Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақ халқының этногенезін зерттеудегі шежіре деректері мен рулық-тайпалық жүйесін талдаудың әдіснамалық принциптері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдіснамалық семинар өтті


2022 жылғы 24 ақпанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсититуты «Қазақ халқының этногенезін зерттеудегі шежіре деректері мен рулық-тайпалық жүйесін талдаудың әдіснамалық принциптері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдіснамалық семинар өткізді. Семинарға қатысуға тарихшылар, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, жас ғалымдар, БАҚ өкілдері шақырылып, қатысушылардың басым көпшілігі «зуум» арқылы онлайн түрде қатысты.

Ғылыми-әдіснамалық семинардың мақсаты – қазақ халқының шығу тегін зерттеудің дереккөзі ретінде ауызша тарих, оның ішінде шежіре мәліметтерін пайдаланудың ерекшеліктері мен әдіснамасын талқылау.

Ғылыми-әдіснамалық семинар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессорЗ.Е. Қабылдиновтің алғысөзімен ашылды. Ол алғысөзінде ғылыми-әдіснамалық семинарда талқыланатын мәселелердің институтымыздағы «Шетелдік аудитория үшін Қазақстанның қысқаша тарихын әзірлеу» және «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымын жеті томдық етіп әзірлеу» жобаларын жүзеге асырылуда маңызы зор екентігін атап өтті.

Ғылыми-әдіснамалық семинар барысында институтымыздың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессорО.Х.Мұхатова «Шежіре – қазақ халқының шығу тегін зерттеудің дереккөзі ретінде» тақырыбында баяндама жасады. ПрофессорО.Х. Мұхатова шежіре халықтың этногенезін, этномәдениетін, тарихи өткенін, ұлттық басымдық және қоғамдық өмірін көрсетудегі бірегей дерек көзі болып табылатындығы туралы ғылыми көзқарасымен бөлісті. Шежірені дерек ретінде талдауда оның әдеби, фольлорлық, тарихи ерекшеліктерінің бар екендігін ескеру қажеттігін атап өтті. Шежіре деректерінің тұлғалық, оқиға, кеңістік, уақыт категорияларымен жүзеге асырылатындығы жөнінде, шежірені алдымен деректанулық талдаудан өткізу керектігін; шежірелер көп болғандықтан олардың репрезентативтілігіне назар аудару керектігін, бұл мәселені зерттеуде өркениеттік теорияның атқаратын рөлі зор екендігін; ауызша тарих айту тұрғысынан талдайтын болсақ, шежірелерде айтылатын жекелеген тарихи тұлғалардың есімдерімен байланысты феноменологиялық бағыттың да атқаратын орны зор екендігін, сонымен бірге жадты жаңғырту әдісі, эволюционизм бағыты, яғни, шежірелер әуел бастан қалыптасып дамығанда үнемі толықтырылып, даму үстінде болғандығын зерттеу; әлем жүйелік тұжырымының бағытында, сондай-ақ пәнаралық бағыттың  маңызы өте зор екендігі жөніндегі ғылыми ойларын айтты.

Институтымыздың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.,Ж.Ж. Жеңіс «Қазақ шежіресінің саяси және рухани аспектілері» тақырыбындағы өз баяндамасын жасап, қазақ шежіресі туралы өз көзқарасын жеткізді. Ол қазақ халқының тарихын зерттеуде басқа да деректердің ішінде шежірелік мәліметтердің алатын орыны, ерекшелігін, дегенмен, қазақ халқының қалыптасуы барысында түрлі саяси, әлеуметтік және рухани-мәдени себептерге байланысты өзгеріске түсіп отыратын мәліметтердің шынайылығы күмән тудыратыны да жасырын еместігін, сондықтан да, шежіре деректерін археологиялық, жазба және басқа да деректермен салыстыра отырып пайдаланып, шежіре мәліметтерін талдап зерттеу елеулі нәтиже беретіні туралы ойларымен бөлісті. Ғылыми-әдіснамалық семинар барысында баяндамалар қызу талқыланып, қатысушылар: Шығыстанушы ғалым, т.ғ.д., К.Ш. Хафизова шежіре, дерек, тарихнама негізінде толығырақ зерттеулер жүргізілсе, бүгінде осы мәселеге жастардың да келуі қуантарлық жағдай, енді жастар, әсіресе көне ғасыр, орта ғасырды зертейтіндері араб әрпін, латын графикасын үйренсе, сосын әдістемесін жетілдіріп  осы мәселені әрі қарай көтеру керек, тұлғаларымыз туралы деректер жинап, өмір сүру уақытын дәлелдейік деген ұсынысын білдірді;  Қазақ Ұлттық педагогикалық қыздар университетінің профессоры, п.ғ.д., К.Н. Сариева арқылы әдеби, мәдени, тарихи жаңалықтарды мектеп мұғалімдеріне насихаттау мақсатында  «Қазақ тілі және этнология» журналы шығарылатындығын хабарлап, ғылыми жаңалықтарды ақысыз жариялауға шақырды; т.ғ.д., Г.Жүгенбаева шежіренің еуразиялық көшпенділердің тарихи жады немесе тарихи паспорты ретінде және қан араласпау мақсатында қалыптасып, халықтың өзін айқындайтын ең басты негізге айналғандығы туралы өз ойларымен бөлісті; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Ә. Дәулетхан сөз сөйлеп, тарихты зерттеуде әдіснамасын білу өте маңызды, рулық тұрғыдан ғана емес, мемлекеттілік тұрғысынан зерттейтін үлкен әдіснаманы қолданғанда ғана шежіре өзінің мәнін арттырады деген пікірін білдірді; Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ «Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер Орталығының» аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент М.С. Жакин презентация арқылы қосымша баяндама жасады, сондай-ақ осындай семинарларға философ, мәдениеттанушы, ойшыл ғалымдарды шақыруды ұсынды; Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к., А.Қ.Жұмаділ қазақ тарихын зерттеуде еуроцентристік көзқарастан арылып зерттеуді, адамдардың дүниетанымын, ұстанымдарын да ескеруді ұсынып, дүниетанымдық құндылықтарымыздың мемлекеттілікті құруда маңызды болғандығын атап өтті; институтымыздың ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Б.Ә. Әшім эпиграфикалық ескерткіштердегі мәліметтерді шежірелік деректер ретінде пайдалануға болатындығы туралы ұсынысын білдірді.

Сонымен қатар Ж. Жеңістің «Түркі дүниетанымы және мемлекеттілік: тарихи сабақтастық пен өзгерістер (VI-XIII ғғ.)» атты монографиясының тұсаукесері жасалынды, қатысушылар құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

Республикалық ғылыми семинар соңында келесідей қарар қабылданды:

  1. Шежірені зерттеу тақырыбын басқа да ғылыми-зерттеу орталықтарында, жоғары оқу орындары шеңберінде дөңгелек үстел барысында талқылау;
  2. Осы тақырыпты кең ауқымда талқылау үшін халықаралық немесе республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу;
  3. Осы мәселені зерттеуге магистранттарды, докторанттарды тарту;
  4. Шежірені зерттеу тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін «Отан тарихы» ғылыми журналында, «e-edu-history.kz» халықаралық ғылыми электрондық журналдарында жариялау.

Бекенова А.А. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының КҒК, тарих магистрі