«Қазақстан тарихындағы тұлғатану мәселелері: Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

2019 ж. 23 мамырда «Ғылым Ордасы» Орталық Ғылыми кітапхананың мәжіліс залында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Тарихи демография және Қазақстан халықтары Ассамблеясы бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен белгілі тарихшы, қазақстандық тарихи демография ғылымының негізін қалаушы, тұлғатанушы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы – Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбековтың туғанына 90 жыл толуына орайластырылған «Қазақстан тарихындағы тұлғатану мәселелері: Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысының алдында академик М.-А.Х. Асылбеков атындағы мемориалдық кабинетінің салтанатты ашылуы болды. Мемориалдық кабинетке академиктің жеке пайдаланған заттары, жазбалары, кітаптары, сондай-ақ еңбек жолын сипаттайтын құжаттар қойылды.

Конференцияның модераторы институт директоры З.Е. Қабылдинов болған алқалы жиында тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік ғылыми ортада да танымал болған ҚР ҰҒА академиктері – Айтбаев Өмірзақ Айтбайұлы, Баймұратов Ораз Баймұратұлы, Нысанбаев Әбдімәлік Нысанбайұлы, Оразалы Сәбден Оразалыұлы, Шәлекенов Уахит Хамзаұлы құттықтау сөз сөйлеп, Асылбековты жылы сөздермен еске алды. Омарбеков Т.О., Хазретәлі Т., Жұмағұлов Б.С., т.б. белгілі ғалымдар мен Құдайбергенова А.И., Төлекова М.К., Еңсенов Қ.А., т.б. шәкірттері естеліктерімен бөлісті. Ал шетелдік қонақтардан М. Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің доценті, т.ғ.к. Дорошенко Т.И. (Өзбекстан, Ташкент қ.) мен Қырғызстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігіне қарасты Дипломатиялық академияның профессоры, т.ғ.к. Джоробекова А.Э. баяндамалар оқып, өздерінің пікірімен бөлісті.

Конференция барысында «Социально-демографическое развитие населения Казахстана в 1926-1939 гг.» атты өз қолымен жазған соңғы кітабының тұсаукесері (соавтор: Ж.М-А. Асылбекова, қызы, т.ғ.д., профессор); «Академик М.Х. Асылбеков және Қазақстан тарих ғылымы» атты монографияның тұсаукесері (авторы: шәкірті Қ.А. Еңсенов, т.ғ.к., доцент); «Қазақстан тарихындағы тұлғатану мәселелері: Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков» атты халықаралық 2 томдық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдар жинағының және «Ұлттық тарихтың көкжиегі. Горизонты национальной истории» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері болды.

Академиктің ұрпақтары үздік докторант Ф.Р. Лебаевқа академик Асылбеков атындағы арнайы стипендия тағайындады.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында отандық ғылымды дамытудың актуалды мәселелері мен М.-А.Х. Асылбековтың Қазақстанның демографиялық үрдісі мен тарихын зерттеудегі қосқан үлесі талқыланды.