ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы

Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы маңызды мәселелердің барлық спектрі бойынша жаңа мемлекеттік саясатқа алып келетін, сондай-ақ елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында одан әрі дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды саяси оқиға болып табылады. Президент Қ-Ж. К.Тоқаевтың биылғы Жолдауы – бұл әлемдік пандемия жағдайындағы Қазақстанның нақты іс-қимыл бағдарламасы, ол ел үшін ұзақ уақытқа тоқтауға уақыт жұмсауға мүмкіндік бермей, нақты мақсат қояды.

Біздің ойымызша, Президент Жолдауының басты тақырыбы – ғылым.

Президент Қ-Ж.К. Тоқаев өз жолдауында: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз.

Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек.

Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн.

Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым.

Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек.

Келесі мәселе. Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр.

Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық.

Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн.

Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұр.

Осыған орай, апелляция институтын енгізу қажет деп санаймын.

Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр.

Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», – деп айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа Жолдауында еліміздегі ғылым саласына бас назар аударып, «Ғылым туралы» Заңға жылдың соңына дейін өзгерістер енгізу қажеттігін тапсырды.

Өткен жылдар ішінде ғалымдар мен педагогтар айтарлықтай гранттар, стипендиялар арқылы қолдауға ие болды. Бірақ бәсекеге қабілетті гуманитарлық ғылымды қалыптастыру үшін мемлекеттік қолдауды ұлғайту қажет, – деді мемлекет басшысы.

Сапа, кәсіпқойлық, ғылым мен білімнің интеграциясы, білім беру ресурстарына тең қол жеткізу, педагогтер мен ғалымдардың кадрлар даярлаудағы жауапкершілігі – осының барлығы даму мен өркендеуге ықпал ететін инклюзивті білім беру болып табылады. Бүгінгі Президентіміздің Жолдауы аталған өзекті мәселелер жөнінде болды.