Әйтеке бидің 370-жылдығына орай Республикалық ғылыми конференциясы

Институтта әйгілі тұлға Әйтеке бидің 370-жылдығына орай «Әйтеке би: қазақ мемлекеттілігі тарихындағы ұлы тұлға» тақырыбында Республикалық ғылыми конференция өтті. Конференция жұмысына көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен институт қызметкерлері қатысты.

Кіріспе сөзінде Әйтеке бидің қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған, қазақ жерінің тұтастығын сақтаған Әйтеке бидің тұлғалық рөліне тоқтаған институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА кор.-мүшесі Х.М. Әбжанов жұмыс барысын ғылыми баяндамасымен жалғастырды.

Әйтеке би мемориалдық кешені құрылысының салынуы мен қайта қалпына келтіру жұмыстары, тарихи-мәдени орталығының ашылу тарихы мәселелеріне тоқтаған ҚР «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының президенті Ш.У. Усманов қайраткердің тарихтағы орнын нақтылап өтсе, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор О.С. Смағұлов антропологиялық, археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, Әйтеке бидің сүйек қалдықтарына талдау жасап, тұлғаның бет-бейне ерекшеліктеріне тоқтады.

Республикалық «Ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, т.ғ.д., профессор, академик Ө.О. Озғанбаев ұлы бабаның тұлғалық ерекшеліктері, болмысын айта келе, әйтекетану саласын дамытудың қажеттілігін көтерді.

Әйтеке Байбекұлының шыққан тегі, өмірі, қазақ халқына деген ерен еңбегі, Жалаңтөс баһадүрдің қолында тәрбиеленуі мәселелеріне тоқталған ҚР ҰҒА құрметті академигі, т.ғ.д., профессор У.Х. Шәлекенов Әйтеке биді «мәңгілік тұлға» деп атап өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, т.ғ.д., профессор А.Б. Тасболатов қазақ халқының данышпан билерінің ел ішінде ынтымақты, бірлік пен тұтастықта сақтай отыра, бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізудегі рөліне баға беріп, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде тарихи тұлғаларды ұлықтаудың маңызын дәйектеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ.д., профессор Т.О. Омарбеков билердің өмірі мен тағдырына қысқаша өз көзқарасын білдірді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғ.д. Б.Т. Тұрғараев Әйтеке би мен Қожаберген жырау рухтарының үндестігі, тарихи сабақтастығы, сонымен бірге бүгінгі таңдағы сот орындаушыларына қазақ билерінің қызметі мен рухының сабағы мен маңызы ерекше екендігін алға тартты.

Институттың БҒК, т.ғ.д., профессор А.У. Тоқтабай ауызша деректерге сүйене отырып, Әйтеке бидің өмірі мен қызметі жөніндегі ғылыми  болжамдарын ғылыми көпшілік назарына ұсынды.

Пленарлық мәжіліс соңында конференцияға қатысушылар пікір-таласқа қатысқандарға Әйтеке бидің тарих ғылымындағы рөліне баға берді.

Конференция барысы секциялық жұмыстармен жалғасын тауып, т.ғ.д., профессор В.З. Галиев, т.ғ.к., доц. З.М. Төленова, т.ғ.к., доц. Г.Ж Өскембаева, Г. Кеніштайқызы және т.б. ғалымдар баяндама жасады.

 

Әйтеке бидің қазақ халқының және Орталық Азиядағы өзге де бауырлас халықтардың қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі орны мен рөлін және қайраткердің дәуіріндегі оқиғалар мен құбылыстардың өрбу ерекшеліктерін талдай келе конференцияға қатысушылар мынандай қарар қабылдауды жөн санады:

– Әйтеке бидің ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның қоғамдық-саяси өміріндегі алар орнының ауқымды екенін негіздей түсу мақсатында осы бағытта қызу зерттеу жұмысын жалғастыра түсу қажет;

– Әйтеке бидің өмір жолы, өскен ортасы және атқарған қызметі жайлы мәліметтер жинастыру қолға алынсын;

– мұрағат қорларынан, ауыз әдебиеті үлгілерінен және ғылыми әдебиеттерден алынған мәліметтер негізінде Әйтеке биге байланысты құжаттар мен материалдар жинағын әзірлеу қолға алынсын;

– Әйтеке би, Төле би және Қазыбек бидің ел тұтастығын нығайту бағытындағы ерен еңбегін өскелең жас ұрпаққа кеңінен насихаттау жүзеге асырылсын;

– өткен тарихи дәуірлерде ел бірлігі мен тұтастығын сақтауда дараланған қайраткерлердің қызметін жүйелі түрде зерттеу жоға қойылсын.

Конференцияға қатысушылар осы іс-шараны ұйымдастырып, өткізушілерге – ҚР БҒМ Ғылым комитетіне, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына зор ықыластарын білдірді.