М.К. Бейсенов және Ж.К. Спабеков – ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ МАЙДАН ЖОЛЫНДАҒЫ ЕРЛІКТЕРІ

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына міне 70 жыл толғалы отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, біздің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың сол ұлы ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Егер Сіздердің сол сұрапыл соғыстағы жеңістеріңіз болмаса, бүгін жарқын болашаққа батыл қадам жасаған тәуелсіз Қазақстан да болмас еді» [1], – деп ой түйеді. Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстан облысынан 140 мыңдай адам аттанып, 51 Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді және оның ішінде атап кетер болсақ Сабыр Рақымов, Спатаев Қарсыбай, Жолдасов Лесбек, Абдалиев Қарақозы, Әбдіжаппаров Садық, Әлімбетов Абылай, Әшіров Сейітқасым, Ибрагимов Темірбек, Исаханов Берген, Исмаилов Садық, Қауымбаев Тоғанбай, Молдабаев Ережепбай, Нұрлыбаев Жолдыбай, Оңтаев Бейсен, Рустемов Таштемір, Садықов Ботабай, Сүлейменов Жолдас, Тасқұлов Қалыбай, Үсенов Абдулла сияқты облыстан бірнеше батырлар шықты. Сонымен қатар, 8 Данқ ордені иегері марапатталды [2]. Әсіресе, Сабыр Рақымов туралы айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы, Орта Азия мен Қазақстан әскерлерінің ішінен 1941-1945 жылдары үш бірдей атқыштар дивизиясын басқарған, Кеңес Одағының Батыры гвардия генерал-мойоры, «Алтын Жұлдызы» мен «Ленин орденінің» иегеріне арналып қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Тәуке хан көшесінің бойындағы Жеңіс саябағында ескерткіші орнатылған [3]. Ескерткіш тәуелсіздік жағдайында медет болып отыр. Сол секілді 1942 жылдың наурыз айында Қызыл Армия қатарына шақырылған Қарсыбай Сыпатаев майданға аттанды. Сол жылдың қараша айында Қарсыбай Сыпатаевтың Сталинград шайқасындағы мәңгі қалған ерлігі болды. Неміс фашистерінің миллиондаған әскери күштері Мәскеу түбіндегі соққыдан соң майданның оңтүстігі, яғни Сталинград-Дон бағытында шоғырланған болатын. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен 1943 жылдың 17 сәуірі күні Қарсыбай Сыпатаевқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді [4]. Ордабасы ауданы Көктөбе ауылы мен Шымкенттегі №7 орта мектеп-лицейіне Қ. Сыпатаев есімі беріліп, ескерткіш қойылған [5]. Сондай-ақ, батырларымыздың есімдері көше мен мемлекеттік мекемелерге беріліп, елдік деңгейде мадақталды.

Ал тарихшы Мырзабай Мейірбековтың талдауы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 1939 жылы ерлер – 54,1%, ал әйелдер – 45,9% болса, 1959 жылы ерлер – 47,2%-ға, яғни 6,9%-ға дейін азайып, ал әйелдер керісінше осы көрсеткішке сай өскен. Бұл қазақ халқының соғыста шығынға ұшырағанымен, 50-жылдар басында соғысқа дейінгі дейінгі деңгейіне қайта жетіп, демографиялық дүмпуіне әкеліп соққандағын топшылайды [6].

Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкенттен Куйбышев атындағы ұжымшарда 74 жастағы қарт ана – Анар Садықова – жұмыс істесе, Семей облысы, Абай ауданының Шолақ еспе артелінде 70 жасар қария – Кенебаев еңбектеніп, жоспарды асыра орындады. 1941 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Құрман ұжымшарының егіншісі Шығанақ Берсиев  1 гектардан 155,8 ц. тары алып, әлемдік рекорд жасаса, ал 1945 жылы – 1 гектардан 202 ц. тары алып, өзінің алғашқы көрсеткішін бірнеше рет өсірді. Шиелі ауданы, Авангард ұжымшарының даңқын шығарған күріш егуші Ким Ман Сам 1 га-дан 154,9 ц. күріш өндірді. Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев 1943 жылы 1 гектардан 172 ц. күріш өнімін алып әлемдік рекорд жасады. Астық өнімі үшін алған 106000 сомды Ы.Жақаев қорғаныс майданына жіберді. Республикада Ш.Берсиев, Ы.Жақаевтың жолын қуушылар аз болмады. Ойыл ауданы, Кемерші совхозының Зауре Баймулдина звеносы, Шелек ауданы Төңкеріс ұжымшарынан Малжегерова звенолары 1 га-дан 95-100 ц. тары мен күріш алды. Соғыс жылдарындағы әйелдер ерлігі ерекше. Мыңдаған арулар тіпті тракторға, машина рулдеріне отырды. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мартук ауданының Дзержинский атындағы ұжымшарында Агафья Швалькова соғысқа кеткен күйеуінің комбайынын жүргізіп, 2 күнде 87 гектардан астық жинады. [7]. Кеңес үкіметінің индустрияландыру жылдарында облыста алғаш рет 1934 жылы 20 қаңтардан бастап Шымкент қорғасын зауыты іске қосылды. Оның алғашқы директоры болып Алифбаев А. сайланды [8]. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстаннан он оқтың тоғызы жасалды. Шымкент қорғасын зауытынан он оқтың жетеуі жасалды [9]. Калинин атындағы Шымкент қорғасын зауытындағы комсомол ұйымдарының 1943 ж. Ұлы Отан соғысына көмек беру іс-шараларының бірі зауыттағы комсомолдардың саны 240, оның ішінде желтоқсанда 18 адам қабылданды. Барлығы да цехтарда жұмыс істейді, 2 комсомол партияға үміткер болып қабылданды. Өндірісте 48 адам істейді. Прокоттау цехы электролитті және рафинация цехтарын жарысқа шақырды. Осы цехтардың комсомолдары өз цехтарында 15 адамды қысқартып 3 ауысым қосып, жалпы ауысым санын 4-ке жеткізді. Артық сағатқа ақша төленген жоқ. Зауыт басқармалары Сталиннің «Кеңес Одағындағы Ұлы Отан соғысы» кітабын оқу жөнінде үйірмелер ұйымдастырды, оған 75 адам қатысты. Жөндеу-құрылыс цехында жастар үшін «Лениншіл комсомолдың тарихы» тақырыбында дәріс өткізді (1-2 суретте) [10]. Бұдан көретініміз зауыт жұмысшыларының ерен еңбектерінің нәтижесінде көрініп еді.

Соғыс жылдары қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып, оған «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» — деген ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады. …1944 жылы осындай шоулармен жиналған 100 мың сомды — Қажымұқан осы қаржыға ұшақ сатып алып, оны Амангелді Иманов атымен атауды өтініп, Жеңіс қорына аударды. 29 қазанда мынадай жеделхат келді: «Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Ақтөбе кол-зы, Мұңайтпасовқа. Қызыл Армияның Әскери күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менен сәлем және Қызыл Армиядан ризашылық қабылдаңыз, жолдас Қажымұқан. Сіздің тілегіңіз орындалады. Сталин» [11], – делінген.

Оңтүстік Қазақстан облысынан Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан тарихы пәнінен «Ұлы Отан соғысындағы қазақ батырларының ерлігі», «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» ұраны қалай жүзеге асты?», «Соғыс жылдарындағы мәдени жетістіктер» атты тақырыптарды тарихи талдау жүргізу арқылы жаңа қазақстандық патриотизмді өскелең жас ұрпақтың бойына сабақ барысында қалыптастыру көзделеді. Мектепішілік «Ұлы Отан соғысы Мәңгілік ел ұрпақтарының жадында» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүргізілуде.  Мектебіміздің оқушылары Ережеп Балнұр, Тұрлыбеков Жасұлан, Абдихан Перизат Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бабаев Алтыбай Бабаұлы және Атантаев Алтай ақсақалдан сұхбат алды. (3-4 суретте) Бабаев Алтыбай Бабаұлы: «Біз қиыншылықты көрдік ғой. Менің әскери лауазымым капитан. Алғашқы кезде артиллерист болдым. 78-мм полковая пушкада болдым. Жабық тұрып та, сайдан да атасың. Алдымен заряздающий, кейіннен  наводчик болдым. Житомирге барып немістерді тостық. Қорғанысқа окоп қаздық. Содан немістердің күші көп ғой. Танкісі де бар, штаб бойынша оқ-дәрі барлығы бар. Біз Киевтің теріс жағынан бардық. Барғанда шаршадық, адамдарымыз аз. Содан бізді қуды, амал жоқ шегінуге тура келді. Біздің артымызда тыл жағымызға дейін түніменен өртеніп тұрды. Кетіп бара жатқанда ауыл ма, елме барлығын өртеп бара жатыр ғой. Сонда біздің пушкамыз бар. Артымызда немістер танкімен келе жатыр. Сонда пехоталар қалып қойған ғой. Сонда атпастан пехоталарды танкіменен басып кете берді ғой. Біздің пушкамызды ат тартады. Ол ат шабады ғой. Қырдың басында село көрінді, алдында кішкентай су ағып жатыр екен. Сол жағында бір қора тұр екен. Қорадан бір украинка шықты да «там немцы» деді. Болмайтын болса, қырдан ассақ немістер тұр екен. Содан аман қалдық. Сонда ана ақ көйлектегі әйел, түсі есімде қалмапты. Әне бұлда патриотизм айналайын. Осы күнде мен қуанамын. Қазіргі кезде сендер қанша жыл өмір сүресіңдер? Шамамен кемінде 70-80 жыл өмір сүресіңдер ғой.. Сонда айтып отырасыңдар. Осы біз Бабаев деген атамыздың үйінде болған едік деп. Сол кезде сендер сол 80-ге 90-ға келгенде бізді айтып отырсаңдар, бізді еске алғандарың. Сол кезде біз тіріміз деп ойлаймыз. Одан мынау тәртіп деген болсын. Мен шынымды айтамын. Қазіргі кездегі тәртіпке онша тәнті емеспін. Тәртіп болмаса ештеңе болмайды. Барлық заңды, бәрін ұстанып қолдап отыру керек» [12], – деп қорытындылады. Сол секілді Атантаев Алтай ақсақал: «Ең есте қалатыны 5 декабрьдегі шайқас болды ғой. Сол жерде 212 нөмірмен за обороны москвы деп маған медаль берді. Немістердің тактикасы олар жаяу болған жоқ. Ең жаяуы мотоциклмен үш адамдық. Біреуі пулемёт ұстайды, біреуі айдайды, біреуі белгі беріп отырады. Біз жаяумыз, көпшілігіміз. Бізді кесіп тастап қоршайды да, ортада қалғандармен соғысады. Өскелең ұрпаққа ең алдымен тәрбиелі бол, жақсы оқы. Отансүйгіштік ол семьядан басталады. Отан дегеннің өзі – семья. Бір семья, ол ауыл болады. Ауыл аудан болады. Облыс болады, айналып келіп Қазақстан. Отансүйгіштікке сол жастайдан үйрету керек. Үлкен кішіге де Отанды ұмытпаңдар! Біздің жеріміз де, еліміз де, Отанымыз да Қазақстан. Сол үшін әр уақытта біздің жүрегімізде тұру керек. Қандай қиындық болған күннің өзінде, отан үшін, отанды қорғау үшін, Отанды сақтау үшін, сол Отанның азаматы болу үшін, оқып тәжірибелі азамат болып қызмет істеуіміз керек. Менің өсиетім осы жастарға…» [13], – деп өз сөзін жеткізді. Ұлы Отан соғысының ардагері, тарихшы-ғалым Т.Б. Балақаев: «Айтады, уақыт барлығын да тазалайды деп. Бұл әрқашанда емес. Кейбір оқиғалар бар, бағыныңқы емес уақыттағы. Аталмыш осы оқиғаға қатысты Кеңес Одағындағы болған Ұлы Отан соғысы. Біз соның куәгеріміз, уақытты өшіре алмайтын отты жылдардың жетістіктері халық жады мен санасынан өлместей орын алып дәріптеледі» [14], – дейді.

Қорыта келе айтарымыз, Екінші Дүниежүзілік соғыстың бір тармағы болып табылатын Ұлы Отан соғысының 70 жылдық мерейтойын атап өтуіміз ер есімдерін ұлықтауымыздың белгісі. Оңтүстік Қазақстан облысынан 140 мыңдай жауынгер аттанып, 51 Кеңес Одағының батыр атағын алды. Ұлы Отан соғысы жылдарында зауыттарда еңбектеген баладан бастап еңкейген кәріге дейін еңбектің зардабын тартатын заманда аянбай қызмет етті. Қазіргі кезде еліміздің аймақтарында, облыстарда, аудандар мен қалаларында мемлекеттік көлемде атап ғана қоймай, халықтың мәңгі жадында қалатындай орын алуы тиіс.

  

 

Қосымша суреттер

1 сурет

1 suret

 Шымкент қорғасын зауытының әскери жауынгерлерге жылы киім тапсыру үстінде

(Өлке жастары отты жылдарда Құрастырушылар / Составители: А.Ә. Бекболатова, (жауапты), А.К. Исатаева, Т.Т. Осипова, Қ.С. Бекмырза. Шымкент, «Кітап» ЖШС, 2007.)

2 сурет

2 suret

Шымкент Пресс-автомат зауыты. Жұмысшылар Ұлы Отан соғысына снарядтар шығару үстінде. 1942 жыл.

(Өлке жастары отты жылдарда Құрастырушылар / Составители: А.Ә. Бекболатова, (жауапты), А.К. Исатаева, Т.Т. Осипова, Қ.С. Бекмырза. Шымкент, «Кітап» ЖШС, 2007.)

 3 сурет

                                                                                     

3 suret

Суретте оңнан солға қарай

Турлыбеков Жасұлан, ардагер   Атантаев Алтай

Бабаев Алтыбай Бабаұлы, Ережеп Балнұр

 4 сурет 

4 suret

Суретте оңнан солға қарай 

 Абдихан Перизат және ардагер 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында. (Тарихи-қажаттық зерттеу). – Алматы: «Өнер», 2010. 173 б.

2. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайты. http://www.ontustik.gov.kz/view.php?id=4838.) (кірген мерзімі: 04.02.2015 ж.); Өлке жастары отты жылдарда Құрастырушылар / Составители: А.Ә. Бекболатова, (жауапты), А.К. Исатаева, Т.Т. Осипова, Қ.С. Бекмырза. Шымкент, «Кітап» ЖШС, 2007. 36-79 бб.

3. Исмаилов Ә. Ерлікке толы ғұмыр. (гвардия генерал-мойоры Сабыр Рақымов) / (Қазақша-орысша) – «Нұрлы әлем», Алматы, 2012 – 1-7 бб. Сабыр Омарұлы Рахимов. http://kk.wikipedia.org/wiki/ (кірген мерзімі: 25.02.2015 ж.)

4. Исмаилов А.И. Соғыс және Жеңіс. Шымкент, 2010. 99-101 бб.

5. Қарсыбай Сыпатаев. http://kk.wikipedia.org/wiki/(кірген мерзімі: 25.02.2015 ж.)

6. Мейірбеков М.Б. Оңтүстік Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі әлеуметтік-демографиялық жағдайы. «Қазақстандық тарих ғылымының өзекті мәселелері мен даму болашағы» атты ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.-А.Х. Асылбектің 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. 6 маусым 2014 ж. / құраст.: А.И. Құдайбергенова, А.С. Уалтаева, З.М. Теленева, Г.Ә. Омарова, Қ.М. Мырзаходжаев, Т.Ә. Әпендиев, А.С. Садықова. – Алматы: 2014. – 364 б.

7. «Қазақстан тарихы» порталы http://e-history.kz/kz/contents/view/849 (кірген мерзімі: 11.03.2015 ж.)

8. ОҚО ММ (Оңтүстік Қазақстан облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасы) 207 қор, 41 тізбе, 1-іс.

9. El.kz  сайты. Ұлы Отан соғысы жылдары. http://el.kz/m/articles/view/content-9431 (кірген мерзімі: 25.02.2015 ж.)

10. Өлке жастары отты жылдарда Құрастырушылар / Составители: А.Ә. Бекболатова, (жауапты), А.К. Исатаева, Т.Т. Осипова, Қ.С. Бекмырза. Шымкент, «Кітап» ЖШС, 2007. 144-145 бб.

11. Уикипедия ашық энциклопедиясы. Қажымұқан Мұңайтпасұлы. http://kk.wikipedia.org/wiki/.

12. Сұхбат: Ұлы Отан соғысының ардагері, Бабаев Алтыбай Бабаұлы. 15.12.1924 ж. (мерзімі: 22.01.2015 ж. сағат: 16:00 – 17:00)

13. Сұхбат: Ұлы Отан соғысының ардагері, Атантаев Алтай. 20.11.1920 ж.  (мерзімі: 05.02.2015 ж. сағат: 15:00 – 16:00)

14. Балакаев Т. Б. Колхозное крестьянство Казахстана в годы Великой Отечественной Войны (1941-1945 гг.) [Текст]: 1941-1945 гг. / Академия наук Казахской ССР.- Алма-Ата Издательство “Наука” Казахской ССР , 1971.- 4 с.

 

  

Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі

Тарих пәнінің мұғалімдері

Бейсенов М.К. және Спабеков Ж.К.