Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің тарихшы ғалымдарымен кездесу


2021 жылғы 12 наурызда «Ғылым ордасы» РМК-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғалымдар мен жетекші педагог-тарихшылармен Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасы мен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» 7 томдық басылымының болашақ тұжырымдамасы жобасын талқылау бойынша кездесу өткізді.

Министр өз сөзінде тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасы туралы айтты:

«Бұл жерде жаңа академиялық басылымның атауы, ұлттық тарихты кезең-кезеңмен белгілеу, әр томның атауы мен хронологиялық шеңбері, оны жазудың принциптері мен жаңа әдістемелері, мектеп оқулықтарын жазудағы жаңа тәсілдер және т.б. мәселелер қозғалады және жазылады.

Сонымен қатар, мұнда қоғамдық сананы деколонизациялау, зерттеудің заманауи әдістерін қолдану, шетелдік ғалымдардың әзірлемелері мен әдіснамалық тәсілдерін енгізу мәселелері нақты жазылуға тиіс. Бұл жерде біз ғылыми айналымға жаңа мұрағат материалдарын енгізу қажеттілігін нақты көрсетуіміз керек.

Жаңа тұжырымдаманы әзірлеу Мемлекет тарихы институтына жүктелді. Ол оны елдің жетекші ғылыми орталықтарымен келісуі керек еді. Бүгінгі және одан кейінгі мұқият сараптамалар мен талқылаулардан кейін біз оны үкімет немесе министрлік деңгейінде бекітеміз.

Біз шұғыл түрде бұл жұмысты БМҚ түрінде 450 млн.теңге көлеміндегі конкурстан тыс қаржыландыру мәселесін шештік. Премьер-министр бұл ұсынысты мақұлдады. Бұл бюджеттің едәуір бөлігі ғалымдардың еңбегіне ақы төлеуге жұмсалуы керек.

Әр томның тұжырымдамасын, әр томның құрылымын жасау және елдің әр түкпірінен орындаушыларды таңдау шұғыл болуы керек. Бұл жұмысқа еліміздің барлық тарихшылары тартылуы тиіс.

Дайындалған материалдарды арнайы сараптау комиссиясы қабылдап, бекітуі және екі рет рецензиялаудан өтуі тиіс. Бұл өте маңызды болып табылады.

Осы жұмыстың барлығын үйлестіру Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жүктелген.

Отандық тарихты қоса алғанда, тақырыптарды бекіту жөніндегі үйлестіру кеңесін қалпына келтіру мәселесі ерекше тұр. Тақырыптарды қайталау бар. Бірқатар тарихи кезеңдер бойынша мамандар тапшы. Барлығы ХХ ғасырдың проблемалары бойынша тез қорғағысы келеді. Сонымен қатар ежелгі және орта ғасырлар, Қазақ хандығы бойынша мамандар жетіспейді. Докторлық диссертацияларды бекіту жөніндегі үйлестіру кеңесін қалпына келтіру мәселесін ойластырайық.

Қазіргі уақытта отандық тарих ғылымы мен білім беру саласы үшін білікті кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілуде. Жастар уақытында диссертацияларын қорғамайды. Кадрлардың қартаюының табиғи үрдісі жүріп жатыр. Орта буын ғылымда да аз. Мен өз ұсыныстарымды енгізуді сұраймын. Гуманитарлық бейіндегі 7 жетекші ҒЗИ ШЖҚ РМК-ға ауыстырылды. Жалақыны көтеру мүмкіндігі пайда болды.

Қазақстан тарихы бойынша бірыңғай базалық мектеп оқулықтарын мүлдем жаңа тұрғыдан дайындау үрдісі де қатар жүруі тиіс.»

Келесі сөз алған, Мемлекет тарихы институтының директоры Е.А. Әбіл және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З. Е. Кабулдинов Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасы мен “Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы” атты 7 томдық басылымның болашақ тұжырымдамасын ұсынды. Кеңес барысында баяндамашылар әлемдік тарих контексінде жаңа ұлттық дүниетанымды қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. К. Тоқаев өзінің бағдарламалық мақаласында жаңа ғылыми тәсілдерді ескере отырып, отандық тарихты жазудың маңыздылығы мен қажеттілігі туралы айтқан болатын. Президент сондай-ақ бұл іргелі еңбек Қазақстан тарихы жөніндегі барлық оқулықтардың негізіне жатқызылуы тиіс екенін атап өтті.

Бұл кездесуі аясында Қ. С. Алдажұманов, Б. Е. Көмеков, М. К. Қойгелдиев, Т. О. Омарбеков, Х. М. Әбжанов, М. Х. Әбусейітова, О. И. Исмагулов, М. Алпысбес сияқты ғалымдар, жастар атынан Ж. Сәбитов және А. Жүнісбаев сөз сөйлеп, Қазақстан тарихы бойынша жаңа жеті томдық академиялық басылымды құрудың негізгі мәселелері талқылады, оның барысында ғалымдар басылымды дайындау бойынша негізгі тәсілдерді атап өтті, атап айтқанда, Отандық тарихты қоғамдық сананы деколонизациялау арнасында жазу, бұрынғы коммунистік клишелер мен догмалардан бас тарту, мәдени-өркениеттік тәсілді пайдалану, ғылыми этиканың маңызды қағидаттарын және зияткерлік адалдық пен парасаттылықтың жоғары стандарттарын сақтау, бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген жаңа мұрағат құжаттары мен жазбаша дереккөздерді пайдалану және т. б.

Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымның мақсаты-еліміздің және халықтың тарихын ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі Дүниежүзілік тарих үрдістерінің құрамдас бөлігі ретінде, шетелдік мұрағаттар мен кітапханаларда анықталған жаңа дереккөздерді пайдалана отырып, әлемдегі геосаяси өзгерістерге бейімделу жағдайында Қазақстан аумағында мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдар мен мәдениеттердің даму ерекшеліктерін, қазіргі заманғы академиялық ғылымның жетістіктерін және пәнаралық тәсілдерді көрсету.

А.Қ. Аймағамбетов өз кезегінде бұл жоба бүкіл ғылыми-тарихи қоғамдастықтың бірлескен ауқымды жұмысы екенін атап өтіп, ғалымдарды Қазақстан тарихын зерттеуде бірыңғай вектор құру бойынша бірқатар маңызды міндеттерді шешуге бірлескен күш-жігер жұмсауға шақырды. Сондай-ақ, Министр өткеннің объективті бейнесін жасау жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың, Мемлекеттік бірегейлікті қалыптастырудың, егемендікті нығайтудың, азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеудің басты факторларының бірі болып табылатынын атап өтті.