Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы зайырлы білім мен ағарту жүйесін зерттеу мəселелері» тақырыбында онлайн əдістемелік семинар


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2021 жылдың 7 қазанында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қаржылық қолдауымен AP 08856779 «ХХ ғ. 20-30 жж. дəстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» жобасын жүзеге асыру аясында «ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы зайырлы білім мен ағарту жүйесін зерттеу мəселелері» тақырыбында онлайн əдістемелік семинар өткізілді. Семинар жұмысына Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары және жас ғалымдар т.б. қатысты.

Іс-шара барысында модератор – Қаипбаева Айнагүл Толғанбайқызы, т.ғ.к., институттың жетекші ғылыми қызметкері методологиялық семинар тақырыбының өзектілігіне тоқталып, кіріспе сөзді Институттың бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА-ның толық мүшесі (академигі), философия ғылымдарының докторы, профессор Досмухамед Кішібековке берді. Д. Кішібеков сауатсыздықты жою шараларына, жалпы тарих ғылымын дамыту мәселелеріне қатысты өз ой-пікірлерімен, өткен шақтағы естеліктерімен бөлісті. Алғашқы баяндамашы – Мұхатова Оразгүл Хасенқызы, институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор «Кеңестік білім беру жүйесі тарихының зерттелуі және проблемалары» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Баяндамашы Кеңестік білім беру жүйесінің тарихнамасын нақты ашып көрсетті, ондағы зерттелген, назардан тыс қалған мәселелер, жалпы зерттеудегі басты бағыттардың ерекшеліктері туралы сөз қозғады. Келесі баяндамашы, Махат Данагүл Ахметкәрімқызы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, т.ғ.д., профессор «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру мен ағарту: өзекті мәселелер» тақырыбы бойынша ғылыми баяндама жасады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру мен ағарту проблемаларын зерттеудегі хронологиялық бағыттың маңыздылығына назар аударды, методологиялық плюрализмге мән беріп, пәнаралық зерттеу әдісін кеңінен қолдану қажеттігі туралы ойын жеткізді.

Жарыссөзде тарих ғылымдарының докторлары Капаева А.Т., Садвакасова З.Т., т.ғ.к. Шашаев Ә.Қ., Тілеубаев Ш.Б., Қайпбаева А.Т. сияқты ғылыми қызметкерлер тақырыпты зерттеу мәселелеріне қатысты пікірлерін, ой-тұжырымдарын ортаға салды. Ғылыми шара соңында модератор – т.ғ.к. Айнагүл Толғанбайқызы қорытынды сөз сөйледі. Нәтижесінде ғылыми-әдістемелік семинар алдына қойылған мақсатқа жетіп, белгіленген тақырыпты алдағы уақытта тиімді түрде зерттеу бойынша төмендегідей қарар қабылданды.