Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Атырауда өткен алқалы жиын


2019 ж. 25-26 қаңтарда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың нақты қадамы ретінде, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдармалалық мақаласы аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Қоғамдық  ғылымдар академиясының академигі, Атырау облысының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Табылдиев Хисмет Бозанұлына арналған «Профессор Хисмет Табылдиевтің ғылыми мұрасы және өлкетанудың ғылыми негіздері» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Институт директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.К. Шашаев институт директорының конференцияға қатысушылар мен қонақтарына арнаған құттықтауымен таныстырып, ғалымдардың соңғы жылы жарық көрген еңбектерін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті басшылығына табыстады. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің меморандумға отырғандығын хабарлап, «Өлкетану ісі мен туристік кластерді қалыптастырудың маңызы» тақырыбында баяндама жасады.

Түркияның Стамбул қаласындағы Мимар Синан Көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдәуақап Қара «Хисмет Табылдиевтың өмірі мен еңбектерін қазіргі жаһандық тұрғыдан бағалау» тақырыбында маңызды баяндама жасады.

Келесі сөз тізгінін ұстаған: Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы  – Тұяқбай Зейтұлы Рысбеков, тарих ғылымдарының докторы,  профессор – Ж.Т. Таңатарова, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор – Ж.К. Жұмабаева және тағы басқалар конференция тақырыбына орай өз ойларын ортаға салды. Құттықтаулар барысында Мажарстанның (Венгрияның) Будапешт қаласынан келген, «Барыс» Мажар-Қазақ қоры төрағасының орынбасары, Этвеш Лоран атындағы Мемлекеттік университертің лекторы – Оңайша Мақсымқызы Мандоки құттықтау сөзінен соң Х.Табылдиевтың жарына арнайы төсбелгіні табыстады.

Конференция соңына таман Х.Табылдиевтың «Атырау облысының тарихы» (ғылыми редакторы: т.ғ.д., профессор Ж.Т. Таңатарова) кітабының тұсаукесері өтті және 332 беттен асатын конференция материалдарының жинағы баспадан жарық көрді. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдары конференция материалдарының жинағына мақалаларын беріп, үлкен қолдау көрсетті.