Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына қатысты жазба және ауызша деректер» атты дөңгелек үстел


2019 жылдың 04 маусымында Институтта «Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына қатысты жазба және ауызша деректер» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл жиынға Республикада аты танымал болған, белгілі ғалымдар бас қосты. Дөңгелек үстелдің модераторы институт директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., доцент Ә.Қ. Шашаев болды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, с.ғ.д., профессор С.М. Борбасов құттықтау сөз айтқан соң, институттың белді ғалымдары: Г.С. Жүгенбаева, З.Т. Садвокасова, Ғ.Х. Халидуллин, Ә.Қ. Шашаев, М.Р. Сатенова архив пен ауызша деректерга сүйене отырып, теориялық-методологиялық аспектілерге тоқталды.

Басқа да университеттерден баяндамашылар мен қонақтар өздерінің құнды  ойларын ортаға салды. Мысалы, Халықаралық Бизнес университетінің профессоры т.ғ.д. М.Ж. Абдиров, Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. О.Х. Мұхатова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, т.ғ.к. Ш.Б. Тілеубаев, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. А. Қайыпбаева және т.б.

Дөңгелек үстелде көптеген мәселелер талқыланды: ұлт-азаттық көтеріліске қатысты ауызша деректерді және жазба деректерді сыни талдаудан өткізе отырып, ғылыми айналымға енгізу; тарихнамалық талдауларды обьективтілік принципке негіздей отырып жүргізу; ұлт-азаттық күреске мұсылмандық дін өкілдерінің атсалысуы; ірі оқиғалардың адамның санасында қалып, кейін тарихи фактілерге айналуы мәселесі; архивтік құжаттардың жинақ ретінде жариялануы, т.б. өзекті мәселелер көтерілді.