Ұлы Далаға қатысты Ресей Империясы саясатының аз зерттелген аспектілері: өзектілігі мен мәселелері

2020 жылдың 18 маусымында «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақ хандығына қатысты Ресей империясының саясатын зерттеу мәселелері (XVIII – XIX ғ. жартысы)» тақырыбында онлайн-форматта республикалық дөңгелек үстел өткізілді.

Қазіргі заманғы отандық ғалымдар Ресей империясымен тығыз байланыс кезеңінде Қазақ хандығының өзара қарым-қатынасы тарихын қайта құру бойынша үлкен серпіліс жасады, бұл ретте дала дипломатиясының мәселелеріне, билеушілердің қызметіне және Қазақстан тарихының жаңа заман кезеңіндегі басқа да өзекті мәселелеріне көп көңіл бөлді.

Айта кету керек, халықтың Қазақ хандығынан бүгінгі күнге дейінгі тарихи жолын зерттеу қоғамдық маңызға ие. Тарихи шындықты объективті зерттеу және қайта қарау көптеген тарихи фактілердің әр түрлі оқылуын болдырмауға көмектеседі.

Дөңгелек үстел жұмысына қатысушылар – т.ғ.д., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Кабульдинов; т.ғ.д., К. Жұбанов атындағы Ақтөбе аумақтық мемлекеттік университетінің профессоры Г.Б. Избасарова; т.ғ.д., Халықаралық бихнес университетінің профессоры М.Ж. Абдиров; PhD доктор, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті З.С. Тайшыбай; т.ғ.к., С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Х.А. Аубакирова; т.ғ.д., Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.К. Ахмет, сондай-ақ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкерлері – Қазақстанның және шектес елдердің ежелгі және ортағасырлық тарихы бөлімінің меңгерушісі Е.М. Ужкенов, PhD доктор М.М. Козыбаева; Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Г.А. Шотанова; докторант А.Д. Арепова.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақ хандығының Ресей империясымен белсенді қарым-қатынасы кезеңіндегі кейбір тарихи оқиғаларды қайта қарау және қайта құру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру туралы айтты. Мысалы, профессор М. Әбдіров «Алтын Ордадан Ресей империясына: ордадан кейінгі кеңістігіндегі патша саясатының эволюциясы» атты баяндамасында сабақтастық мәселесіне баса назар аударды. Оның пікірінше, Ресей империясының қазақ хандығын басқару әдістері Қасым хандығының басқару принципіне ұқсас болды. Сонымен қатар, даланы басқару әдістері мен Орта жүздің қазақ билеушілерінің ресейлік шенеуніктермен өзара қарым-қатынасының ерекшеліктері туралы профессор З.Е. Кабульдинов өз сөзінде егжей-тегжейлі баяндады. Осыған байланысты, профессор Г.Б. Ізбасарова қазақ Даласын басқарудың ресейлік империялық жүйесі дәстүрлі ақсүйектер – сұлтандардың әкімшілік саясатын жүргізудің бірінші кезеңінде мемлекеттік биліктің басты әлеуметтік тірегін анықтағанын көрсетті. Бұл тұрғыда атап

өткендей, «сұлтан-билеушілер және сұлтан-басқарушылар» арасындағы қызметтер мен міндеттер өз ерекшеліктеріне ие болды.

Қазақ-ресей қарым – қатынастарының жалпы парадигмасының контекстінде хан билігін жою және саяси жүйені трансформациялау мәселелері көтерілді, бұл даланы соттық, әкімшілік, аумақтық басқарудың өзгеруіне алып келді – бұл Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Е.М. Ужкеновтің сөз сөйлеуінде көрініс тапты; XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ даласының этникалық құрамының өзгеруі туралы «Сібір казактары мен Дала өлкесінің қазақтары» атты баяндамасында Х.А. Аубакиров атап өтті; сондай-ақ спикерлер Кіші жүздегі ішкі саяси дағдарыстың себептері (Г. А. Шотанова); Орта жүздегі қазақтардың жер пайдалану мәселелері туралы (А.Д. Арепова) сынды мәселелерді көтерді. Осыған байланысты, дөңгелек үстелдің жұмысын қорытындылай келе, ғалымдар Ресей империясының қазақ хандығына қатысты саясатын одан әрі тереңірек зерттеуге басты назар аударды (З.Тайшыбай, А.К.Ахмет).

Жалпы алғанда, дөңгелек үстел сол кездегі тарихи оқиғаларды қалпына келтіру бойынша оның алдына қойылған міндеттерге қол жеткізді. Аталған ғылыми іс-шара барысында тыңдалған баяндамалар Қазақстан мен шектес елдер тарихының көптеген аз зерттелген беттеріне жарық түсіруге көмектесті. Дөңгелек үстелге қатысушылар көтерілген ғылыми мәселелер болашақ зерттеулерде одан әрі дами беретініне сенім білдірді.