Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімі туралы


Бөлімнің тарихы

ҚазКСР Ғылым Академиясының Президиумы 1978 жылы 7 қыркүйектегі №131 қаулысымен Институтта «Қазақстанның тарихнамасы бөлімін құру туралы» қаулысын қабылдайды. Осы жылдың 25 қазанынан бастап құрамында 5 ғылыми-техникалық қызметкері бар бөлім сол кездегі ҚазКСР Ғылым академиясының вице-президенті, академик Байдабек Ахметұлы Төлепбаевтың жетекшілігімен өз қызметін бастайды. Бөлімнің осы алғашқы құрамында аға ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты С.Б. Нұрмұхамедов, кіші ғылыми қызметкерлер – Р.В. Колдобская, Л.Н. Катасонова және лаборант В.А.Замарева болды. Институтта бөлімнің ашылуы тарихнамашы кадрларды дайындаудың игі бастамасы болды. Бөлімнің алғашқы тобында қызмет еткен аға ғылыми қызметкер В.К. Янулов, КСРО ҒА Ленинградтық бөлімшесінің Ғылыми кеңесінде аспирант Н. Әлімбаев «тарихнама» мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғайды.

1979 ж. Институт дирекциясының кезекті отырысында бөлімінің құрамын нығайту және зерттеу тақырыбының аясын кеңейту туралы мәселе қаралды да, құрамына сол жылы аспирантураны бітірген Ә.Ғалиев және «Жалын» редакциясының қызметкері Р. Есіркемесова, аға лаборанттыққа Ж.І.Қуанышев қабылданды.

Аталған мәселені Қаз КСР ҒА Президиумы мен Қоғамдық ғылымдар бөлімшесі қайта көтеріп, Институттың, жалпы Бөлімшенің өзге мекемелерінің де құрылымын қайта қарастыру қажеттігін ұсынады. Институт басшылығы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытына қарай өз құрылымын сол күйінде сақтай отырып, тек кеңестік кезеңдегі зерттеу жұмыстарын үйлестіруді жақсарту мақсатында бұрынғы бөлімдерді секторларға айналдырып, үлкен бір бөлім – Кеңестік Қазақстанның тарихнамасы бөлімін құрады. Осыған орай, бөлім қызметкерлерінің бесжылдық жүктемесіне жаңа тақырып «Кеңестік Қазақстандағы тарихи ойлардың даму тарихы» қосылады. Көп ұзамай оны екі бөлімнен тұратын «Кеңестік Қазақстанның тарихнамасы» деп қайта қарастырады.

1986 ж. Бөлім меңгерушілігіне ҚазКСР ҒА мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы М.Қ. Қозыбаев тағайындалды. Осылайша, 1986-1988 жылдары Манаш Қабашұлы Кеңестік Қазақстанның тарихнама бөлімінің меңгерушісі, ал 1988 жылдан 2002 жылдың қаңтарына дейін, яғни өмірінің соңына дейін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметін атқарды.

1985-1989 жылдары бөлім меңгерушісі М.Қ. Қозыбаев, жетекші ғылыми қызметкер С.Б.Нұрмұхамедов және ғылыми қызметкер В.К.Янулов Қазақстан индустриясының дамуы және жұмысшы табы тарихы бөлімімен бірлескен «Кеңестік Қазақстанның индустриалды дамуы тарихының тарихнамасы» (1918-1980 жж.) тақырыбын орындауға қатысады.

Сонымен, ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы тарихнама мәселелерінің ғылыми бағытының басты өзегі тарих ғылымдарының тарихы және кейбір тұстарда шетелдік буржуазиялық тарихнама сыны жөніндегі шолулар болып табылады. Дегенмен де, осы жылдардағы ізденістерде тариханамалық зерттеулердің әдіснамалық (методологиялық) негіздемесі жөніндегі зерттеулердің аздығы анық байқалып қана қоймайды, ол тарих ғылымдары тарихының дүниетану пәні ретіндегі өзіндік ерекшелігін әлсіретіп, тарихи білімдердің даму заңдылықтарын ашуға кедергі де жасайды. Осыдан барып тек бөлім қызметкерлеріне ғана емес, жалпы Институт ұжымына қазақстандық тарихнама мәселелерінің әдістемелік және теориялық тұстарына, әсіресе, өтпелі кезең (қорытындылары мен келешегі), қазіргі заман тарихының өзекті мәселелерінің тарихнамасына жете көңіл бөліп, зерделеу қажеттілігі туындайды.

Сондықтан да Тарихнама бөлімінің ғылыми бағыты қайтадан қарастырылып, Институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарына іргелі екі ірі бөлімнен тұратын «Кеңестік Қазақстанның тарихнамасы мәселелері» тақырыбы енгізіледі. Тақырыптың жетекшілігіне сол жылдардағы бөлім меңгерушісі М.Қ. Қозыбаев, ал орындалу мерзімі – 1987-1995 жж. болып бекітіледі.

КСРО ҒА Президиумының тарихнама және деректану жөніндегі Проблемалық Кеңестің ұсынысымен ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Тарихнама және деректану бөлімінің базасында Орта Азия республикалары мен Қазақстан аумағында аталған проблема бойынша аймақтық секция құрылады. Бұл осы проблематика бойынша қазақстандық тарихнамашылардың озық тәжірибесі мен нақтылық базасының қалыптасқандығын танытады.

Бөлім қызметкерлері Р.В. Колдобская мен А.И. Нарманбетовалар Қазақ КСР тарихы бойынша қорғалған диссертациялардың көрсеткішін (1935-1985 жж.) құрастырып, баспаға дайындайды.

Институттың қоғамдық істеріне белсене араласқан бөлім қызметкерлері тағы бір жаңа бастама көтереді. Олар Қазақстан өлкетанушылар қоғамының құрылтай жиналысын өткізіп, онда бөлім меңгерушісі М.Қ.Қозыбаев республикадағы өлкетанудың жағдайы туралы баяндама жасайды. Осы Құрылтайды өткізуде П.С.Белан белсенділік танытады.

Осы жылдары бөлім құрамы С.А. Қуандықов, Е.А.Байтоғаев, Р.С.Құдабаева және Г.А.Байболова сынды жаңа қызметкерлермен толықтырылады.

Институт Ғылыми кеңесінің 1993 ж. 7 қаңтардағы мәжілісінде институттың құрылымын қайта құру мәселесі қарастырылып, оның шешімі бойынша Тарихнама және деректану бөлімі Орталық архив және Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпараттар бөлімдерін қосумен кеңейтілді. Осыған орай бөлімнің зерттеу бағыты мен міндеттеріне де өзгерістер енеді. Тарих ғылымдарының кандидаты Б.М. Сужиковтың жетекшілігімен «XVIII-XX ғғ. Қазақстан тарихының мәселелері жөніндегі батыс тарихнамасы» атты тақырыпты орындауға тарих ғылымдарының кандидаттары Л.И. Катасонова, Д.М. Костина, Д.М. Юзкаева, Г.Б. Бырбаева, С.Ә. Жакишева, аға инженер А.Т. Ракишева тартылды.

Жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.М. Сужиков басқарған Тарихнама және деректану бөлімінде т. ғ. д., профессор, Бас ғылыми қызметкер Ж.Б. Әбілхожин, тарих ғылымдарының кандидаттары, доценттер: жетекші ғылыми қызметкерлер И.В. Ерофеева, С.Ф.Мәжитов (ҚР ҰҒА жас ғалымдар сыйлығының иегері), аға ғылыми қызметкерлер С.Ә. Жакишева, Қ.Ш. Әлімғазинов, кіші ғылыми қызметкерлер – М.Р. Сәтенова, З.М. Төленова және 1-ші категориялы инженер А.Т.Ракишева ғылым жолындағы ізденістерін жалғастырды.

Бөлімнің зерттеу бағыты аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар бөлім қызметкерлері «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша «ХІІ-ХХ ғғ. Батыс деректеріндегі Қазақстан тарихы», «Әлемдік тарихи ойлар», «Қазақстан тарихы жөніндегі орыс деректері» тақырыбындағы топтамалар бойынша 30 томдық басылымды орыс және қазақ тілдерінде баспаға дайындау жұмыстарын жүргізді. Оларға Б.М.Сужиков, С.Ф. Мәжитов, И.В.Ерофеевалар жетекшілік етті. Басылымға республикада жарияланбаған қазақ халқының тарихы мен қазіргі кезең, Қазақстан мен көршілес мемлекеттер тарихы жөніндегі шығармалар енді.

Әлемдік тарихи ой-сананың басым бағыттары мен дамуына арналған еңбектер, Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы туралы зерттеулер ұзақ жылдар бөлім меңгерушісі (1989-2012 жж.) қызметін атқарған көрнекті ғалым, т. ғ. к. бас ғылыми қызметкер Б.М.Сужиковтың авторлығымен кеңінен мәлім болды. Кеңестік кезеңдегі Қазақстантанудың шетелдік археографиялық қоры Б.М.Сужиковтың аудармасымен толықтырылса, тәуелсіздік жылдары ғалымның Орталық Азияның жаңа және қазіргі кезеңдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, этникалық, ұлтаралық қарым-қатынастар мәселелері бойынша еуро-американдық зерттеулер негізіндегі талдау жұмыстары отандық тарихнаманың іргелі бағыттарының қалыптасуына елеулі әсер етті. Ғалымның еңбектері, методологиялық зерттеулері өз кезегінде тұтас институт ұжымы атқаратын ұлттық (этнос және этничность) мәселелер тарихына арналған іргелі зерттеу бағыттарын негіздеуге, айқындауға үлес қосты.

Бөлімде 2008-2010 жылдары институт директоры болып қызмет атқарған белгілі ғалым, тарихнамашы С.Ф. Мажитов ұзақ жылдар еңбек етті. Көрнекті тарихшы Е.Бекмахановтың тарихи көзқарасы туралы кандидаттық диссертация және ұлт-азаттық қозғалыс мәселесіне арналған («Народно-освободительное движение в Казахстане ХVIII начала ХХ вв.: проблемы истории, теории и историографии») докторлық диссертациясын (2007 ж.) қорғаған ғалым азаттық үшін күрес тарихының теориялық-методологиялық негізі, тарихнамалық сұрақтары туралы жетекші ірі маман ретінде қалыптасты. Тарихшы ғалым 2004-2011 жж. жүзеге асырылған мемлекеттік «Мәдени Мұра» бағдарламасына белсене қатысты. Оның жетекшілігімен «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» («Мировая историческая мысль») атты кітаптар сериясы 14-том болып қазақ тілінде жарық көрді. Кәсіби тарихи білім беру бағытындағы жұмыстарға да барынша атсалысып келеді. «Қазақстан тарихы және дүние жүзі тарихы» туралы оқулықтар, Қазақстан тарихының типтік бағдарламасын (бакалавриатқа арналған) әзірлеуге күш салды.

С.Ф.Мажитов бастаған бөлім қызметкерлері академиялық «Қазақстан тарихының» IV-V томдық басылымын шығаруға негізгі орындаушылар ретінде қатысты.

«Мәдени Мұра» бағдарламасының орындалуына бөлімнің басқа да қызметкерлері тартылды. Белгілі ғалым И.В. Ерофеева «Қазақстан тарихы XVI-XX ғасырлардағы орыс деректерінде» жобасына, Б.М.Сужиков «Қазақстан тарихы (XII-XX ғғ.) батыс деректерінде» (орыс тілінде) басылымына жетекшілік жасады.

Бөлімде елімізде тарихи информатика бағытында қорғалған тұңғыш докторлық диссертация орындалды. Бөлім қызметкері Қ.Ш.Әлімғазинов «Электрондық тарихи дерек көзі: теориялық-методологиялық аспектілері және деректанулық талдау технологиясы» 07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдiстерi мамандығы бойынша зерттеу жүргізіп,«тарихи ақпараттың пайда болуы, сақталуы және презентациясының жаңа көрінісі – электрондық тарихи деректерді сандық әдістер арқылы деректанулық талдауға арналған» докторлық диссертация жазды. Зерттеу Қазақстан тарихының қазіргі кезеңінің материалдарын сақтаған электрондық деректемелерді мәтіндік талдап, пәнаралық синтезде орындалды. Жұмыста – электрондық нұсқадағы тарихнамалық және құжатнамалық мазмұндағы мәліметтер қоры, археографиялық, анықтамалық, библиографиялық басылымдар, мерзімді баспасөз шоғырын құрап, тұтастанған ақпараттық кешенге негіздеуімен қоса, электрондық дерек көздері жеке дара қазақстандық тарихнамада ғылыми айналымға тұңғыш енгізілді.

Жалпы, аталған бөлімде бүгінге дейін отандық тарихнамадағы «ақтаңдақтардың» зерттелуіне және тарих ғылымындағы жаңа бағыттардың дамуына қозғау салған білікті маман, белді ғалымдар қажырлы еңбек еткен. Бүгінде бөлімде озық тәжірибелі ғылым докторлары Ж.Б. Абылхожин, О.Х. Мұхатова және алдыңғы толқын аға ұрпақтың ізін жалғаған ғылым кандидаты А.Т. Қайпбаева, PhD докторлар Н.Н. Құрманалина және А.М. Әбікей, магистрлар Б.Б. Бұрханов, А.Н. Қоңқабаева, З.Б. Байжұманова соңғы жылдардағы еліміздің ғылым саласы бойынша белгіленген жаңа талаптарға сай мемлекеттік гранттық қаржыландыру және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы ғылыми жобаларды орындау жолында кәсіби біліктілігімен нәтижелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ғылыми жобалар

Бөлімде соңғы он бес жыл көлемінде орындалған жоба жұмыстары тарих ғылымын дамытудың басым бағыттарының негізгі көрсеткішіне айналған бірқатар өзекті мәселелерді зерттеуге арналды. Мәселен, 2003-2005 жж. «Қазақстанның тарихнама және деректану контексінде инновациялық әдістер және зерттеу технологиясы» атты ғылыми-зерттеу жобасы 4 блоктан тұратын бірегей тақырыптық кешенді зерттеуді қарастырды. Атап айтқанда, 1-блок: «1991-2001 жж. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы: тарихнамалық және тарих білімінің даму мәселесін талдау. Отандық және шетелдік әдебиеттер»; 2-блок: «Көшпенділер қоғамы және дәстүрлі әлеуметтік-саяси жүйесінің жаңару жағдайында өзгерістер енгізу: иновациялық тіл табысу және талдап түсіндіру; 3-блок: «Қазақстанның тарихы дүниежүзілік internet желісінде және ҚБСА-да (қашықтықтан басқару спутниктік арнасы)»; 4-блок: «Тарихи-гуманитарлық жанрдағы (1986-2001 жж.) басылымдардың және жарияланымдардың электрондық био-библиографиялық тізімдемесі».

Келесі 2006-2008 жж. арналған ғылыми-зерттеу жобасы «Қазақстан тарихының методологиялық мәселелері: жаңа ғылыми парадигманың орнауы» тақырыбы аясында жүргізілді. Мұнда жобаны атқару жұмысы келесі бағыттар бойынша айқындалды:

– Жаңа және қазіргі заманғы Қазақстан тарихын методологиялық тұрғыда оқыту;

– Қазақстан тарихнамасын шетелдік тарихнамалық ақпараттармен қамтамасыз ету;

– Қазақ тілді тарихи интернет: ғылыми бағыттың қалыптасуы;

– Қазақстанның (медиевистика) ортағасырлық тарихы бойынша қосалқы тарихи пәндер;

– Тарихи информатика: методология, тарихнама, технология;

– Тарихи білімнің методологиялық ұстанымдары;

– Орта Азиятарихының батыс қоғамтануындағы эпистемологиялық тұрғыда зерттелу жолдары;

– Қазақстанның тарихындағы тарихи тұлғалар: консорциондық талдау әдістемесі.

Зерттеу нәтижесінде Қазақстан тарихының электронды нұсқасын, қазақ тілді web-сайтын құру, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, мақалалар топтамасы, монографиялар жазу жұмыстары жүзеге асырылды. «Қазақстан тарихының тарихнама және методологиялық очерктері» монографиясы жарық көрді. – Алматы: «Искандер», 2007. – 328 б. 2007 жылы Фридрих Эберт атындағы қордың көмегімен «Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана» монографиясы жарияланды. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 292 с.

2007-2009 жж. бөлім «Ұлттық идея. Тарих: өткені мен болашағы» қолданбалы ғылыми зерттеу жобасына белсенді қатысты.

2009-2011 жылдары бөлімде мемлекеттік тапсырыс бойынша «Саяси-этникалық қаржы және XX-XXI ғғ. арасындағы Қазақстан әлеуеті: методология, тарихнама және тарихи компьютинг» жобасының 6.4 «Қазақстан дүниежүзілік тарихи бағдардың жүйесінде: трансконтиненталды өркениеттің даму ерекшеліктері» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізілді.

Жобаның негізгі міндеттері 2007-2012 жж. Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік ғылымды дамыту бағдарламасы негізінде ғылыми зерттеулердің алты басым бағыттарының бірі ретінде «Қазақстанның тұрақты дамуының негізі ретіндегі ұлттық идея» тақырыбында әлемдік ғылымға Қазақстанды интеграциялау үшін жағдай жасау міндетін жүктеген. Жобаны орындаушылардың кәсіби бейімділігіне қарай тақырыптық міндеттер төмендегідей блоктарға бөлінді:

– Блок 1. Дәстүршілік үрдісінің тарихи серпінділігі, XX-XXI ғ.ғ. утилитаризм және модернизм: мәселенің методологиялық аспектілері;

– Блок 2. Қазақстанның және ТМД елдерінің тарих ғылымы: жекешелендіруден бастап ынтымақтастыққа дейін;

– Блок 3. Ұлттық-мемлекеттік бөлініс, ұжымдастыру және индустриализация Батыс Қазақстан посттоталитарлы мектебінің бағалауында;

– Блок 4. Тарихи деректерді деректанулық талдау контексінде компьютерлік өңдеу технологиялары және әдістемелері;

– Блок5. Егемен Қазақстан (1991-2006 жж.) тарихын гипермәтіннің көпнұсқалы жүйеде көрсету: қағида және ақпараттық қамтамасыз ету технологиясы;

Блок 6. Академик М.Қ. Қозыбаевтың ғылыми мұрасы: қазақ халқының этникалық ренессансы және Қазақстандағы толерантты әлеуеттің құрылуы.Жоба шеңберінде тарихнамалық және деректанулық зерттеулер базасы даярланды, концептуалды және методологиялық әдістер мен тәсілдер жасалды, ҒЗЖ бойынша ғылыми мақалалар топтамасы шығарылды.

Ал 2012-2014 жылдары бөлімде «Қазақстан тарихы және балама тарихнама: тарихи білімнің балама нұсқасына сыни талдау» тақырыбында ғылыми зерттеу жобасы орындалды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бірқатар ғылыми жарияланымдар жарыққа шықты.

2015-2017 жж. бөлім қызметкерлері «Халық жадындағы құжаттық хроникалар: пәнаралық синтез әдістерімен деректанулық зерттеу (компьютерлендірілген талдау және мәліметтер базасын құру)» тақырыбындағы гранттық қаржыландыру жобасы бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Жоба жетекшісі: тарих ғылымдарының докторы, бөлім меңгерушісі Г.С.Жүгенбаева. Жобаны орындау мынадай күрделі мәселелерді шешумен жүзеге асты:

– Проблеманың ғылыми шешімі: халық жады деректерінің зерттеу методологиясы (аналитикалық мәтін); «жадты» тарихнамалық және деректік дефиниция ретінде институализациялау; тарихи экскурс және деректерді панорамалық талдау;

– Батыс тарихнамашыларының ауызша (фольк) тарихты зерттеудегі методологиялық тәсілдері. Шетел авторларының шығармаларына ғылыми-реферативтік шолу;

– XVIII-XIX ғғ. Қазақстан. Жад – қазақ этносының ревитализациясы механизмі;

– Қазақстан 1920-1940 жж. Кеңестік модернизация тәжірибесі тұрғылықты халық жадында;

– Қазақстан кеңестік режим кезеңінде: ауызша тарих естеліктері (1941-1985 жж.);

– Қазақстан 1985-1991 жж. Құжаттамалық хрониканың тірі куәгерлері.

Аталған ғылыми-зерттеу жобаларының нәтижелері орындаушылардың ұжымдық монография, мақалалар, баяндамалары түрінде кеңінен сынақтан өткізілді. Бөлім қызметкерлерінің ғылыми зерттеу еңбектері «Отан тарихы» журналында, электрондық е-history.kz журналында, сондай-ақ Thomson Reuters, Scopus мәліметтер базасындағы журналдарға жарияланған.

Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімі жұмысының негізгі бағыты мен ғылыми-зерттеу жобаларының орындалуы білікті тарихнамашы, деректанушы ғалымдардың шоғырлануымен жүзеге асты.

Өткен 2000-жылдардың ортасынан бері бөлімнің қызметкерлері, белгілі ғалымдар Б.М.Сужиков, Ж.Б.Абылхожин, С.Ф.Мажитов, И.В.Ерофеева, С.А.Жакишева, Қ.Әлімғазинов, Г.С.Жүгенбаева т.б. отандық тарихнамадағы «ақтаңдақтардың» зерттелуіне және тарих ғылымындағы жаңа бағыттардың дамуына қозғау салды.

Ғылыми-зерттеу орталығында қарқынды дамып келе жатқан дербес бағыт Ауызша тарих туралы да атап айтқан жөн. Жоғарыда аталған 2015-2017 жж. қамтитын «Халық жадындағы құжаттық хроникалар: пәнаралық синтез әдістерімен деректанулық зерттеу (компьютерлендірілген талдау және мәліметтер базасын құру)» атты гранттық қаржыландыру жобасы бойынша еліміздің батыс, шығыс, солтүстік аймақтарына археографиялық экспедициялар жүргізіліп, 500-ден астам информанттан Ауызша тарих әдісімен сұхбаттар алынды. Арнайы электрондық мәліметтер базасы түзілді. Бұл кеңестік кезеңдегі тарихымыздың халық жадында сақталып қалған сәттері туралы естеліктерді тікелей куәгерлерді қатыстыру арқылы тарихи дерекке айналдыру бағытындағы ірі жұмыс болды.

Сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі ауызша тарихы, көшпелі қоғамдағы тарихи жады, фольклордың тарихи танымдық маңызы мен әлеуеті туралы ұлттық тарихнаманың өзегін құрайтын тың зерттеу жұмыстары Г.С.Жүгенбаева авторлығымен жүргізілді. Осы тақырып аясында бірнеше мақалалар, баяндамалар, зерттеу жұмыстары орындалды. Қожа-Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ жанындағы Еуразиялық ғылыми зерттеу институты жариялаған конкурста Г.С.Жүгенбаеваның «Қазақ түркілерінің тарихи жадындағы Қырым факторы» атты жобасы грантқа ие болып, батырлық жырлардың көшпелі халықтар тарихын зерттеудегі рөлі мен орнын айқындауға мүмкіндік берді.

Бүгінде бөлім қызметкерлері өнімді зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Атап айтсақ, т.ғ.д., профессор Ж.Б. Абылхожиннің жетекшілігімен жүзеге асырылатын «Мифотворческие тенденции и фальсификации в современной историографии Казахстана как угроза модернизации общественного сознания» тақырыбындағы гранттық қаржыландыру жобасы, «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті», «Қазақстан тарихы энциклопедиясы» атты іргелі нысаналы-бағдарламалық қаржыландыру аясындағы жобаларға және мемлекеттік тапсырма бойынша әзірленген «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын «аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» атты ғылыми жобаға тартылған. Сондай-ақ, 2020-2022 жж. арналған ҚР БжҒМ ҒК-нің Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша ЖҒҚ, т.ғ.к. А.Т.Қайпбаеваның жетекшілігіндегі «ХХ ғ. 20-30 жж. дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» атты ғылыми жоба аясында бөлімнің ғылыми кадрлары нәтижелі зерттеу жұмысын жүргізіп, Отан тарихы ғылымының, еліміздің білім беру саласының дамуына үлес қосуды назарға алған. Жобаның мақсаты: 1920-30 жж. қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы білім мен ағарту жүйесінің ерекшеліктерін ғылыми зерттеу негізінде жаңаша көзқарас қалыптастыра отырып, Қазан төңкерісінен кейінгі Ұлы дала елінде дәстүрлі білім берудің күйреуі, зайырлы білім мен ағарту жүйесін қалыптастыру мен дамытуда орын алған реформалар және оны жүзеге асыру үдерісіндегі ұлт зиялыларының атқарған іс-қызметін кешенді зерттеу болып табылады.

Сонымен қатар, «Тенденции и трансформации исторической памяти в современном казахстанском обществе» тақырыбында ғылыми жоба орындалуда. Орындалу мерзімі: 2021-2023 жж. Жоба жетекшісі: т.ғ.д., профессор Ж.Б. Абылхожин. Зерттеу барысындағы нәтижелер қазақстандық қоғамның ғылыми тарихи жадын қалыптастыру үшін іргелі ғылыми базаны құрайды, сондай-ақ Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғырту ретінде “Рухани жаңғыру” идеяларын тиімді өзектендіруге елеулі түрде ықпал ететін болады. Бұл мәселені зерттеу қоғамның ынтымақтастығының маңызды шарты ретінде жалпыазаматтық бірегейлік идеясын насихаттауды қоса алғанда, жаңғырту құралдарын тиімді пайдалануда елеулі рөл атқара алады.

Ал, жас ғалым, PhD Н.Н. Құрманалинаның жетекшілігімен «Қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметінің беймәлім қырлары туралы құпиясыздандырылған Ресей мұрағаттары (XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысы)» атты ғылыми жоба орындалуда. Жобаның мақсаты: Ресей мұрағаттарының құжаттары негізінде жаңа тарих дәуіріндегі көрнекті қазақ мемлекет және әскери қайраткерлерінің өмірі мен қызметінің белгісіз эпизодтарын ашу. Бүгінгі таңда Ресей мұрағаттарының соңғы кездері құпиясыздандырылған қорларынан алынған жаңа тарихи құжаттарды жинақтау мен талдау негізінде XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстан тарихының белгісіз қырларын зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, қазақ даласының бірқатар көрнекті саяси және мемлекеттік қайраткерлерінің Ресей билігімен ресми хат алмасқан құжаттары. Жоба тақырыбы бойынша алынған ғылыми нәтижелер бірқатар көрнекті қазақ мемлекет қайраткерлерінің: Абылай, Нұрәлі, Әбілфейиз, Уәли, Сұлтанмамет, Құдайменді, Құлсары, Арынғазы, Кенесары және т.б. басқалардың өмірі мен шығармашылығының бұрын-соңды белгісіз беттерін ашуға мүмкіндік береді. Алынған жаңа құжаттар Ресей отарлауының басында және оның кейінгі кезеңдерінде қазақ даласында болған тарихи үдерістерді қарастыруға мүмкіндік береді.

Баспа қызметі

Бөлімде академиялық ғалымдардың баспа қызметі бойынша көптеген еңбектер жарияланды:

Солардың қатарында т.ғ.д., профессор Ж.Б. Абылхожиннің бірқатар маңызды еңбектерін атауға болады: «Традиционная структура Казахстана: социально-экономические аспекты функционирования и трансформации (1920-1930-е годы)». (Алма-ата, 1991): «Очерки социально-экономической истории Казахстана. XX век». (Алматы, 1997); «Страна в сердце Евразии». (Алматы, 1998) (в соавт.); «История Казахстана. Народы и культуры». (Алматы, 2002) (в соавт.); «История Казахстана и Центральной Азии». (Алматы, 2002) (в соавт.); «Очерки по историографии и методологии истории Казахстана». (Алматы, 2007) (в соавт.); «Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана». (Алматы, 2007) (в соавт.); «Сталинизм и номадизм: К вопросу о силовой политике седентаризации в Казахстане в конце 1920-х – начале 1930-х годов // Феномен кочевничества в истории Евразии». (Алматы, 2007); «Some stages of ecological (environmental) history of Ili-Balkhash region) Soviet period)/Reconseptoalizing Cultural and Environmental Change in Central Asia. An historical perspective on the future». (Kyoto, Japan, 2009); «Kazakhstan: contemporary politics (inco-authorship)». (Connecticut, USA, 2009) (в соавт.); «Группоцентризм и историография// Книга «Многоликая Клио: бои за историю на постсоветском пространстве». (Брауншвайг, ФРГ, 2010); «Историография и методология Отечественной истории». (Алматы, 2011) (в соавт.); «Постсталинский период в истории советского Казахстана: череда обреченных реформ и несостоявшихся деклараций (1953-1991 гг.)». (Алматы, 2020) және басқа да.

Бөлімнің БҒҚ, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатованың жарияланымдары: «Қазақстандағы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы аграрлық реформалар тарихнамасы» (1998); «Қазақстандағы ХХ ғасырдағы аграрлық өзгерістер тарихнамсы»; (1999), «Тарихи және тарихнамалық деректер» (2012); «Патшалық Ресейдің отарлау саясатының әлеуметтік-экономикалық салдары» (2014); «Қазақстан тарихының тарихнамасы» (2016); «Отандық тарихи ойдың дамуы» (2017); «Асылбек Сейітов – тарихта қалған із» (2018); Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің қызметі (2018); «Тарихи жадта сақталған есімдер» (2020); Alexander the Great in Kazakh Oral Historiography// World Applied Sciences Journal 29 (9): 1204-1207, 2014; Бытовые нравы жителей Казахского ханства// Balcanica Posnaniensia. Acta et studia, XX, Poznań 2013, Wydawnictwo Instytutu Historii UAM, pp. 85-94; From the Russian Pre-revolutionary Historiography of the Great Silk Road// Bylye Gody. Vol. 48. Is. 2. pp. 588-597. 2018; Enlightening Activities of the Tsarist Government in Semirechye in the early XXth century (According to the Documents from the Fund of the Head of the Semirechye Region’s Resettlement Administration)// Bylye Gody// Vol. 49. Is. 3. pp. 1296-1306. 2018; Аrchival terminology in the USSR and in post-Soviet countries: continuity and change// Archives and Manuscripts. May 2021

Бөлімнің ЖҒҚ, т.ғ.к., қауымд. профессор А.Т. Қаипбаеваның жарияланымдары: Ұлы дала тарихы. Оқулық. (Алматы, 2019) (авторлық бірлестікте); Қазақcтандағы ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайту ауқымындағы ұлт-азаттық қозғалыстар. Ұжымдық монография. (Алматы, 2020); «Ілияс Омаров мемлекет және қоғам қайраткері (1912 –1970 ж.ж.)»атты монография. (Алматы, 2020) және т.б.

Ғылыми-ұйымдастырушылық және методикалық жұмыстар

Бөлімде институт ғалымдарының ой-тұжырымдарына арналған методологиялық семинар жұмысын жүргізіп келеді, сондай-ақ ғылыми конференция және т.б. ғылыми шараларды ұйымдастыру жолында нәтижелі істер атқаруда. Методологиялық семинар тақырыптары Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған. Мұнда Х.С. Алдажұманов, Ә. Даулетхан, О.Х. Мұхатова, С.К. Рүстемов, А. Капаева, Г.К. Көкебаева, т.б. белгілі ғалымдар өздерінің зерттеу бағыттарымен, концепциялық тұжырымдарымен бөлісті.

Сонымен қатар Бөлімде көрнекті тарихнамашы және деректанушы ғалымдардың құрметіне жеке мерейтойлық конференциялар да ұйымдастырып келеді. Атап айтсақ, 2021 жылдың 16 қарашасында ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты көрнекті тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан ҒА академигі, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы және ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Академик М.Қ. Қозыбаев және отандық тарихтың заманауи тұжырымдалуы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын өткізді. Конференция жұмысына отандық ғалымдармен қатар, Түркия, Германия, Израиль, Өзбекстан елдерінен көрнекті ғалымдар және академик Манаш Қабашұлының туыстары мен отбасы белсене қатысты. Іс-шара барысында академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев атындағы кабинеттің ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Институт баспасында конференция материалдарының жинағы жарияланды.

Сонымен қатар, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының базасында ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті (БҒССҚК) мақұлдаған «edu.e-history.kz» – электронды ғылыми журналы шығып тұрады. Бөлім меңгерушісі, т.ғ.к., А.Т. Қаипбаева жауапты редактор ретінде және ғылыми қызметкер А.Н. Қоңқабаева журналдың жауапты хатшысы ретінде елімізде тарих ғылымының келелі мәселелеріне арналған зерттеулер нәтижелерінің ғылыми айналымға енуі мен насихатталуы жолындағы қызметіне белсене атсалысуда.

Халықаралық «edu.e-history.kz журналы (Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде тіркелген, тіркеу туралы куәлік: 29.10.2014 ж. № 14602-ИА) – Қазақстандағы жалғыз тіркелген электрондық ғылыми басылым. Ғылыми журнал Қазақстан тарих ғылымының әлемдік тарих ғылымы қауымдастықтарымен тығыз және өзара әрекеттесуінің бұдан былайғы алаңы ретінде жоспарланып, ғылыми, ақпараттар алмасу арнасына айналмақ, яғни ғалымдарға бұл басылым өз ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін жариялап, қазіргі байланыстың неғұрлым жаңа түрлері арқылы халықаралық ғылыми ортада танымал болуға кең мүмкіндіктер бермек. Бұл басылым Қазақстан, жалпы Орталық Азия, Еуразия кеңістігі тарихы мәселелерімен айналысатын отандық және дүниежүзі ғалымдарына, сонымен бірге оқытушыларға, ғылыми қызметкерлердің ізденістерінің нәтижелерін жариялауға арналған. Журналдың мақсаты – ашық ғылыми пікірталас, оның ішінде Интернет желісінде жалпыға қолжетімді шетелдік зерттеушілермен ашық ғылыми пікірталас үшін жағдай жасау; тәжірибе алмасуға және ғылыми ортада зерттеулер мен жаңа ғылыми әзірлемелердің, оның ішінде пәнаралық зерттеулердің нәтижелерін таратуға ықпал ету; Қазақстан және Орталық Азия, Еуразиялық кеңістік тарихының проблемаларымен айналысатын докторанттарды, ізденушілерді, жас мамандарды, оқытушыларды, студенттерді, магистранттар мен ғылыми қызметкерлерді ғылыми мақалаларды жариялауға тарту.

Журналда тарих ғылымының келесі бағыттары бойынша ғылыми жұмыстар жарияланады: тарих, археология, этнография, саясаттану, әлеуметтану, философия, дінтану, құқықтану, педагогика.

Ғылыми журнал сериялық басылымдарды тіркеу жөніндегі ISSN Халықаралық орталығында (Париж қ., Франция), ISSN 2710-3994 тіркелген.

Журнал мен жарияланған мақалаларға DOI объектісінің сандық сәйкестендіргіші беріледі (баспа префиксі: DOI.10.51943).

Ғылыми журнал РҒДИ-да (РИНЦ Российский индекс научного цитирования) тіркелген. Ғылыми журналдың электрондық нұсқасы eLIBRARY.RU сайтында РҒДИ (РИНЦ) ғылыми электрондық кітапханасында еркін қолжетімді түрде орналастырылады. Журнал ГОСТ 7.5-98 және ГОСТ 7.1-2003 бойынша мақалаларды рәсімдеуі негізгі баспа стандарттарына сәйкес келеді.Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімі жастарды тарих ғылымына баулу, болашақ тарихшы мамандарды даярлау ісіне мән береді. Бөлімнің жас қызметкері Н.Құрманалина PhD докторлық диссертациясын (2017 ж.) қорғап, институтта ең алғашқы PhD маманы болды.