ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЗАЙБЕРТІ


ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМДА ҒАНА ЕМЕС, ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМИ ҚАУЫМДАСТЫҚТА ЕСІМІ ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМ-АРХЕОЛОГ ВИКТОР ФЕДОРОВИЧ ЗАЙБЕРТ ДҮНИЕДЕН ӨТТІ
немесе
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЗАЙБЕРТІ
немесе
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЫРҒЫ АТАҚОНЫСЫ ЕКЕНІН ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕГЕН ҒҰЛАМА

Кеше ғана есімі мен ғылыми құнды мұрасымен танылған атақты ғалым-археолог В.Ф. Зайберт 75 жасқа қараған шағында өмірден озғаны туралы қаралы хабар жетті. Ағамызды жақсы білушедік. Қазақстан тарихы жаңа академиялық басылым туралы ағамызбен талай кеңескенімізде бар. Ұлты неміс болсада, жаны қазақ еді. Қазақ елі жерінің тұтастығын сақтауды есінен ешқашан шығармаған нағыз Ер еді…

І. ҒАЛЫМНЫҢ АШҚАН ҰЛЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

«Археологияны ғылым деп емес, оны қарапайым өмір салты ретінде жақсы көрген ғалым Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосын маңындағы Ботай мәдениеті қонысы орнында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Ботай қонысын ашып, онда әлемдегі ең көне қолға үйретілген жылқының қалдықтарын тапты. Осы жаңалық негізінде ғалым ең алғаш осыдан 6 мың жылға таяу уақыт бұрын жылқы жануарының қазіргі Қазақстан аумағында мекендеген деген тұжырымның ғылыми негізін жасап, әлемге әйгіледі. «Энеолит дәуірінде ботайлықтар әлемде алғашқы рет жылқыны қолға үйретті және адамдар алғаш рет қымыздың дәмін татып көрді» деген тұжырымды алға тартты.

Ғалым көптеген Еуропа елдерінің ғалымдарымен бірлесе, атап айтар болсақ, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей ғалымдарымен етене араласып қызмет жасап, Қазақ даласындағы дәстүрлі мәдениет үлгілерін әлемге таныстырған тұлға.

Оның Атбасар мәдениетіне қатысты жаңалықтары да ғылымға айқын. Ботай мәдениетіне қатысты жүзден астам монография мен ғылыми зерттеулер жазып, ширек ғасырға жуық саналы ғұмырын осы тақырыпқа арнады. Ғалымның Ежелгі тарих және Солтүстік Қазақстан археологиясы бойынша: «Атбасарская культура» (1992), «Энеолит Урало-Иртышского междуречья» (1992), «Тайны древней степи» (2007), «Ботайская культура» (2009), «Ботай – у истоков степной цивилизации» (2011) альбом-кітабы, орыс және неміс тілдерінде жарық көрген «Большой курган Байкара» (Берлин, 2003) тағыда басқа еңбектері ғылым сүйер қауымның негізгі оқу құралына айналған.

Ғалым өзінің әріптестері және шәкірттерімен бірге Қазақстанның Солтүстік, Орталық, Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумақтарында көптеген зерттеулер жүргізді, Қазақстанның Ежелгі тарихы мен археология саласы бойынша халықаралық және отандық ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыруға белсенді қатысты.

ІІ. ҒАЛЫМНЫҢ ӨМІРІНЕН ЕЛЕУЛІ ДЕРЕКТЕР

Виктор Зайберт 1947 жылы Сотүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Николаевка селосында дүниеге келген. Ол Солтүстік Қазақстан аумағындағы тас ғасыры ескерткіштерін зерттеу саласындағы белді маман еді, қызмет жолында Герман археологиялық институтының және Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР БҒМ Тарих, археология және этнография институтының археология және тарих жөніндегі Ғылыми кеңес мүшесі міндеттерін абыроймен атқарды. Ғылымдағы жетістіктері жоғары бағаланып, «Ғылым көшбасшысы» наградасы берілген.

Ата-анасы соғысқа дейінгі жылдары қоныс аударған көптеген неміс ұлтының өкілдерімен бірге Қазақстанға Поволжьеден жер аударылып келген. Педагогтар отбасында тәрбиеленген. Әкесі де, анасы да мектеп мұғалімдері болған. Әкесі Федор Федорович – Ұлы Отан соғысына қатысқан, музыкаға жаны құштар кісі болған екен. Бала Зайберт әкесі және өзінен өзге 5 бауырымен бірге шағын ансамбль құрып, ағаш үрмелі музыкалық аспап – «кларнетте» ойнағанды жаны сүйгендігін өз естеліктерінде баяндайды.
Зайберт Есіл ауданының Явленка орта мектебін, кейін Петропавл педагогикалық институтының тарих факультетін (1965-1969) тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын 1969 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология бөлімінде бастады.

ІІІ. ҒАЛЫМНЫҢ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ

• «Мен еңбекпен ғана өмір сүремін, еңбексіз өмірімді мағынасыз сезінемін, еңбек арқылы қуаттанамын».

• «Кез келген археологиялық олжа жаңалық ашуы мүмкін».
• «Зерттеушілердің басты қателігі – өзімізді бабаларымыздан жоғары қойып, өзімізді білімдіміз, ақылдымыз, ал бізге дейінгілер қарапайым, жабайы деп санап келдік. Біз жаңа заманның адамдарымыз, бірақ аса ақылды емеспіз».
• «Ғылым әлемі – ерекше әлем. Оның түрлі әдістемелері болады».
• «Атаққұмарлықты ұнатпаймын. Сол себепті менің атақ-дәрежемді санап шығуға қарсылық танытамын».

• «Зайберт және археология» – ажырамас ұғымдар.

IV. ҚАЗАҚТЫҢ ЗАЙБЕРТІ – ЕЛ ЖҮРЕГІНДЕ МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ!
Ғалым: «МЕН – ВИКТОР ЗАЙБЕРТ, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ НЕМІС ҰЛЫМЫН» деген сөзінен В.Ф. Зайберттің қазақ халқына, отандық ғылымға деген адалдығы мен ақжарқын пейілі байқалады.

Ғалымның биік парасаттылығының бір көрінісі – ол ешқашан өз ғылыми көзқарастарына теріс пікір айтқан ғалымдарға қарсы келген емес. Көрнекті ғалым ғылыми жаңалықтарына ғалымдар тарапынан айтылған кез-келген ғылыми пікір-таластарды түсіністікпен қабылдайтын қасиетке ие еді.

Көрнекті археолог-ғалымның ғылыми көзқарастары мен пайымдары Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты даярлап жатқан академиялық көптомдықта көрініс табатын болады.

Ғылымға қосқан үлесі ұшан-теңіз археология заңғары В. Зайберттің ғылымға сіңірген еңбегі ғасырдан-ғасырға мұра болып қала бермек. Өзі таңдаған бағыт бойынша ірі ашылулар мен жаңалықтарға қол жеткізген ғалымның есімі ғылым көкжиегінде мәңгі жасайтыны айқын.

Ғылым сардары Виктор Федорович Зайберттің отбасына, туған-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып, көңіл айтамыз. Жаратқан өз шапағатына алсын деп дұға етеміз…

ru_RU