Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдық мерейтойына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

“ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ – ҰЛЫ ДАЛА ДАУЫСЫ”  (pdf)

 

 2013 жылдың 1 наурызында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен ХVІІ ғасырдың соңы – ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының әйгілі халық қаhарманы – жырау, күйші, батыр және қолбасшы Қожаберген Толыбайұлының (1663-1763 жж.) 350-жылдық мерейтойына арналған «Қожаберген жырау – Ұлы дала дауысы» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына депутаттар, қоғам қайраткерлері, академиялық ғылыми-зерттеу институттары мен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының ғалымдары, докторанттары, магистранттары, студенттері қатысты.
Конференция жұмысы ұлт-азаттық көтерілістердің теориялық-методологиялық мәселелері, тарихтағы жеке тұлғалардың орны мен рөлі, батырлардың ауыз әдебиетіндегі бейнесі, жыраулар поэзиясындағы елдік мұрат-мақсаттары бағыттарында жүргізілді. Конференция жұмысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, қатысушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Б.Қ. Жұмағұловтың конференфияға арнап жіберген құттықтау сөзімен танысты. Министрдің құттықтауында Қожаберген жыраудың өмірі мен тарихта алатын орнын зерделеу тәуелсіздігіне тәу еткен ел үшін маңызды болып табылатындығы, бұл конференцияның жас ұрпаққа үлгі-өнеге, іс-шара екенін айырықша екендігі атап өтілді.
Пленарлық мәжілісте баяндама жасаған С.Қирабаев, Ө.Айтбай, А.Айталы, С.Сартаев, А.Тасболатов, Х.Әбжанов, Ғ.Мұтанов, К.Хафизова, Б.Еженханұлы, Б.Тұрғараев, К.Серікбаев, А.Күзембайұлы, В.Ғалиев, Қ. Жұмаділ және т.б. ғалымдар ХVІІ ғасырдың соңы – ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы өте ірі белгілі тарихи тұлға, қазақ халқының батырлық заманының өкілі, өзінің ақындық шығармашылығымен көшпелі қоғамының әлеуметтік идеологиясын құруға ықпал еткен және ұзақ уақыт бойы халық өлеңі болып саналған «Елім-ай» әйгілі шығармасының авторы Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен қызметіне басты көңіл бөліп, оның тұлғалық қасиетін әр қырынан танытты.
ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д. С. Қирабаев жыраудың төлтума шығармаларының саяси маңыздылығын атап өтсе, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғ.М. Мұтанов Қожаберген бұл жырларында елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосқандығына тоқталды.
Философия ғылымдарының докторы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры А.Ә. Айталы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны-ұлттық идеяның арқауы екендігін, Жоңғар шапқыншылығы және Ақтабан-шұбырынды алмағайып заманда қазақ ұлттық идеясының бағыт-бағдары айқындалып, отаншылдық, патриоттық ұстаным өзекті ойларға арқау болып, ұлттың мұраты мен мүддесі, қайғы-қасіретімен абыройы, арманы мен иманы, тілі мен ділі «Елім-ай» дастанында терең көрініс алғандығын, ұлттық идея бүгінгі ғылыми және көпшілік әдебиетте ұлттық қарама-қарсылықтың, дау-дамайдың көзі деп қараушылық кең өріс алып отырғандығын айтып өтті. Ғалым өз заманында Қожаберген жырау ұлтқа төнген қауіп қатерді әртүрлі қырынан саралап, «Бұл заман, қай-қай заман» деп қайталай келе, заманға баға бере білді дей отырып, қазіргі таңдағы дін мен ұлт мәселесіне де тоқталып, ұлттық идеяның қайнар бұлағы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны еркіндікке, рухани құндылықтарды жаңартуға үлкен дем беретін дастан деген тұжырым жасады.
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов Қожаберген жырау өмір сүрген замандағы тарихи жағдайға тоқтала келе, батырдың Әз Тәуке ханның қарамағында елшілік қызметін, оның 1688 жылдан бастап үш жүздің жасағына бас қолбасшы болып қоймай, қалмақ басқыншыларына қарсы ұзақ жылдарға созылған соғыстарда жаулардан қысым көрген ноғай, Сібір татарлары, қарақалпақ халықтарының әскерлерін де соңынан ерткен жан-жақты қабілеті бар дарабоз тұлғалығын атап өтті.
ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д. Ө.А. Айтбай Қожаберген жыраудың бізге жеткен бағалы шығармаларының бірі «Баба тіл» дастанына тоқталып, онда жыраудың бабалар тілін құрметтеуге, оның тазалығын бұзбай сақтауға шақырғандығын, ақынның осы үндеулері мен тілегінің қазіргі уақыттағы өзектілігін атап өтсе, ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д. С.С. Сартаев Қожаберген жыраудың құқықтық көзқарастарын нақтылап берді.
Әскери ғылымдарының докторы, профессор К.С. Серікбаев Қожаберген Толыбайұлының қазақ халқының басына ауыр күн түскенде халықпен бірге болып, батыр ғана емес, қалың әскерді басқарған ұлы қолбасшы болғандығына, оның ерлік істері жастарға тәрбие беруде аса маңызды екендігіне тоқталды.
Қожаберген жырау өмір сүрген замандағы саяси жағдайға тоқталған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор В.З. Ғалиев XVIII ғасыр басындағы қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы күрес жолдарына қатысты тың деректер келтірді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессоры, Қостанай Мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры А. Күзембайұлы Қожаберген Толыбайұлының шығармаларын тарихи дерек ретінде қарастырып, жыраудың «Елім-ай», «Ата тек» шығармаларындағы оқиғалардың маңыздылығын атап өтті.
Қожаберген жырауды бүгінгі жастар арасында ұлықтауды көтерген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының президенті, з.ғ.д. Б.Т. Тұрғараев тарихи тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттау мақсатында құрылған қорыдың шама-шарқынша жұмыс істеп, бірталай игілікті шараларды атқаруға ұйытқы болып келе жатқандығына, Қожаберген Толыбайұлы сияқты даңқты тұлғалардың есімін ұлықтап, атқарған істерін, насихаттап, қалдырған мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру әр буынның ортақ азаматтық міндеті мен парызы екендігін баса айтты.
Конференция жұмысының секциялық мәжілісінде Қожаберген жырауды өлкетанулық бағытта зерттеп жүрген С. Жұмабаев, С. Қасымов сияқты ғалымдармен қатар мен А. Тоқтабай, Б. Еженханұлы, Г. Ксенжик, З. Төленова Д. Рақымқұлов, С. Қосан, Н. Жетпісбай, М. Сәтенова және т.б. тарихшы, әдебиетші ғалымдар Қожаберген заманы мен замандастары, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырлары туралы баяндамалар жасап, осы баяндамалар негізінде түрлі тұжырымдар айтылды. Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық күресімен, ХVІІІ ғ. жекелеген тарихи тұлғалардың қызметін зерттеумен, қазақтардың халық ауыз әдебиетіндегі халық қаhарман-батырлардың бейнесін көрсетумен және аталған кезеңде өткен саяси үрдістермен байланысты өте кең ауқымды сауалдар қарастырылды.
Конференцияға қатысушылар зерттеу тақырыбының әртүрлі қырларын талқылау барысында бірауыздан мынандай қарар қабылдау жөніндегі ұйғарымға келді:
- Қазақстанның жаңа заман тарихындағы батыр, қолбасшы, жырау Қожаберген Толыбайұлының рөлі мен орнын одан әрі бағамдауымыз қажет;
- Қожаберген жыраудың ақындық шығармашылығының өмірі мен қызметін толық әрі кеңінен суреттейтін тарихи деректерді іздеу және анықтау;
- Қазақстандық тарихнамада әр түрлі себептермен тиісті көрініс таппаған халықтық жыраулардың қызметі мен шығармашылығын, өмірін кешенді түрде зерттеуді ұйымдастыру;
- Қазақ даласындағы қоғамның дамуына үлкен ықпал еткен көрнекті тарихи тұлғаларды мәңгі есте сақтау, олардың идеяларын өзекті ету, олардың рухани және материалдық мұраларын зерттеу және оған отандық және шетелдік қоғамдастықтың көңілін аударту;
- Жаңа мұрағат мәліметтерін анықтау, жинау және жариялау арқылы қазақ даласының көрнекті тарихи тұлғаларының өмірі мен қызметі туралы зерттеушілерге қолжетімді құжаттық және бейнелеу деректерінің кеңеюіне ықпал ету;
- Осы тарихи тақырыпқа сәйкес ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстарды жариялау.
Конференцияға қатысушылар тарихи тұлға Қожаберген Толыбайұлының биографиясын тереңдете зерттеу арқылы, оның шығармашылығы мен әскери ерліктерінің маңыздылығы қазақстандық жастарды патриотизмде тәрбиелеуде және ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2050» атты Жолдауындағы ұстанымдарды жүзеге асыруда септігін тигізетіндігін көрсетті.
Конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым Комитетіне, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына және «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорына ғылыми іс-шараны өткізгені мен ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып және болашақта нәтижелі әрі белсенді ынтымақтастыққа сенім білдірді.