Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қайдар Сейсембайұлы Алдажұманов – 70 жаста


        Бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған танымал ғалым, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының басғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР әскері Академиясының профессоры, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Қайдар Сейсембайұлы Алдажұманов 70 жасқа толып отыр.Тарихшы-ғалым Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 1942 жылы 10 қазанда дүниеге келді. 1960 ж. Қарағанды қаласындағы № 7 қазақ орта мектебін бітірген кейін еңбек жолын Қарқаралы ауданының «Восток» кеңшарында жұмысшы болудан бастайды.  Ал 1961-1964 жж. кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1968 ж. үздік бітіреді. Ұстазы Г.Ф. Дахшлейгердің ұсынысымен және жас маман ретінде  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына қызметке жіберілді.

Институт қабырғасындағы еңбек жолын Ұлы Отан соғысы тарихы бөлімінде кіші ғылыми қызметкерліктен бастаған білгір маман 1986 ж. аға қылыми қызметкер, 1989 ж. Қазақстандағы аграрлық қатынастар тарихы бөлімінің меңгерушісі, 1995-2007 ж. Институт директорының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары, 2008 ж. бері бас ғылыми қызметкер болып ұлттық тарих ғылымының қара шаңырағы болған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 44 жылдай тұрақты еңбек етіп келеді. Ғылыми-ұйымдастырушылық қызметке кеңінен араласа жүріп, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның рөлі мен орны, еңбек армиясының және тылдағы қазақстандықтардың ерлік жолы мен жанқиярлық еңбектерін жан-жақты зерттеді. Көп жылдар Институт директоры болған академик Ақай Нүсіпбековтың жетекшілігімен 1977-1980 жж. 5-томдық «Қазақ КСР тарихын» даярлауға, қазақ тіліне аударуға және жарыққа шығару ісіне қатысты. Ол «Қазақстан тарихы. Очерк.» (Алматы: Дәуiр, 1994. -447 б.) (тарау авторы және редакторлардың бірі), ағылшын тіліндегі «Қазақстан тарихы» авторларының бірі (1998).
Қ.С. Алдажұманов ХХ ғ. Қазақстан тарихы мәселелерін тереңнен әрі жаңаша  толғаған көрнекті зерттеуші-ғалымдардың бірі ретінде республика жұртшылығына кеңінен танымал. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан ғалымның ғылыми бағыты қоғамдық-саяси өмірді, Қазақстандағы ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргіндер тарихын, Солтүстік Кавказ, Балтық бойы, Қиыр Шығыс халықтарының Қазақстанға күштеп көшірілуі тарихын, Ұлы Отан соғысы тарихын кешенді зерттеумен тығыз байланысты. Өткен мыңжылдықтың соңғы онжылдығынан бастап ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» түгендеу мақсатында іргелі зерттеулер қолға алынды. Осыған орай Қ.С. Алдажұманов ХХ ғ. 20-30 жж. ашаршылық пен қуғын-сүргін тарихын жан-жақты әрі «жабық» мұрағат құжаттары негізінде айғақты зерттеу қажеттілігін алғаш рет ұсынды. Сонымен бірге республиканың әралуан өңірлеріндегі шаруалардың қарсыласу қозғалысының негізгі оқиғаларын анықтауға да, күштеп ұжымдастыру мен жаппай қуғын-сүргінге әкелген жылдар саясаты мен салдарларын да жаңа қырынан зерттеуге алғашқылардың бірі болып тың жол салды. Ғалым солақай саясаттың салдарынан негізсіз қараланып, репрессияға ұшыраған көрнекті қоғам және саяси қайраткерлерінің, ақын-жазушыларының ұмытыла бастаған есімдері мен шығармашылығының халқымен қайта қауышуына да орасан үлес қосты.
Академик М.Қ. Қозыбаевтың бас редакторлығымен дайындалған  академиялық «Қазақстан тарихы. Көне дәуірден бүгінге күнге дейін» 5-томдық  басылымды шығаруда  редактордың орынбасары және осы күрделі де іргелі бағдарламаның жетекшісі әрі авторы санатында еңбек етті.
Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазатын ғалымның өзіндік ерекше қыры – ғылыми аудармашылықты еркін меңгерген. Бірқатар қоғамдық-саяси және тарихи әдебиеттер басылымдарын қазақ және орыс тіліне аударушы және редактор ретінде де танылып келеді. Мысалға, 1985 ж. жарыққа шыққан  Ш.Ш. Уәлихановтың таңдамалы шығармаларының 2-басылымына енгізілген жекелеген еңбектерін қазақ тіліне аударды.
Академиялық басылымдармен қатар орта мектептердің 5, 8-11 сыныптарына арналған Қазақстан тарихы бойынша бағдарламаларды, оқулықтар мен оқу құралдарын құрастыруға да ат салысып келеді.
Осылармен қатар ұзақ жылғы институт ұжымы жүргізген зерттеулері мен ізденістері нәтижесінде оқырманға жол тапқан 13 кітаптан тұратын «Азалы кітап», «Қазақстанның суретті тарихы» және «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы», т.б. басылымдар авторларының және құрастырушыларының қатарында тұр.
Қ.С. Алдажұманов қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол Республикалық «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы басқармасының, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның, тарих және мәдениет ескерткіштерін орнату бойынша Мемлекеттік комиссияның мүшесі.
Қазақстандағы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы ұжымдастыру мен аштық себептерін зерттеу бойынша 1991-1992 жж Мемлекеттік комиссия құрамында қызмет етті. Комиссия қорытындысы негізінде «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» 1993 ж. 14 сәуірдегі ҚР Заңы даярлағаны белгілі әрі осы саланың білгір маманы ретінде өз қолтаңбасын қалдырды.
Қ.С. Алдажұманов бес жүзден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің, мақалалар мен сын пікірлердің авторы. Оның бірлескен авторлықта қаламынан туған «В труде и в бою» (1979), «Трудящиеся Казахстана – фронту» (1985), «Восточная Сарыарка» (2004), «Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы»  (1998) монографиялары, «Қазақ Совет энциклопедиясы» (1-12 тт.), «Қазақ КСР-і. Қысқаша энциклопедия» (1-4 тт.), «Алматы», «Атырау», «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» секілді іргелі басылымдар тарихи сананы қалыптастыруға қосылған қомақты үлес. Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша құжаттар жинақтарын құрастыру мен шығару жұмыстарына қатысып, бүгінге дейін оларға жетекшілік етуде.
Гранттық жобалар аясында Қ.С. Алдажұмановтың жетекшілік етуімен 2012-2014 жылдары жүзеге асырылатын «Қазақстандағы 1921-1922 және 1931-1933 жж. ашаршылық: тарихи-құжаттық зерттеу» тақырыбы ерекше маңызды.
Отандық тарихтың өзекті салалры бойынша зерттеу жүргізіп келе жатқан ғалым көптеген халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларға қатысушы ғана емес, биік мінберлерден Қазақстан тарихына қатысты келелі мәселелерді күн тәртібінде баяндама мен хабарламалар арқылы көтеріп келеді. Бірқатар ғылыми мақалалары Ресей, Белоруссия, Түркия, АҚШ басылымдарында жарық көрді.
Қ.С. Алдажұманов – ұлағатты ұстаз. 1987-1994 жж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде Қазақстан тарихы курсы бойынша дәріс оқыды. Қазіргі күнде Әскери Академияның профессоры. Жоғарыда аталған өзіндік ғылыми бағытына сай зерттеу мектебін де қалыптастыра алған жан. Атап айтар болсақ, осы мәселелер бойынша республикамыздың түкпір-түкпірінде әр түрлі қызметтерде жүрген  23 ғылым кандидаттарын даярлады.
Қ.С. Алдажұмановтың ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметте қол жеткізген жетістіктерінің көрсеткіші мемлекеттік марапаттарынан байқалады. Ғылым жолындағы сіңірген еңбегі жоғары бағаланған ғалым «Ерен еңбегі үшін» медалімен (КСРО, 1986), ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі үшін «Құрмет» орденімен (1998), сонымен қатар ҚР ҒА Төралқасының, ҚР Ғылым Академиясы-Ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған (1995, 1998).
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы және «Отан тарихы» журналының редакциялық алқасы Қайдар Сейсембайұлы Алдажұмановты 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс және немерелерінің сүйіктісі атасы ретінде отбасына амандық тілейді!