Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

“Ж.Досмұхамедов – азаттық қайраткер” (Дөңгелек үстел)


2012 ж.  15 маусымда сағат 15.00-де Ж. Досмұхамедовтың 125 жылдығына арналған «Ж. Досмұхамедов – азаттық қайраткері» тақырыбындағы  дөңгелек үстел Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директорының орынбасары, т.ғ.д. Р.А. Бекназаровтың кіріспе сөзімен ашылып, оның жұмысына институттың ғылыми қызметкерлерімен қатар М. Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникация академиясының профессоры, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультетінің доценттері, т.ғ.к. А.М. Азмұханова, Г.Е.  Әбікенова қатысты. Тарих  ғылымдарының докторы С.О. Смағұлованың «Жаһанша Досмұхамедовтың қоғамдық-саяси қызметі» атты қайраткердің  тарихи тұлғасын танытқан баяндамасы тыңдалып, онда Ж. Досмұхамедовтың  қайраткерлік қырлары, заңгерлерлігі, саясаткерлігіне, оның 20-30 жж. қызметі мен қазақ қоғамына қосқан үлесіне баға берілді. Қайраткердің екі бірдей қуғын-сүргінге ұшырауының себебін ашты.

Дөңгелек үстел барысында  Ж. Досмұхамедовтың өскен ортасы мен қоғамдық қызметі, Бүкілресейлік мұсылмандар қозғалысына қатысу барысы, Батыс Алашорда бөлімшесіндегі саяси қызметі, өмірінің соңғы кезеңі төңірегінде пікірлер, тұжырымдар айтылды.
    Сөз барысында т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева Ж. Досмұхамедовтың ХХ ғасыр басындағы өмір жолдары, қызметі жөнінде тәуелсіз Қазақстан болғаннан бері ғылыми зерттеулер жүргізіліп, докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектің жарық көргендігін айта келе, Ж. Досмұхамедовтың тұлғалық қайраткерлігін әлі де тереңдете қаратыру қажеттігін көтерсе, т.ғ.к. А.М. Азмұханова әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Тарих, археология және этнология факультетінде тұлға тану мәселесі қолға алынып, студенттерге арнайы түрде курстық дәрістер оқытылатындығын сөз ете отырып, Ж. Досмұхамедовтың өмір жолдарын мұсылманшылдық қозғалыспен сабақтастырды, оның дін, оқу-ағарту салаларындағы қазақ қоғамына тигізген үлесін саралауға тырысты. Т.ғ.к. Г.Е. Әбікенова Ж. Досмұхамедовтың заңгерлік қырына тоқтала, оның қызметін Х. Досмұхамедов, Т. Шонанов сияқты зиялылардың қызметімен байланыстырды.
Ж. Досмұхамедов атындағы қордан қатысқан Б.Е. Мәмбетов бірнеше жылдан бері қайраткердің атында қордың жұмыс істеп, оның өмір жолдарына қатысты бірқатар жұмыстар жүргізгендігін және жүргізіп отырғандығын айтса, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов ХХ ғасырдың басында  қазақтан 100-дей жастар жоғары оқу орындарын бітіріп, сол кездердің өзінде олар екіге бөлініп, тартысқа түскендігін, ұлт зиялыларының арасында Жаһаншаның қоғамға сіңірген еңбегінің зорлығын айтып, әлі де болса оның 20-30 жж. қызметін қарастыру қажеттігін ұсынды. Орал өңірінен келген журналист, жазушы Амантай Боранқұл Ж. Досмұхамедұлына арналған ғалымдар арасындағы бұл тұңғыш бас қосу екендігін, қайраткердің 125 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелі конференцияны ірі ғалымдар бас қосқан Алматы сияқты қалада өткізудің дұрыстығын қолдады.
Институттың аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты З.М. Төленова соңғы жылдары тұлғатану мәселесі жақсы дамып келе жатқандығына тоқтала отырып, қайраткердің «Жауыздық низамнамасы» деген атпен әзірлеген Қылмыстық кодекстің сол кездердегі маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел жұмысы барысында қорытынды жасалынып және Қазақстан ғылымы мен тарихи тұлғалардың рөлі мен мәнінің өтпелі еместігі, олардың әсері мен қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы және дүниежүзінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси үрдістермен байланысы атап өтілді.
Дөңгелек үстелде оқылған баяндамалар мен жарыссөз нәтижесінде мәжіліс мынадай қорытынды жасайды:
1. Ж. Досмұхамедовтың өмірі мен қызметіне қатысты жасалған баяндама мен жарыссөздер мерзімді баспасөз бетіне жариялансын.
2. Ж. Досмұхамедовтың өмірі мен қызметін зерттеу жалғасын табуы қажет.
3. Ж. Досмұхамедов пен оның «Алаш» қозғалысына бірге қатынасқан замандастарының еңбегі ғылыми зерттеулерде кеңінен пайдаланылуы, сондай-ақ өскелең жастар арасында насихатталуы қажет.
4. Әзірленіп жатқан 10 томдық «Қазақстан тарихының» 7-томының 1-кітабында Ж. Досмұхамедовтың өмірі мен қызметі көрініс табуы ескерілсін.
5. Ж. Досмұхамедовке мектеп және көше атын беру керек.
6. Ж. Досмұхамедовке құжаттық фильм шығаруға пікір беруге қолғабыс беруге дайын.
7. Ж. Досмұхамедовтың есімі мектеп және оқу орындарының оқулықтарына енгізілсе.
8. Ж. Досмұхамедовтың 125 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелі конференцияны  Алматы қаласында өткізсе.