Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ХАН КЕНЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ СИМВОЛЫ»


2017 жылдың 8 желтоқсанында Институт РМК «Ғылым Ордасы», «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы, «Кенесары Хан» қоғамдық қоры және Шыңғысхан атындағы Халықаралық академиясымен бірлесе отырып Ұлы Дала елі құрметтеген Кенесары Қасымұлының (1802-1847) туғанына 215 жыл  толуына және ол бастаған ұлт-азаттық көтерілістің (1837-1847) 180 жылдығына арналған «ХАН КЕНЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ СИМВОЛЫ» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Аталмыш іс-шара Е. Бекмахановтың мемориалды кабинетінің салтанатты ашылуымен басталды. Онда Қазақстан Республикасы Елтағбасының авторы Ж.М. Мәлібеков, ҚР Президенті архивінің директоры Б.Ә. Жапаров, Институттың бас ғылыми қызметкері Қ.С. Алдажұманов, сондай-ақ Е. Бекмахановтың туыстары құттықтау сөз сөйлеп, алғыс білдірді.

Кабинеттің жабдықталуына, архив құжаттарының көрмесін ұйымдастыруға ҚР ОМА, ҚР Президенті архиві, Мұхтархан Абаған басқарған «Кенесары Хан» қоғамдық қоры, Марал Томпиев бастаған Шыңғысхан атындағы Халықаралық академиясы, сондай-ақ «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы атынан атсалысқан Ғарифолла Әнес үлкен үлес қосқанын атап өткеніміз жөн.

Конференция жұмысын модератор – институт директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов жүргізді. Ғылыми форумда Кенесары Қасымұлы – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі; Хан Кене бастаған ұлт-азаттық көтерілісі және оның тарихнамасы; көтерілістің тарихи маңызы мен салдары; Кенесары ханның ел тәуелсіздігі мен қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудегі рөлі және халық жадындағы тарих және ақын-жазушылар шығармаларындағы Хан Кене бейнесі туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Отандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлері: т.ғ.д., профессор К.Ш. Хафизова, т.ғ.д., профессор М.Ж. Әбдіров, Шыңғысхан атындағы Халықаралық академиясының вице-президенті М. Томпиев, т.ғ.к., доцент Ф.М. Шамшиденова, «Кенесары хан» қоғамдық қорының төрағасы ОФ М. Абаған, PhD докторант Оразов Р. және т.б. мәселеге қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.

Сондай-ақ конференция аясында тұңғыш тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмаханов атындағы байқауға ұсынылған жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми мақалалары бойынша қорытындысы шығарылды. Байқайдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды: 2-ші орын алған Рахметуллин Е.Е. үздік ғылыми мақаласы үшін 250 000 теңге, 3-ші орынды иеленген Утепбергенова Г.Ш. 125 000 теңге сертификатын ұтып алса, ғылыми еңбектері үшін ынталандыру жүлдесіне ие болған Досымбетов Н.А., Жайлыбаев Д.Ж., Жүнісханов А.С., Икрам Н.А., Шарипов А.Т. – 50 000 теңгеден сыйлық алды. Байқауға қатысқан өзге конкурсанттар да сертификаттар алды. Жалпы байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірен келіп түскен еңбектердің ішінен 33 үздік жұмыс таңдап алынып, комиссия қарауына жіберілген болатын.

Конференция ғылыми қауымдастық үшін, сондай-ақ жас ғалымдар үшін ғылыми ақпараттық алмасудың платформасына айнала алды.