С.К. Рустемов. ХХ ғасыр басындағы азаттық қозғалыстағы қазақ- башқұрт байланыстары

Биыл құрылғанына 90 жыл толып отырған Алашорда үкіметі жайлы отандық тарих ғылымында бірқатар ғылыми еңбектер жарияланғаны көпшілікке аян, Кеңес Одағы ыдырағаннан бергі кезеңде жарық көрген еңбектерде Алашорда үкіметінің құрылуы мен қызметіне объективті тұрғыда ғылыми бағалар беріліп, оның қазақ мемлекеттілігі тарихында ерекше маңызға ие екендігі нақтылана түсті. Соған орай, Алашорда үкіметіне қатысты зерттеулер жүргізудің ауқымы да кеңейді. Бұған соңғы жылдары алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне және Алашорда үкіметіне жекелеген өңірлердің қатысы мәселесіне арналған зерттеулердің жүргізілуі дәлел бола алады. Дегенмен, Алашорда үкіметіне қатысты әлі де қарастырылмай келе жатқан мәселелер баршылық. Ондай мәселелер қатарына Алашорда үкіметінің түркі-мұсылман халықтарының ұлттық саяси элитасы өкілдерімен байлагысын жатқызуға болады.
Алашорда үкіметімен әзірбайжан, татар, қырғыз, өзбек, башқұрт секілді бірқатар түркі-мұсылман халықтарының ұлттық саяси элитасы өкілдері байлагыс орнатуға күш салды. Тіпті, қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдері «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлауға түсті және екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда үкіметі бағдарламасы аясына тартылуға әзір екендіктерін де танытқан болатын. Сол тарихи кезеңде башқұрт сафяси элитасының өкілдері Алашорда үкіметімен бірлесе отырып ұлттық мүддені қорғауды көздеді.
Башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдері 1917 жылы мамырда 830 делегаттың қатысуымен Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман съезінде Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысы мәселесі талқыланған кезде ұлттық-территориялық автономия идеясын қуаттап, Башқортстанның Қазақстанмен және Түркістанмен бірлесе территориялық автономия құруын жақтайтындықтарын танытты [1]. Бұл жәйтті башқұрт халқының көрнекті қайраткері Зәки Уәлиди Тоған өз естелігінде атап та көрсеткен [2].
1917 жылы 20-21 шілде күндері 70 делегаттың қатысуымен Орынбор қаласында өткен бірінші жалпыбашқұрт съезінде де башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдері ұлттық-территориялық автономияны жақтап, бұны өзге түркі-мұсылман халықтарымен бірлесе жүзеге асыру қажет деген шешімге келген еді [3].
Бірінші жалпыбашқұрт съезімен бірге сол сәтте Орынбор қаласында бірінші жалпықазақ съезі де өткен-ді. Соған орай екі жақтың бірін-бірі қуаттап отыруына, өзара құттықтаулармен жолдауына мүмкіншілік жеңіл болды. Екі съезде де қабылданған бірқатар қараралар өзара үндесіп жатты. Дегенмен екі съезде қабылданған шешімдерде өзгешелік те болатын. Мәселен, бірінші жалпықазақ съезінде қазақ халқының саяси партиясының құрылуы қажет деп саналып, бұл партияның жобасын жасау Бүкілресейлік мұсылман кеңесіне сайланған қазақ өкілдеріне жүктелсін деген шешім қабылданса, ал бірінші жалпыбашқұрт съезінде башқұрттардың ұлттық қозғалысына жетекшілік ететін, Шуро (Кеңес) құру туралы қаулы шығарылып, Шуроның құрамы бекітілді.
Құрамына Шариф Манатов, Гариф Мутин, Сағит Мрясов, Ильдархан Мутин, Усман Куватов, Харис Юмагулов, Зәки Уәлиди Тоған секілді башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдері енген Шуро башқұрт халқының мүддесін өзге халықтармен бірлікте қорғау қажет деп санап, бұл бағытта бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға талпынды. Осындай талпыныс барысында Әзірбайжанмен және Украинамен байланыс орнатылды [4].
Шуро территориялық автономия жариялауға ашық ниет танытқан халықтармен байланысты қарқынды жүргізді. Ал мемлекеттік құрылыс мәселесінде мәдени автономия идеясын жақтаушылармен Шуроның байланысы қайшылықты жағдайда өрбіді. Бұл ретте Шуроның мәдени автономияны қолдаған татар ұлттық саяси элитасы өкілдерімен байланысын атап өтуге болады.
Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман съезінде татар қайраткерлері мұсылман халықтарының мәдени автономия алуы ұлттық мүддені қорғауда тиімді екенін негіздеуге күш салған еді. Олардың пайымдауынша, мәдени автономия жағдайында мұсылман халықтары бір-бірінен бөлектенбей, бір мемлекет аясында бірлесе ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік туатын, сондай-ақ әр жерде шоғырланған (Астрахандағы, Қазандағы, Қырымдағы, Сібірдегі, Балтық бойындағы) татарлар территориялық автономия жағдайында бір-бірінен ажырап қалатын [5].
Мәдени автономия идесяны С. Мақсуди, Гаяз Исхани секілді бірқатар татар халқының саяси элитасы өкілдерімен бірге Солтүстік Кавказ мұсылмандарының өкілі саналатын Бүкілресейлік мұсылман кеңесінің төрағасы А. Салихов (Цаликов) та қолдады. Олар өздерінің мұндай ұстанымын 1917 жылы 21 шілдеде Әзірбайжаннан, Түркістан өлкесі мен Қырымнан келген делегаттардың қатысуымен Қазан қаласында өткен екінші Бүкілресейлік мұсылман съезінде дәлелдеуге тырысып бақты [6].
Екінші Бүкілресейлік мұсылман съезімен қатар сол кезде Қазан қаласында мұсылман дін иелері мен мұсылман әскерилерінің съезі өткен еді. Осы үш съезге қатысушылар 22 шілде күні бас қосқан жиналыс өткізіп, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қарамастан ішкі Ресей және Сібір мұсылмандарының мәдени автономиясын жариялады [7]. «Түркі-татарлардың ішкі Ресей мен Сібірдегі ұлттық-мәдени автономиясы» деп аталған бұл құрылымның астанасы ретінде Башқортстанның орталығы – Уфа қаласы белгіленді [8]. Мұны башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдері С. Максуди жетекшілік еткен татар мәдени автономиясының шектен шығушылық әрекеті деп бағалады. Бұл өз кезегінде башқұрттар мен татарлардың саяси байланыстарын шиеленістіре түсті.
Зәки Уәлиди Тоған татарлардың мәдени автономияны қолдауын С. Мақсудидің кадеттер партиясының мүшесінің болуымен байланыстырды. Ол кадеттер партиясының мүшесінің болуымен байланыстырды. Ол кадеттер партиясының бағдарламасында ұлттық-территориялық автономия мәселесі көтерілмейтіндігін, бұл партияның бағдарламасы түркі-мұсылман халықтарының мүддесімен үйлеспейтіндігін алға тартты. Сонымен қатар, ол бірінші жалпықазақ съезінің «қазақ облыстары ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» деген шешімінде ұлттық-территориялық автономия идеясымен үйлесімділік болғанымен онда нақтылық жоқ, өйткені оған қазақтардың көшбасшысы Ә. Бөкейхановтың кадеттер партиясының мүшесі болуы ықпал етті деп те бағалады [9].
1917 жылы 25-29 тамыз аралығында Уфада екінші жалпыбашқұрт съезі өтті. Бұл съездің осында өткізілуінің астарында «Түркі-татарлардың ішкі Ресей мен Сібірдегі ұлттық-мәдени автономиясының» орталығы Уфа қаласы бола алмайтындығын таныту да жатты. Съезге қатысушылар Ресейдің унитарлық мемлекет болуын жақтаған татар қайраткерлерінің әрекеттерін сынға алып, Ресейдің федеративті мемлекет болуын, елдегі ұлттардың территориялық автономия алуын жақтайтын күштермен бірлесе әрекет етуін жалғастыра беретіндіктерін танытты.
Уақытша үкіметті қару күшімен құлатқан большевиктердің әрекеті башқұрттардың ұлттық Шуросы тарапынан айыпталып, башқұрттардың кеңестік биіктікті мойындамайтыны мәлімделіп, 2 қараша күні Башқұрт автономиясы жария етілді.
Башқұрт автономиясын заңдастыру мақсатында Орынбор қаласында жалпыбашқұрт құрылтайы шақырылды. 194 деоегаттың қатысуымен 8 желтоқсан күні өткен бұл құрылтайға қазақтардан да өкілдер келді. Сол кезде Орынбор қаласында Алашорда үкіметін жария еткен екінші жалпықазақ съезі өз жұмысын аяқтаған еді. Осы екінші жалпықазақ съезінің делегаттары атынан С. Қадырбаев пен М. Шоқай жалпыбашқұрт құрылтайына бақылаушы ретінде қатысты [10].
Жалпыбашқұрт құрылтайы Жетір, Қыпшақ, Усерган, Бурзян-Тангаур, Тамян, Барынтабын, Кувакан, Ичкин-Катай, Ток-Чуран деп аталатын 9 кантоннан тұратын Башқұрт автономиясының заң шығарушы және атқарушы органдарын құрып, оның мүшелерін белгіледі. Зәки Уәлиди Тоғанның ұсынуымен Башқұрт үкіметінің төрағасы болып заңгер Ю. Бикбов сайланды.
Башқұрт үкіметі Орынбор қаласына орналасып, ондағы кеңестік билікке қарсы күштермен байланыс жасап, генерал А.И. Дутовтың қолдауына да ие болды. Алайда, көп ұзамай қызыл әскерлердің қысымымен Дутов Орынбор қаласын тастап кетуге мәжбүр болды. Осылайша 1918 жылы ақпанда Орынбор қаласындағы билік кеңестер қолына өтті. Қалыптасқан мұндай ахуалға қарамастан, Башқұрт үкіметі Орынборда қалып, автономиялық мемлекеттілікті жүзеге асыру жолындағы жұмыстарын онан әрі жалғастыра берді және кеңестік биліктен Башқұрт автономиясын мойындауды талап етті. Орынбор губерниялық революциялық комитетінің төрағасы Цвиллинг болса Башқұрт үкіметінен кеңес өкіметіне қарсы келмеуді, большевиктер саясатын қолдауды талап етіп жатты.
Кеңестік билік пен Башқұрт үкіметі арасындағы текетірес жалғаса берді. Орынбор губревкомы Башқұрт үкіметін айтқанына көндіру мақсатында қуғын-сүргін әрекеттеріне де барды. Кеңес өкіметі Башқұрт үкіметінің бірқатар мүшелерін контрреволюционерлер ретінде тұтқынға алып, башқұрт әскери жасағын құруды ұйымдастырушы Г. Идельбаев пен Г. Магазовты атып тастады. Мұндай жағдайда башқұрттар арасында кеңестік билікке деген наразылық өрши түсті. Башқұрттар кеңестік билікпен ашық қақтығысқа дейін барды. Халықты өзіне қарсы қойып алудан сезіктенген Орынбор губревкомы тұтқынға алынған Башқұрт үкіметі мүшелерін босатып жіберуге мәжбүр болды.
Осындай оқиғалардан кейін Башқұрт үкіметі Орынбордан кетіп, Челябинск қаласына келіп орналасты. Башқұрт үкіметі қонысын ауыстырған бойда кантондардағы билігін қайта қалпына келтіріп, Уақытша Сібір үкіметімен және Самарадағы Комучпен байланыс орнатып, ұлттық әскери жасақ ұйымдастыру шараларын жүргізді. 1918 жылдың ортасына қарай Башқұрт үкіметі қарамағында 2670 адамы бар 13 отряд болды.
Башқұрт үкіметі ұлттық әскери жасақ құрумен қатар Самарадағы Комучпен, Алашорда үкіметімен және Жайық казактарымен бірлесіп қарсыластары жөнінде мәлімет жинайтын құпия қызмет жүйесін құрды. Баку қаласына құпия тапсырмамен Башқұрт үкіметі атынан Г. Үмбатаев жіберілді. Башқұрт үкіметінің агенттері кеңестік билік тарапынан талқандалған Қоқан автономиясының бірқатар мүшелерімен байланыс жасап, кеңестік билікпен бірлесе күресу жолдарын қарастырды.
Кеңестік билікпен күресте Башқұрт үкіметі өз әскерінің қолбасшысы генерал Гришин-Алмазовтың нұсқауларын басшылыққа алып отыратындығына келісім беріп, Сібір үкіметі тарапынан қаржылай көмек алуға қолАлашорда үкіметімен өз әрекеттерін бір ізге түсіру мақсатында Семей қаласына Башқұрт үкіметінің мүшесі Сейітгерей Магазов жіберілді.
С. Магазов Семейде Алашорда үкіметінің төрағасы Ә. Бөкейхановпен және Түркістан (Қоқан) автономиясының бұрынғы премьер-министрі М. Тынышбаевпен кездесіп, Башқұрт үкіметі мен Алашорда үкіметінің қалыптасып отырған саяси ахуал жағдайдағы ұстанымдары қандай болуы керектігі жайлы мәселені қарастырды. Күн тәртібіне қарастыруға қойылған мәселелердің қатарында Германия мен Жапонияға қатынас мәселесі де болды. Башқұрт үкіметі мен Алашорда үкіметі егер де Германия казактармен байланыс орната қалғандай болса, онда Германиядан қол үзіп, Жапонияның Сібірдегі өкілдерімен байланыс жасауға, сонымен қатар ұлттық қозғалыстың Ресейдегі күрес ауқымынан шығып кетпеуіне көңіл бөлінетін болды [11].
1918 жылы маусымда атаман Дутовтың Орынбор қаласын азат етуіне орай Башқұрт үкіметі Орынборға қайта көшті. Сол кезде Алашорда үкіметінің өкілі болып табылатын С. Қадырбаев та Орынбор қаласына келіп орналасты. Орынборда Башқұрт үкіметі төрағасының орынбасары міндетін өз қолына алған Зәки Уәлиди Тоған Алашорда үкіметінің өкілі С. Қадырбаевпен башқұрт және қазақ әскерлерін бірлдестіріп, біртұтас қарулы күш етіп құру мәселесін қарастырып, қазақ-башқұрт әскери бөлімдерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз ету жайын бірлесіп шешіп отырды [12].
Зәки Уәлиди Тоған мен С. Қадырбаев Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті мен Уфа директориясына башқұрттар мен қазақтардың ұлттық-территориялық автономиясы жайлы талап-тілектерін білдіріп, оны қорғау жолында әрекеттер жасады.
1918 жылы тамыз бен қыркүйек айларында Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті Мемлекеттік кеңес өткізіп, оған түркістандық, қазақстандық және Еділ-Орал өңіріндегі татарлар мен башқұрттардың өкілдерін де шақырды. Мемлекеттік кеңес жұмысы кезінде Башқұрт үкіметі мен Алашорда үкіметі мүшелері бірегей ұстанымда болып, ұлттық-территориялық автономия идеясын шақтайтындықтарын танытты. Осы кеңеске қатысқандардың қатарында Алашорда үкіметінің төрағасы Ә. Бөкейханов пен Башқұрт үкіметінің төрағасы Зәки Уәлиди Тоған да бар еді.
Самарада өткен Мемлекеттік мәжіліске қатысқан түркістандық өкілдермен бірге Алашорда үкіметі мен Башқұрт үкіметінің мүшелері «Оңтүстік-шығыс мұсылман облыстарының федерациясын» құру жайын да қарастырды. Бұл мәселені талқылауға көрнекті татар қайраткері Ж. Ақшора да қатысқан еді. Ол Башқортстан, Қазақстан және Түркістанды қосу арқылы жасалатын мемлекеттік құрылымды «Шығыс түріктерінің федерациясы» деп атауды ұсынды. Бірақ Ә. Бөкейханов бұл ұсынысқа түзету енгізіп, «келешекте осылай атау дұрыс болар, ал әзірше орыстардың «пантүркизм» деген жаласынан сақтану үшін «Шығыс Ресейдің мұсылман федерациясы» деп аталғаны жөн дейді. Өкінішке орай, аталмыш идеяны сол тарихи кезеңде жүзеге асыру мүмкін болмай қалды.
1918 жылы 18 қарашада адмирал Колчактың Уфа директориясының мүшелерін тұтқынға алып, Самарадағы Құрылтау жиналысы мүшелерінің комитетін мойындамайтынын жариялады, ұлттық автономия идеясын қолдамайтынын білдірді. Кеңестік билікпен күрестегі күштер Колчактың бұл әрекетін «мемлекеттік төңкеріс» деп бағалады. Соған орай, эсерлер партиясы Колчакқа қарсы күш біріктіру керек деп шешіп, оған түркі-мұсылман халықтарының өкілдерін де тартуды көздеді. Эсерлер партиясының жетекшілері Орынбор мен Жайық казактарының демократиялық қанатының өкілдерін және самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетінен өкілдер шақырып, Башқұртстандағы Қызылмешітте арнайы жиналыс ұйымдастырды. Бұл жиналысқа түркістандықтар атынан М. Шоқай мен В. Чайкин, Алашорда үкіметінен Зәки Валиди Тоған қатысты. Бірақ та бұл жиналыста Колчакқа қарсы күш біріктіре қимылдаудың жоспары жасалынып үлгермеді. Өйткені, бұл жиналыс жайлы Колчак армиясына мәлімет түсіп, жиналысқа қатысушыларды тұтқынға алу үшін арнайы әскер жіберілуіне орай жиналыс жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді.
Осы оқиғадан кейін 1918 жылы 5 желтоқсанда эсерлер партиясының орталық комитеті «большевиктерге қарсы күресті тоқтатылсын, демократияның барлық күші Колчак диктатурасына қарсы жұмылдырылсын» деген қаулы қабылдады. Колчактың режимі Башқұрт үкіметіне де ұнай қоймады. 1918 жылы 21 қарашада Башқұрт үкіметінің мәжілісінде Башқұрт автономиясын кеңестер мойындайтын болса, онда онымен келіссөз жүргізу мәселесі қаралып, Башқұрт үкіметінің әскерлері қызыл әскерлерге қарсы әскери қимылдарын тоқтатсын деген шешім қабылдады. Башқұрт үкіметінің кеңестік билік платформасын қабыл алатындығы жөніндегі шешімін Алашорда үкіметінің батыс бөліміне Зәки Уәлиди Тоған хат жолдау арқылы білдірді. Ол бұл хатында большевиктермен жақындасу шарасыздықтан, Колчактың башқұрт қозғалысына дұшпандықпен қарауынан туындағанын атап көрсетті [13].
1919 жылы 22 ақпанда Башқұрт үкіметі арнайы бұйрық шығарып Башқортстан жеріндегі билік Башқұрт революциялық комитетінің қолына көшетіні жнінде бұйрық шығарды. Келесі күні Башревкомның мәжілісі өтіп, халық комиссариаттарына сайлау өткізілді. Башревкомның төрағасы болып Зәки Уәлиди Тоған сайланды.
Осылайша елдегі жерде Қызыл армияға қарсы күрескен башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдеріне кеңестік билік үшін, «Башқұрт кеңестік республикасы» үшін күресуге тура келді. Бірақ та бұл ендігі жерде башқұрт және қазақ ұлттық саяси элитасы өкілдерінің ұлттық мүддені бірлесе қорғау жолындағы әрекеті доғарылды дегенді білдірмейтін.
Кеңестік билік жағдайында да башқұрттар мен қазақтардың саяси элитасы өкілдері ұлттық мүддені қорғауда ұйымшылдық таныта білді. Бұл әсіресе Калинин мен Рыков жетекшілік еткен «Қазақ-башқұрт комиссиясының» жұмысы кезінде айқын аңғарылды. Бұл комиссия өз жұмысы барысында орыс халқының мүддесін көздеп, Қазақстан мен Башқұртстан аумағында орыс губернияларын – «Орынбор орыс губерниясы» мен «Орал орыс губерниясын» құруды мақсат тұтқан еді. «Орал орыс губерниясы» құрылған жағдайда Ішкі Орда (Бөкей Ордасы) аумағы Қазақстаннан жырақ қалатын, «Орынбор орыс губерниясы» құрылған жағдайда Еділ-Орал өңірлеріндегі башқұрттар мен татарлар Орталық Азиядағы түркі-мұсылман халықтарының көршілесі болудан айырылатын. Міне, осындай жағдайда Башқұрт ревкомының төрағасы Зәки Уәлиди Тоған қазақтардың А. Байтұрсынов секілді қайраткерлерімен байланыс орнатып, «Қазақ-башқұрт комиссиясының» жымысқы әрекетіне қарсылық танытып, 1919 жылы 13 желтоқсанда В.И. Лениннің атына мынандай мазмұндағы хат жолдады: «Қазақ-башқұрт өлкесінде кеңестік ұлттық-территориялық автономия» құруда мыналар ескерілсін:
1) Қазақ-башқұрт билік орындары мен орыс билік орындары арасындағы жанжалдар доғарылсын, бірақ та бұл жанжалды доғару келімсек орыс кулактары болып табылатын тұрғындар пайдасына шешілмесін
2) а) Қазақ және башқұрт республикалары біріктірілсін, ә) қазіргі Орынбор губерниясы Орынбор қаласымен бірге Қазақ-Башқұрт Республикасы құрамында болсын, б) Орынбор қаласы қазақтар мен башқұрттардың саяси, мәдени-экономикалық орталығы болсын, в) Орынбор қаласы мен Орынбор губерниясы Қазақ-Башқұрт Республикасы құрамына енгізілісімен облыстарға бөлініп, онда казактар мен орыстардың қоныстана беруіне мүмкіндік жасалсын.
3) Қазақ-башқұрт үкіметі жанында орталықтан тағайындалған екі өкіл болсын, оларға орыстар мен түземдіктер арасында туындаған жанжалды ушықтырмай жергілікті жерде шешу міндеті жүктелсін.
4) Саяси жұмыстар жүргізуді биік деңгейге жеткізу үшін оны түземдіктер арасындағы саяси жұмыс деп екіге бөле жүргізу қажет» [14].
Осы хаттың мазмұнынан башқұрттар мен қазақтардың ұлттық саяси элитасы өкілдерінің ұлттық мүддені бірлікте қорғауға деген талпынысын айқын аңғаруға болады. 1919 жылы қазақ, башқұрт және өзбек халықтарының саяси элитасы өкілдері кеңестік билік жағдайында ұлттық мүддені қорғауды жүзеге асыратын саяси ұйым құру жолында да әрекеттенді. Бұл істе Зәки Уәлиди Тоған белсенділік танытты [15]. Кейіннен бұл партия «Түркістан социалистік «Ерік» партиясы» деген атпен бой көтерді.
Жалпы қорыта айтқанда, алаш қозғалысы мен башқұрт ұлттық саяси элитасы өкілдері арасындағы байланыстың негізінде екі халықтың жарқын болашағына қол жеткізу деген ниет жатты.
1. Протоколы Всероссийского мусульманского съезда. Пг., 1917. –С.318.
2. Заки Валиди Тоган. Воспоминания. Борьба народов Туркестана и других восточных мусульман-тюрков за национальное бытие и сохранение культуры. Кн.1. –Уфа, 1994. –С.183.
3. Юлдашбаев Б.Х. Учредительный курултай как вершина Башкирского национального движения // Этнополитическая мозаика Башкортстана. –Т.2. –М., 1992. –С.64.
4. Заки Валиди Тоган. Воспоминания …. –С.198.
5. Умумий Русие мөселманлари съездиниң қаралари. –М., 1917. -7 б.
6. Программные документы мусульманских политических партии. –Оксфорд, 1985. –С.41.
7. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ). 544-қ., 1-т., 186-іс, 1-п.
8. Айда Адиле. Садри Максуди Арсал. –М., 1996. –С.104.
9. Заки Валиди Тоган. Воспоминания …. –С.197.
10. Сонда. 218 б.
11. Сонда. 249 б.
12. Башқортстан Республикасының орталық тарих мұрағаты (БРОТМ). 78-қ., 1-т., 7-іс, 11-п.
13. Типеев Ш. Основные этапы в истории национального движения и Советской Башкирии. –Уфа, 1929. –С.41.
14. Ресей мемлекеттік әлеуметтік саяси тарих мұрағаты (РМӘСТМ). 5-қ., 1-т., 938-іс, 1-п.
15. БРОТМ. 4917-қ., 107-іс, 37-п.