Ташкент қаласына ғылыми іссапар қорытындысы

Ташкент қаласына ғылыми іс–сапар қорытындысы

Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. О.Х. Мұхатова мен жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. А.Т. Қайпбаева 2022 жылдың 11-20 наурызы аралығында «ХХ ғ. 20-30 жж. дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» атты гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына ғылыми іс-сапар жұмысын жүзеге асырды.

Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласының кітапхана қорларындағы зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды зерделеу, сараптау және құндылығына қарай толыққанды жинақтау болып табылады.

Осы орайда, А. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасы, М. Ұлықбек ат. Өзбекстан ұлттық университеті кітапханасы, ӨзР Ғылым Академиясының іргелі кітапханасында жұмыстар жасалды. Нәтижесінде, кеңестік дәуірдегі еліміздің білім беру саласына қатысты мәселелер қамтылған диссертациялар, архив құжаттарының жинақтары, монографиялар және баспасөз құралдары негізінде материалдар анықталып, құнды еңбектердің көшірмелері алынды.

Бұдан өзге, ғылыми мекемелермен әріптестік байланыс орнату аясында да ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, А. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институты, Бируни ат. Шығыстану институты басшылығымен кездесіп, екі елдің ғылыми мекемесінің атқару барысындағы жұмыстары баяндалып, ортақ мәселелер талқыланды және өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісілді.

Сондай-ақ, 104 жылдық тарихы бар М. Ұлықбек ат. Өзбекстан ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізіліп, іс шара барысында ғылыми кадрларды даярлау, бірлескен зерттеу жұмыстары аясында ғылыми жобаларды іске асыру мен ғылыми шараларды өткізу жөнінде және басқа да ұйымдастыру мәселелері бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Қорытындысында аталған мекемелердің ғылыми ізденістерінің нәтижелері болып табылатын ғылыми еңбектермен алмасып, ғылыми бағытта бірлесіп жұмыс жасауға, ынтымақтастық туралы келісімге уағдаласты. 

kk