Айкөзов С. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалар (1991-2008 жж.). – Тар.ғ.д. дисс. автореф.

ӘӨЖ   338.431.6 ”20″(574.5)                                                                        Қолжазба  құқында

АЙКӨЗОВ СЕЙДУЛЛА  ИБАДУЛЛАҰЛЫ
 
 
 
 
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалар (1991 – 2008 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы )
Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған  диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009

 

 

Жұмыс  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпараттар бөлімінде орындалған

Ғылыми кеңесші:                                                 тарих ғылымдарының докторы,
профессор Мажитов С.Ф.

Ресми оппоненттер:                                            тарих ғылымдарының докторы,
профессор Байтілен С.А.

тарих ғылымдарының докторы,
профессор Ташенев М.Ж.

тарих ғылымдарының докторы,
доцент Байсарина Қ.Қ.

Жетекші ұйым:                                                    Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті

Диссертация  2009 жылы  «      »                         сағат 14.30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен    Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының қолжазбалар қорында (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) танысуға болады.

Афтореферат 2009 жылдың   «         »                                    таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым
хатшысы, тарих ғылымдарының докторы                                        Қапаева А.Т.

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. «Біздің әлі де болса есею мен кемелдену кезеңінен өтуіміз керек» деп көрсетеді, – Елбасы өзінің Қазақстан халқына арналған 2003 жылғы Жолдауында,- Қазақстандағы азаматтық қоғамның босағасын бекіте беруіміз керек. Бұл үшін агроөнеркәсіп кешенін түлете дамытып, ауылға (селоға) айрықша назар аударылуы, жеткен биігіміз бен жинақтаған тәжірибемізге сүйеніп, ауылдағы ағайындарымызға өмірдің жаңа сапасына жетуіне қол ұшын беретін уақыт туды» [1].
Ауылшаруашылығы – ел экономикасының негізгі буыны, ежелден бар байлығымыздың бастауы. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтануы және дамуы негізінен тікелей байланысты. Осыған байланысты, қазіргі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай ғылыми тұрғыда терең зерделеуді, саланы кешенді дамытудың жолдары туралы жан-жақты дәлелденген қорытындылар мен байыпты ғылыми тұжырымдар жасау мен аграрлық сектордың кеңестік экономиканың кембағалдығынан көрген зардабы, нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде кездескен қиындықтарыдан көрген залалы қарастырылады.
Тақырыптың өзектілігі. «Болашағына сеніммен қарайтын халық, тарихына терең бойлайды» – деген даналық сөз бүгінгі тәуелсіздік пен еркіндік идеология саясындағы еліміз үшін арнайы айтылған секілді. Төл тарихымыздың күңгірт беттерін ашып,  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа, аршынды сапалық сатыға көтерілуіне қазақ елінің өткен кезеңін зерттеу, зерделеу бүгінгі күннің талабы. Себебі, тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалынан арылуымен бірге тәуелсіздік идеологиясының әдістемелік негізінде тарихи дамудың ақиқат болмысын қалпына келтіру бағытында түбірлі жұмыстар атқарылды.
Отандық тарих ғылымының өзектілігі – кеңестік тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалынан арылуымен бірге тәуелсіздік идеологиясының әдістемелік негізінде тарихи дамудың ақиқат болмысын қалпына келтіру бағытында түбірлі жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – мемлекеттің аграрлық секторды реформалаудағы мемлекеттік саясат. Қазіргі қоғамның даму кезеңіндегі негізгі, әрі өзекті мәселелердің бірі осы салада нарық қатынасын қалыптастыру, халықты отандық азық-түлік, өнеркәсіпті шикізат өнімдерімен жеткілікті түрде қамтамасыз ету, өндірістің тиімділігін арттыру, бәсекелікке төтеп беретін өнім өндіру және  әлемдегі экономикасы бәсекеге барынша қабілетті дамыған 50 елдің қатарына кіру стратегиясын іске асыру болып отыр. Сол үшін аграрлық секторда бірінші кезекте шаруашылықты жүргізу тетіктерін (механизмін – А.С) қалыптастыру және дамыту аса қажетті қозғаушы экономикалық күштің негізіне айналуда.
Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев:    «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына арналған 2008 жылғы Жолдауында, «Қазақстан 2008 жылды жаңа экономикалық жетістіктерімен, жаңарған саяси құрылымымен қарсы алды» -  деп атап көрсетті [2].
Мемлекеттің халық шаруашылығының барлық салаларының ішінде ауыл шаруашылығында біразға созылған экономикалық дағдарыстан шығуы бірте-бірте өз нәтижесін беріп келеді. Дегенмен, өндірістің негізгі саласының бірі, –  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әйтседе, шикізат мәселесін шешетін халық шаруашылығындағы өнім өндіру мен оның өсімі әлі де болса төмен деңгейде. Өндірістерде қалыптасқан жағдайларды сараптай және талдай келе аграрлық сектордағы шешілмей жатқан мәселелерді зерттеу, ауыл шаруашылық пен өндірістің экономикалық негізіне әсер ететін іс-шараларды (тиімділігін көтеретін, бәсекелікке лайықты өнім өндіру т.б.) жүзеге асыру нарық жағдайындағы өзекті мәселелердің атаулысы болып отыр.
Міне, осындай жағдайда «Қазақстан-2030»  Стратегиясы  ауылшаруашылығын  көлемді өзгерістерге жетелейді. Стратегияны жүзеге асыру мақсатында саланы дамытудағы мемлекеттің 2000-2002 жылдарға арналған бағдарламасы мен қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10-шілдедегі №1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауыл аумақтарын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналаған мемлекеттік бағдарламасы, 2004 жылғы 19-наурыздағы Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында көзделген Қазақстан Республикасының 2003-2015 жж. индустриалды-иновациялық даму Стратегиясы, сондай-ақ,  Елбасының қолдауымен 2003-2005 жылдардың «Ауыл жылы» деп жариялануы, «Астық туралы», «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», егіншіліктегі «Тұқым шаруашылығы туралы» заңдар өмірге келуі ауыл тұрғындарын әлеуметтік қолдауға бағытталған ауқымды іс-шаралар болып табылады.
Сонымен бүтіндей алғанда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру агроөнеркәсіптік кешеннің жағдайын жақсартып қана қоймай, дамытудың 2006-2010 жылдарға бағытталған тұжырымдамасының негізінде 2006-2008 жылдары бірінші кезекті шаралары жүзеге асырылды.
Сондықтан, Қазақстан Республикасы үшін аграрлық сектор республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейін айқындаушы күштердің бірі болып  отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өз алдына ұлттық мемлекет қалыптасып, шаруашылық жүргізудің әкімшілік әдіспен аралас нарықтық экономика қағидаларына ауысу үрдісі байқалды. Әрине, бұл жылдардың қиыншылығы мен ауыртпалығы аз болған жоқ. Әсіресе, өтпелі кезеңде орын алған қиындықтар зардабы ауыл шаруашылығына, бүкіл аграрлық секторға қолайсыз болды. Аграрлық дағдарыстың табиғаты, негізгі себептері мен одан шығу жолдары ғылыми және көпшілік әдебиетте аз жазылған жоқ. Осы өзекті, көкейтесті мәселе Республика Президентінің еңбектерінде, түрлі Заң және атқарушы органдардың күнделікті іс-тәжірибелерінің күн тәртібінен түспегені белгілі. Бірақ ел экономикасының маңызды және өмірлік қажет саласының әлеуметтік мәселлелерін, әкімшілік басқару жүйесінен нарықтық жүйеге көшуге байланысты аграрлық саланың тұрақты және тиімді даму бағыттарын анықтайтын теориялық және практикалық мәселелерді одан әрі  зерттеп-зерделеу  керектігі ешбір күмән тудырмайды.
Социалистік қоғамнан шыққан өзге елдердегі сияқты, Қазақстан Республикасында өткізіліп жатқан аграрлық реформалардың басты мазмұны әкімшілік-әміршілдік тәсілге негізделген бір экономикалық жүйеден нарық қатынастарына негізделген екінші экономикалық жүйеге көшу. Оның негізінде экономикалық жүйенің іргетасының өзі – мемлекеттің меншікке монопольды құқығынан бас тартып, оның басым бөлігін жеке және заңды тұлғаларға беруді ойластырған меншік қатынасы жатыр.
Нарықтың өзгеру нәтижесінде аграрлық саланың шаруашылық тетігі терең өзгерістерге ұшырайды. Ауыл шаруашылығындағы нарықтық қатынастың барлық субъектілерінің экономикалық мүдделерінің рөлі артады. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығын реформалауда шаруашылық жүргізудің басымырақ нысаны болып табылатын, өндірісті тиімді жүргізуді қамтамасыз ете алатын және табыстарды әлеуметтік әділеттілікпен бөле алатын ауылшаруашшылық бірлестіктерінің маңызды рөліне тиесілі.
Осындай қарапайым бірлестіктердің бірі, – кооперация өзінің бір ғасырдан астам уақыттан бергі тәжірибесі оның нарықтық экономиканың заңдары мен қағидаларына сүйене отырып тауарлы ауылшаруашылық өндірісін қалыптастырудағы ерекше маңызын ашып берді.
Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығы дамуының үш жолы бар: жеке фермерлік, ірі кәсіпорындар және кооперация жолымен шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің бірлескен шаруашылық қызметін жүргізуі. Осы үш жолдың біздің елімізде алдыңғы екеуі жақсы жолға қойылғанымен, көлемі жағынан шағын, айналымдық қаржысы тапшы, жағдайы ортадан төменгі дәрежедегі шаруаларды кооперациялау жолы  мемлекет тарапынан қолдау көрмей келеді.
Ұзақ жылдар бойы елімізде аграрлық саладағы кооперацияның теориясы мен тәжірибесінің дәстүрлі ғылыми-зерттеу ісін жүргізудің мүмкіндігі болмады. Бұрынғы КСРО-ның ғылымы мен тәжірибесінде кооперация десе колхоздар алға тартылды және оған Казпотребсоюз (Қазақстан тұтынушылар одағы –А.С) жүйесі қосылды, өйткені тек осылар ғана  ауылшаруашылық бірлестіктерінің ең жоғары, жетілдірілген түрлері деп есептелді. Бұл толық дәлелденбеген қағида және адасулар оның қайта өрлеуі мен дамуы жолында кедергі болды.
Қазіргі экономикасы, ғылымы мен техникасы, ақпараты мен пікір алмасу үрдісі қарқынды дамып келе жатқан қоғамда басқаруды бұрынғысынша орталықтандыра берудің мүмкін еместігі күн санап дәлелденіп келді. Сондықтан 2003 жылдың 4-сәуіріндегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында жария етілген Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында демократияны және жергілікті басқаруды жетілдіру мәселелерінің жан-жақты көрініс табуы жәйдан-жәй емес.

 

 

АЙКӨЗОВ С. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалар (1991 – 2008 жж.).  Автореф.