Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Спабек Ж.Қ. Отандық ғалымдардың зерттеулеріндегі ашаршылық мәселесі (ХХ ғ. 20-30 жж.)


Тәуелсіздікпен қатар келген тарихты зерттеу және оның келелі мәселелерін зерделеуде отандық тарихшыларымыз атқарған міндеті нық болды. Соның ішінде, ашаршылық кезеңін қарастыру отандық зерттеушілер мен әлем елдерінің зерттеушілерінің де қызығушылығын туғызды және де өз өзектілігін жойған жоқ. Оның ғылыми-концептуалдық бағасын беруде отандық тарихшы-ғалымдарымыздың орны ерекше екенін атап өткіміз келеді. Тарихымыздың шынайы жазылуына мемлекет тарапынан демеу жасалып келеді.
Бірінші кезекте, ашаршылық жылдарын зерттеу мәселесі 1988 ж. қарашада Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының «Коллективизация сельского хозяйства в республиках Средней Азии и Казахстане: опыт и проблемы» атты тақырыпта ғылыми пікір-алмасу нәтижесі жұмыстың бастауы бола алады. Орталық Азия мемлекеттерінен, оның ішінде өзбекстандық тарихшылар А.Ю. Ибрагимова, М.М. Пулатова, Д.А. Алимова, қырғыздық Т.Д. Дуйшемалиев, ресейлік В.П. Данилов және ұйымдастыруына белсене араласқан тарихшы ғалымдарымыз – Т.Б. Балақаев, М.Қ. Қозыбаев, К.Н. Нүрпейісов, Ж.Б. Абылхожин, А.Б. Тұрсынбаев, демограф-ғалым М.Т. Тәтімов және т.б. қатысып, өз ғылыми тұжырымдарын ортаға салды [1].
Тікелей ашаршылық жылдарын отандық тарихшы-ғалым, ҚР ҰҒА академигі М.Қ. Қозыбаев, тарихшы-ғалым Ж.Б. Абылхожин, демограф-ғалым М.Б. Тәтімовтың «Казахстанская трагедия» атты ғылыми-зерттеу еңбектерінде 1926 ж. халық санағына сүйене отырып, Қазақстанда 2 млн. адам немесе 49% деп көрсетіп, табиғи өлімнің саны 1000 адамға шаққанда 25-тен келген. Ал 1931-1933 жж. табиғи өлімнің көрсеткіші 250 мыңға жетіп, пайыздық үлесі 7%-ды құраған. Белгілі демограф-ғалым М.Б. Тәтімовтың тұжырымы бойынша республикада ашаршылықтан өлген қазақ халқының саны 1 миллион 750 мыңды құрап, 42%-ға жеткені анықталды [2]. Бұл нақты дәлелді дерекке сүйенген Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2012 ж. 31 мамырда Қазақстандағы ашаршылық жылдарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатында берген сұхбатта ашаршылықтан өлген қазақтардың пайыздық үлесі 40%-ды құрады деген болатын [3]. Тарихшы-ғалым, академик М-А.Х. Асылбек пен тарихшы-ғалым Ж.М-А. Асылбекованың зерттеулерінде 1939 ж. КСРО бойынша қазақтардың 75%-ы Қазақстанда тұрды. 1926 ж. Республикада қазақтардың саны 1 миллион 247,7 мың адам болса, 1926-1939 жж. жалпы халық саны 3 миллион 575,3 мың адамнан 2 миллион 327,6 мың адамға дейін төмендеп, 35,8%-ды құраған. 19 жасқа дейінгі балалар мен жастардың саны қысқарған. Балалардың 7 жасқа дейінгі үлес салмағы 18,1%-ды құрап, 8-12 жасқа дейінгілер – 8,3%, 12-14 жастағылар – 7,5%, 15-19 жастағылар – 8,3%-ды көрсеткен. Бұл 1931-1933 жж. ашаршылықтан балалардың көптеп өлгенін көрсетеді. Қазақтардың табиғи өсімі күрт төмендеген. Оған себеп факторлар: демографиялық апаттардың нәтижесі (1917, 1921-1922 жж., 1931-1933 жж.) жаппай ашаршылық және көшпелі халықтың отырықшылыққа көшуі, саяси қуғын-сүргіннің тек республикада ғана емес КСРО-мен қатар шетелде де орын алған себептерін аша түскен. Жоғарыдағы деректерді ғалымдар Бүкілодақтық халық санағының мәліметтерін салыстырмалы түрде талдай отырып берген [4]. Мұны белгілі ғалым Қ.С. Алдажұмановта дәйектейді. Белгілі ғалым Т. Омарбековтың есептеуінде Қазақстанда 1930-1933 жылдары ұлттар бойынша өлгендердің пайыздық үлесі қазақтарда – 49%, украиндарда – 11%, орыстарда – 6%, өзбектерде – 8%, ұйғырларда – 13%, татарларда – 10%, немістерде – 11%, мордвиндерде – 12%, беларустарда – 10%, қырғыздарда – 25%, дүнгендерде – 10%, басқа ұлт өкілдері – 10% құраған [5]. Одан кейіндері ашаршылық жылдарымен тікелей зерттеумен айналысқан ғалым Т. Омарбеков: «Ресми таторитарлық жүйе өзінің әкімшіл-шаруашылық тәртібін зорлық-зомбылық әдістерімен қалыптастырғанын, тоқшылық жылдары тұтас халықты алапат аштыққа ұрындырғанын, меншік иелерін кінәсіз жазалағанын, күштеп ұжымдастыру саясатының адамгершілікке жат, қаскөй принциптерді басшылыққа алғанын, әлеуметтік теңдік, социалистік демократия дегендерді шын мәнінде еңбекшілер билігін шектеуге, жаппай қуғын-сүргінге айналдырғанын» ғалым өз тұжырымдауынан келтіреді. Тарихшы-демографтардың есептеулерін және мұрағат деректерін зерделей келе, мынадай қорытынды жасайды: күштеп ұжымдастырудан бұрын саны 4 миллион 836 мың адамға жеткенін, алапат аштықта қазақтардың 1 миллион 149 мыңнан астамы босқынға айналған болып шығады. Ашаршылық апатынан тірі қалғандары 1930-1933 жылдары күрт кеміп кеткен ауыл адамдарының, яғни 3 миллион 379,5 мың адам санынан шегеріп тастаймыз. Сонда 2230,3 мың күштеп ұжымдастыру жылдарында опат болғандығын айғақтайды [6]. Тарихшы-ғалымдар Ж.Б. Абылхожин мен Қ.С. Алдажұмановтың іргелі зерттеу еңбектерінде 1926-1939 жж. халық санағын және тарихшы-демографтардың есептеулерін салыстырмалы қарастырып, зұлмат жылдарда Қазақстан өзінің тұрғылықты халқының 2 миллионға жуық адамынан айрылғанын анықтаған [7]. Тарихшы-демограф С. Айымбетовтың есептеуі бойынша ашаршылықтан 2,5 миллион қазақ қырылған [8].
Танымал демограф-ғалым М.Б. Тәтімовтың ашаршылық пен індеттің, шұбырынды мен босқыншылықтың салдарынан Қазақстандағы барлық ауыл тұрғындарының саны 1930-1933 жылдары 5,7 миллионнан 3,0 миллионға дейін күрт орта түскені есептеуі бойынша байқалған. Осы кезде қала халқы республикада екі есе жылдамдықпен жедел өскен [9].
Тәуелсіздік жағдайында Отандық тарих ғылымы аясында бірнеше зерттеу еңбектері жарық көрді және оң бағасы берілді. Олар: тарихшы-ғалымдарымыз Х.М. Әбжанов, Т.О. Омарбеков, М.Қ. Қойгелдиев, А.И. Құдайбергенова, С.О. Смағұлова, С.К. Рүстемов [10] және т.б. зерттеушілердің ғылыми-зерттеу еңбектерінде тереңінен қарастырылады.
Тарихшы-ғалым Х.М. Әбжанов 1931-1932 жылдарғы Қазақстанда ашаршылық гуманитарлық апат деген анықтама аясына сыймайтынындай адамзатқа жасалған қылмыс және ғаламдық қасірет деп тұжырымдайды [11]. Ол, Кеңес үкіметінің экономикалық тұрғыдан құлдырамауы үшін жасалған саясаттың бір қыры болатын.
Осы мәселе төңірегінде тарихшы-демограф, ғалым А.И. Құдайбергенованың Қазақстандағы ХХ ғ. басындағы ашаршылық мәселесін тарихи-демографиялық тұрғыдан қарастырған еңбектерін атап өтуімізге болады. Автор Бүкілодақтық халық санақтары мен тың мұрағат деректерін пайдалана отырып, Қазақстандағы ашаршылықтың шығу себептеріне тоқталады. 1897-1920 жж. санақтар аралығында Түркістан Республикасының халқы 13,3%-ға кеміді, ойсыраған қазақтар 34,1%-ға жетті деп көрсетеді. Алматы уезінің халқы 1897-1920 жж. 5,4%-ға өскенде, сол жылдары Лепсі уезінен – 42,1%, Талдықорған уезінен – 26,1%, Әулиеата уезінен – 43,8%, Шымкент уезінен – 55,0%, Қазалы уезінен – 40,1% адамынан айрылды деп есептеген. Аталған жылдарда қалаға славян этнос өкілдерінен орыс, украин, татарлардың санының үлесі өскенін, түркі-мұсылман этнос өкілдерінен өзбек, қырғыз, ұйғырлардың үлесі күрт кемісе, дүнгендердің бір деңгейде өзгеріссіз қалғанын айғақтайды. Сонымен қатар, 1931-1933 жж. Қазақстандағы ашаршылықты зерттеудегі ресейлік әріптестердің зерттеулері ашаршылыққа тар келетінін алға тартқан [12]. Тарихшы-ғалым С.О Смағұлова Қазақстандағы аштық нәубетін қарастыруда Т. Рысқұловтың Түркістан Республикасындағы аштықты ауыздықтаудағы рөлін ашып көрсеткен. Автордың тұжырымдауы бойынша 1920-1921 жж. ашаршылық нәубеті 1931-1933 жж. ашаршылықпен жалғасын тауып, халықтың аштықтықтан қырылып, босып кеткенін айтады [13]. 1916 ж. босқыншылықтың көрінісі С.К. Рүстемовтың еңбектерінен тереңірек орын алған [14].
1930 жылдың 14 сәуірінде Ф.И. Голощекиннің Сталинге жазған телеграммасында: «Гурьев округінің Адай, Жылықос, Доссор, Новогат, Қызылқоға, Еспол, Жаманқала секілді көшпелі аудандары, т.б. бөліктер де аштықтан зардап шегуде… Ескеріңіз: бұл аудандардың қазақтары көшпелі мал шаруашылықты, бұрын оларды жартылай көшпелі Ақтөбе, Орал аудандары астықпен қамтамасыз еткен. Биыл осы аталған аудандарда ішкі астық айналымының қысқаруына байланысты Гурьев ауданы астықсыз қалып, жаппай мал сою басталды, нәтижесінде мал басы күрт азайды. Кедей-орташалар құмаршық, ақшанқой сияқты шөптермен қоректенуде, оның бір пұтының бағасы 17 сомға дейін барады, бірақ бұл шөптердің қоры таусылды. Өз ресурстарымыздан 15 вагон астық бөлдік, бұл өте аз. Біздің есептеуімізше ең кемінде 100 000 пұт астық керек. Орталықтандырылған қорлардан көмек жіберулеріңізді өтініп сұраймыз. Қызыл Крест тарапынан көмек қажет» делінген. Сонымен қатар, Қазақ АКСР ХКК төрағасы О. Исаевтың хатында: «Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ ауданындағы халықтың көпшілігі аштыққа ұшырады. 1932 жылдың көктеміндегі деректер бойынша шамамен 10-15 мың адам өлген, әсіресе, 1931 жылғы жаппай қоныс аудару, басқа өлкелер мен республикаларға қоныс аудару қазір де жалғасуда. 1929 жылмен салыстырғанда, көптеген аудандарда халықтың жартысы да қалмаған. 1931 жылмен салыстырғанда, шаруа шаруашылықтарының жалпы саны 23-25% дейін азайған. Аш қазақтар, олардың қамқорсыз қалған балалары Семей, Ақтөбе аудандарының өнеркәсіптік өндіріс орындары мен совхоздардың айналасына, теміржол станцаларына шоғырланған. Олар ұжымшар егістіктеріне шабуыл жасап, астық масақтарын кесіп алуда. Аштық, тазалықтың сақталмауынан эпидемиялық аурулар таралуда (қара шешек, сүзек, іш сүзегі, т.б.)» [15] – деп өз кезеңіндегі мәліметтерді келтіреді. Аталмыш ахуал шындыққа бір табан жақын екендігін аңғара аламыз. Сонымен қатар көшпелі халықты жаппай отырықшыландыру және ұжымдастыру нәтижесінде Кеңес үкіметінің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» [16] деген жаңсақ пікірлер тарап кеткен еді.
Қорыта келе айтарымыз, Қазақстандағы ашаршылықтың зардабы Кеңес Одағы құрамындағы өзге елдерге қарағанда жоғары болды. Себебі, қазақ халқының саны аз болғандықтан, отандық тарихшы-демографтардың есептеулері бойынша ашаршылық жылдары өлгендердің саны 2-2,5 миллионға жуық адамды құраған. Аштық көшпелі және жартылай көшпелі елді отырықшыландыру және ғасырлар бойы қазақтың асы мен киімі болып келген төрт-түлігінен айыру салдарынан туындады. Сонымен қатар, жұттың қатар келуі. 1917 жылы Алаш көсемі А. Байтұрсынов: «Әлхамдулилла 6 млн қазақ бармыз» [17], – деп айтқаны бар еді. Бүгін бұл деңгей 2009 жылғы ресми жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша 10 млн (63%) қазаққа жетті [18]. КСРО-ң әскери базалық құрылымын күшейтуге көп қаржы жұмсауына себеп, дамыған АҚШ-пен бәсекелестікке түсуінде жатыр еді. Тарихта қашанда әлсіз мемлекетке көз тіккен, заман талабынан туған мәселе болатын. Сондықтан да, тарихымызда орын алған ашаршылықты қылмыстық қателік деп түсінгеніміз абзал. Осы уақытқа дейін, қолмен жасалды деп келген жаңсақ пікірлерге таптық көзқараспен қарасақ қателеспейтініміз анық.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Коллективизация сельского хозяйства в республиках Средней Азии и Казахстане: Опыт и проблемы. – Алма-Ата, Ғылым. 1990. – 6 с.
  2. Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б., Алдажуманов К.С. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. Алма-Ата, 1992 г. с. 28.
  3. Түсіпбекұлы Ж. Ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту арқылы жалпыұлттық көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Алаш айнасы. №40 (722) 7 наурыз. 2012. – 2 б.
  4. Асылбеков М.Х., Асылбекова Ж.М. Население Казахстана по Всесоюзной переписи населения 1939 года. В 5-ти томах. 1 том. – Алматы: Издательство «Арыс», 2009. – С. 28-29.
  5. Омарбеков Т. Голодомор в Казахстане: причины, масштабы и итоги (1930-1933 гг.). Хрестоматия. Алматы, Қазақ университеті. 2011. С. 5.
  6. Омарбеков Т. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1997. – 310-315 бб.
  7. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010, 4-тарау, 5-бөлім. 272 б.
  8. Аимбетов С. 1926-1939 жылдар аралығындағы Қазақстан халқының этно-демографиялық және әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер. Тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындалған авторефераты. Алматы, 1998. 16 б.
  9. Тәтімов М. Ауылдағы демографиялық ахуал. Алматы, Қайнар, 1990. – 26 б.
  10. Әбжанов Х.М. Қазақ қасіреті: қылмыс пен жаза. Отан тарихы. 2012, №2 (58). 5-10 бб.; Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? – Алматы: Ана тілі, 1993. – 208 б.; Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы ХХ ғ. басындағы ашаршылықтар жайлы. Отан тарихы. 2012. №4 (60). 67-73 бб.; С.О. Смағұлова. 1917-1918 жж. Қазақстандағы аштық нәубеті және Т. Рысқұлов. Отан тарихы. 2012. №4 (60). 60-66 бб.; С.К. Рүстемов. 1916 жылғы босқыншылық. Отан тарихы. 2012. №4 (60). 47-56 бб.
  11. Әбжанов Х.М. Қазақ қасіреті: қылмыс пен жаза. Отан тарихы. 2012, №2 (58). 6 б.
  12. Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы ХХ ғ. басындағы ашаршылықтар жайлы. Отан тарихы. 2012. №4 (60). 68 б.
  13. С.О. Смағұлова. 1917-1918 жж. Қазақстандағы аштық нәубеті және Т. Рысқұлов. Отан тарихы. 2012. №4 (60). 66 б.
  14. С.К. Рүстемов. 1916 жылғы босқыншылық. Отан тарихы. 2012. №4 (60). 47-56 бб.
  15. Саркенова К.А. 1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 71-72 бб.
  16. Тәтімов М.Т. Цифрлар шежіресі. [Қазақ халқының саны мен құрамы жайында.] Алматы, «Қазақстан», 1967. – 20 б.
  17. Спабеков Ж.К. Болашаққа басталған жол // Президент және Халық. – 2012. – № 45 (375) 2 қараша. 2 б.
  18. Бұл да сонда 2 б.