Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Кезекті методологиялық семинар отырысы



2013 ж. 24 қаңтар күні Институтта биылғы жылдың алғашқы методологиялық семинарының отырысы болып өтті. «Қазақстандағы тарихи демографияның өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша негізгі баяндаманы ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор, Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің бас ғылыми қызметкері Асылбек М.-А.Х. жасады. Демография ұғымын жан-жақты ашып түсындірді. Ғылымның даму тарихына, оның ішінде Қазақстандағы тарихи демографияның даму барысына тоқталды, оны кезеңге бөлу негізін, себептерін түсіндірді. Ғылымның дамуына үлес қосқан зерттеушілер мен олардың еңбектерін саралап өтті. Институттың бүгіндегі Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің осы күнге дейін демография ғылымы бойынша атқарған жұмыстарымен таныстырды. Санақ жүргізудегі күрделі мәселелелер, ерекшеліктер қозғалды. Аталған мәселеге саясаттың қатыстылығы туралы және өзінің ондағы ұстанатын бағытын, белгілі бір теорияларға байланысты пікірін жеткізді. Методологиялық семинар жұмысына институт қызметкерлері және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранттары белсенді түрде қатысты. Олар өздерін қызықтыратын мәселелерге орай сұрақтарына жауап алды. Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. – Құдайбергенова А.И. қозғалған тақырыпқа байланысты қойылған сұрақтардың жауабын өз көзқарасы бойынша толықтыра түсті, ашып түсіндіріп өтті. Қазақстандағы тарихи демографияның осы күнге дейін қол жеткізген табыстарын атап өтті. Кезеңдеудегі негізгі көрсеткіш қазақ ұлтының санына байланыстылығын жеткізді. Ұлт мәселесіне қатысты, белгілі бір демография ғылымының қолданысындағы сөздерге қатысты әлі де қарастыруды қажет ететін, шешілмеген мәселелердің көптігін айтты. Демографиялық жарылыс ұғымын, болу себептерін, кезеңдерін ашып түсіндірді.