Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

С. СМАҒҰЛОВА ҚАЗАҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ


http://kaz.classtime.kz/node/1455

Светлана СМАҒҰЛОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары,

тарих ғылымдарының докторы.

 

ХХ ғасыр басында қазақ халқының үні, тілі болған “Қазақ” газеті 100-ге толды. Ұлт зиялысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың шығаруымен, Мұстафа Оразаевтың бастыруымен жарық көрген басылым бес жарым жыл үзбей шығып, қазақ жұртын үкіметтің бұйрық-жарлығымен, ішкі және сыртқы жаңалықтарымен, оқу-біліммен, ауылшаруашылық, мәдениет, тарих, медицина, қазақтың тұрмыс жайымен таныстырып отырды. Жалпы, “Қазақ” газеті шыққан 1913 жылдан бастап Мемлекеттік дума, тарих, этнография, әдебиет, құқық, оқу-ағарту саласы, дін, әлеуметтік-экономикалық жағдай, сауда, қамқорлық әкімшілік, сот және сайлау барысы, земство мәселесі төңірегінде мақалалар жариялады. Бұл мақалалардың көпшілігі кейін “Алаш” партиясы мен Алашорда үкіметіне мүше болған қазақ зиялыларының қолынан шықты.

1913-1918 жылдар аралығында аталмыш газет жаңа өріс алған азаттық күрестің ұйытқысы болды. Газет айналасына топтасқан зиялы қауым өкілдерінің шыңдалып, саяси күреске шығуына жол сілтеуші, дем берушіге айналғаны белгілі. “Қазақ” газетінің маңайында ұлтқа рух берген А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқаев, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердин, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ғ.Қараш, Ж.Жәнібеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Ж.Ақпаев, Ж.Басығарин, А.Сейітов, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, А.Жанталин, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы сияқты зиялылар мен қазақтың игі жақсы азаматтары топтасып, газет бетінде халықты мазалап жүрген өзекті мәселелерді қозғауға тырысты, оны шешудің жолдарын іздеді.

Газеттің редакторлық қызметін А.Байтұрсынов пен М.Дулатов атқарған. Бұл газет 1-санынан 46 санына дейін Бұхара қаласындағы діни медреседе, Уфадағы “Ғалия” медресесінен білім алған Мұстафа Оразаевтың қаражатымен шықса, 47-нөмірінен бастап газеттің басылуын “Азамат” серіктігі қолына алған. Оның құрылуының себебін редакторлар А.Байтұрсынов пен М.Дулатов “Қазақтың” 1913 жылы 15 желтоқсандағы 42-санына жариялаған “Алаш азаматтарына” деген мақаласында газет шығаруда қаражат мәселесінің қиындық туғызып тұрғандығынан, осы серіктікті құрып, соған Алаш азаматтарымен серіктесіп оны шығаруға бет алып отырғанын баяндайды. “Азаматтың” ұстанған мақсаты газет-журнал, қазаққа қажетті кітаптарды шығару, ал басты мақсаты “Қазақ” газетін аяғынан нық бастырту болды. Серіктікке мүше болып кіргендер 100 сом жарна төлеп отырды. Ақша мәселесіне байланысты жұрт арасында алыпқашты сөздер шықпас үшін оның мәнісін “Азамат” серіктігінің басты мақсаты – ақша өсіріп, серіктестерді байыту емес, істеген істің жұртқа пайдалы болуы. Ақша жағына сол пайдалы істерді істеуге, күш-қуат болуға қаражат нәрсе мағынасында қарастырылады” деп түсіндіре келе, оған кіретін адамдарды жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен серіктес болуға шақырған.

Газеттің таралымы бастапқыда 300-дей болса, біраз уақыттан кейін 3-8 мыңға дейін өсіп, оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Түркия, Қытай жеріндегі қазақтар алдыртып оқыған.

“Қазақ” газетінің қазақ демократиялық зиялыларының нағыз басылымына айналуы 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін өрістеді. “Алаш” партиясының құрылуы, партияның бағдарламалық жобасы жариялануы, партияның барлық іс-әрекетін, алда болатын Құрылтай жиналысына депутат сайлануына қатысты жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайында толық мәліметтер беріліп отырылуы осының дәлелі. Сонымен қатар, басылым саяси-әлеуметтік іс-әрекеттердің ұйымдастырушысы да бола білді.

1919 жылдан бастап мерзімді баспасөз үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынып, оның саласын “алашордашыл” қызметкерлерден тазарту шаралары жүргізілді. Осы жылдардан бастап зиялылардың ойын тежеу, кеңес саясатына нұқсан келтірерлік материалдарға жол бермеу әрекеттері іске асырыла бастады. Бұл 20-жылдары атқарушы билік пен партия қазақ баспасөзі саласына қатысты ережелер қабылдағаннан кейін өріс алды.

“Қазақ” газетінің ұлтшылдық пиғылы 30-жылдары ұлт зиялыларын баспасөз арқылы қудалауда баса көрсетілді. Газет алашордашылардың идеясын кең насихаттаған құралының бірі делініп, оның айналасына топталған ұлт зиялыларына “кеңес өкіметі тұсында газет арқылы ұстанған бағыттарын одан әрі өрістетіп, жаңа социалистік жүйенің қалыптасуына кедергі жасады” деген негізсіз айыптар тағылды. Сөйтіп, патша үкіметі кезінде сынға алынған, бірнеше айыптар тағылған “Қазақ” газетін, кеңестік жүйе тұсында да нағыз ұлтшылдық пиғылды ұстанған басылым ретінде бағаланды. Соңғы жылдары гуманитарлық ғылым саласында 1913-1918 жылдар аралығында шығып тұрған “Қазақ” газеті жөнінде түрлі зерттеу жұмыстары жазылып, бұл басылымның тарих, қазақ тілі, әдебиет және тағы басқа салалар үшін маңыздылығы анықталған еді. 2009 жылы “Қазақтың” 1913-1914 жылдардағы факсемилдік нұсқасын ғалымдар С.О. Смағұлова, Т.Замзаева, Ғ.Әнес екі том ретінде шығарды. Оның 1915-1918 жылдардағы сандары үш том ретінде дайындалып, баспаға әзірленуде. Келешекте “Қазақтың” толықтай бес томдығы ғалымдардың игілігіне жарары сөзсіз.