Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Сенатта ашаршылық туралы құжаттар жинағының тұсаукесері өтті


2021 ж. 28 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Сенатта (Нұр-Сұлтан қ.) Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбекті көпшілікке таныстыру рәсімі өтті. Бұл іс-шараға Институттың жетекші ғалымдары қатысты. Бұл басылым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша дайындалған. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне осы тақырыпты кеңінен зерттеп жүрген белгілі ғалымдар мен тарихшылар, редакциялық алқаның мүшелері, кітапты құрастырушылар, Парламент депутаттары, саясаттанушылар, өлкетанушылар және БАҚ өкілдері қатысты. Өз сөзінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында осындай іс-шаралардың маңызы зор екенін айтты. Осы тұрғыдан келгенде, ашаршылық тақырыбын көтерудің терең мәні бар екенін айтқан Сенат Төрағасы тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі таңда елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар іске асырыла бастағанына назар аударды. Солардың бірі ретінде ақпан айында Сенаттың ұйымдастыруымен осы тақырыпта өткен дөңгелек үстелді айтуға болады. Сол жиында ғалымдар мен тарихшылар архив материалдарының қолжетімсіз екенін, әлі де болса ақпараттардың аздығын айтқан еді. Сондықтан Сенат депутаттары мен ғалымдар бірлесіп дайындаған үш томды көлемді еңбекті сол дөңгелек үстелдің нақты нәтижесі десек, артық бола қоймас. Сонымен қатар, Сенат Төрағасы қысқа мерзімде архивтерді ақтарып, құнды дүние дайындаған авторлар мен кітапты құрастырушыларға алғысын білдірді. кітаптың жауапты редакторы, белгілі ғалым, тарихшы, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы бұл еңбектің осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті. Сонымен қатар іс-шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу бойынша Республикалық ғылыми орталығының директоры белгілі ғалым Т.Омарбеков, Орталық мемлекеттік архивтің директоры С.Қ. Шілдебай қатысты.

Институт тарапынан баяндамашылар ретінде Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі З.Е. Қабылдинов, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Б. Құдайбергенұлы, директордың көпшілікпен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Ә.Қ. Шашаев, бас ғылыми қызметкерлер, т.ғ.д. С.М. Борбасов, А.И. Құдайбергенова, Қ.С. Алдажұманов және жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. А.Т. Қайыпбаева.