Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ғылым қызметкерлері күніне арналған «Ғылым және тұлға» атты дөңгелек үстел


 12 сәуірде Институтта Ғылым қызметкерлеріне күніне арналып «Ғылым және тұлға» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек жұмыс барысын т.ғ.д., доцент институт директорының орынбасары С.О. Смағұлова жүргізіп, институт директоры, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов кіріспе сөз сөйлеп, қатысушыларды ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады. «Қазақтар тарихы ғылымы: өткені мен бүгіні» тақырыбында бас баяндама жасаған т.ғ.д. А.И. Құдайбергенова институттың құрылған жылынан бастап, қазіргі кезге дейінгі аралықтағы жетістіктеріне тоқталып, 40-50 жж. қызмет еткен М.П. Вяткин, Б. Сүлейменов, В. Шахматов, А. Нүсіпбеков, Г. Дахшлейгер, Е. Ділмұхамедов, Е. Бекмаханов, С. Толыбеков және т.б. ғалымдардың еңбектерін, олардың көтерген мәселелерін саралап өтті. Қазақстанда тарих ғылымын дамыту және ғылыми мамандарды даярлауда үлес қосқан П.Г. Галузо, М.Қ. Қозыбаев, Ю.И. Романов, Б.А. Төлепбаев, М.Х.Асылбеков, К. Нұрпейіс, О. Смағұлұлы, Қ. Алдажұманов, З. Қинаятұлы т.б. тарихшы ғалымдардың абыройлы істерін жалғастырушы тарихшы ғалымдардың буыны өсіп, еңбек етіп жатқандығын баяндады.
Тарихшы А. Панкратованың Қазақстан тарих ғылымындағы орнын ашуда академик М.Х. Асылбеков ғылыми хабарламасында ғалымның ғылыми жұмыстарына, 1943 жылы М. Әбдіхалықов екеуінің редакциясымен шыққан «Қазақ ССР тархы» кітабының маңыздылығын айта келе, қазіргі жазылып жатқан он томдық «Қазақстан тарихын» жазу барысында осы кітапты негізге алу қажеттігін көтерсе, профессор С.Ф. Мажитов Е. Бекмаханов еңбегіндегі ұлт-азаттық қозғалыс мәселесіне тоқталды. 
Т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов Қазақстанның тарих ғылымын ұйымдастырушылардың бірі А. Нүсіпбековтың тарих ғылымында өткір мәселелерді көтеріп, зерттеу нысанына айналдырғандығын айта отырып, оның жеке басының адамгершілік қасиеттеріне тоқталып өтсе, т.ғ.д. С.О. Смағұлова тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары институт ғалымдары жаңаша көзқараспен тарих ғылымында «ақтаңдақ» деп келген Алашорда қозғалысы, ашаршылық, қуғын-сүргін, ұжымдастыру, тәркілеу және т.б. мәселелерді ашуда зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде монографиялық еңбектер, жинақтардың шығарғандығын, қазіргі таңда «ашаршылық» мәселесі төңірегінде кешенді зерттеу жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Институттың аға ғылыми қызметкері т.ғ.к. С.Ә. Асанова академик Р. Сүлейменовтың ғылым саласындағы қызметі мен оның ұлт және мәдениет мәселесіне қатысты тұжырымдарын саралап берсе, т.ғ.к., доцент З.М. Төленова академик М. Қозыбаевтың Отан тарихын зерттеудегі орны мен оның еңбектеріндегі тұжырымдары мен пайымдауларының құндылығына тоқтала келе, шәкірт тәрбиелеуде педагогтық біліктілігін ашып, ғалымның шәкірттері институтта абыройлы қызмет етіп, нәтижелі зерттеу жүргізіп жатуы осының айғағы екендігін айтты.
Тарих ғылымы және осы саладағы тұлғалар жайлы т.ғ.д. В. Ғалиев, т.ғ.к. Н. Атығаев өз пікірлерін білдірді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар институт ғалымдарының еңбектерін тарихи зерттеулерде қолдану қажеттігін бір ауыздан қолдады және олардың еңбектерін жарыққа шығару қажеттігін көтерді.