Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Орта Азия республикалары аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін (жаңа мұрағаттық деректер негізінде)» жобасын іске асыру шеңберіндегі халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы 


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2022 жылдың 27 қазанында З.М. Бабыр атындағы Әндіжан мемлекеттік университеті жанындағы репрессия құрбандарын еске алу музейімен бірлесіп «XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы Орта Азия республикаларының аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін (жаңа мұрағаттық деректер негізінде)» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Конференция жұмысын ұйымдастыруға ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлері қуғын-сүргін тақырыбына арналған монографиялар, құжаттар жинақтары, қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тұлғалары туралы тақырыптық кітап көрмесін ұсынды.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

  • Қазақстан тарихының кеңестік кезеңін зерттеудің өзекті мәселелері;
  • Тәуелсіз Қазақстан тарих ғылымындағы саяси репрессия тақырыптарының зерттелу жағдайы – тарихнама және теориялық -әдістемелік тәсілдер;
  • Орталық Азия республикаларындағы тоталитарлық режимнің репрессиялық саясатының ерекшеліктері;
  • Орта Азия республикаларындағы кеңестік режимге қарсыластық – формалары, кезеңділігі, аймақтық ерекшелігі;
  • 1920-1950 жылдары Орта Азия республикаларындағы қазақтарға қарсы қуғын-сүргін;
  • Орталық Азия республикаларындағы мемлекеттік жад саясаты және ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы саяси қуғын – сүргіннің орны;
  • Саяси қуғын -сүргін процестеріндегі тұлғалар;
  • Қазақстандағы 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін және репрессия құрбандарын толық ақтау мәселесі;
  • 1920-1930 жылдардағы Орталық Азия республикаларындағы ашаршылық – табиғи цикл, саяси экономика, демосаясат, некросаясат және этникалық экономика факторларының арақатынасы;
  • Саяси қуғын -сүргін үрдісіндегі тұлғалар;
  • 1920-1950 жж. Орталық Азия мен Қазақстандағы қуғын-сүргіннің этнодемографиялық аспектілері және аймақтың этномәдени картасындағы өзгерістер;
  • Саяси қуғын -сүргін жүргізуде мемлекеттік құрылымдардың рөлі;
  • Орталық Азиядағы саяси қуғын-сүргін тақырыптарын қоғамдық кеңістікке және тарихи білім беру саласына енгізу мәселелері.

Конференцияның ашылуында директордың ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Баянұлы Тілеубаев, Өзбекстан Республикасы З.М. Бабыр атындағы Әндіжан Мемлекеттік Университеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рустамбек Темірұлы Шамсутдинов, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев құттықтау сөзін сөйледі. Конференцияның құрметті қонақтары ретінде Өзбекстан аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ көпесі және меценаты Ахмед Бобкиннің тікелей ұрпақтары, техника ғылымдарының докторы, Каспий университетінің профессоры Назира Қадырқызы Құлманова және техника ғылымдарының докторы Салтанат Бобкина өздерінің естеліктерімен және отбасылық тарихымен бөлісті.

Конференция жұмысына өз елдерінің кеңестік кезеңінің тарихын, атап айтқанда саяси қуғын-сүргін және қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау процестерінің тарихын зерделеу саласындағы ірі мамандар болып саналатын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясының көрнекті тарихшы ғалымдары мен мамандары қатысты. Қазақстандық ғалымдар қатарынан: З.Е. Қабылдинов, Қ.Н. Балтабаева, М. Ш. Қалыбекова, С.З. Маликова, Д. Б. Қасымова сияқты ірі тарихшылар ұсынылған; Қырғызстаннан: З.К. Құрманов, Ж.Р. Байділдеев, Н.У. Курбанова, С.К. Малабаев, Н. Мырзабаева, П.И. Дятленко.; Өзбекстаннан: Р.Т. Шамсутдинов, Р.Р. Шамситдинов, А.М. Джумашев, А.Р. Кудияров, С.У. Нұржанов; Ресейден: Н.Н. Аблажей және Н.А. Потапова, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімінің тарих институты атынан (Новосібір қаласы).

Конференцияда жас ғалымдар арасынан форумға Ташкент қаласынан арнайы келген Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің студенті А.Н. Тасанов сөз сөйледі. Оның баяндамасы «Өзбекстандағы қазақ босқындарының тағдыры» тақырыбында болды. Оны ғылыми жұмыстармен таныстыру барысында 2022 жылдың жазында Өзбекстанға ғылыми сапары кезінде кездескен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ғылыми-зерттеу тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Нұранқызы Балтабаева: үлкен рөл атқарды. Сондай-ақ 1990 жылдардың басынан бастап қуғын-сүргін туралы мұрағат құжаттарын құпиясыздандыру және оларды құжаттар жинағы түрінде басып шығару бойынша ауқымды және қажырлы жұмыс жүргізіп келе жатқан Өзбекстан Республикасының З. Бабыр атындағы Әндіжан мемлекеттік университетінің ғалымдарымен байланыс орнатуға да өз үлесін қосты.

Конференцияға қатысушылардың баяндамалары Орталық Азия республикалары аумағындағы этникалық қазақтар арасындағы жаппай саяси қуғын-сүргін (Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қызыл Армия жауынгерлері, полиция қызметкерлері, шаруалар, оның ішінде кулактар); Өзбекстанда (оның ішінде Қарақалпақстанда), Қырғызстанда және Тәжікстанда репрессияға ұшыраған қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің (Тілеулин Жұмағали, Сегізбаев Сұлтан, Таукин Мұсабек, Ахмет Бобкин, Сегізбаев Санжар, Меңлиқожа Ибниаминов, Тюрякулов Қадыр) тағдыры тақырыптарына қатысты болды. Ұлттық интеллигенцияға, колхозшыларға, мұсылман дін қызметкерлеріне қарсы жаппай саяси қуғын-сүргіннің Орталық Азия республикаларының қоғамдық-саяси дамуына әсері мәселелері де қарастырылды. Сонымен қатар, Орталық Азия республикаларындағы НКВД ұлттық операциялары, сондай-ақ Түрікменстан Республикасындағы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алу және ақтау саясаты туралы баяндамалар берілген.

Конференция барысында «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Орта Азия республикалары аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін (жаңа мұрағат көздері аясында» атты мұрағаттық құжаттар мен материалдар жинағының тұсаукесері өтті. Жинақтың көшірмелері конференция қатысушылары мен қонақтарына табысталды.

Конференция Орталық Азия қазақтарының тарихы, Қазақстан аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін сияқты Қазақстанның ұлттық тарихының негізгі аспектілері бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы мемлекетаралық деңгейдегі ұйымаралық ынтымақтастықтың алғашқы қадамдарын құптайды. Сонымен қатар, Орталық Азия республикаларының жетекші ғылыми және оқу орындары арасында ғылыми және ақпараттық деректермен алмасуды арттыру ұсынылады.

Конференцияға қатысушылар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның ғылыми және білім беру ұйымдары мен мекемелері арасында екі жақты ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдар жасау бойынша жұмысты одан әрі жүргізу өзекті мәселе деп санайды.

Орталық Азиядағы саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды тұрақты негізде – жылына бір рет ұйымдастыру ұсынылды. Конференцияның атауы ретінде «Сегізбаев оқулары», «Ахмет Бобкин оқулары» тақырыптарын таңдау ұсынылады.