Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімі

Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімі Институттағы 2007 жылы құрылған «Қазіргі заманғы тарих және ғылыми ақпарат бөлімінің» негізінде 2012 жылдың наурызынан бастап жұмыс істей бастады. Жаңадан құрылған бөлімнің меңгерушілігіне жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. С.К. Рүстемов тағайындалды, ал оның құрамына аға ғылыми қызметкер, т.ғ.к. К.К. Нұрымбетова, аға ғылыми қызметкер, т.ғ.к. З.М. Төленова, аға ғылыми қызметкер Е.Ж. Оразбек, ғылыми қызметкер А.Ж. Әбуов, ғылыми қызметкер Р.Д. Көбеев, кіші ғылыми қызметкер А.Б. Отарбаева және К.Ш. Сүлейменова енді. Бөлім қызметкерлері 2007-2009 жылдары «Қазақстандағы ұлттық идеяның өткен тарихы мен болашағы» атты қолданбалы зерттеу жобасын орындауға және 2009 жылдан бастап «Қазіргі Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа енуі: Қазақстан Республикасы Президенті Н.А. Назарбаевтың инициативасы және тарихи шындық» атты іргелі тақырыпты зерттеуге атсалысты.

Осы жылдары Бөлім мынандай бағыттар бойынша жұмыс істеді:

– 1998 ж. бастап шығатын «Отан тарихы» («Отечественная история») ғылыми журналының жұмысын жалғастыру;

 «Отан тарихы» ғылыми журналын баспаға әзірлеп, шығару;

– Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған іс-шараларды ұйымдастыру;

– ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының халықаралық байланысына қолдау таныту;

– Бөлім қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату болып табылды.

– Бөлім қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарында берілетін Қазақстан тарихына қатысты сұхбаттар мен мақалалар жариялауын ұйымдастырды.

Сондай-ақ бөлім қызметкерлері Институттың кітапхана жұмысына (жауапты К.Қ. Нұрымбетова) және қолжазбалар қоры мен архив (жауапты З.М. Төленова) ісін жолға қойып, олардың ізденушілерге қызмет етуіне, сұраныстарына жауап беруіне мүмкіндік жасады.

Ал 2013-14 жылдары бөлім меңгерушісі болып жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. З.К. Ноғаева, одан кейін жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. Ә.Қ. Шашаев тағайындалып, құрамында аға ғылыми қызметкерлер: т.ғ.к., К.Қ. Нұрымбетова, т.ғ.к., доцент З.М. Төленова, ғылыми қызметкерлер: Р.Д. Көбеев, А.А. Оралова, А.Ж. Абуов, инженер-оператор Г.Л. Өтеғұлова, аға лаборант Л.Қ. Үкібаевалар ғылыми-зерттеу және ғылыми-баспа жұмыстарымен айналысты.

Бөлім қызметкерлері қатысқан ғылыми-зерттеу жобалары:

2007-2009 жж. – «Қазақстандағы ұлттық идеяның өткен тарихы мен болашағы» атты қолданбалы зерттеу жобасы;

2004-2011 ж. аралығында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы;

2009-2011 жж. – «Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа енуі: Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамалары және тарихи шындық» атты іргелі зерттеу жобасы;

2011-2015 ж.ж. – ҚР БҒМ «Ғылыми қазына» мақсатты ғылыми бағдарламасы бойынша «Отан тарихы» көптомдығын жазуға;

2011-2014 жж. «Қазақстан халқының көпэтностық құрамының қалыптасуы мен дамуы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХІ ғасырдың бас кезі)» атты ғылыми жобаға;

2011-2014 жж. «Қуғын-сүргін» санағы (Қазақстан халқы 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық халық санағы бойынша: қорытындылары және сабақтары) атты ғылыми жобаға;

2012-2014 жж. – гранттық қаржыландырылатын «Қазақстанның әйгілі тарихшылары: тағдыры мен ғылыми мұрасы» атты жоба.

Осы жобалар аясында К. Нұрымбетованың «Тәуелсіз Қазақстандағы репатриация мәселелері: тарихи талдау (1991-2008 жж.)» (Алматы, 2011) және З.М. Төленованың ұстазы академик М.Х. Асылбековпен бірлескен авторлықта «Академик М.Қ. Қозыбаев: ғұлама ғалым, ірі қоғам қайраткері» (Алматы, 2014) атты монографиялық еңбектері жарық көрді.

2015 жылдың ақпаннан бастап бөлім меңгерушілігін атқарған т.ғ.к. З.М. Төленова және бөлім қызметкерлері: т.ғ.к., аға ғылыми қызметкерлер К.Қ. Нұрымбетова, Ж. Несіпбаева, ғылыми қызметкерлер: Р.Д. Көбеев, А.А. Оралова, А.Ж. Абуов, инженер-оператор Г.Л. Өтеғұлова, аға лаборант В.С. Зікірбаевалар Институттың ғылыми-зерттеу, қоғамдық және баспа жұмыстарына белсене араласты. 2014 жылдан бастап бөлімнің басты қызметі «Отан тарихы» ғылыми журналын және отандық гуманитарлық салада және ғылыми-ақпараттық кеңістікте ең алғаш рет іске қосылған «Еdu. e-history.kz» электрондық ғылыми интернет-журналын шығаруға бағытталды. Электрондық ғылыми интернет-журналда Қазақстан мен Орталық Азияның көне заманнан бүгінгі күнге тарихына қатысты мәселелер көтеріліп келді. Журнал әр тоқсан сайын шығарылып, ондағы мақалалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, аракідік түрік тілдерінде жарияланды. Редакциялық алқа құрамында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, АҚШ, Үндістан және Оңтүстік Кореяның танымал ғалым-тарихшылары кірді.

Өздеріңізге белгілі 2013 жылдан «Халық тарих толқынында» бағдарламасы дайындалып, оның басты мақсаты – ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру болды. Өйткені, тарихи тағылымдарға сүйенбей – болашақты дұрыс болжау мүмкін емес. Қазіргі кезде әлемде идеология мен құндылықтардың күресі жүріп жатыр. Сондықтан ақпараттық технологиялар заманында көптеген құбылыстар мен түсініктердің ұлттық тарихымызда кездесіп жатқандығын ескере отырып, осы бағдарлама аясында шетелдік архивтер мен кітапханалардан жинақталған жаңа материалдарды ғылыми айналымға енгізе отырып, электрондық ғылыми интернет журналы, яғни жаңа басылымның мазмұнын кеңейту жүзеге асырылды.

Осыған орай «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2013 жылғы 5 маусымда ҚР Мемлекеттік хатшысы М.М. Тәжиннің төрағалық етуімен өткен мекемеаралық жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісінде заманауи коммуникациялық құралдарды тарихи білімдерді тарату және көпшілікке насихаттау мақсатында пайдалану қажеттілігі туралы шешім қабылданған болатын. Соған байланысты бастапқыда «Қазақстан тарихы» веб-порталы құрылды, содан кейін осы портал негізінде электронды БАҚ ретінде арнайы тіркеуден өткен (Мерзімді баспасөз басылымын және ақпараттық агентікті есепке қою туралы куәлік № 14346-ИА, 23 мамыр 2014 ж.) «Еdu. e-history.kz» электрондық ғылыми интернет-журналы жұмыс істей бастады.

Электрондық ғылыми интернет-журналының таралу кеңістігі мен контенті Қазақстан және Орталық Азия, сондай-ақ еуразиялық кеңістік тарихының мәселелерімен айналысатын студенттер, магистранттар, докторанттар, ізденушілер, жас мамандар, оқытушылар мен басқа елдердің ғылыми қызметкерлеріне арналған.

ҚР БҒМ ҒК қолдауымен «Еdu. e-history.kz» электрондық ғылыми интернет-журналы танымал қазақстандық және шетелдік ғалымдардың, сондай-ақ магистр және PhD доктор ғылыми дәрежесін алуға талпынған жас ғалымдар зерттеулерінің негізгі нәтижелері жарияланатын Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар тізіміне енгізілген.

Электрондық журнал ақпараттық-ағарту жобасы болғандықтан, әрбір пайдаланушы немесе қолданушы өзі үшін қабылдауға жеңіл де қызықты материалдарды ақпараттық және анықтамалық нұсқада қолдана алады. Бұған электрондық интернет журналды қараушылар мен пайдаланушылар санының күн санап өсуі дәлел бола алады.

«Қазақстан тарихы» веб-порталындағы «Еdu. e-history.kz» электрондық ғылыми интернет-журналының шыққан кезекті сандарымен http://edu.e-history.kz/ru сайтынан қарауға болады.

Журналдың жұмысын жандандыру мақсатында бөлім қызметкерлері 2014-2016 жж. ««Қазақстан тарихы» веб-порталындағы «Е-history.kz электрондық ғылыми интернет-журналы» атты ғылыми жобасын жүзеге асырды.

Осы жылдары бөлім мынадай бағыттар бойынша жұмыс атқарды:

- «Отан тарихы» ғылыми журналын баспаға даярлау, шығару және таратылуын қамтамасыз ету, оған жазылу жұмыстарын ұйымдастыру, т.б.;

- «Еdu. e-history.kz» электрондық ғылыми интернет-журналын шығару;

- Институт қызметкерлерінің қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдарымен, атап айтқанда, радио, телеарна, интернет желілерімен байланыс орнатуы және насихаттау жұмыстары;

- Институттың сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларын жаңалап, толықтыру. Осы уақытқа дейін үш тілде жұмыс істеген институт сайты жеті тілде ғылыми-ақпараттар беруге бейімделді;

- Институтта өтетін іс-шараларды (конференциялар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар) ұйымдастыру;

- ғылыми-зерттеу жобаларын дайындауға және орындауға қатысу.

Сондай-ақ бөлімнің қызмет көрсету саласы болып табылатын Институттың баспа жұмысы жолға қойылды:

- «Отан тарихы» журналы енді институт жанындағы шағын баспадан шығарыла бастады;

- Институт тарапынан шығарылған ғылыми конференциялардың жинақтарын редакциялау және баспадан шығару;

ұйымдастырылатын іс-шаралардың бағдарламалары мен әртүрлі сертификаттар дайындау;

- Институт туралы ғылыми-ақпараттық буклеттер шығару, тарату жұмыстары жүргізілді.

Ал 2017-18 ж. бөлім құрамында болған жаңартуларға байланысты: бөлім меңгерушісі, т.ғ.к., доцент З.М. Төленова, аға ғылыми қызметкер, т.ғ.к. А.С. Уалтаева, ғылыми қызметкерлер: PhD докторанттар Р.Е, Оразов, Р.Ж. Кубеев және Т.Ә. Рысқұлов, кіші ғылыми қызметкер Икрам Н., инженер-оператор В.С. Зикирбаевалар төмендегідей гранттық және нысаналы мақсатты қаржыландыру бағдарламалары: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 2017-2018 жж. «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасы» жобасын таныстыру, насихаттау және жаңа мәліметтерді жинақтау жұмыстарына, 2017 ж. «Қазақстанның киелі географиясы» және 2018-19 жж. жүзеге «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасы аясында жүргізіліп келе жатқан «Жаңа замандағы Қазақстан аймағындағы субэтникалық топтардың қалыптасуы» және «Ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту контексіндегі Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысты зерттеу» жобаларына қатысып келеді.

2019 ж. «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» атты Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасының орындалуына қатысқан бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер т.ғ.к. З.М. Төленова мен аға ғылыми қызметкер Р.Е. Оразов қатысқан археографиялық экспедиция Орынбор мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архиві мен Орынбор облыстық мемлекеттік архивінде және Н. Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебеп ғылыми кітапхана қорларында жұмыс жасады. Іссапар барысында алынған тың деректер Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық, ұлт-азаттық көтеріліс, шекара, ашаршылық, Алаш және қоғам қайраткерлері, Қазақ елінің тұңғыш астанасы Орынборға байланысты мәселелермен қатар, рухани, мәдени және т.б. тақырыптарға қатысты болғандықтан өте маңызды мазмұнға ие.

Сонымен қатар бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер т.ғ.к. З.М. Төленова мен аға ғылыми қызметкер Р.Е. Оразов Қазақстан тарихының ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі астарларын толық қамтитын, ғылыми тұрғыда негізделген «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» тақырыбындағы Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасына аясында энциклопедиялық басылымды әзірлеу, жинақтау, редакциялау және шығару жұмыстарына тікелей араласып келеді.

2019 ж. қазан айында З.М. Төленованың зейнеткерлік жасына жетуіне байланысты бөлім меңгерушілігіне т.ғ.к. Б. Құдайбергенұлы тағайындалды. Ал 2020 ж.. бастап бөлім меңгерушілігіне т.ғ.к. М.Ш. Қалыбекова тағайындалып, қызметкерлер құрамы да біраз өзгерді. Бөлімге келген ғылыми қызметкер М.Т. Морякова ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар Институттың «Жас ғалымдар кеңесінің» төрағасы ретінде қоғамдық істердің ұйытқысы болуда. Қазіргі кезде журналдарды шығару басқа бөлім қызметкерлеріне жүктелгендіктен аталмыш бөлім негізінен жүзеге асырылып отырған жобалардың орындаушылары ретінде Институттың ғылыми өміріне араласуда, сонымен қатар ТМД елдері мен шет елдерінің ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнату жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр.