Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Сейітқали Меңдешев және Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізілді


2021 жылдың 29 қыркүйегінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Сейітқали Меңдешев: өмірі, қызметі және тарихи мұрасы (1882-1938)» (ЖТН AP09561877) атты гранттық жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес «Сейітқали Меңдешев және Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының орталық архивтерінің қорларынан қолға түсіріліп, бұрын жарияланбаған тың тарихи құжаттар мен деректердің, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы мерзімді басылым материалдарының негізінде С. Меңдешевтің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне баға беру және бүгінгі таңдағы Қазақстандағы тұлғатанудың өзекті мәселелеріне жаңаша талдау жасау. Дөңгелек үстел жұмысына отандық тарихшы-ғалымдар, докторанттар мен магистранттар және БАҚ өкілдері қатысты.

Модератор ретінде жоғарыда аталған жобаның жетекшісі, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы болды. Іс-шара барысында келесі баяндамалар тыңдалды: «Архивке тіл бітсе: С. Меңдешев – тарихтың белгісіз беттері» – Қалыбекова Манара Шалтенқызы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, жобаның орындаушысы; «1921-1922 жылдардағы ашаршылық және оған қарсы күресті ұйымдастырудағы С.Меңдешевтің тарихи рөлі» – Төленова Зирабүбі Маймаққызы, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің жоғарғы санаттағы архивисі, тарих ғылымдарының кандидаты; «Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу: ұлттық республикалардың құрылу тарихы» – Жүнісбаев Алмас Әбдіғаниұлы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері; «Сейітқали Меңдешев тұлғасы және тарихи фотолар» – Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Іс-шара соңында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Қоңыратбаев Ордалы Молдалыұлы, Ресей ғылым академиясының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аманжолова Дина Ахметжанқызы,  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ХХ ғ. Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Тлеубаев Шамек Баянұлы, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті Тарих және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Рахметуллин Еркін Ерланұлы және т.б. дөңгелек үстелдің қатысушылары өз ой-пікірлерін білдірді.