Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

М-А.Х. Асылбек. Көптомдық «Қазақстан тарихының» отарлық және кеңес дәуірлері бойынша құрылымы мен кейбір мәселелері жөнінде


Біз бүгінгі «Қазақстан тарихы» көптомдығын даярлауға арналған халықаралық конференцияға қатысушы қонақтарды келуімен құттықтай отырып, Қазақстан Республикасы ғылыми қауымдастығы үшін ерекше маңызды болып табылатын осы бастамада оларға шығармашылық табыс тілейміз.
Әсіресе, Ресей Федерациясынан, соның ішінде РҒА Жалпы тарих институты, Кемеров мемлекеттік университеті, Татарстан, Беларусь, Қырғыз республикаларынан және де басқа қонақтарды, конференцияға қатысушы құрметті әріптес-ғалымдарды қызу құттықтаймыз. Бұл кездесу біздің ТМД елдері ғалымдарымен тығыз ғылыми байланыста екенімізді көрсетеді. Бізге ТМД елдерінің ғалымдарымен тығыз байланыста болу керек, әсіресе, көптомдық «Қазақстан тарихын» даярлау үшін аса қажет. Ресей Федерациясы мен бұрынғы Кеңестер Одағы тарихы бойынша кейбір ортақ концептуалды мәселелерде пікір айырмашылықтары болғанымен, бізге, қазақтандық ғалымдарға Ресей Федерациясының және ТМД елдері ғалымдарымен байланысты әрі қарай дамытуымыз қажет. Біз Ресей Федерациясымен ғасырлар бойы байланыстамыз, біздер, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов көрсеткендей, орыс халқымен қандас туысқанбыз. А. Блок: «Кез келген орыстың түбін қазбаласаң, тегінен татар көрінеді», – деп айтқан, бірақ бұл мақалдың қаншалықты дәл келтіргенімді біле бермеймін. Ресейде, әсіресе бұрынғы КСРО тарихы бойынша, тарих ғылымының жетекші күштері болған, және де бар, қалған. Сонымен қатар Ресейде, соның ішінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы және Томск және де басқа қалаларында Қазақстанға байланысты көптеген мұрағаттық және жарияланған деректер сақталған. Кешегі Ресей империясының қарамағында, Кеңестер Одағы құрамында болған, қазіргі – ТМД елдері құрамындағы Азербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Ресей құрамындағы түркітілдес Татарстан мен Башкұрт республикаларымен тағдырымыз ұқсас болды. Біз жаңа және қазіргі заман тарихы жөніндегі көптеген мәселелер бойынша ақылдасып, бірлестікте, сондай-ақ жаңа көзқарастармен, тарихты зерттеу тұжырымдамалары мен ережелері бойынша, тәжірибе алмасып, оларды көптомдықты жазу барысында тиімді пайдалана алғанымыз абзал. Дәл осы тұста біздің жаңа бастамамызға өзара түсіністік пен қолдау күтеміз. Әсіресе, отарлау мен кеңестік дәуірлердегі орыс патшалығының империялық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстардың, ұлттық республикалар, автономиялар, округтер мен облыстарға байланысты Кеңестер Одақтық орталығының іс-әрекеттері және ТМД мемлекеттері тарихының өзекті мәселелеріне қатысты өзге де мәселелер бойынша өзара түсіністік аса қажет.
20 кітаптан тұратын 10 томдық «Қазақстан тарихы» құрылымына, әсіресе отарлық және кеңестік дәуірлерге қатысты өз пікірімді қысқаша білдіруге және осы екі дәуір бойынша өз ұстанымдарымды айтуға рұқсат етіңіздер.
Көптомдықтың жаңа құрылымы туралы
Біздің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен және Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен бірге 20 кітаптан тұратын 10 томдық «Қазақстан тарихын» шығаруға мұқият дайындық жүргізуде. Көптомдық құрылымының алғашқы нұсқасы өткен жылғы Қазақстан тарихшыларының Конгресінде жасалып, талқыланған болатын. Алғашында «Отан тарихы» атауы ұсынылғанымен, көптомдықты «Қазақстан тарихы» деп атау ұйғарылды. Жалпы көптомдық концепциясын мақұлдай отырып, томдардың (және кітаптардың) құрылымын нақтылау, негізгі орындаушыларды анықтау, сонымен бірге жекелеген тараулар мен бөлімдерді жазуды бастау ұсынылды. Өткен уақыт ішінде біраз нәрсе жасалды, томдар мен кітаптардың, жекелеген тараулар мен бөлімдердің құрылымдары нақтыланды, оларды орындаушылар анықталып, бұл күнде олар жұмыстарын бастап, өз мәтіндерін тапсыруда. Осы істелген жұмыстарды атап өте отырып, осы мәселе бойынша өзімнің бірқатар ұсыныстарымды білдірсем деп едім.
Өткен жылы Қазақстан тарихшыларының Конгресінде біз көптомдықтың құрылымын анықтап алуды ұсынғанбыз, нақтырақ айтқанда: құрылымды проблемалық-тақырыптық принцип бойынша немесе хронологиялық бірізділік бойынша жасау. Біздің Институттың басшылығы тарихшылар Конгресінен кейін көптомдықтың құрылымын нақтылап, оны жариялады. Атқарылған жұмыстардың құндылығы көп, оған қарамастан біздің ойымызша, құрылым әлі де біршама нақтылау мен жақсартуды қажет етеді. Жетілдірудің шегі болмайтынын білсек те, біз көптомдық құрылымының жаңа нұсқасы бойынша өзіміздің кейбір ұсыныстарымызды білдіруге шештік.
Өкінішке орай, біз әлі жарты жолдамыз: томдардың өз атаулары жоқ, ал олардың кітаптары (том ішіндегі) хронологиялық тәртіп бойынша бөлінген. «Қазақстан тарихын» жеке томдарға бөлуді, біздің ойымызша, әлемдік тарихта қалыптасқан дәуірлер-замандар бойынша (ежелгі заман, ортағасырлар дәуірі, жаңа заман, қазіргі дәуір) немесе проблемалық-тақырыптық не формациялық принциптер бойынша жүргізу қажет. Соңғысы бүгінде ескірген деп тапсақ, алдыңғы екі принциптердің бірін таңдау қажет, олардың екеуі де мұндай күрделі тарихи еңбектерде сәтті қолданысқа ие бола алады.
Сегіз кітаптан тұратын алғашқы 4 том арналған ежелгі және ортағасырлық замандарды (дәуірлерді) қоспағанда (олардың құрылымы бойынша әлемдік тарихта қабылданған принциптен алып, біз өткен жылы айтып жазғанбыз, дәлірек айтқанда: ежелгі және ортағасырлық дәуірлер), отарлық (жаңа) және кеңестік дәуірлер сипатталатын келесі үш томның (6 кітаптан тұратын) құрылымдарына тоқталамын. Өкінішке орай, бұл үш томның да атаулары жоқ, ал 6 кітапқа атау берілген. Біз басында Жаңа заман мен Кеңестік дәуірді 2 том (төрт кітап) етіп бөлуді ұсынған едік, бірақ біздің сөзіміз ескерілмеген. Қазір Кеңестік дәуірге 1 том – екі кітап арналған. Бұрынғы ұсынысымызды қайталамай, бұл үш томға атау берілу керек деп санаймыз, қазір олар атаусыз. Біз 2 томға (5-6) – ХҮІІ ғасыр мен ХХ ғ. (1917 ж.) басындағы Қазақстан тарихын – «Қазақстан отар дәуірінде» немесе «Қазақстан Ресей империясы құрамында» деп атаса, ал бұл томдардың кітаптарын: 9-кітапты «Қазақстанның Ресейге қосылуының бастауы»; 10-кітапты «Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы» деп өзгерту керек деп ойлаймыз. 11-кітапты – «Қазақстан ХIХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ басында, не «Қазақстан – Ресейдің отары»» деп атаған жөн деп санаймыз. Ал 7 томға келетін болсақ (13-14-кітаптар), бұлардың да атаулары жоқ, бірақ ол Кеңестік дәуірді қамтиды (1917-1991 жж.), ал кітап аттары екі рет қайталанады, айырмашылығы тек хронологиясында: 13-кітап «Қазақстан Кеңестер Одағы құрамында (1917-1953)»; 14-кітап «Қазақстан Кеңестік дәуірде (1953-1991 жж.)». Біз 7-томды «Қазақстан Кеңестік дәуірде (1917-1991 жж.)», 13-кітап – «Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы мен екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде (1917-1953 жж.)»; 14-кітап – «Қазақстан «жылымықтан» Кеңестер Одағы ыдырау кезеңі аралығында» деп өзгертілсе дейміз. Тағы да басып айтарым, біздің ұсынысымыз көптомдықтың, әсіресе Қазақстан тарихының 6-кітаптан тұратын 3 томы – отарлық және кеңестік дәуірлер (ХҮІІІ ғасырдан 1991 жылға дейін) арналған – құрылымының жақсаруына үлес қосу.
6-томдағы 13-кітаптың қазақ этнологиясына байланысты айтарымыз, бұл мәтін (ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХІ ғ. басы, бұл томның тарихи бөлімі 11 кітапқа арналады); тек бұл дәуірді ғана қамтымай, сонымен қатар кеңес дәуірін және тәуелсіздік жылдарын қамтыған. Бұны жөндеу керек. Егер кеңес дәуірі мен тәуелсіздік жылдарына арнайы кітапты бөлуге мүмкіндік болмаса, онда қазіргі замандағы этнологияға лайықты тарихи томдар беру керек.
Көптомдықтың тарихнамасы және деректемесі. Біз арнайы әр томның басына тарихнама мен деректануды қосу туралы ұсынысымызды ескергендеріңізді қоштаймыз, ал кітаптың ішіндегі мәтіндерде тек қана жеке дискуссиялық мәселелер қаралсын. Бірақ 10-томның екі кітабы осы мәселелерге арналады. Бұл бізге біраз күмән тудырып отыр, бұл томның авторлары тарихнама мен деректануға байланысты алдыңғы томдарды қайталайтын болады, – деген күдігіміз бар.
Этнологияға арналған кітаптың (2 т., 4-кітап) құрылымында тарихнама және деректану бөлімдері жоқ. Бұндай жағдайда бізге әлі кеш емес, РҒА Ресейдің тарих институты ғалымдарының «Ресей тарихы» 20-томдықты дайындаудағы тәжірибелеріне сүйену керек. Оларда тарихнама (деректану да) үш деңгейде ұсынылған: 1) бүкіл басылымның кіріспесінде – ғылыми бағыттардың негізгі кезеңдері көрсетіледі; 2) әр томның кіріспесінде – нақты кезеңдері зерттеледі; 3) томдардың мәтінінде – дискуссиялық мәселелер.
Былтыр Қазақстан тарихшыларының конгресінде біздің елдің территориясында табылған археологиялық ескерткіштердің этникалық байланысының әлсіз екенін айтқанбыз. Біздің археологтарға тағы да «Қазақстан тарихының» арнайы томдарына бұл байланысты күшейту керек деп айтқым келеді.
Қазақстан тарихының айтыстар мен талас-тартыстар туғызып жүрген отарлау және кеңестік дәуірлерінің кейбір мәселелеріне ауысамын. Солардың ішінде Қазақстан Ресейдің отарлығында болды ма деген мәселе жақында туындамаған. Бұл мәселе өз уақытысында бұрынғы Мәскеу – Кеңес орталығы тарихшыларымен, сонымен қатар Кеңес Одағы, оның ұлттық республикалары мен облыстары ғалымдарымен оңды шешілген-ді.
Сонымен, Қазақстан Ресей империясының отары болды ма? Бұл өте маңызды мәселе және ол Қазақстан Республикасының көптомдық тарихында, әсіресе Жаңа тарих пен Кеңестік дәуірлерге арналған томдарда жан-жақты баяндалуы керек. Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институты директоры Ю. А. Петров: «өте өткір мәселе – әртүрлі халықтар мен аймақтардың Ресей мемлекеті құрамында болуын түсіндіру», – деп өте дұрыс айтады, соны айта отырып, «Отан тарихшыларының көпшілігі (шамасы, Ресей федерациясын нұсқайды) Ресей империясын отарлық империя деп санауды қаламайды (бұл жерде Оттоман және Габсбург империялары сияқты, континенталдық – құрылық империя деген оңды болар еді), осыған орай олардың Ресей мемлекеті құрамында болған болған уақытын отарлық дәуір деп атауға болмайды», – деп қорытындылайды.
Өкінішке орай, Ресейдің отандық тарих ғылымының аса құрметті жетекшісі Ю.А. Петров бұл жерде Ресей империясының мемлекеттік актілері мен оның көптеген ресми құжаттарын, сонымен қатар КСРО ҒА академиктері А.М. Панкратова, Н.М. Дружинин және атақты М.П. Вяткин мен басқа белгілі кеңес тарихшылары зерттеулерін жоққа шығарып, қарама-қарсы пікір айтып отыр.
«Көпшілік» емес, шынында аттөбеліндей азғана ресейлік тарихшылар Ресей империясының отаршылдық сипатта болмағандығы туралы пікірді ұстанып отыр, олардың қатарында тек РҒА этнология және антропология институтының директоры В.Тишков, РҒА ТМД елдері институтының директоры К. Затулин, сонымен қатар, А. Князев, А. Лобанов, В. Третьяков, А.Д. Дугин, С. Козлов және басқалары бар, бірақ оларды «көпшілік» деп атауға болмайды.
Сонымен, бұл ресейлік құрметті әріптес-ғалымдар тарих ғылымында А.И. Солженицыннің, М.С. Горбачевтің және В.В. Жириновскийдің айтқандарын өздерінше, жаңа сарынмен қайталауда. Соңғысы Қазақстанда «персона нон грата» (дипломатиялық өкілдіктің елге келуін үкімет қаламайтын адамы) атанды.
Бұрын тарих ғылымында, Ресей империясы мен КСРО-да, сонымен қатар Кеңес Одағына кіретін басқа ұлттық республикалар мен облыс – округтерде бұл мәселе ешқандай пікір-таластар да, келіспеушіліктер де тудырмаған, сонымен қатар сол кездің нақты шындығы ретінде дәлелденген-ді. Тек кейінгі жылдары ғана Ресей мен Кеңес Одағында ғасырлар бойы қалыптасқан тарих ғылымындағы жан-жақты және нақтылы дәлелденген тұжырымды қайта қарауға әрекет жасалуда. Байқауымызша, бұл жаңа жағдай Ресей Федерациясы басшылығының Кедендік Одақ түріндегі экономикалық интеграцияны дамыту үшін ғана емес, Ортақ экономикалық кеңістік құру, Кеңес Одағындағы бұрынғы республикаларды өз төңірегіне жинау сияқты геосаяси мақсатқа байланысты өрбіп отырған сияқты.
Осыған байланысты әлемге әйгілі қоғамдық фактіні жасыруға болмас. Кеңес Одағына дейінгі дәуірде, Габсбург, Оттоман және Британ империялары секілді Ресей де отар империя болып табылатын. Тек айырмашылық мынада болды: Британ империясы теңіздің ар жағындағы аймақтарды отар етті, ал басқалары – жақын және алыс шектескен елдерді отар етті. Кейбір қадірменді ресейлік тарихшылар мына бір жайтты ескермейді: Ресей халықтардың түрмесі болған, ал басқаны езіп отырған халық ешқашан азаттыққа қолы жетпейді, – деп көрсетеді классиктер.
Тек қана Ресей империясы ғана емес, сонымен қатар басқа империялар да полиэтникалық, поликонфессионалдық мемлекет болған, ал оның жеке бөлімдері, ұлттық өлкелері әлеуметтік-экономикалық дамуында әркелкі болды, метрополиядан артта қалған еді. Бұл белгілі жағдай. Дау жоқ, великоростер отар өлкелердің өкілдерімен салыстырғанда, көптеген артықшылықтарға ие болды. Мәселен, жұмыспен қамту мәселесінде, білім алуда, қызметте өсу бойынша және т.б. Тіл жағынан кемсітушілікті айтпаса да түсінікті. «Бұратаналарды» темір жолға, әсіресе поездар жүрісіне байланысты қызметтерге алмады. Басқа діни де, өзге ұлттық та төзімділік болған жоқ. Киевтегі кірпіш зауыттың приказчигі, еврей М. Бейлис (1913 ж.) ісін еске алайық. ХІХ ғ. соңы – XX ғ. басында Ресейде еврейлерді қырғынға ұшырату, басқа діндедегілерді қуғындау, жабайы әрекеттерге бару оқиғалары орын алды. Естеріңізде болса, Ресейде басқа ұлттың өкілдерін былайша атаған: жидтер, самоедтер, калбиттер және т.б. В.И. Ленин 1922 жылы: «ұлтшылдық жөнінде тарихи тәжірибеде әрдайым дерлік біз, үлкен ұлттың өкілдері, сансыз көп зорлық жасап кінәлы болып жүрміз, тіпті одан да асып – өзіміз байқамайтын сансыз көп зорлық, зәбір көрсетеміз, – бұл жөнінде менің Еділдегі есте қалғандарымды еске алудың өзі-ақ жеткілікті: бізде бұратана халықтарды ылғи кемсітетін, полякты басқаша емес, «полячишка» деп атайтын, татарды басқаша емес, «князь» деп келемеждейтін, украинды басқаша емес, «хохол» деп атайтын, грузинді және Кавказдың басқа да халықтарын – «Капказ адамы» деп атайтын» [4] – деп жазған-ды. Ол кездегі Ресей империясында отар халықтардың мәселесі бойынша үйлесімді саясат та жүргізілген жоқ, керісінше казактардың «іздестіру шаралары» («поиски») жүргізілді, сонымен қатар ұлт-азаттық қозғалыстарға қарсы қатігездік экспедициялар ұйымдастырылды, оларды патшалық Ресейдің ірі қанды қол қолбасшылары – генерал-жаулаушылар Ермолов, Скобелев, Черняев және т.б. басқарды. Біздің көзқарасымызша, сондықтан Ресей империясы құрамында «ұлттық құрылымдардың сіңісу» тезисі сын көтермейді. Бұл жағдайға, Ресей тарихшыларының кейбіреулері айтқандай, империяның билеуші топтары жүргізген этникалық элиталармен тығыз байланыста болу туралы дәстүрлі ұстаным болғаны да, осылардың нәтижесінде көпэтникалық жүйенің біріктірілгені де, империялық «беріктік» болғаны да шындыққа жанаспайды. Мұндай аты шулы империялық «беріктік те» болған да жоқ. Бұл «беріктік» 1917 ж. Ақпан мен Қазанда тас-талқан болған-ды, оның күйреуіне Ресейдің құрамындағы езілген халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстары да өзінің қомақты үлестерін қосты ғой. Езілген ұлттар, жұмысшы және шаруа қозғалысымен одақтаса отырып, басқа елдерді тонау үшін басталған бірінші дүниежүзілік соғысты тоқтату үшін күрес нәтижесінде, алдымен Ресей халықтарын «біріктірген» патшалық «феноменді», соңынан іріп-шіріген, дарынсыз Уақытша өкіметті құлатқан-ды.
1730 ж. 19 ақпанда Ресейдің бодандығын қабылдау туралы Анна Иоановна патшайымның Әбілқайыр ханға жіберген Грамотасы, 1917 ж. шейін, патша билігінің барлық жарлықтары мен ережелерінде, генерал-губернаторлардың есептерінде және т.б. Қазақстанның отарлық жағдайлары көрсетіледі. Қазақстанды Ресейге бағындыру Империяның Азияның басқа елдеріндегі мүдделерін жүргізудегі стратегиялық мақсат болатын. Петр I 1722 ж. ерекше басып көрсетті: «Барлық Азия елдері мен жерлеріне бұл (Қазақ) орда кілт және қақпа. Сол себепті бұл орданы Ресейге бағындыру қажет, сол арқылы барлық Азия елдеріне байланыс жасап, Ресей үшін пайдалы және жағымды шараларды іске асыру керек». Петр I А. Тевкелевке төмендегідей тапсырма берді: «Егер ол орда нақтылы түрде бодандыққа кіргісі келмесе, онда. Қанша болса да қаражатты аямай, миллион болса да, тек Ресей империясына бодан болуға міндеттенген бір бет қағаз берсе де болғаны» [5].
Қазақстан Ресейдің отары болғаны туралы патшаның генералдары, аға офицерлері, отарлық биліктегі шенеуніктер, ғалымдар және т.б. өз уақытысында жазған болатын. Солардың ішінен бірнешеуін атап өтетін болсақ: Терентьев М.А., Бартольд В.В., Абаза К.К. және т.б. Ресей империясының отарлау саясатында маңызды рөл атқарған казак әскерлері туралы еңбектерді де көрсетуімізге болады [6].
Бұл туралы Қазақстанның кеңес тарихшыларының алғашқы буынынан С. Асфендияров, Т. Рысқұловтың және т.б. жазған зерттеулері жариялады. П.Г. Галузо «Туркестан – колония». – Ташкент, 1934 ж. кітап шығарды. Қазақстандағы кеңес тарихшыларының екінші буыны өкілдерінің қатарында Б.С. Сүлейменов, Е. Бекмаханов және т.б. еңбектері Ресейдің Қазақстанды отарлау дәуіріне арналды; бұл жерде айта кететіні, олар Ресейге қосылуының прогресс болғанын да көрсетті. Бұл жерде айрықша мән беретін мәселе, КСРО ҒА-ң академигі А.М. Панкратова Қазақстан Ресейдің отары болғаны және де көп отарларының бірі болғаны туралы өз ұстанымында нық тұра алды. 1943 ж. Абдықалықов пен оның редакциялығымен Қазақстан тарихы туралы еңбек жарыққа шықты, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы қилы кезеңдерде М. шыққан еңбекте Қазақстан тарихы үш ірі дәуірге бөлінеді: І – Қазақстан халықтары тәуәлсіздік кезеңінде (1860-шы жж. дейін); ІІ – Қазақстан – Отар – (1860-шы жылдардан 1917 ж. дейін); ІІІ – Социалистік Қазақстан. Тәуелсіздік жылдарында бұл ғылыми тұжырым ары қарай дамыды: Қазақстанды отарлау үрдісі казактарды қолдану арқылы ХVІІ ғасырда басталған болатын. 1616 ж. Жайық бекінісінің (Орал қ. таяу маңдағы) салынды, қазақтардың Әбілқайыр ханның қарамағындағы бір бөлігі Ресейдің бодандығын өз еркімен қабылдауы; Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы және т.б. Тәуелсіз Қазақстанда бұл мәселе ертеде шешілген. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 ж. 14 қазанында Стамбулда өткен қазақстандық-түрік бизнес форумында сөйлеген сөзінде: «Біз барлық түркі халқының отанында өмір сүреміз. 1861 жылы соңғы қазақ ханы өлтірілген соң, біз Ресей патшалығының, содан кейін Кеңес Одағының отары болдық. Қазақтар 150 жылда өзінің ұлттық салт-дәтүрінен, әдет-ғұрыптарынан, тілінен, дінінен айрылуға аз-ақ қалды. Құдай жар болып 1991 жылы өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіздердің ата-бабаларыңыз тарихи отаны – Түрік қағанатынан кетерде, түркі халқының атауын ала кетті. Әлі күнге дейін түріктер ең жақсы жігіттерін «қазақ» деп атайды. Міне біз – сол қазақтармыз» [7].
Кеңес дәуіріндегі мына мәселелерді анықтап алуымыз қажет сияқты: қазақ коммунистері мен Алаш партиясы арасындағы жергілікті күрес, оның себептері мен нәтижелері; 1931-1933 жж. ашаршылықтың себептері, нәтижелері мен салдары; 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы әскери тұтқынға түскен қазақтардың тағдыры; тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесі мен салдары; Қазақстан экономикасында тоқырау болды ма?, нәтижесі мен салдары; Қазақстан халқының демографиялық дамуы, титулді ұлттың даму ерекшеліктері, өзінің табиғи территориясында (1959 ж. – 29,8%-ға) азшылыққа айналуы; Кеңес үкіметінің көші-қон саясатының салдары, Қазақстанға аударылған көптеген халықтың депортациясы, лагерьлер құрылуы, қоныс аударушылардың жұмыс күші ретінде көптеп келуі және т.б. жетерлік. Осы көптеген мәселелерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз, оны онтомдықта көрсете отырып, оның ішінде жергілікті коммунистер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағыда қажет етеді. Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір адамдар Әлиби Жангелдинді, Сәкен Сейфуллинді, Бақытжан Қаратаевты, Тұрар Рысқұловты, Мұхамедияр Тұнғаншинді және де басқа Кеңес билігінде болған қайраткерлерді «әшкерілейді», 1917-1930 жж. қарқынды саяси қарама-қайшылықтар арасындағы жағдайды таптық тұрғыдан қарастырмай, тарихымызды игере алмаймыз. Ұлт коммунистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олардың барлығы өздерінше қазақ халқының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РКФСР-ң Халкомның төрағасы – Т. Рысқұлов пен Қоқан автономия үкіметінің төрағасы, Уақытша үкіметтің Жетісудағы коммиссары – М. Тынышбаевтың – Түркістан-Сібір темір жолын салудағы бірлесіп атқарған қызметі жарқын үлгі бола алады. Қазақ элитасының осы екі тобының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да билей бер» деген Орталық саясаттың іске асуында да жатыр. Бұл Орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сынақтан өткізу әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақтар интеллегенцисы өкілдерін жойып отырды. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық республикаларында да, облыстары мен округтарында да орын алған еді. Көптомдық «Қазақстан тарихында» бұл мәселелер өзінің объективті бағасын табуы қажет. Осы еңбекте М. Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес уақытысындағы Мұса Жалилді ардақтай алған татар тарихшыларының қызметі үлгі бола алады.
1931-1933 жж. жаппай ашаршылық жылдарында қазақ халқы жартысынан айрылды. Бұл орасан зор қайғылы оқиға, бірақ оны арнайы ұйымдастырылды, жерді орыстарға босату үшін қазақты жоюды көздеді, – деуге болмайды. Аштық алдында, оның кезінде және кейін де үкіметтің төтенше шаралар қолданып, халықты аман алып қалу жөніндегі әрекеттері туралы деректер жеткілікті. Бір мысал келтіре кетсем: 1928 ж. өзінде Жетісу облысында халыққа азық-түлік жетіспеу сезіле бастады, миллиондаған сом Қытайдан астық әкелуге бөлінді, ал жергілікті биліктің қылмысы – сол астықты уақытылы сатып алуды ұйымдастыра алмауында, ақшаны игере алмауында еді.
Отарлық және Кеңес дәуірлеріндегі Қазақстан тарихының мәселелері өзінің дұрыс шешімін табатынына және тәуелсіз Қазақстан Республикасының халқы өзіне лайықты онтомдық көпғасырлық тарихын қолына алатынына сенемін.

Әдебиеттер

  1. Структура многотомника. Отан тарихы, – Алматы; 2012, №3, с. 120-173.
  2. Петров Ю.А. О концепции многотомной академической «Истории России». Теоретико-прикладные аспекты социально-экономического и политического развития стран Центральной Азии и СНГ. Т. 1. Сборник материалов Международной научно-практической конференции, посвященный 85-летию Заслуженного деятеля Казахстана, д.ист. н., профессора М.С. Бесбаева. 15 марта 2013 г. Алматы – Москва – Барнаул, 2013, с. 13-22. Источник – regnum.ru. Постоянный адрес статьи – http//www.centrasia.ru/newsA.php?st=1350219540
  3. Бесбаев М.С. Крушение империи Т,2, Алматы, 2011, с. 76-80.
  4. Ленин В.И. Полное собрание соченений. Т.45, издание пятое. М.,1970, с. 359
  5. Казахско-русские отношения в ХVI-XVIII веках. Сборник документов и материалов.- Алма-Ата, 1961, С. 31, 40-41 и др. Петр І-нің айтқан сөздерін түп нұсқасында – орыс тілінде толығынан бергенді жөн көрдік: Петр І в 1722 г. особо подчеркивал: «Всем азиатским странам и землям оная [Казахская] орда ключ и врата; и той ради причины оная де орда и потребна под Российской протекцыей быть, чтоб только чрез их во всех Азиатских странах комоникацею иметь и к Российской стороне полезные и способные меры взять». Петр І указывал А. Тевкелеву: «буде оная орда в точное подданство не пожелает, то стараться … несмотря на великие издержки хотя бы до мелиона держать, но токмо чтоб только одним листом под протекцию Российской империи быть обязались».
  6. Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. – СПб. 1906; Т.1. Бартольд В.В. Туземец о русском завоевании. Соч. Т.2, Ч.2; Русский Туркестан. Приложение к третьему выписку сборника «Русский Туркестан». Ташкент, 1913; Веселовский Н.И. Киргизский рассказ о русских завоеваниях в Туркестане. – СПб.,1894; Туркестанский край. Сборник материалов его завоевании. Сост. А.Г. Серебренников. Т. 17. Ч.1. Ташкент, 1914; Абаза К.К. Завоевание Туркестана: рассказы о военной истории… СПб., 1902; Катанаев Г.Е. Краткий исторический обзор службы Сибирского казачьего войска с 1582 по 1908 год. СПб., 1908; Казин В.Х. Казачьи войска. Краткая хроника. СПб., 1912; Бородин Н. Уральское казачье войско. Статическое описание в 2-х томах, Т. 1-2, Уральск, 1891; Рябинин А. Уральское казачье войско. – СПб., 1866; Стариков Ф. Историко-статистический очерк Оренбургского казачьего войска. – Оренбург, 1891.
  7. Источник – regnum.ru. Постоянный адрес статьи – http//www.centrasia.ru/newsA.php?st=1350219540

– Қосымша: М-А.Х. Асылбек ұсынған «Қазақстан тарихының» баламалы құрылымы.

Қосымша №1

ҚР ҰҒА академигі М.Х. Асылбек ұсынған «Қазақстан тарихы» көне заманнан бүгінге дейін көптомдығының (10 том, 20 кітап)
ҚҰРЫЛЫМЫ (баламалы)

І.Т. ЕЖЕЛГІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
1. кітап. Қазақстанның ежелгі тұрғындары.
2. кітап. Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттер.
ІІ.Т. ЕРТЕ ЖӘНЕ КЕМЕЛДЕНГЕН ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
3. кітап. Ежелгі түркілер және олардың Қазақстан аумағындағы мемлекеттері.
4. кітап. Ұлы даланың мәдениеті мен өркениеті.
ІІІ.Т. ҚАЗАҚСТАН КЕЙІНГІ ОРТА ҒАСЫР ДӘУІРІНДЕ
5. кітап. Моңғол ұлысы үстемдігі кезеңіндегі Қазақстан.
6. кітап. Қазақтардың антропологиясы мен этногенезі.
ІV.Т. ҚАЗАҚСТАН КЕЙІНГІ ОРТА ҒАСЫР ДӘУІРІНДЕ
7. кітап. XV-XVII ғғ. Қазақ хандықтары.
8. кітап. Қазақ этносы және оның мәдениеті
V.Т. ҚАЗАҚСТАН ОТАРЛЫҚ ДӘУІРДЕ
9. кітап. Қазақстан Ресейге қосылу қарсаңы мен қосылуы басталған кезеңде
10. кітап. Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы
VІ.Т. ҚАЗАҚСТАН ОТАРЛЫҚ ДӘУІРДЕ
11. кітап. Қазақстан – Ресейдің отары
12. кітап. ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы қазақ этносы
VІІ.Т. КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕГІ ҚАЗАҚСТАН
13. кітап. Қазақстан Кеңес өкіметі орнағаннан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейінге дейін (1917-1953 жж.).
14. кітап. Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардан бастап Кеңес Одағы ыдырауына дейін (1953-1991 жж.)
VІІІ.Т. Қазақстан тарихы тарихнамасы мен деректері
19 кітап. Қазақстан тарихнамасы
20 кітап. Қазақстан тарихы бойынша деректер