Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНДА ТҮРКИЯЛЫҚ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ, ШОҚАЙТАНУШЫ ӘБДУАҚАП ҚАРАМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ


2022 ж. 22 қыркүйекте Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында түркітанушы ғалым, тарихшы, шоқайтанушы Әбдуақап Қарамен кездесу өтті.

Тарихшы, этникалық қазақ, Түркияның Мимар Синан университетінде қызмет атқарады. 2002 жылы ғалым осы университетте «Мұстафа Шоқайдың басқаруы мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Дөңгелек үстел түркітанушы ғалымның 60 жылдық мерейтойына орай Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бірігуімен ұйымдастырылып отыр. Дөңгелек үстел жұмысына директорлар – Д. Мәсімханұлы мен З.Е. Қабылдинов бастаған екі институттың тарихшы-ғалымдары қатысты.

Кездесу барысында ғалым дөңгелек үстел қонақтарымен Түркиядағы тарихи зерттеулер туралы естеліктерімен бөлісті.

Кездесуде Институтымыздың директоры З.Е. Қабылдинов қонағымызға мерейтой қарсаңында 2019-2020 жылдары дайындалған 3 томдық «Қазақстан тарихы» атты энциклопедиялар жинағын ұсынып, институтымыздың атынан құттықтау хатын табыс етті.

Мерейтой иесін дөңгелек үстел қатысушысы, түркітанушы ғалым, қытайтанушы, Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Дәулетхан құттықтап, түрік тарихшысына «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы дәуірінің әдебиеті (1679-1949) » атты еңбегін өз атынан тарту етті.    

Отырыс барысында тарихшы Әбдуакап Қараның өмір жолы мен ғылыми еңбектерін талқылау аясында екі жетекші Тарихи институт қызметкерлері арасында пікір алмасылды.

Дөңгелек үстел қатысушыларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың халық және дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы С.С. Жанпейісова домбырада өзінің атақты «Айнамкөз» атты өнер туындысын орындаумен қуантты.

Кештің соңында Әбдуақап Қара жиналған қауымға алғысын білдіріп, өз атынан Институт басшыларына кітаптар табыстады.