстірт, Солтүстік Арал және Каспий өңірінде көп сандаған бірегей архитектуралық кешендерді ғылыми және қоғамдық айналымға енгізді. Көп жылдық зерттеулер мен ашылған жаңалықтар «Көшпенділердің архитектурасы – Еуразия тарихы мен мәдениетінің феномені» (2002) атты еңбегінде жарық көріп, жалғасын тапты. Соңғы жылдары С. Әжіғалидың жетекшілігімен Әбілқайыр ханның қабірі табылды. Ғалым ашқан жаңалықтар аймақтың тарихи-мәдени мұрасын одан әрі игеруде: ескерткіштерді қорғау, жаңғырту мен пайдалану, туризмді дамыту және т.б. іс жүзінде қолданылуда.
Профессор С. Әжіғали Қазақстанның көрнекті этнограф маманы. Тарихи-этнология ғылымының маңызды мәселелері бойынша зерттеулермен айналысады: этникалық тарих, жылқыға табыну, көшпелі бақташылардың қоныстану жүйесі мен материалдық мәдениеті, халық өнері, дәстүрлі және қазіргі әдет-ғұрып, отандық этнография тарихы, т.б. Батыс, Оңтүстік Қазақстанда, Сарыарқада, Жетісуда және республикадан тыс жерлерде далалық этнографиялық зерттеулер жүргізді. 1980 жылдардың ортасында Қазақстан ауылдарын көп жоспарлы этноәлеуметтік зерттеулерге қатысты,
1998 жылы республикада Жаппай этномәдени зерттеуді басқарды. 1999 жылдан Этнология және антропология академиялық бөлімін басқарады; мамандарды дайындауға, ғылымдағы сабақтастықты сақтауға, кешенді түздік зерттеулер жүргізуге ерекше көңіл бөледі. Сонғы жылдардағы қызметінің аса маңызды бағыттары мен жетістіктері Кіндік Азияның аймағында (Монғолия, Қытай) қоныстанған көп сандаған қазақ диаспорасын этнографиялық-этноархеологиялық зерттеуі болып табылады. Соңғы уақытқа дейін С. Әжіғали Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы Қоғамдық кеңесінің «Этнология және антропология» секциясын басқарды. 2009 жылы Қазақстан этнологтар мен антропологтар Ассоциясының призиденті болып сайланды.
С. Әжіғали Қазақстандағы этнография, археология және этноархитектура арасындағы ерекше этноархеология ғылыми бағытының дамуына маңызды үлес қосты. Қазіргі уақытта аса өзекті «қазақ ескерткіштану» ғылыми-практикалық бағытын жетілдіруімен айналысады. Ғалым далалық өркениет мәселесі бойынша ұжымдық тарихи-мәдени зерттеулерді ұйымдастыруға («Туран мұрасы» сериясы), жалпы ғылыми ізденістерді үйлестіруге ерекше көңіл бөледі. Бірқатар ғылыми форумдар мен конференциялардың, соның ішінде халықаралық бас қосулардың, үйымдастырушысы болды: «Археологиялық және этнографиялық зерттеулердің интеграциясы» (Алматы, 2004); «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» (Ақтөбе, 2006, 2011); «Қазақ, этнографиялық ескерткіштану» бойынша симпозиумдар – Орынборда (2009, Ресей этнографтар Конгресі шеңберінде), Ақтөбеде (2011) және Атырауда (2012); Монғолия қазақтары бойынша симпозиум (Алматы, 2012). Ғалым Қазақстанда және шетелдерде Ашгабат, Ташкент, Душанбе, Ұланбатыр, Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Будапешт, Омбы, Қазан, Сочи, Орынбор, Якутскіде болған көптеген конференцияларға қатысқан. Ғылыми-педагогикалық жұмысқа ерекше көңіл бөледі: ол «этнология» және «архитектура» мамандығы бойынша 8 кандидат, 3 ғылым докторын дайындады.
С. Әжіғали 400-ге жуық ғылыми және ғылыми-танымал жұмыстардың авторы, соның ішінде 20 жекелеген басылымдар: монографиялар, кітаптар, мақалалар жинақтарының, өзі ұйымдастырған конференция материалдарының авторы, құрастырушысы. Айрықша атап айтуға болатын еңбектері: «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии» (Алматы, 2002); «Каспий қайраңы. Тарих тағылымы» (Алматы, 2000); «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Мақалалар жинағы» (Алматы, 2001); «История и культура Арало-Каспия» мақалалар жинағы. 1-шығуы. (Алматы, 2011); «Монголия қазақтары этникалық тобын зерттеудің Бағдарлама–сұрақнамасы» (Алматы, 2004); «Қазақтың киіз үйі» (Атырау–Лондон, 2005); «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1,2-том» (Алматы, 2005–2006); «Кунсткамера жинағындағы қазақтың дәстүрлі мәдениеті» (Алматы, 2008); «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы: II Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары» (Алматы–Ақтөбе, 2011); «Қазақ ескерткіштану мәселелерінің 1-ші және 2-ші Симпозиум материалдары» (Алматы–Атырау, 2012), т.б.