Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«КЕҢЕСТІК ШАРУАЛАРДЫҢ ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ТАРИХНАМАДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2022 жылғы 22 қыркүйекте сағат 10.00-де «Кеңестік шаруалардың отандық және шетелдік тарихнамадағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени трансформациялану мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – кеңестік шаруалардың отандық және шетелдік тарихнамадағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгеру мәселелерін зерттеудің ерекшеліктерін анықтау. Дөңгелек үстел № AP08052897 «Соғыстан кейінгі онжылдықтағы Қазақстан шаруалары: әлеуметтік трансформация және күнделікті өмір» жобасын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысының негізгі бағыттары:

  • Қазақстан шаруаларының кеңестік кезеңдегі отандық және шетелдік тарихнамадағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени трансформациясы мәселелерін жариялау;
  • Қазақстандағы кеңестік шаруалардың тарихы бойынша жаңа мұрағат материалдары мен ауызша деректер;
  • Қазақстандағы 1920-1930 жылдардағы шаруалардың әлеуметтік-экономикалық трансформациясы;
  • соғыстан кейінгі шаруалардың күнделікті өмірі мен әлеуметтік-мәдени үдерістері;
  • Қазақстан тарихы бойынша оқулықтарда шаруалар тарихын жариялау.

Дөңгелек үстелге қатысу үшін отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, докторанттар мен магистранттар шақырылды.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, бас ғылыми қызметкер, саяси ғылымдарының докторы, профессор С.М. Борбасов және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының Астана қ. филиалының директоры, PhD доктор М.М. Қозыбаева модераторлық етті. Дөңгелек үстел Ресей ҒА Сібір бөлімшесінің Тарих институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы А.А. Николаевтың құттықтау алғы сөзімен ашылды. Сонымен қатар шетелдік ғалымдардан Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.К. Курманов «О некоторых актуальных вопросах казахского Голодомора и беженства в Кыргызстане» және Өзбекстан ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ш.Э. Эргашев «Борьба в руководстве СССР по вопросам развития страны. Возвышение Сталина» тақырыптарында баяндама жасады.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан: бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор О.Х.Мұхатова «Кеңестік Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы реформаларды зерттеу үдерістері»; бас  ғылыми қызметкер тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Т. Қапаева «Советская «модернизация» в Казахстане в 20-30 е годы ХХ в. и её последствия»; Институты директорының кеңесшісі, бас ғылыми қызметкер, саяси ғылымдарының докторы, профессор С.М. Борбасов «Шығыс Түркістандағы 1941-1951 жылдардағы Оспан Ісләмұлы  бастаған шаруалар көтерілісі»; бас  ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, доцент А.И.Құдайбергенова «Қазақстан халқының  II дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы әлеуметтік және демографиялық дамуы»; жетекші   ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Ү. Орынбаева «Состояние традиционной культуры в казахском колхозном ауле в послевоенные годы» тақырыптарында баяндамаларын жасап, соғыстан кейінгі онжылдықтағы Қазақстан шаруаларының өміріне, сол кезеңдегі тарихи өзгерістерге тоқталып өтті.

Жас ғалымдардан Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 3-курс докторанты М.Ы. Ыбырайхан «1964-1985 жж. Орталық Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы еңбек ресурстарын толықтыру мәселелері: күнделікті өмір тарихы және өңірлік ерекшелік тұрғысынан» баяндамасымен дөңгелек үстелдің мазмұнын өзінше толықтырды.

«Соғыстан кейінгі онжылдықтағы Қазақстан шаруалары: әлеуметтік трансформация және күнделікті өмір» жобасы бойынша жоба жетекшісі, Институттың Астана қ. филиалының директоры, PhD докторы М.М. Қозыбаева «Социально-экономическое положение крестьянства Казахстана в послевоенный период»; жоба орындаушылары: Е.А.  Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті, тарих  ғылымдарының кандидаты Қ.Қ.Абдрахманова «Колхозное  крестьянство Казахстана и государственная политика в послевоенные годы» және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға  оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Е.А.Жалмагамбетов «Соғыстан кейінгі колхоз бен совхоздар:  шаруалардың  әлеуметтік-экономикалық жағдайы» Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан жетекші  ғылыми қызметкер, PhD докторы Т.Ә. Әпендиев «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы шаруалардың əлеуметтік стратификациясы» және кіші ғылыми қызметкер, тарих магистрі А.А. Бекенова «1945-1955 жж. Қазақстан шаруаларының күнделікті тұрмысындағы мерекелеу мәдениеті» тақырыптарында баяндама жасап, жоба бойынша зерттеулерімен таныстырып өтті.

Бекенова А.А., КҒҚ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарих магистрі;