Кішібеков Досмұхамед Кішібекұлының туғанына 95 жыл толуына арналған «Қазақстан тарих ғылымының философиялық мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференция

2020 жылдың 15 желтоқсанында «Ғылым Ордасының» Орталық ғылыми кітапханасының конференц-залында көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы (1965), профессор (1967), ҚР ҰҒА академигі (2003), Қазақ КСР Жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қызметкері (1974), Ұлы Отан соғысының қатысушысы (1941-1945) Кішібеков Досмұхамед Кішібекұлының туғанына 95 жыл толуына арналған «Қазақстан тарих ғылымының философиялық мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті. Іс-шараның модераторы ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры – З.E. Қабылдинов болды.

Конференцияға белгілі ғалым-академиктер, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары, сонымен қатар академик Д. Кішібековтің шәкірттері, докторанттармен магистранттарқатысты. Д. Кішібековті ҚР ҰҒА Президенті М.Ж. Жұрынов бастаған Ғарифолла Е., Ракишев Б.Р., Әбдіхалықова А.Е., Әбділдин Ж.М., Сыдықов Ұ.Е., Бижанов А.Қ., Әбсаттаров Р.Б., Масалимова Ә.Р. және т.б. белгілі ғалым-академиктер мен профессорлар құттықтады. ҚР ҰҒА Президенті М.Ж. Жұрынов құттықтау сөзінен кейін «Н.Ә. Назарбаев атындағы ҚР ҰҒА алтын медалін», Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дан келген Ә.А. Ақатаева «ҚазҰТЗУ еңбек сіңірген ардагері» төсбелгісін, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Отырар кітапханасының директоры Б.Ә. Оразалиев Еуразия Ұлттық университетінің ең мәртебелі «Күлтегін» медалін табыстады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен Б.А. Прмантаева құттықтау сөзін жеткізді. Конференцияның негізгі мақсаты академик Досмұхамед Кішібековтың философиялық идеяларын Қазақстан тарих ғылымының философиялық мәселелерімен, ұлттық идея мен идеологияның ғылыми негіздері, тарих философиясының әлемдік мектептерімен және олардың негізгі теориялық-методологиялық ерекшеліктерімен, қазақ халқының ұлттық болмысы мен құндылықтары және «Рухани жаңғыру» мәселелерімен байланыста талдауға арналды.Мерейтой иесі – Академик Д. Кішібеков Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кітапханасына өзінің еңбектері мен бірнеше кітаптар сыйлады.

Қазақстанның әр аймағынан, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы ғалымдар заманауи ғылыми және рухани сұраныс тұрғысынан ойшылдың философиялық мұрасыныңөзекті мәселелерін қызығушылықпен және жан-жақты талқылады. Іс-шара барысында академиктің қазақ философиясының іргетасын қалаудағы үлесі мен көптеген ойларының болашағы жөнінде пікірлер ортаға салынды. Ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысушылар талқылаудың басты жетістіктері мен  нәтижелерімен толық келісіп, Қазақстандық ғылымның, жеке тұлғаның рухани және интеллектуалды дамуына, отандық философиялық мектептің қалыптасуына Д. Кішібековтің  еңбектерінің маңыздылығын бірауыздан мақұлдады.