«Қазақстандағы кеңестік модернизация: ықпалы мен нәтижелері (1920-1991 жж.)» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді

2021 жылдың 21 желтоқсанында ҚР БжҒМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ІХ Нүсіпбеков оқулары аясында «Қазақстандағы кеңестік модернизация: ықпалы мен нәтижелері (1920-1991 жж.)» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Конференция жұмысына мамандар мен сарапшылар қатысты. Олардың ішінде көрнекті ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, Алматы облысы Кеген ауданындағы А. Нүсіпбеков атындағы мектеп ұстаздары мен шәкірттері, академик А. Нүсіпбековтың туыстары мен жерлестері де болды.

Конференцияға қатысушылар академик А. Нүсіпбековтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне, ғылыми мұрасына, оның отандық тарих ғылымының қалыптасуындағы ұйымдастырушылық рөлі мен қосқан үлесіне байланысты кең көлемді мәселелерді қарастырды.

Сондай-ақ конференцияда кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихын зерттеудің методологиялық ұстанымдары, академиялық тарих ғылымының қалыптасу белестері мен даму ерекшеліктері, Қазақстан тарихын жазуда кеңестік тұжырымдардың орнығуы, әлеуметтік-мәдени даму және кеңестік модернизацияның қазіргі тарихнамалық мәселелері, т.б. талқыланды.

Конференция жұмысы қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Конференцияға қатысушылар іс-шараны даярлау мен өткізудегі еңбектері үшін ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.