Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

М.А.-Х. Асылбек Көптомдық «Қазақстан тарихы» туралы


2012 жылдан бастап бірнеше жыл қатарынан «Қазақстан тарихы» көптомдығын дайындау жұмыстарын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты тарих ғылымы саласындағы төрт институт жүзеге асыруда. Олар: Алматыдағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты (директоры-ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Х.М. Әбжанов), Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты (директоры-ҚР ҰҒА корреспондент-мүшеі Б.А. Байтанаев),  Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты (директоры-филология ғылымдарының докторы, профессор Х. Дербісәлі), Астанада – Мемлекет тарихы институты (директоры – тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған).

Қазірге дейін Х.М. Әбжановтың басшылығымен Тарих және этнология институты осы маңызды мемлетекеттік тапсырманы орындау барысында бірқатар жұмыстар атқарды: «Отан тарихы» онтомдығының (жиырма кітаптан)  қысқаша концепциясы жасалынды, томдар мен кітаптарға бөліп, жіктеу жұмыстары жүргізілді, жеке кітаптарға атаулар берілді, олардың ішкі құрылымы жасалынды, авторлар тобы жасақталды, 2012, 2013 және 2014 жылдары үш халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, өткізілді. Бұл конференцияларда «Отан тарихы / История Отечества» онтомдығының жобасына тұсау кесілді, Қазақстан тарихын дәуірлеу проблемасы талқыланды, дискуссиялық мәселелер қарастырылды және т.б., авторлар тобы өздеріне тапсырылған бөлім, тарау және параграфтарды жазуға кірісті. Тарих және этнология институты басшылығының мәлімдеуінше, қазір олардың қолында көптомдықтың 60 % жазба мәтіні дайын. Бұл өз кезегінде екі-үш жыл аралығында негізгі жұмыстың аяқталуына сенім ұялатады.

Жақында Білім және ғылым министрлігі және ҚР Президенті әкімшілігі көптомдықтың дайындалу барысы жөнінде төрт тарих институттары басшыларымен және жетекші тарихшы ғалымдармен кездесіп, көптомдықты дайындау мәселесін талқылады, бұл қуантарлық жағдай. Кездесу барысында Республика тәуелсіздігінің 25 жылдағына орай осы жобаны нәтижелі аяқтау туралы нақты шаралар белгіленді. Осыған байланысты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Х.М. Әбжанов Институттың ғылыми кеңесінде салиқалы баяндама жасады. Осы отырыста, мен, талқыланып отырған мәселені нақтылы іс-шаралар арқылы шешу үшін, өзімнің пікірім мен ұстанымдарымды ортаға салдым. Енді солармен Қазақстан тарихына жанашыр қауыммен бөліскенді жөн көрдім.

1. Көптомдықтың атауы бойынша. Бұл жөнінде көп сөз болды, оны «Қазақстан тарихы» деп атау туралы шешім де қабылданды, бірақ «Отан тарихы» атауы әлі күнге дейін қолданыста жүргені түсініспеушілік тудыруда. Егер бұрынғы Кеңес Одағының Ұлттық және автономиялық республикалары тарихшыларына жүгінетін болсақ, олардың ешқайсысы өзінің көптомдық тарихына – «Отан тарихы» деген атау бермейді, оның орнына «Ресей тарихы», «Украина тарихы», «Белорусия тарихы», «Қазақстан тарихы», «Өзбекстан тарихы»,  «Татарстан тарихы», «Башқұртстан тарихы» және сол сияқты нақты атаулар беруде.

Ресейде біздің институттағыдай «Отан тарихы» деп аталатын журнал шығарып тұрды, қазіргі уақытта ол «Ресей тарихы»  деген атаумен жарық көруде. Біз бұл туралы екі жарым жыл бұрын, 2012 жылдың 19 сәуірінде өткен халықаралық ғылыми конференцияда айтқан болатынбыз. Сол уақытта-бірінші конференцияда Республиканың жетекші тарихшылары: ҚР ҰҒА академигі Б.И. Көмеков, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі У.Х. Шәлекенов, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі М.Қ. Абусеитова, т.ғ.д. Қ. Атабаев (марқұм)  және т.б., соның ішінде осы жазбаның авторы да, бұл атаудың бұрыстығы жайлы айтып, көптомдықты «Қазақстан тарихы» деп атауды ұсынған. Сол уақытта барлығы да осы атаумен келіскенімен, үш жыл бойы «Отан тарихы» деген атаудан құтыла алмай келеміз. Кез-келген ақыл-есі дұрыс адам, тарихшы-ғалымдарды билейтін басшы қызметкерлерді атамағанда, «Отан тарихын» қолына алғанда, «бұл кімнің Отаны?», – деген ойға келеді. Ал егер біз көптомдықты «Қазақстан тарихы» деп атасақ, онда біз қолымызға өзіміздің нақты-Қазақ халқының немесе мемлекетінің тарихын аламыз. «Америка» ашамыз деп, немесе «велосипед» ойлап табамыз деген ғылыми жалған ұмтылыстың кесірінен траги-комедиялық нәтижеге келдік, оған қоса бұл негізсіз ұмтылыс біздің қанша алтын уақытымызды босқа сарып етті. 2012 жылдың 19 сәуірінде өткен «Қазақстан тарихы: «Отан тарихы / История Отечества» жобасының тұсаукесері және ғылыми зерттеулердің қорытындысы» атты халықаралқ ғылыми-практикалық конференция қорытындысы бойынша: «Конференцияға қатысушылардың басым көпшілігінің ойын ескере отырып, жобаның ресми атауын «Қазақстан тарихы / История Казахстана» етіп ауыстыру, – туралы шешімі қабылданды», бұл баршаға мәлім. (113 б.). Яғни М. Тынышпаев «Қазақ халқының тарихы», С. Асфендияров «Қазақстан тарихы», (1920-1930 жж.), 1943 ж. А.М. Панкратова мен М. Әбдіхалықовтың редакциясымен шыққан және онан кейінгі екі томдық (1949, 1957 ж.) пен бес томдық (1980) «Қазақ ССР тарихы», ал тәуелсіздіктегі бес томдық (2010) «Қазақстан тарихы» деп аталғанда, енді біздікі не жорық?!

2. Тарихнама және деректерге талдауды Қазақстан тарихының жекелеген дәуірлері мен сатысы бойынша, әрбір томның (немесе кітаптың) басында беру керек. Көптомдықтың жасалған құрылымында бұл мәселелер өте шашыраңқы орналасқан, сонымен қатар, қосымша ретінде, онтомдықтың екі толық кітабы (19 және 20) осы мәселелерге арнайы берілген: «Қазақстан тарихы тарихнамасы мен зерттеу методологиясы» (19 кітап) және «Қазақстан тарихы бойынша деректер» (20 кітап). Ең қызығы – бірінші томның екі кітабында (1-кітап–Ежелгі дәуірдегі Қазақ даласы; 2-кітап–Ерте темір дәуіріндегі Қазақ даласы. Алғашқы мемлекеттер), яғни тас, қола және ерте темір ғасырлары бойынша, бұл мәселелер арнайы қарастырылған. Дәл осындай мәліметтер «Көне түріктер және Қазақстан аумағындағы олардың мемлекеттері» (том 2, 3-кітап) және «Шыңғысхан ұрпақтары дәуіріндегі қазақ даласы (том 3, 5-кітап) атты екінші және үшінші томның екі кітабында да бар. Бұл бөлімдерді академиктер К. Байпақов, Б. Көмеков, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Б. Байтанаев, сонымен қатар, т.ғ.д. З. Қинаятұлы, т.ғ.к. Қ. Өскенбаев және т.б. орындау үстінде. Бірақ екінші томның төртінші кітабында мұндай бөлім жоқ (ерте және дамыған орта ғасыр кезеңіндегі  мәдени үрдіс (VI – XIII ғ. басы). Үшінші томның алтыншы кітабы қазақ халқының антропологиясына бөлінген, оның тарихнамасы мен деректері туралы арнайы төрт тарауы бар, бұл кітапты академик О. Смағұлов және А. Смағұлова жазуда. 4-томның  7-кітабында (Қазақ хандығы ХV-XVII ғғ.) жекелеген тарихнамалық және деректанулық бөлімдер бар. Оны Б. Көмеков, М. Әбусеитова, К. Пищулина, Н. Атығаев жазуда. 4-томның 8-кітабында (XVI-ХІХ ғасырлардың бірінші жартысындағы қазақ этносы мен оның мәдениеті) қазақ халқының этнографиялық және этнологиялық зерттеу тарихы мен дерек көздеріне арналған жеті тараудан тұратын тиісті бөлім бар. Осыған сәйес бөлімдер жаңа заман тарихы томының кітаптарында (5-том, 9 және 10-кітаптар), және қазіргі заманның (8-том 15,16-кітаптар), сондай-ақ  9-томның 17-кітабында («Шетелдегі қазақтар және олардың репатриациясы») кездеседі. Өкінішке орай, мұндай бөлімдер 6-томның ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басы кезеңіне арналған 12-кітабында, сонымен қоса 7-томның «Кеңестік мемлекеттің құрамындағы Қазақстан (1917-1953 жж.)» атты 13-кітабында жоқ, бірақ 1953-1991 жж. арналған кезең бойынша тиісті бөлімдер бар. Осының бәріне қарамастан, тарихнама және деректер мәселелеріне көптомдықтың 10-томынан тағы арнайы екі кітап бөлінген (19 және 20). Бұл не? Мұны «Ала қойды бөле қырқу» – дейді қазақта, бұл жөнінде біз 2012 жылдың сәуір айында нақтылай, дәлелді айтқан едік, бірақ баяғы жартас – сол жартас. Тек жекелеген томдар мен кітаптар авторларының өз белсенділігі арқасында (академик Б.И. Көмеков және т.б.) кейбір ілгері жылжушылық байқалынады. Бұл маңызды істі аяғына дейін жеткізу керек.

3. «Қазақстан тарихын» томдар мен кітаптарға, дәуірлерге бөліп, құрылымын жасау секілді күрделі мәселелер бойынша талқылаулар және шешімдер қабылдау үшін 2012 жылы сәуірде біз Бас редколлегия және жекелеген томдарға 3-4 маман тарихшылардан редколлегия құру жөніндегі ұсыныс жасаған едік. Бұл мәселе 2012 жылғы конференция қарарларында да жазылған, алайда, қазіргі уақытқа дейін олар құрылған жоқ, соның кесірінен «Қазақстан тарихын» дәуірлеу мәселесі әлі шешілген жоқ, ал жекелеген томдардың аты әлі қойылған жоқ, кітаптардың құрылымы, олардың атауы нақтылауды ғана емес, түбегейлі қайта қарастыруды қажет етіп отыр.

4. Онтомдықты дәуірлеу әлі де болса ерекше назар аударуды қажет етеді, ал жекелеген томдар мен кітаптардың құрылымын түбегейлі қайта қарастыру мәселесі туындап отыр. Себебі кейбір дәуірлер мен олардың ішкі кезеңдерге бөлінуі ешқандай сынды көтермейді, оларды жасағандар қандай талаптар мен принциптерге сүйенгендігі белгісіз. Олар қандай хронологиялық немесе проблемалық-тақырыптық дәуірлеуге негізделгені  де белгісіз. Сонымен қатар, біз, 1-ден 4-ші томға дейін дәуірлеу мен ішкі құрылымды (1-8 кітаптар) негізге алу болар дегенімізбен, дәуірлеуін хронологиялық (ежелгі және орта ғасырлық) принциптерге сүйене отырып нақтылау қажет, – деп ойлаймыз. 5-томның 9-кітабы «Тәуілсіздігін жоғалту алдындағы Қазақстан (ХVIII–XIX ғғ. басы)» деп аталады. Бұл толығымен қате, себебі 1731 жылдан бастап Қазақстан тек тәуелсіздігінен айырыла бастаған жоқ, сонымен қатар Ресей империясының отарына айнала бастады, ХІХ ғ. 60 жылдарының ортасына қарай бұл қосылу Оңтүстік Қазақстанды күшпен, әскери жаулап алумен аяқталды. Бұл жерде Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы мәселе 1731 ж. бастап, 1860 ж. ортасы аралығында орын алғанын еске алған жөн. Сондықтан 5-томға – «Қазақстан жаңа тарих дәуірінде», ал 9-кітапқа  –  «Қазақстанның Ресейге қосылуының басталуы (ХVIII –XIX ғғ. басы)», 10-кітапқа – «Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы», 11-кітапқа – «Ресей империясының құрамындағы Қазақстан» деп атау берген жөн. Әсіресе соңғы кітаптың аты – «Қазақстан Ресейдің отары» – (ХІХ ғ 60 жылдары – ХХ ғ. басы) тарихи шындыққа сай келмейді, себебі, Қазақстан 1731 жылдан бастап Ресей империясының отарына айнала бастады. Жалпы, 5-томға (3 кітаптан) «Жаңа тарих дәуіріндегі Қазақстан» аты сай келмесе, онда «Қазақстан – Ресей отары» немесе «Отарлық дәуірдегі Қазақстан» деп атағанды жөн деп санаймыз.

7-томның 13 және 14-кітап атауларын да қайта қарау керек. 13-кітап «Кеңес мемлекетінің құрамындағы Қазақстан (1917-1953 жж.)», ал 14-кітап «Кеңес мемлекетінің құрамындағы Қазақстан (1953-1991 жж.)» деп аталған. Бұл том толығымен кеңестік дәуірге арналған, сондықтан «Кеңестік дәуірдегі Қазақстан» немесе «Жаңаша замандағы Қазақстан» деп атауымыз керек, бірақ мен соңғы атауды қалайда қабылдау керек деп айтпаймын, дегенмен шындығында бұрынғы КСРО құрамындығы одақтас республикалар үшін жаңаша заман тарихы кеңестік билікті орнатқан Қазан социалистік революциясынан басталған: жаңа, социалистік жүйе, пролетариат диктатурасын орнатқан, жалпыхалықтық меншік және жұмысшы, шаруалар, қызметкерлерден тұратын тың әлеуметтік құрылымын әкелген.

Асыра сілтеушілік, қылмыс, жаппай аштық, саяси қуғын-сүргін, халықтар депортациясы және өзге де өрескел үдерістердің орын алуы, бірінші кезекте, Орталықтың, Кеңес Одағы республикалары, аймақтары, облыстары мен аудандары, жергілікті жерлердегі  басшы қызметкерлердің іс – әрекетінен болғаны баршаға мәлім.

Социалистік құрылыс, әлеуметтік әділеттік, адамзат теңдігі мен еркіндігі жайындағы коммунизм идеясы әлем халықтарының әрдайым көкейінде арман ретінде жүрері сөзсіз.  Ал Қазақстанға келетін болсақ, еліміздің патриархалды-феодалдық жағдайда өмір сүруі, маманданған және саяси бірлігі зор ұлттық шоғыры биік зиялылар тобының болмауы, халықтың артта қалуы, олардың ұйымдасуының әлсіздігі және өзге де әлеуметтік-экономикалық және саяси себептердің нәтижесінде, Одақтағы қайғылы оқиғалар мұнда одан да күшті шиеленесіп, шектен тыс зардаптарға соқтырды, яғни жалпыодақтық зұлматтан, жергілікті басшы большевиктердің солақай іс-әрекетінен, қазақ халқы орны толмас қайғы-қасіретке жолықты. Бұл жерде социалистік құрылысты айыптауға болмайды. Себебі бұл жекелеген партия-кеңес басшыларының іс-әрекеттері мен халықтың қаймағы – Ұлттық интеллигенцияға қарсы жүргізілген «бөліп алда, билей бер» саясатының кесірі, сондай-ақ нақты басшы қызметкерлердің қате шешімдері тар жол –тайғақ кешуге алып келді.

Сонымен қатар кеңестік дәуірдегі Қазақстанның жетістіктеріне де көңіл бөлген жөн: ең алдымен, Қазақ автономиясының құрылып, содан кейін Қазақтың одақтық республикасына айналуы, қазақ жерлерінің бір мемлекеттік құрылымға жиналуы ерекше жеңіс болды. Егер бұл атауға ерекше назар аударатын болсақ, егемендіктің өзінде де қол жетпеген «Қазақ Республикасы» деген жетістікті байқаймыз. Яғни автономия және одақтас республика кезінде де «Қазақ» сөзі анық та, нақты да көрініс тапты.

Қазақ жерлерінің бірыңғай мемлекеттік құрылымға – республикаға жинақталуы арқасында, еліміздің экономика, мәдениет пен ғылым салаларындағы жетістіктерін де жан-жақты көрсету қажет. Осыған байланысты 13-14 кітаптардың атауларын қайта қарау керек, себебі кеңестік дәуір И.В. Сталиннің өлімімен аяқталмайды, ол 1991жылға дейін, 38 жыл созылды. Ендігі кезекте, бұл томның мерзімдік шеңберін сақтаған кезде, 13-кітапты «Қазаннан И.В. Сталиннің басқаруының соңына дейінгі Қазақстан», ал 14-кітапты «Хрущев «жылымығынан» Кеңес Одағының ыдырауына дейінгі Қазақстан»  деп атауын өзгертуді ұсынамыз.

5. Бізге Астанадағы басшылық тарапынан «10 томдық» атауын өзгертіп, әр кітапты томдарға айналдырып, «Қазақстан тарихын» он том емес, 20 том ету жөнінде нұсқау жасалғандығы белгілі болды. Бұл жөнінде кеңінен пікір алысып, жоғары жаққа негізделген ұсыныспен шығу керек. Жекелеген томдардың өзіндік атауларының болмауы көптомдық еңбекке өзіндік кері әсерін тигізді. Біз бірнеше рет әрбір томға (2-3 кітап) Қазақстан тарихының ежелгі, орта ғасырлар, жаңа (немесе отарлық), жаңаша заман (немесе кеңестік) және қазіргі (егеменділік) дәуірлеріне сай, нақты атау берудің қажеттігін айтқан едік. Енді биліктің нұсқауы қабылданатын болса, онда Қазақстан тарихының дәуірлерге бөлінуі өте қатты өзгеріске ұшырауы, тіпті, жоғалып кетуі де мүмкін. Осыған орай, бізге, әсіресе, институт басшылығына 20 кітаптан тұратын 10 томдық еңбектің осылай бөлінуін сақтап қалудың жалпы ғылыми бағытын жасау керек.

6. «Қазақстан тарихының» орындаушы-авторлары жөнінде. Бұл ең маңызды мәселелердің бірі. Себебі «барлық мәселені кадрлар шешетіндігі» белгілі. Өкінішке орай, кезінде 1993 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы. Очеркі» және 2010 жылы жарық көрген 5 томдық «Қазақстан тарихы» еңбектерін даярлаған белді ғалымдар бүгінде жоқ. Көптомдық еңбектің жекелеген мәтіндерін даярлау жұмысы берілген авторлардың көбі тиісті тақырыптар бойынша арнайы зерттеу жұмыстарымен айналыспаған немесе жарық көрген монографиялары жоқ. Өз тақырыптары бойынша жаңа деректер таба алуы қиын, сондықтан бұрын жазғандардың деректеріне, не еңбектеріне сілтеме жасауға мәжбүр, өз текстін тек жарық көрген еңбектер негізінде жазуы мүмкін, нәтижесінде олардың онтомдыққа жазған қолжазбалары компиляцияға жақын, тіпті, құдай сақтасын, плагиат та болып шығуы мүмкін. Себебі мұндай еңбектер алғашқы түпнұсқалық деректің сілтемесі арқылы әшкереленіп қалады.

Осыған байланысты міндетті түрде ҰҒА академигі К.Нұрпейісов сияқты дүниеден өткен ғалымдардың бес томдық «Қазақстан тарихы» және басқа да жазған еңбектерінен бірқатар мәтіндерді  қосалқы авторлар ретінде олардың шәкірттері мен әріптестеріне тапсыру керек. Олар қосалқы автор ретінде Қазан революциясы мен Қазақстандағы Кеңестік биліктің орнауы, Қазақ АКСР құрылуы, қазақ жерлерінің осы автономия қоластына бірігуі, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметіне байланысты мәселелерді толықтырып, жаңартып,  қолжазба ретінде беруіне болады.

7. Республиканың белді ғалымдарымен қатар Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясының Татарстан мен Башқұртсан республикалары секілді елдердің өкілдерімен  Қазақстан тарихын дәуірлерге бөлуге байланысты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді маңызды деп есептеймін. Себебі бұл Республикалардың тағдыры тек ежелгі және орта ғасырлар шеңберімен ғана шектелмей, отарлық және кеңестік, әсіресе, қазіргі заманғы дәуірлерде қазақ халқының, Қазақстанның тарихымен ортақ болып отыр.

Бұл мәселе 2013 жылдың сәуір айында «Отан тарихы мен мемлекеттіліктің дәуірлеуге бөлу «Отан тарихын» басым бағыттарын зерттеу» атты баяндамасында ҰҒА корреспондент-мүшесі Х.М. Әбжанов тарапынан арнайы қойылған болатын. Ол бірнеше дәуірлерге бөлуді ұсынды: 1. Ежелгі Қазақстан; 2. Қазақстанның түркіленуі, исламдануы және этнополитегенезі (б.з.д.VI- б.з.XV ғғ.); 3. Қазақ хандықтары (XV-XVIII ғғ.) дәуірі; 4. Отарлау дәуірі; 5. Кеңестік дәуір; 6. Тәуелсіз Қазақстан. Алайда бұл мәселе көпшіліктің жан-жақты талқылауына түспегендіктен, Қазақстан тарихын дәуірлерге бөлу мәселесі бойынша бірыңғай тұжырым осы күнге дейін жасалынбады. Менің жеке көзқарасым бойынша, ҰҒА корреспондент-мүшесі Х.М. Әбжановтың тарапынан дәуірлерге бөлу ұсынысын негізге алуға болады. Әсіресе отарлық дәуір (ХVIII ғ. – 1917 ж.), Кеңестік дәуір (1917-1991 жж.), тәуелсіздік дәуірі (1991 жылдан) ешқандай дау-дамай тудырмайды. Бірақ екінші дәуірді ( б.з.д. VI– б.з. XV ғ.) нақтылай түсу керек деп санаймыз, себебі ежелгі  ғасырлардың соңы мен орта ғасырлардың барлық дерлік уақыт шеңберін қамтыған, екі мың жылдан астам ұзақ мерзім бір дәуірге сыйыңқырамай тұр. Біздің заманымыздан бұрынғы түркілердің (қаңлы, үйсін), ерте орта ғасырлардағы Батыс Түрік, Түргеш қағанаттары мен қарлұқ, оғыз, кимек, кейінгі орта ғасырлардағы қараханид, найман, кереит, қыпшақ және өзге де мемлекеттердің шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өмірі мен саяси құрылымдағы өзіндік ерекшеліктері баршылық және бастарынан көптеген тарихи бетбұрыстар мен өзгерістерді өткергені белгілі.

Осы дәуірлерге байланысты, бұлардың барлығының атауы мен мерзімдік шеңберін анықтау қажет. Айта кетер жайт, дәуірлерге бөлу мұнымен аяқталмайды. Нақты ұсыныстардың жоқтығына байланысты, жекелеген дәуірлер аясында ел тарихының ірі бетбұрыстарын белгілейтін әр түрлі кезеңдерін анықтау керек. Бұлардың барлығын тереңірек талқылап, баспаға алдын ала ой – пікірлер мен ұсыныстарды жариялап, ежелгі, орта ғасырлық және жаңа заман дәуірлері бойынша ірі мамандарды пікір алмасуға тарту керек. Осы жерде кітаптардың ішкі құрылымында қазақша мен орысшасының дұрыс берілмеген жерлері көп кездесетінін атап көрсеткім келеді.

«Қазақстан тарихының» дәуірлерге бөлінуін, ал томдарды соның негізінде, ірі дәуірлерге бөлу, ал кітаптарды тиісті кезеңдерге арнау жөнінде өзімнің ұсынысымды нақтылай көрсетуге тырысайын. Мәселен, отарлық дәуіріне үш кітаптан тұратын арнайы том бөлу керек: 1-кітап–ХVIII ғасырдан бастап, ХІХ ғасырдың 20 жж. дейінгі мерзім ішінде – Қазақстанның Ресейге қосылуының басталуы; 2-кітап – Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы – ХІХ ғасырдың 20 жж. бастап, ХІХ ғасырдың 60 жж. ортасына дейінгі мерзім; 3-кітап – Ресей империясының құрамындағы Қазақстан –ХІХ ғасырдың 60 жж. 1917 жылға дейін. Ал кеңестік дәуірге келсек, бұл том да үш кітаптан тұруы керек: 1- кітап – Қазақстандағы Қазан және кеңестік қайта құрулар  (1917-1939 жж.); 2-кітап – Екінші дүниежүзілік соғыс және одан кейінгі Қазақстан (1939-1953 жж.); 3-кітап – Хрущев «жылымығынан»  Кеңес Одағының ыдырауына дейінгі Қазақстан.

Біздер Қазақстан тарихының дәуірлерге бөлінуін жүйелеу барысында,

1977-1980 жж. жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» мен 2010 жылғы «Қазақстан тарихы» басылымдарын саналы түрде пайдаланып, оңтайлы тәжірибе ретінде қабылдауымыз керек. Себебі көптомдықты қазіргі дәуірлерге бөлу бұрынғы Қазақстан тарихының отарлау, кеңестік және қазіргі заманғы дәуірлерін қайталайды, әрине, бұны түрлі аталуларына қарамастан, негізінде дұрыс деп санаймын. Ежелгі және орта ғасырлардағы дәуірлер мен кезеңдер бойынша да, жоғарыда аталған жетістіктерді алға тарта отырып, оларды да ұсақ кезеңдер мен сатыларға бөлген жөн.

Бұл мәселелердің шешімін қарастыруда ежелгі және орта ғасырлық дәуірлер бойынша, ҰҒА академиктері К.М. Байпақов пен Б.И. Көмеков, ҰҒА академиясының құрметті мүшесі У.Х. Шалекенов, ҰҒА академиясының корреспондент-мүшесі Б. Кәрібаев, т.ғ.д. З. Қинаятұлы, Н. Мұхамедхан, К. Хафизова, т.ғ.к.  А. Дәулетхан, К. Өскенбаев, Н. Атығаев және т.б. ғалымдардың тарапынан кеңес пен тәжірибелік көмек қажет

Тарих және этнология институты басшылығы көптомдықты сәтті даярлау үшін, жоғарыдағы басшылардан  2-3 жыл уақыт берілуін сұрауы дұрыс болған. Енді бұл мүмкіндікті нәтижелі пайдалану үшін, барлығымыз күш жұмылдыра кірісіп, жоғары деңгейде аяқтап, мемлекеттік тапсырысты ойдағыдай орындауымыз қажет.

Қорытындылай келе, мен көптомдықты даярлауды жақсарта түсу үшін өзімнің ұсыныстарымды айтуды жөн санаймын:

1. Ғылыми жобаға «Қазақстан тарихы. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі» атауын беріп, «Отан тарихы» атауын алып тастау керек.

2. Тез арада көптомдықтың редколлегиясын және жекелеген томдар бойынша 3-4 маман ғалымдардан редколлегиялар құрып, оларға томдарды ірі дәуірлерге бөліп, олардың атауларын беруді, кітаптарды осы дәуірлер бойынша ірі кезеңдеріне бөлуді, томдар мен кітаптардың ішкі құрылымын, орындаушы-авторларды анықтауды тапсыру керек.

3. Бұдан кейін көптомдықтың дәуірлерге бөлінуін, оның жекелеген проблемаларын, дискуссиялық мәселелерді ауқымды талқылаудан өткізіп, нәтижесінде бірыңғай ғылыми бағытты анықтау қажет.

4. Қазақстан Республикасының тарихи профилдік институттары басшылары мұндай мемлекеттік маңызды міндетті орындаудың нақты уақытын көрсетіп, үш жыл мерзімге ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарына енгізуі керек, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, қазіргі-егеменді мерзіміне арналған екі кітаптан тұратын бір томды баспадан шығару керек.

Бұл шешімсіз институттар өздерінің гранттық жобаларымен айналысып жатқандықтан, мұндай жауапты да, ауыр да жұмысты бітіруге үлгермейтіндігі белгілі. Бұл жөнінде археологтардан басқалар да ашық түрде айтып жатыр. Археологтар әлі күнге дейін авторлармен келісімшарттың жоқтығына байланысты төрт кітаптан (1 және 2 том) тұратын еңбекті бастаған да жоқ. Менің ойымша, бұл олардың талаптары заңды және бұл құқық көптомдықтың авторларының барлығына тиесілі болуы керек.

5. Ғалымдардың абыройына нұқсан келтіретін плагиат пен компиляцияның алдын алу үшін, көптомдық авторларын, томдардың бөлімдері мен тараушалары бойынша арнайы зерттеу жүргізген маманданған тарихшы-ғалымдардың арасынан іріктеп алу керек.

6. 10 томдық (20 кітап) «Қазақстан тарихы» жобасын сақтау керек, өйткені 20 кітаптың 20 томға айналуы дәуірлеу дәстүрін бұзады. Томдардың уақытылы атауларға ие болмауы, осындай ұсыныстардың қойылуына алып келді. Сол себепті 2012, 2013, 2014 жылдарда болған үш конференция барысында біздің ұсынысымызға сәйкес, барлық томдарға атау қою керек.

7. Білім және Ғылым министрлігінен «Қазақстан тарихы» атты 10 томдық (20 кітап)  басылымды ұйымдастыруға жетекші ұйым ретінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын (директоры – ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Х.Ә. Әбжанов) бекітуді сұрап, оған сәйкесінше, құзіреттілік беріп, басқа тарих институттарын өзіне тартып, көптомдықты дайындау ісін ойдағыдай ұйымдастыруға мүмкіндік жасап, осындай маңызды істі орындауды тапсыру.

Біздің және де басқа кәсіби-тарихшыларымыздың пікірлері мен ұсыныстары көптомдық «Қазақстан тарихының» ғылыми-теориялық деңгейін арттыруға және егеменді елімізге лайықты мұндай іргелі еңбекті даярлауды жақсартуға ықпал етеді деп үміттенемін.

М.А.-Х. Асылбек – ҚР ҰҒА академигі,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор

 

Алматы қаласы,

Пушкин к-сі, 129-үй,

12-пәтер, тел.: 2910406;

87011500925

13 қазан, 2014 ж.