Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының төл тарихымыздағы орны»


2016 жыл Қазақстан Республикасы үшін айтарлықтай берекелі де мерекелі жыл болды деп толыққанды айта аламыз. Себебі биыл Алаштың біртуар азаматы Әлейхан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл, тәуелсіздігімізге 25 жыл толуда, «Ару қала» атанып жүрген Алматымыздың 1000 жылдық мерейтойы осы және өзге де айтулы мерекелердің бір арнаға тоғысқан жылы деп атасақ артық емес. Осы мерекелердің аясында желтоқсан айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика және математика факультетінің 1 – курс студенттері мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнолгия институтының қатысуымен осы Алаштың, жалпы қазақтың төл баспасөздері 100 жылдан астам тарихы бар «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің төл тарихымыздағы орны» атты тақырыпта кездесу кеші болып өтті. Кештің қонақтары Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы, сонымен қатар, араб тілінің маманы және осы «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналдарының бүгінгі таңға дейін жетіп, баршаға түсінікті тілге аударылуына өз септігін тигізген маман Смағұлова Светлана Әдепқызы және Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми класстар бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер, тұлғатанушы Төленова Зирабүбі Маймаққызы болды. Кешті өткізудегі мақсатымыз негізінен 100 жылдық тарихы бар «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналдарындағы өзекті мәселелерін аудармашымен бірге талқылау, Қазақстанның кешегісі мен бүгінін салыстыра отырып ой қорту; өскелең ұрпақтың ұлттық сезімдерін қалыптастыру және қазақ халқының ұлттық қасиетін бағалауға баулу болып табылады. Кеш қонақтары жиналған қауымға өздерінің зерттеулерінің барсындағы жеткен нәтижелері мен мәліметтерін қызықты да оңай дәрежеде жеткізіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырып, көптеген сауалдар қойылып, оған жан – жақты жауаптар алды. Сонымен қатар, 1 – курс студенті Әлібай Бибіфатима осы басылымдарға арнап жазған шумақтарын көпшілікке тару етті:

Тартып жүрген халық едік азап – мұң,

Көріп жүрген сан қорлықты, мазақты

«Айқап», «Қазақ» екі бірдей басылым

Жарық болды түнегіне қазақтың.

Сен арқылы елге жайдым сырымды,

Сен арқылы айттым өксіп мұңымды

Қазағыма демеу болдың әрқашан,

Төнген шақта басымызға қиын күн.

Жақын болдың кәріге де балаға,

Сәуле шаштың ұйықтап жатқан санаға.

Сен арқылытанып білдік әлемді

Соқпақ салдың шулап жатқан далаға.

Сенен жайды сан алыптар қанатын

Кілтте болдың азат ойды ашатын,

Тарихында тәуелсіздік елімнің

Жарылқасын шамшырағың бол дара атың!

Қос басылым ерек орын басатын,

Сенде ұшталды жаңа талап, жас қалам

Елдің талай мәселесін шешуді

Ел ұлдары дәл өзіңнен бастаған.

Қазірде бар шешілмеген сан сұрақ

Шабақ ойдыалға сүйрер қамшылап

Азаттыққа жол сілтеген түнекте

Қазақ үшін сендер бейне шамшырақ.

Басын қосты өздеріңде Алашым,

Ояттыңдар бейқам елдің санасын

Толғап жатқан басылымдар басында

Тұрасыңдар заңғар болып дара шың!

 

«Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, ұранға «Алаш» деген атты аламын» – деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын-сүргінге ұшырады. Тәуелсіздік алу ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҒОББ –нің

2 – курс магистранты Әбубәкірова Ә.П.