Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Асылбек М-А.Х. Қазақстан тарихы ғылымының отанымыздағы маңызы жоғары көтерілмек


Мың өліп мың тірілген Қазақ Ұлтының төл тарихы да басынан көп қиыншылықтарды өткізді. Кеңес дәуіріндегі алғашқы буын тарихшылар С. Асфендияров, Т. Рысқұлов және т.б. буржуазияшыл ұлтшыл деп, 1930 жж. қуғын-сүргінге ұшырап, атылды. Екінші буын – Б. Сүлейменов, Е. Бекмаханов және т.б. 1940 ж. аяғы мен 1950 жж. басында Кенесары Қасымов көтерілісіне байланысты сотталып, Сібірге айдалды. Тек «Хрущевтік жылымық» қана олардың елге қайтуына мүмкіндік берді. Сол кезден бастап, орта мектепте Қазақстан тарихы Кеңес одағы тарихының бір бөлігі ретінде, аз ғана сағатына оқыла бастады. Мектепте негізінен Ресей мен шетелдер тарихы оқытылды. Тәуелсіздік жағдайында орта және жоғарғы мектептерде Қазақстан тарихы кеңінен оқытыла бастады. Дегенмен кейінгі кезде жағдай өзгеріп, төл тарихымызды оқытуда теріс бағыт қалыптаса бастаған-ды.
Жақында (5-6 маусымда) Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Осы отырыста Мемлекеттік хатшы М.М. Тәжіннің жасаған баяндамасында Отан тарихын әрі қарай дамыту мен оқытудың өзекті мәселелеріне басты назар аударылды. Бұл отырыс Отан тарихының күрделеніп қалған мәселелерін шешуге оң әсер етеді, – деп сенеміз. Себебі, Отан тарихын жоғарғы оқу орындарында оқыту мәселесі күрделі, бірақ теріс бағыттағы өзгерістерге ұшырап, бұл саладағы жағдай шиеленісе бастаған еді. Атап айтқанда, жоғарғы оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары не жабылып, не азайған-ды, сағаттары қысқарып, мемлекеттік емтихандар алынып тастау қаупі төнген-ді. Тарихшы мамандарды (оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді) дайындау да жыл сайын төмендеп келген-ді. Диссертациялық Кеңестер жабылған соң, доктор-кандидаттарды даярлау да тоқтап, олардың елдегі саны табиғи түрде кеми бастады, ал басқа шетелдерде қорғауға рұқсат берілмеді. Отан тарихы бойынша жазылған оқулықтардың кемшіліктері жеткілікті еді. Осы мәселелердің көбі тарихшылар арасында көптеген наразылық тудырып, дүрліктіріп келген-ді. Сонымен бірге орта мектепте тапсыратын Бірыңғай Ұлттық тесті оқушыларды білімді саналы түрде меңгеруден алшақтатып, жаттауға үйретіп келеді. Осы жерде айтатын нәрсе – өркениетті саналатын Батыс елдері, әсіресе Франция мен АҚШ және т.б. бұл тестілеудің зардабын бастан кешіп, одан әлдеқашан үзілді-кесілді бас тартқан-ды. Қазақстан тарихы ғылымында да шешілмей жатқан проблемалар, дау-дамай туғызып отырған мәселелер жеткілікті, әсіресе тарих ғылымына сырттай араласып, көп мәселелер жөнінде қисынсыз ой-пікір айтып, соны дәріптеп жүргендер де аз емес. Отан тарихын Ұлттық мүдде негізінен, жаңа көзқараспен талдап, обьективті, жан-жақты, шынайы зерделеу жетіспей келеді. Міне Отан тарихын оқыту мен зерделеудің осындай кемшіліктер мен қиыншылықтарға кездескен кезінде өткізілген бұл отырыстың өте маңызды да, уақтылы да екені Мемлекеттік хатшы баяндамасынан да белгілі болды.
Баяндамада Қазақстан тарихын жоғарғы оқу орындарында оқыту және зерделеу жаңа бағыттары мен жолдары отырысқа қатысқан тарихшылардың кең қолдауын тапты, – десек орынды болады. Әсіресе, енді бұдан былай әрбір жоғарғы оқу орнында Қазақстан тарихы кафедрасы ашылатын болды, тарихшы-студенттерге арнайы көп орын (грант) бөлінеді, профессор, доцент, оқытушылардың оқу жүктеме сағаттары қысқартылады. Тарихи сананы қалыптастыру шаралары кеңінен іске асырылады, Отан тарихы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың көшбасшысына айналады және т.б. өзгерістер іске асуы керек. Отан тарихын зерделеу мәселесіне де Мемлекеттік хатшының баяндамасында көп көңіл бөлініп, зерттеу жұмыстарының жаңа бағыттары мен жолдары сараланды.
Осы отырысқа қатысқандықтан, біз де жоғарыда айтылған мәселелер жөнінде өз ұстанымызды айтып, ортаға салғанды жөн көрдік.
1. Қазақстан ғылымы тәуелсіздік жағдайында, жаңа, ұлттық негіз бен бағытта өркендеп – дамуы керек еді, дегенмен ірі-ірі табыстарға жеткенімен, көлемді қаражат бөлінгенімен, бұрынғымен салыстырғанда, алшаң қадамдап, өсіп келеді, – деп айта алмаймыз. Оған обьективтік себептер де (Одақтың ыдырап, ғылыми байланыстың күйреуі, экономикалық дағдарыс, нарық қатынасуына өтудің қиыншылықтары және т.б.), субьективтік кемшіліктер де әсер етті. Дегенмен, кәзіргі жағдайда ғылымның дамуына кері әсер ететін басты жағдай, біздің ойымызша, тиімді басқару жүйесі қалыптаспағанында, – деп ойлаймыз. Бұрынғы ғылымның қара шаңырағы – Ұлттық Ғылым академиясы ғылымнан шет қалды. Ғылымды Министрліктің Астанадағы Ғылым комитеті басқарса, жергілікті жерлерде ғылыми орталықтар қадағалайды, ғылыми зерттеулер жоғарғы оқу орындарына көбірек тапсырылады. Министрліктің бала-бақшадан, орта мектептен, кәсіби лицейлер мен колледждерден, әсіресе жоғарғы оқу орындарынан қолы тимейді, ғылымға қолы да, уақыты да жете бермейді, оны шенеуніктер басқарады. Осыдан шығатын ұсынысымыз – Ұлттық ғылым академиясын қалпына келтіріп, ғылымды басқаруды ғалымдарға берген жөн. Бұл мәселе Түрікменстандағыдай орнына келетін кез болады, бірақ біз оған неғұрлым тез, аман-есенімізде, төрт көзіміз түгелде жетсек, соғұрлым жақсы болар еді. Тіпті олай болмағанда, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар академиясын құрып, ғылымдардың осы саласын тікелей үкіметке бағындырса да, не өз алдына тікелей Президентке бағынатын үкімет органын құрса да болар еді. Ғылыми зерттеулердің басым көпшілігін арнайы ғылыми институттарға тапсырған жөн. Батыстың моделі бізге дұрыс келе бермейді, оларда дәстүрлі түрде ғылым университеттерде дамыған, ал бізде арнайы зерттеу институттарында өркендеген, Жоғарғы оқу орындарында істейтін аға мұғалім, доцент және профессорлардың мың сағатқа дейін міндетті дәрісінен кейін, ғылыммен айналысуға, ішінде аз ғана дарындылары болмаса, мүмкіндіктері де жоқ. Кәзіргі тарих ғылымы салалары негізінде бұрынғы Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясындағы үш институтта және Астанадағы мемлекет тарихы институтында дамып келе жатыр. 1980 ж. аяғынан бастап, әсіресе тәуелсіздік кезеңінде Отан тарихы салаларында көптеген проблемалар жаңа көзқараспен қайта қаралып, жаңа тұжырымдар жасалды. Жаңа тарихи ұлттық сана қалыптаса бастады. Солардың бастылары: Қазақ мемлекетінің негізі тереңнен, ескі түркілерден, әсіресе Алтын орда ыдырағаннан бастау алатыны, Қазақ хандарының, батыр, билерінің ел тәуелсіздігі үшін күресінің мәні мен мазмұны; Ресейге бодан болудың әртүрлі жақтары мен зардаптары; ұлт-азаттық қозғалысының басталуы, барысы мен нәтижелері; Әсіресе Кенесары көтерілісінің маңызы; Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттері мен тағлымы; Кеңестік дәуірдегі қазақ көрген зорлық – зомбылық, жаппай ашаршылық, қуғын-сүргін; Кеңес өкіметіне қарсылық; өз отанында қазақтардың аз ұлтқа айналуы; Семей, Арал сияқты ел қасіреті және т.б. Кәзір біздің институт, басқа институттармен бірге отырып, 10 томдық, 20 кітаптан тұратын «Қазақстан тарихы» атты көлемді зерттеу ісін қолға алып, ірі де, жауапты да іске кірісті. Отан тарихында қол жеткен жетістіктердің бәрі бұл еңбекте өзінің тиісті орын алады, – деп ойлаймыз. Дегенмен, әлі де Отан тарихында шешілмеген, әр түрлі дау-дамай, пікір талас – айтыс тудырып жүрген мәселелер де жеткілікті. Солардың басты-бастыларын атап қана өтетін. а) Қазақстан тарихында Отарлық дәуір болды ма? Ресейдегі үш тарихи институт басшылары мен ат төбелетіндей бір азғана тарихшылар: Ресей мемлекеті құрамында болған әртүрлі халықтар мен аймақтар үшін, Ресей отарлық империя да болған жоқ, сондықтан олардың тарихында «отарлық дәуір» де болған жоқ, – деп уағыздап келеді. Бұл мәселе патшалық дәуірде де, Кеңестік дәуірде де еш талас тудырмаған еді. Кәзір Ресейдің геосаясатына байланысты, бұрынғы Ресей империясы мен Кеңес одағы құрамында болған, кәзіргі тәуелсіз Ұлттық мемлекеттер мен аймақтарды Ресей төңірегіне жинау мақсатында осындай ғылыми жалған тұжырым орын алуда. Тәуелсіз Қазақстанда да бұл мәселе бұрын – ақ шешілген. Оған ҚР президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2012 ж. қазанында Түркия астанасы Стамбулда Қазақстан – Түрік бизнес форумында сөйлеген сөзі де айқын дәлел болады: «Біз барлық түркі халқының отанында өмір сүреміз. 1861 жылы соңғы қазақ ханы өлтірілген соң, біз Ресей патшалығының, содан кейін Кеңес Одағының отары болдық. Қазақтар 150 жылда өзінің ұлттық салт-дәтүрінен, әдет-ғұрыптарынан, тілінен, дінінен айрылуға аз-ақ қалды. Құдай жар болып 1991 жылы өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіздердің ата-бабаларыңыз тарихи отаны – Түрік қағанатынан кетерде, түркі халқының атауын ала кетті. Әлі күнге дейін түріктер ең жақсы жігіттерін «қазақ» деп атайды. Міне біз – сол қазақтармыз».
б)Кеңес дәуіріндегі мына мәселелерді анықтап алуымыз қажет сияқты:қазақ коммунистері мен Алаш партиясы арасындағы жергілікті күрес,оның себептері, зардаптары мен нәтижелері; 1931-1933 жж. ашаршылықтың себептері,нәтижелері мен салдары; 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы әскери тұтқынға түскен қазақтардың тағдыры; тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесі мен салдары; Қазақстан экономикасында тоқырау болды ма?, нәтижесі мен салдары; Қазақстан халқының демографиялық дамуы, титулді ұлттың даму ерекшеліктері, өзінің табиғи территориясында (1959 ж. – 29,8%-ға) азшылыққа айналуы; Кеңес үкіметінің көші-қон саясатының салдары, Қазақстанға аударылған көптеген халықтың депортациясы, лагерьлер құрылуы, қоныс аударушылардың жұмыс күші ретінде көптеп келуі және т.б. жетерлік. Осы көптеген мәселелерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз, оны онтомдықта көрсете отырып, оның ішінде жергілікті коммунистер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағы да қажет етеді. Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір адамдар Әлиби Жангелдинді, Сәкен Сейфуллинді, Бақытжан Қаратаевты, Тұрар Рысқұловты, Мұхамедияр Тұнғаншинді және де басқа Кеңес билігінде болған қайраткерлерді «әшкерелейді», 1917-1930 жж. қарқынды саяси қарама-қайшылықтар арасындағы жағдайды таптық тұрғыдан қарастырмай,тарихымызды игере алмаймыз. Ұлт коммунистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олардың барлығы өздерінше қазақ халқының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РКФСР-ң Халкомның төрағасы – Т.Рысқұлов пен Қоқан автономия үкіметінің төрағасы, Уақытша үкіметтің Жетісудағы коммиссары – М. Тынышбаевтың – Түркістан-Сібір темір жолын салудағы бірлесіп атқарған қызметі жарқын үлгі бола алады. Қазақ элитасының осы екі тобының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да билей бер» деген Орталық саясаттың іске асуында да жатыр. Бұл Орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сынақтан өткен әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақтар интеллегенцисы өкілдерін жойып отырды. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық республикаларында да, облыстары мен округтарында да орын алған еді. Көптомдық «Қазақстан тарихында» бұл мәселелер өзінің объективті бағасын табуы қажет. Осы еңбекте М. Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес уақытысындағы Мұса Жалилді ардақтай алған татар тарихшыларының қызметі үлгі бола алады. Жалпы соғыста жау қолына тұтқынға түскен өз азаматтарына көрсеткен қуғын – сүргіні бойынша, Кеңес өкіметі шектен шыққан қатыгездік көрсеткенін арнайы зерттеген де жөн. 1931-1933 жж. жаппай ашаршылық жылдарында қазақ халқы жартысынан айрылды. Бұл орасан зор қайғылы оқиға, бірақ оны арнайы ұйымдастырылды, жерді орыстарға босату үшін қазақты жоюды көздеді, – деуге болмайды.Аштық алдында, оның кезінде және кейін де үкіметтің төтенше шаралар қолданып, халықты аман алып қалу жөніндегі әрекеттері туралы деректер жеткілікті. Бір мысал келтіре кетсем: 1928 ж. өзінде Жетісу облысында халыққа азық-түлік жетіспеу сезіле бастады, миллиондаған сом Қытайдан астық әкелуге бөлінді, ал жергілікті биліктің қылмысы – сол астықты уақытылы сатып алуды ұйымдастыра алмауында, ақшаны игере алмауында еді.
2. Отан тарихы тәуелсіз Қазақстан халқын, әсіресе жастарды патриоттық рухта, өз Отанын, туған ұлты мен жерін, оның өткені мен кәзіргісін сүйіп, болашағына адал еңбек етіп, үлкен сеніммен қарауға тәрбиелеп, баулыйтын ең бір күшті құрал мен ғылым. Міне сондықтан Отан тарихына деген көзқарас біздің қоғамда әлі де өз деңгейінде емес, десек, -қателеспейміз. Кәзір жоғарғы оқу орындарындағы Қазақстан тарихын оқыту күрделі, өте теріс бағыттағы өзгерістерге ұшырауда. Бұрынғы оқылатын 75 сағаттан 30 сағатта дейін (оның 15 – ғана лекция) қысқарып, мемлекеттік емтихан жойылды. Бұл оқиғаны немесе өз қолымызбен жасалған, орны толмас теріс істі, ұлттық намысқа, ар-ожданға, ең негізгісі отан сүйгіштікке, патриоттық тәрбие ісіне тікелей қарсы бағытталған әрекет, – деп санамасқа болмайды. «Ақын болмасаң болма,өз еліңнің азаматы (гражданин) болуға міндеттісін», – деген еді Ресейдің бір ойшылы. Тәуелсіздік жағдайында Отан тарихына, оның жоғарғы мектептерде оқылуына жасалған бұл бірінші шабуыл емес. Осыдан 7-8 жыл бұрын да жоғарғы техникалық оқу орындары басшыларының да осындай теріс пиғылдағы, технократиялық ора-шолақ әрекеті болған-ды. Сонда тарихшылар қоғамдағы гуманитарлық-зиялы қауыммен одақтасып, бұл әрекетке тойтарыс берілген-ді. Ал Қазір ше?! Тарихшылар конгресі бұл күрделі мәселеден неге тыс қалып отыр?! «Абылайдың асында шаппаған аттан» не үміт, не қайырдың кері келіп отырған жоқ па?! Билікке сөзі өтетін тарихшылар қауымы қайда?! Әлі де кеш емес, бұл мәселені оңды шешуге осы республикадағы тарихшылар жиыны өз үлесін қосады, – деп сенеміз. Осы жерде жақында ғана болған өрескел бір оқиғаны айта кетейік: Мемлекет хатшысының осы отырыстағы баяндамасынан кейін Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университетте күтпеген жағдай болды. Университеттегі Қазақстан тарихы кафедрасы жабылып, әлем тарихы кафедрасына қосылды. Тарихшылардың наразылығына қарамастан университет басшылығы ұлттық мүддеге қарсы Отан тарихына зиян келтіретін өрескел іс-әрекетке барды. Сонда бұл университеттің басшылары Мемлекеттік хатшының тапсырмасына қарсы шығып ақылға қонбайтын теріс тірлік жасап отыр.
3. Осы жерде Мемлекет тарихы институтының жауапкершілігі күшті. Біріншіден, бұл Институт басшылары Қазақстан тарихын оқыту бағдарламалары мен оқу жоспарларын қарастыратын жұмысшы комиссияларын басқарған. Міне сондықтан Қазақстан тарихын оқытудағы теріс өзгерістерге, әсіресе тек тәуелсіздік дәуірді ғана оқыту туралы шешімге осы Институт басшыларының үзілді – кесілді қарсы тұруы керек еді. Өздерінің оң пікірін айтып, баспасөзде жариялауы дұрыс болар еді. Тәуелсіздіктен бұрынғы Отан тарихы – біздің еліміздің төл тарихы емес пе?! Тәуелсіздіктің өзі сол ғасырлар бойындағы күрестің нәтижесі емес пе?!
Екіншіден. Мемлекет тарихы институты кәзіргі мемлекетіміздің табыстарын уағыздап, ғылым мен үгіт-насихат саласында, әрине, едәуір еңбек етіп келеді. Дегенмен Институт ғылыми бағытына бір жүйелілік, нақты бағыт жеткіліксіз көрінеді, оның соңғы зерттеулері С. Әсіпов, Қ. Алдажұманов, С. Шілдебай және т.б. белгілі тарихшылар тарапынан әділ шынға ұшырауда. Мысалы: Отанын сатқан Резун (Суворов) сияқтыларға сүйеніп, Ұлы Отан соғысы тарихын талдау шындыққа жатпайды; Голощеннің «қызтекелігі» тарих үшін күрделі мәселе емес; Ахмет Байтұрсыновты ақтаймын деп, Әліби Жангелдинді қаралауға болмайды. Деректер мен мақалалар жинақтарына көп көңіл бөлгенше, мемлекеттігіміздің күрделі мәселелерін шешуге үлес қосқан орынды болар еді, – деп санаймыз.
4. Тарихшы маман ғалымдарды даярлау мәселесі қазіргі жағдайда күйзеліске ұшырауда, – десек те қателеспейміз. Болон процесіне қосылу нәтижесінде, докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғататын кеңестер жойылды. Доктор-кандидаттары қатары азаюда, әсіресе докторлар қатары табиғи жағдайға байланысты сиреп келеді, кандидаттар қатары енді көбеймейді, жылдан жылға азая түседі, олардың орнын басатын доктор PhD-дердің өсуі шамалы. Жалпы доктор PhD ғылыми дәрежеден академиялық атаққа жақын екені де белгілі. Олардың көбінің деңгейі кандидаттан да төмен. Осыдан кейін 5-10 жыл ішінде жоғары оқу орындарында да, ғылыми зерттеу институттарында да істейтін тарихшы мамандардың көбі магистрант, тіпті бакалавр болмасына кім кепіл бола алады?! Сондықтан, жоғары мамандығы бар тарихшы ғалымдарды даярлау ісін қазірден бастап, қайта қолға алу керек. Ол үшін: 1) қорғауға ұсынылған докторлық – кандидаттық диссертациясы бар, бірақ үлгере алмағандарға мүмкіндік беру керек – республика бойынша Астана мен Алматыда арнаулы, уақытша 2 кеңес ашып, қорғайтындарды анықтап, 1-2 жылдың ішінде мүмкіндік бергені жөн; 2) ғылыми зерттеу институттарына арнайы PhD-ге орындар бөліп, оны міндетті түрде, сол институт ұсынған адам алуы керек; 3) сыртта қорғауға да рұқсат беру керек. Мұның бәрі – Болон жүйесі мен отандық жүйенің қатар жүре беруін ерте, қажетсіз, тоқтатудан шыққан кемшіліктер екені енді белгілі болған жоқ па?! Астанадағы отырыста мемлекеттік хатшының жасаған баяндамасындағы шешімдер мен шығып сөйлеген тарихшылардың ұсыныстары Отан тарихының қоғамымыздағы мәні мен маңызын жоғары көтеруге бағытталған күрделі шаралар, оның ғылымы мен оқытудағы дамуына үлкен үлес қосады, – деп сенеміз.